Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

14.12.2023, 9:40 400

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Не  ұттық?

Алуды білсек те, қосуды білсек те, көбейту­ді білсек те, бөлуді білмедік. Барымыз­бен  бөлісе  алмадық.

Көп алдық, желіктік. Көп қостық, еріктік. Байлықты көбейттік, ұятты кеміттік. Сонда  не  ұттық?!

Емес

Айтар ойы көмескі, үстіндегі киімі де ең ескі, үміт еткен асамын деп талай қиын белесті, ысқырығы жер жарған, айда­ғаны бес ешкі, «Жаңа Қазақстан» емес  бұл!

Қайран  қалдым

Меккеге барып құлшылық қылған, зәулім мешіт салуға бас болған, Рим Папасы­ның қолын сүйген, шіркеу мен синаго­гаға да бас сұққан кісі  діншіл ме, әлде  атеист  пе? Соған  қайран  қалдым.

Төрде  кім  отыр?

Орыстың арағын ішіп, қытайдың тамағын жегендер қазақтың киіз үйінің төрінде отыр. Ет берсе, қымыз құйса, үй иесін мақтап кетсе, сорлы қазақ соған мәз.

Ащы  судың  «әдемі»  аттары

Араққа да кезінде «Президент», «Парламент» деген аттар берілген екен. «Ельцин» деген орыс арағы, «Напо­леон» деген француз коньягы да бар. Қазақ елінде бір шарап зауыты өздері шығаратын шараптың мөлдір түстісіне «Нұр», қою әрі қош­қыл  түстісіне «Сұлтан» деген атау қойып­ты. Екеуін қатар қойсаңыз, Нұрсұлтан  деген  есім  шығады.

Не деген «тапқырлық?!» Қайран қалмасқа шара жоқ. Енді «Асанәлі» деген коньяк шығыпты. Асанәлі ағамызбен келісті  ме, анығын  білмейміз.

Қазақтың жат жұртқа көзсіз еліктеуі оның  жаманатын  жаятын  түрі  бар.

Қол  таза  ма?

Айтыскер ақын Балғынбек Имашев «Тәлім» арнасында әңгіме айтып отыр. Оның сөзіне қарағанда Елбасымен жолық­қан күні онымен бір рет емес, екі рет амандасқан екен. «Сен алдында амандастың ғой» десе, Балғынбек ретін тауып жауап берген ғой. Сонда Ел­басы: «енді қолыңды бір апта бойы жума!» депті.

Ойланып көріңдер! Бір апта жумаған қол таза бола ма? Ал Елбасының қолын кім ұстамады дейсің. Оның қолының таза немесе таза емесін сөз қылмасақ та, алақанын неше түрлі кісілер ұстайды ғой.

Бұдан шығатын қорытынды, кімнің қолын алсаңыз да, кейін сабындап тұрып жуып тастаған орынды. Ал Балғынбек өзі біледі…

«Бәйтеректегі» алақанды ұстайтындар да ойлансын.

Ала  жіп

Ақ пен қараның айырмасын көрсеткен ала жіп қазақ ұғымында адалдықтың символы тәрізді. Ала жіпті аттауға болмайды. Ала  жіптен  аттағандар  оңбайды.

Шекарада да ала бағандар тұрады. Бұл дәстүр біздің ата-бабамыздан қалған шығар  деген  ой  келеді.

Жер  мен  көктей

Арбаға жегілген ат пен шабандоздың астындағы аттың айырмашылығы жер мен  көктей.

Біреуі – жүк тасу құралы, екіншісі – ер  жігіттің  пырағы.

У-шу

Ауылда сиыр мөңіреп, қой маңырап, ит үріп жатқаны да бір қызық екен. Қазір у-шу көбейді. Тойларда у-шудан шаршайсың. Балалардың у-шуын аңсайсың. Кейде сол у-шуды Парламенттен де көргің келеді. Олар жым-жырт. Тыныштық та кейде  қолай­ға  жақпайды.

Тайраңдау  және  жайраңдау

Сайрандап жүргендер көп. Бірақ, тайраңдап жүргендерді көрсем көңілім құлазиды. Жайраңдап жүргендерге бүйре­гім  бұрып  тұрады.

Не  дейсің?

Бір қызығы, біздің жерлестеріміз елден жұмыс таппай, бірі Кореяда, бірі АҚШ-та, бірі Батыста жұмыс іздеп сандалып жүр. Қостанайда көзім көрген жай: мұнда төселіп жатқан жолда армяндар жұмыс істеп жатыр. Сүйтсек, қазақ елінде тұратын армян кәсіпкері тендерді ұтып алыпты. Жұмысқа өзінің жерлес­терін Армениядан шақырыпты. Ия, қазақ­тар әзірбайжандай емес, оларды құшақ жая қарсы алыпты. Өзгелерге бар жұмыс  өзімізге  жоқ.

«Целинадан»  қашан  құтыламыз?

Қостанай облысында жыл сайын «Целина» деп аталатын спорт олимпиадасы өткізіледі. Спортты дамытқанға кім қарсы? «Тың» – орыс тілінде «Целина» деген атау не мағына береді? Қостанай жұрты тыңның жақсылығынан көрі зардабын көп тартқан. Тың игергенге дейін біздің жерімізде ұлттық спорт ойындары болмаған ба деген ойда қаласың. Атшабыс, аударыспақ, қыз қуу, көкпар, қазақша күрес, т.б. спорттық ойындар тыңға дейін де, кейін де болған, бола да береді. Ендеше «Целинадан» құтылатын уақыт жеткен  жоқ  па?!

Қақпақ  және  тоқпақ

Қазанға қақпақ, қазыққа тоқпақ керек. Тоқпақ болса киіз қазық та жерге кіреді. Қазанның қақпағы болмаса пісіп жатқан асқа шыбын түседі. Қақпағы жоқ ыдысты  ит  жалайды.

Қазақтың қазынасына да қақпақ керек. Ал  жемқорларға  тоқпақ  керек.

Ақпақұлақ

Орыстың «слушать» және «слышать» деген сөздерін біздің  қазақ  әртүрлі мағынада айтады. Естиді, тыңдайды, құлағы шалады дегендей. Еститін,  алайда тыңдамайтын Үкімет ақпақұлақ па деймін.

Кем  болмайсың…

Аласамын деп түнерме. Сенен де аласа­лар бар. Биікпін деп шіренбе. Сенен де биіктер бар. Төмендегілер төбеге шыға алатынын қаперден шығарма. Бойың жетпеген жерге ойың жетсін. Өзгемен терезең тең болса, ешкімнен кем болмайсың.

Ұқсаймын

Кейде мен мұзға ұқсаймын қатып қала­тын. Кейде мен отқа ұқсаймын лау­лап жанатын. Кейде мен жаңбырға ұқсаймын жауып өтетін. Кейде мен дауылға ұқсаймын жайпап кететін. Кейде мен  қарға  ұқсаймын  еріп  кететін.

Табиғаттың төрт мезгілі тамырымда бар менің. Тірлік кешемін, іс жасаймын жеткенінше  дәрменім.

Қымбатымыз  жанымызда

Бала күннен бірге өскен бір досым бақилық болды. Жаны жәннатта болсын! Жан жарына аса ауыр тиген қайғыда ол жылап отырып: «менің атымды да атамай, үнемі қымбаттым деуші еді» деп егілді.

Өткінші өмірде қымбатымыздың жаны­мызда жүргенін көбіміз білмейміз-ау.

Өз  атын  өзі  шығарған

Ыбырай, Абай, Шоқан десек қазақ­тың үш алыбының кім екенін тегін айтпасақ та бүкіл қазақ біледі. Басқа ұлттар туралы сөз басқа. Мәселен, Лев десек, олардың тегін айтпаса, жазушы Толстой ма, ғалым Гумилев пе, әнші Лещенко ма, айыра алмайсың. Александр десе ол әйгілі орыс патшасы ма, Пушкин деген ұлы ақыны ма, әлде қолбасшы Македонский ме, білу қиын. Яғни, қазағым әуелі әке даңқымен танылса да, кейін өз атын өзі шығарған.

Байғұс

Бүркіт болып көрінгісі келді. Тұмсы­ғы мен тырнағын егеді. Бірақ, үйректі де іле алмады. Қораздай қоқиланды, тоты­құстай сайрады. Екпінім орасан деді, тепкінім қатты деді. Қауқарын жұрт білді, білді де күлді. Балапандары жатқан ұяны қорғауға да жарамады. Ақыр аяғы бір  бұтаға  келіп  паналады.

Үйлесім

Ән мен күй. Сурет пен би. Музыка және поэзия. Бұлардың  барлығы да үйле­сімнен құралған. Ұйқасы мен ырғағы  жоқ  өлеңді қалай қабылдайсың?! Маз­мұны  таяз, бірақ, арзан  ұйқасы бар  жыр­ды  өлең  деп  айтуға  бола  ма?!

Гармония – тіл мен ойдың, сөз бен жүректің  үйлесімі,  бірлесіп  күн  кешуі.

Аңшылар  үйінде

Аңшылар үйінде аю мен қасқырдың терісі еденге төселген, бұғылардың мүйі­зін ағаш қылып қабырғаға қадаған, бүркіттің қаңқасын қатырып қойған, түлкінің  терісін  іліп қойған көріністі көрдік.

Аңшылар оларды қызық үшін өлтірді ме, азық болсын не тон болсын деп атты ма, белгісіз.

Аңшылардан  гөрі балықшылардың еңбе­гі өздеріне пайдалы, олжалы шығар деген  ойда  қалдым.

Несие

Алдап жүрген халықты көрген кезде банкті шабақтарды жалмап жатқан жа­йын  түсті  есіме.

Болмаған соң бас ие, сегіз миллион тұрғынның мойнында тұр несие. Жал­мауыздың көмейіне кептелсін халық жиған  несібе.

Сондай  да  күн  болар

Ағадан абырой, ініден ізет кеткенде, қазаннан қақпақ, қоймадан күзет кеткенде ата тілін ұл алмас, ана тілін қыз алмас. Байтал шауып бәйге алар, шын жүйріктер  жай  қалар.

Не  ауыр?

«Тұз ауыр ма, қыз ауыр ма?» дейді. Бәрінен де қатты айтылған сөз ауыр! Тартқандар  көп  сол  сөздердің  азабын.

Тазарту

Балықты басынан емес, құйрық жағы­нан бастап тазалайды. Баспалдақты аяқ жағынан емес, басынан бастап тазарта­ды. Қойды сойғанда терісін кейде мойнынан, кейде сирағынан бастап сыпыра­ды.

Ал қоғамда сыбайлас жемқорларды тазалағанда  қайдан  бастау керек? Кейін­гі  кезде мені  осы  ой  мазалайды.

Үміт  етуге  бола  ма?!

Мемлекет – халықтың басын қосатын, елдің мұңын мұңдайтын, жырын жырлайтын, елдің сөзін тыңдайтын ірі ұйым. Сол мемлекетте қарақан басын ойлаған жемқорлар аяқты алшаң басып жүргенде, әділ деген соттың әділ емесін білгенде, аяғына тұсау түскен мемлекеттік қызметкерлер, мойнына ноқта салған шенеуніктер, аузына қақпақ қойған депутаттар, мұрнына бұйда таққан тілшілер ынжық екенін көргенде мемлекет халықтың сөзін сөйлейді деп үміт етуге бола ма?!

Астана

Ақмола Совет Одағы кезінде Целиноград деген орысша атауға ие болған қазақ қызы секілді. Одан кейін бойжетіп, келін болып түскен жерінде Астана болып  аталса, кейін Нұрсұлтанға тиіп, аты-жөнін күйеу­дің атына жаздырып, бағы жанбаған соң біраздан кейін қайтып  келген  келіншек  секілді.

Құлдық  келмеске  кетті  ме?

Шындықтың көбінесе жолы болмайды. Сұмдық былық жасайды. Өйткені, оны сұмпайылар қолдайды. Былықтан қулық пен ұрлық шығады. Соның нәтижесінде құлдық пайда болады. Құлдық дәуір келмеске кетті деп жүрміз. Шын мәнінде ол барлық  құрлықта  бар.

Ажалы  кімнің  мойнында?

Өзіне-өзі қол салған қаламгерлер өте көп. Зигмурд Фрейд, Джек Лондон, Эрнест Хемингуей, Юкио Мисима, Владимир Маяков­ский, Сергей Есенин, Александр Фадеев, Марина Цветаева. Тізімді соза бер­уге болады. Олардың ажалы үшін қоғамды да, заманды да, өскен ортаны да немесе олардың бойларындағы ауру-сырқау­ды  да  кінәлауға  болар.

Кісі қолынан қаза тапқандар одан да көп. Солардың ішінде қазақ ақын-жазушылары  да  бар.

Олардың ажалы кімнің мойнында? Сатқандар мен атқандар жазасын тартты ма? Кінәсін де, күнәсін де мойындамайтын үкіметте не қасиет қалады?!

Өтірік  пен  Шындық

Періште мен Сайтан Өтірік пен Шындықтың қайсысының салмағы басым екенін білгісі келіп, екеуін безбеннің екі жағына салыпты. Тепе-тең түсіпті. Сонда Шындық: «Өтіріктің сұмдығы көп қой» десе керек. Шындық жағы басып кетіпті. Өтірік те қарап тұрмай: «Шындықтың  айтқанын мойындаймын!» депті. Сөйтсе, Өтірік  асып  кетіпті.

Бүлінді

Көргенімді айтсам бүгінгі – айтайын елге шынымды. Момақан еді бір кезде, болды енді әккі, жырынды. Жақсы адам еді бір кезде, депутат болып бүлінді. Сағына ма екен  сол  байғұс күндерін өткен  бұрынғы?!

Қыс  келді

Сақылдап сары аяз келгенде қыстың әдемі түсті беделі. Ұйытқыған боран да жалғасты. Жолдарды қар басты. Қарт кісі тайғанап жығылды. Далада ойнаған балалар үйіне тығылды. Тым сұсты, тым қатал бұл қыстың қаһары менің де жаныма батады. Көп адам бүрсеңдеп, көктемді сағынып жатқанмен, жердегі қоқысты бүркеді  ол  ақ  қармен.

Не  айтасың?!

Үйге еңкейіп кірген кісі төрде шалқа­йып отырса, оны қол қусырып қарсы алғандардың  арқасы.

Келген қонақ артық сөз айтса, оны елемей­тіндерге, егескендерді кектемейтіндерге не айтасың?!

Асыңды ішіп, ыдысыңды былғап кетсе де үндемесең – өз сорың.

Ел  көңілінен  шыққан  ер

Түркиядағы алапат жер сілкінісінде қуаты 7,7 бал болған апатта Хатай провинциясының Ерзин ауданында ешбір үй қирамаған. Сол ауданның мэрі Өккеш Елмасұлы бірде-бір құрылыстың заңсыз салынуына  жол  бермеген  екен.

Жердің  дүмпуі,  үйді  сілкуі,  елдің  үркуі – барлығы Алланың қолында. Бұзыл­май  іргесі  ғимарат тұр десе, апаттың алдын алса – оның да жөні бар екен. Ұрла­май, жырламай, әділет жолында еңбек қылған ердің  бағы  жанар.

Сатқындардың  сарқыншағы  бар

Кавказ халықтарының Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің көсемі имам Шәміл, Лев Толстойдың шығармасына арқау болған Қажымұрат, шешен халқының ұлттық батырлары шейх Мансур мен Байсангур Беноевский, Джохар Дудаев пен Шәміл Басаев, Аслан Масхадов пен Зелимхан Яндарбиев – қайсарлық пен батылдықтың үлгісі. Сол Кавказдан Рамзан Қадыров секілді ұлтын сатқан  опасыз  да  шықты.

Кенесары мен Махамбеттің, Алаш арыстарының тағдыры да соларға ұқсас. Оларды сатқан, атқан, соттатқан өз туысы, өз ұлтынан шыққан сатқындар. Сатқындардың сарқыншақтары әлі де арамызда жүр.

Итжығыс

Жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, жауыздық пен мейірім, жомарт­тық пен сараңдық болып жатса итжы­ғыс, жығылғанның, жыққанның есептері  дұп-дұрыс.

Күн мен түн де алмасар, жаз бен қыс та алмасар, қайсы келіп жатса да кісі бар ма дауласар?!

Жалған өмір заңы бұл! Есерлерге бәрібір. Бірақ, жаның ашысын адамдарға жаны нұр.

Сақ  бол!

Қазекем: «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» дейді. Жөн! Сол қазақ: «Үнде­мегеннен үйдей пәле шығады» деп те айта­ды. Бұдан шығатын қорытынды: Керек емес жерде үндеме! Алайда, үндемей қалғандардан  сақ  бол!

Жаңғақ  және  қаңбақ

Базарда сатылып жатыр жаңғақтар. Дала­да шашылып жатыр қаңбақтар. Жаңғақ денсаулыққа қолайлы. Қаңбақ сыпырғышқа жарайды. Кейбіреуге жаңғақты жару да қиын, қаңбақты ұстап алу да қиын. Дастарқанда жаңғақ тұрса, ішкен асым бойыма тез тарайды. Бірақ, жел айдаған қаңбақтар  қаптап  кетті  маңайды.

Жасасын  түрік  бірлігі!

Ресейдің боданына айналған татарлар мен башқұрттар, сахалар мен чуваштар, құмықтар мен ноғайлар, қарашай мен балқарлар, хакастар мен алтайлар! Кезің келді алды-артыңды абайлар. Сендерге түссін Алланы нұры, болмаңдар енді орыс­тың құлы. Татар миллаты, башқұрт уалаяты дейтін күндер алыс емес. Біз де озбыр Ресейдің қорлығын көріп есейдік. «Кімнен таяқ жегендей біздің түрік баласы, алдырып жүрген дұшпанға ауызының аласы!» деген  Мұстафа  Шоқай сөзін ұмытпауымыз  керек.  Жасасын  түрік  бірлігі!

Не  болып  кетті?

Егін  егіп  отырып  нанды  қымбатқа  сатып аламыз. Мал өсіріп отырып етті және сүтті қымбатқа сатып аламыз. Бәлкім, соған ырза шығар Астанадай қаламыз. Не  болып  кетті  даламыз?!

Күйік

Ұры-қары байлық жиып, төбелері көкке тиіп жүргенде өрт болса да елден жиып, сел басса да елден жиып, ісі шала, сөзі сұ­йық бұл Үкімет болды-ау күйік.

Елге  кім  жақын?

Елемейтін елдің датын шенеунік, басшы және әкім ерге лайық іс жасай ма, елге бола ала ма жақын?!

Қалтасына доллар жиған поп, равин және имам қанша мінажат қылса да, жүрегінде  солардың  бар  деймісің  иман?!

Қарама-қайшылық

Орыстың екінші дүниежүзілік соғыс туралы түсірген киноларын көрсеңіз, фашистермен соғысқан тек қана орыстар секілді әсер қалады. Ілуде бір фильмінде эпизодтық рөлдерде не бір қазақ, не бір өзбек жүреді. Ал біздің қазақ киноларын қарасаңыз, арасында орыс жүрмесе режиссердің ішкен асы асқазанына батпайды. Не  деген  қарама-қайшылық?!

Бармақ  басты,  көз  қысты

Бармақ басты, көз қысты. Қас қағымда сөз пісті. Етікті басып қоныштан, озып келді жарыстан. Биліктен алды алғысты, көкірегіне нан пісті. Кеудеге таққан салпыншақ – ол үшін ең алтын шақ. Ұлтын емес, құлқынын ойлаған, ұртын майлаған жарқыным, білмей қалды не боларын арты­ның. Қожайынның босағасын күзе­тіп,  жатыр  енді  іші  өтіп.

Сұлтан  туралы  ертегі

Александр Пушкиннің әйгілі «Салтан патша туралы ертегісін» үңіліп оқысаңыз, ондағы кейіпкер мен жер атаулары орыс халқына тән емес екенін көресіз. Салтан деген кім? Автор кезінде қазақтың және Азия  халықтарының тұрмыс-тіршілігімен жақсы таныс болғанға ұқсайды. Орыста Салтан  деген  ат  жоқ. Салтан деп отыр­ғаны – кәдімгі сұлтан. Осы шығармадағы богатырь сөзінің де төркіні – батыр. Ал «мимо острова Буяна в царство славного Салтана» деген жолдардағы Буянның орыс тіліндегі мағынасы тентек дегенге келеді. Ол  кезде тентектік көрсеткен көшпенділер емес пе? Пушкиннің тағы бір шығармасы «Поп және оның қызметшісі Балда» деп аталады. Балда орыс тілінде топас деген ұғымда қолданылған. Автор оны да  басқа  тілден алып отыр. Бір сөзбен айт­қанда, Пушкиннің жазған ертегісі – орыс шығармасы емес, Азия халықтары фольклорының өңделген, бұрмаланған көшірмесі. Оның ішіне өз жанынан да қосқанын жоққа  шығармаймыз.

Сен  білесің  бе?

Әйел бақыттымын дейді. Оны қуантатын бөпесі ғой. Бала биікке шықтым деп мәз болады. Бірақ, оны көтеріп тұрған әкесі  ғой.

Жақсы  көру  мен  жек  көру

Мені жақсы көретіндер тура айтқанымды сүйеді. Жек көретіндер соны жиі айтқаным  үшін  күйеді.

Ойлап  тұрсам…

Маған қарсы шығатын кісілердің көптігі – мықтылығымнан ба екен?! Қара күйе жағатындардың көзіне тез түсетін ақтығымнан ба екен?! Әлде сүйеу болар жанашыр­дың жоқтығынан ба екен?! Сырын білмейтін кісілерге жоламайтыным, тіпті сөйлесуді де қаламайтыным – сақтығымнан  ба  екен?!

Сөз  қасиеті

Сөзбен сылап-сипау сыр берген денсаулықты қалпына келтіреді. Сөздің емдік қасиеті мөлшерге де байланысты. Көп мақтау  талантты  өлтіреді.

Надандық  кесапаты

Ахмет Байтұрсынұлы: «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан да қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты»  деген  екен.

Олжалы  жерде   үлестен  қағылғанымыз – отаршылдардың  қорлағаны,  ордалы жерде орыннан қағылғанымыз – дұшпанның  құрған  торынан  шыға  алмағанымыз, жоралы жерде жолдан да қағылғанымыз – әділдіктің болмағаны, ұйқымыздың қанбағаны. Надандықтың кесапаты – бар қазақ­тың  сорлағаны.

Алас-күлес  заманда

Алас-күлес заманда дұшпандарды қарғап-сілеп оңам ба?! Олпы-солпы қоғамда ең дұрысы алғыс айту қайырымды адамға. Аларың көп жақын жүрсең жақсыға, тілдесең де сөзің өтпес жаманға.

Кесіртке

Хамелеон деген кесіртке әртүрлі жағдайға тез бейімделіп, түсін өзгерте алады екен. Орыс жазушысы Чеховтың «Хамелеон» деп аталатын әңгімесінде сол кесірткеге ұқсайтын кісілер туралы баян­далады. Айналама зер салып қарасам, біздің елде де кесірткелер бар екен. Коммунистік партия деген атауын халық партиясы деп ауыстырғандар да, «Нұр Отаннан» «Аманатқа» айналған партия да солардың бірі  болып  жүрмесін.

Сайтқа  сайтан  кірмесін

Мұхтар Мағауин ағамыз ғаламторды Өсектор деп атаған екен. Жаны бар сөз. Жұрттың не ішіп, не жегені, сүйіскені, керіскені  кімге  керек?!

Ауызды қу шөппен сүртуге де болмас. Талғамға сай келетін дүниелерді оқығанда ырза  боласың.

Сайттарға кейде сайтан кіріп кетеді. Содан  сақ  болу  керек!

Таңғалмай-ақ  қояйық

Лев деген есімді естісем, ойыма орыс әдебиетінің алыбы Толстой оралады. Қазақ­ша айтсақ, нағыз Арыстан ғой. Ресей мемлекетінде басшы болған Медведевтің қазақша баламасы – аю. Ол да аю секілді анда-санда  тырнағын  көрсетіп  қояды.

Бір қызығы, орыстың біразының ататегі­не зер салсақ, Воробьев, Зайцев, Орлов, Волков секілді аң мен құстың атта­рын алған фамилиялар көп кездеседі. Таңғалмай-ақ қояйық. Біздің қазақта да Торғай, Қоян, Бүркіт, Қасқыр есімді азаматтар  бар  ғой.

(Соңы.  Басы  өткен  санда.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: