Кеше президенттің сұхбаты жарияланады деп Facebook желісінен оқып едім, бүгін таңнан жарияланған екен. Оқып шықтым. 3 қаңтар күні шыққанға тек Қаңтар мәселесі айтылатын шығар деп едім, жоқ, басқа да тақырыптар қозғалыпты. Соның ішінде экономикаға қатыстысын талдап көрейік.
Халықаралық Валюталық Қордың Қазақстан экономикасына қатысты болжамымен бөліскен. Оған қарасақ, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің ЖІӨ 259 млрд доллар, жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 000 доллардан асқанын атап өткен. Осы жерде президенттің «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деген сөзі көкейден шығады. Халқымыздың табысын арттыру, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту негізгі бағыт-бағдар болуы тиіс.
Жаңа бюджеттік кодекс туралы айтқан. Бүгінгі күні үкімет Ұлттық қордан қыруар қаражатты бюджет тапшылығын жабу үшін пайдалануда. Бұлай жалғаса беретін болса, Ұлттық қордың түбі көрінетіндігі айтпаса да түсінікті. Сол үшін бюджеттің кіріс бөлігін арттыру арқылы, шығындарын барынша оптимизациялау қажет. Осы орайда тиімді, теңгерімді салық саясатын жүргізу маңызды деп атап өткім келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін. 2024 жылы мораторий аяқталса, кәсіпкерлерді жұлқылап салық пен жауапқа тарту емес, адамгершілік сипатта бірінші түсіндірме жұмыстарын жүргізу, кейін қателіктер болса ескерту жасау сияқты қадамдардан басталуы қажет.
Қоғамдағы несие тақырыбына да тоқталған екен, өткен жылы президенттің ықпалымен «Жеке тұлғаның банкроттығы туралы» заң қабылданды деп айтуға болады. Әрине ол барлық мәселені шешіп жатқан жоқ, дей тұрғанмен дұрыс бағытта алға жылжу бар.
Президенттің тапсырмасымен монополия және олигополиямен күрес жұмыстары басталды. Шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрине бүгінгі үкімет 1 трлн теңгеге жуық қаражат қайтардық деп мәз, бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізу қажет деп есептеймін, себебі қайтқан ақша елден шығарылған қаражаттың 1 пайызын ғана құрайды.
Президенттің тапсырмасынмен азаматтар БЖЗҚ жеткілікті шегінен асқан қаражатты үш мақсатқа жұмылдыруға мүмкіндік алған болатын, енді азаматтар жинақтаған қаражаттарының 50 пайызын сенімгерлік басқаруға беруге мүмкіндік алатын болады. Меніңше, бұл дұрыс бағыттағы жұмыстар деп есептеймін. Халқымызды өз қаражаттарын өздері басқара алуларына шек қойылмауы қажет.
Сондай-ақ президенттің тапсырмасымен Ұлттық қор балаларға жобасы осы жылдан бастап жүзеге асатын болады. Бұл да көптен күткен жоба деп есептеймін. Әрине ол жақтан ертең балаларымызға қанша қаражат аударылатынын уақыт көрсетеді, дегенмен халықтың байлығын халыққа қайтару бағытындағы ең алғашқы жасалып жатқан қадам ретінде қарастыруға болады.
Президент өткен жылғы жолдауында Қазақстан экономикасының жаңа үлгісін жасауға тапсырма берген болатын, осы бағыттағы жұмыстарды атқаратын бізге іскер үкімет қажет.
Осы жолғы сұхбатында президент Инвестиция штабын құруға тапсырма беріпті, бұл аты бар, заты жоқ мекеме болмайды деп үміттенеміз. Өйткені экономикамызды жаңа деңгейге шығару үшін, өндірістік мүмкіндіктерімізді арттыру үшін бізге инвестиция тарту қажет.
Соның бірі – ЖКХ саласы. Бұл бүгінде толық шешімін таппаған, сол үшін жыл сайын апаттар болатын өзекті сала.
Тек қана Екібастұздағы апатты алайық. Бұл 80-90 пайызы ескіріп кеткен станциялардың бірі еді. Нәтижесінде, бір апаттан соң қала жылусыз қалды. Мұндай объектілер елде аз емес. Арқалықтың жылу станциясы да осыған ұқсас.
Президент сұхбатында бұл проблема көпжылдық салғырттықтың нәтижесі дейді. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды деп проблеманың ушығып тұрғанын өзі ашық айтады.
Енді не істеуге болады? Еліміздегі барлық жылу станцияларын 1-2 жылда жаңартуға бюджеттің мүмкіндіктері шетеулі. Сондықтан үкімет ЖКХ саласына инвестор тартатын жағдай жасау керек. Бұл салаға келген кәсіпкер шығынын өтеу үшін тарифті бірден көтеруге ұмтылуы мүмкін, ол халыққа ауыр тиеді. Сондықтан бұл салаға жеке инвесторларды тартып, олармен дұрыс келіссөз жүргізіп, олардың ақшасына инфрақұрылымды жаңарту керек. Басқа тиімді жолы жоқ.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист.
Әлуеметтік желідегі парақшасынан алынды.
Коллаж: aikyn.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!