Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сұрмерген болу оңай ма?

14.12.2023, 9:20 301

Мұхтар  ШЕРІМ:

Қазақ сатирасы дегенде, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Шона Смаханұлы атындағы сатира байқауының бас жүлдегері, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлығының, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылғы лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұхтар Шерім бірден тілге оралады.

«Сатираның  снайпері»  атанған  сатирикпен  сұхбаттасудың  сәті түскен  екен,  назарларыңызға  ұсынуды  жөн  көрдік.

ҚАЗАҚ  САТИРАСЫ  БҮГІНДЕ  ШАБАНДАП  ҚАЛДЫ

Мұха, ассалаумағалайкүм, қазір не жазып жүрсіз? Әңгімені қазақ сатирасының бүгінгі халі жайлы бір ауыз түйін ойыңызбен  бастасақ.

– Уағалайкүмассалам! Кеше де, қазір де, бүгін де сатира жазып жүрмін. Сатирадан басқа жанрда жазу қолымнан келмейді. Лирикалық өлеңдер жаза алмаймын. Жазуға болады, бірақ, орта жолда шаң жұтып, жөтеліп қалатынымды білемін. Бүгінде «Ұрының қатыны» атты сатиралық роман жазып, оның біраз тарауларын аяқтап тастадым. Кеңес заманында бір сатиралық роман болған. Ал, еліміз тәуелсіздік алғалы сатиралық роман жазылмаған екен. Құлашты алысқа сермеп, бүгінгі заманның ұрылары тура­лы көп ойландым, менің кейіпкерім қара­пайым ұрлықтан бастап, министрге дейін көтеріліп, министр ұры атанады. Қазына­дан ұрлайды. Оның бер жағында, отыз жыл ішіндегі құрметті ұрыларымыздың образдары ащы сарказм­мен суарылып, күлкілі оқиғалар өрби­ді, шым-шытырық оқиғаларға жетелейді. Бір ғана сатиралық романмен отырсам мейлі ғой, өзім әдебиетте тынышсызбын, қыбырлап, сатира­лық әзіл әңгімелер жазып, оны әлеуметтік желілерге де сала қоямын, өзіме-өзім сыбыр­лап, бұрын жазылып қойылған сатираларымды заманауи тұрғыда өңдеп шығамын. Одан қалды, әдеби кітаптар оқимын. Содан, шаршап  барып,  ұйықтаймын.

Сатира – бұл күрделі жанр. Ол кез келгеннің қолынан келе бермейді. Күлкілі оқиғаны жазғанның бәрі сатирик болып шықпайды. Жазған дүниеңде тарыдай болса да, тү­йін, мән-мағына болмаса, оның несі сатира? Сати­ра жазу үшін аса көп еңбек, талант, білім керек. Құрғақ сөзбен сүйкелесең, сүйкімсіз болып қала­сың. Қазақ сатирасы бүгінде шабандап қалды. Кеңес дәуірінде өмір сүрген сатириктердің дені кетіп қалды. Бір Оспанхан Әубәкіровтің өзі сатира жүрдек пойызының бас локомотиві еді. Қазір сатира жазып жүрген замандастарым шаршады ма, әлде, тыныш жатуды аңсады ма, төпелетіп, төбе көрсетпейді. Жастар арасынан бірді-екілі сатира жазатындар бар, олар да мандытпай жатыр. Уақыт патша әлі талай сатирикті жарқыратып көрсете жатар деген үміттемін. Бір қарағанда, қазақ елі тек күлкімен өмір сүріп жатқандай көрінеді. Қаптаған әзіл-сықақ театрлары. Стэндаптар, анекдот айтушылар, «Жайдарман», «Әзіл мен әнші» бағдарламасы, бәрі сайып келгенде, сатираның шаңырағына жиналады. Бірақ, төрде кімдер отыр? Есіктен сығалап, кімдер отыр? Мәселе осында болса керек. Ең бастысы, сати­рада ащы сарказм болуы тиіс, юморда жеңіл әзіл, қазақы қалжың болса жетіп жатыр. Әсірелеу, яғни гипербола, қиял жемісі де сатираның реңін аша түседі. Сатира көкпарында жүрген жастардың дені осы жағын жетік меңгере алмай жүр. Тіпті, сатира мен әзілдің аражігін ажырата алмайтындар да бар ма деп қаласың. Кеңес заманына қарағанда, бүгінде тақырып сан алуан. Ақшаң болса, дүкен сөресінде тұрған тауарлардың қалағанын ала бересің ғой. Тура сол сияқты, талантың болса, қалаған тақырыбыңды ала бер. Бұрын цензура болушы еді. Қазір де бар. Сөз бостандығы созылып, еркін жата-жамбастап жатқан жоқ, Дегенмен, еркіндік бар. Тек шектен шығып кетпесең, ұлт араздығын тудыратын дүниелер жазбасаң болды. Оның қажеті де жоқ. Сатира сарайына жаңадан кіріп келе жатқан жастар ауыз әдебиетімен сусын­дамайды. Кітап оқымайды. Бәріне топырақ шаша алмаймын. Дегенмен, жастардың дені кітаптан гөрі әлеуметтік желідегі whatsapp-пен жіберілген өсекті, қай әнші қанша күйеуге тиіп шықты дегендей, төсекті оқиды. Өз басым, мектепте оқып жүргенімде, әкем марқұм әкеліп берген «Ұр тоқпағым, ұр!», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек», «Піс қазаным, піс» ертегілерін қайта-қайта оқитынмын. Күлдіргі ертегілер жаныма жақын болды. Қия­лымды  дамытты.  Ой-өрісімді  кеңейтті.

– Өзіңіз  айтқандай, сатира – қиын да күрделі  жанр. Бұл қиын соқпаққа түсуіңізге не түрткі  болды?

– Біреу «түртіп» жіберген жоқ. Түрткілеп жүрген өзім. Айттым ғой, күлдіргі ертегілер ең басты себебі болды. Сосын, алғаш рет «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгіме жаздым. Сегізінші класта оқып жүргенімде жазған дүнием аудандық газетте жарияланды да, айға ұшып кеттім. Көңілім ғарышқа көтеріліп кетті дегенім ғой. Сол екен, сатираға біржолата бет бұрдым. Мектептің қабырға газеттеріне де әзілдерім жария­ланып тұрды. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, облыстық, республикалық газет-журналдардан түспейтін болдым. «Жазушы бала, сатирик бала» атандым. Бала сықақшыдан дара сықақшыға айналу үшін қаншама бел-белестен өттім десеңші! Сұрмерген болу оңай ма? Сатира менің өміріме айналды. Сатира менің азығыма айналды. Сондықтан болар, «О, сатира! Мен саған ғашықпын!» деп ұрандаттым. Алматыда ҚазМУ-дың журналис­тика факультетінде оқып жүріп те, тыныш жатпадым. Сол кездегі Пушкин атындағы кітап­ханадан шықпай, әлем сатириктерінің кітаптарын мүжідім, майын жаладым. Екінші курста оқып жүргенде-ақ, жас жазушылардың топтама жинағы «Жібек жел» кітабында менің де бес-алты сатирам жарық көрді. Қуанышым қойныма сыймай жүргенде, Бақыт Сарбалаев деген сыншының «Қызыл алма» кітабында оңбай сыналдым. «Мұндай сатира жазғанша, өле салған артық» дегендей, қатты сынаған. Қолты­ғымнан демеп, жанашырлық танытса болады ғой. Бірақ, мен түк те ренжіген жоқпын. Қайта, одан бетер қуанып кеттім! Кітапты сатып алып, курстас достарыма көрсетіп, ой, бір мақтандым дейсің! Өйткені, кім мен сияқты кітапқа шығып, сыналып жатыр? Мені елеп, сынағанының өзі неге тұрады? Сынамастан, үстімнен аттап кетсе ше? Өзіме ант бердім. «Сарбалаев көке! Мен әлі сізді мойындатамын!» деп өзімді-өзім қайрап, жазу столына түнімен отыратын болдым. Құдайға шүкір, Сарбалаев былай тұрсын, бүгінде, сатирик ағаларым да мені мойындап, Оспанхан көкем ақ батасын берді. Бұған да шүкір.

ПАРОДИЯ,  ПАМФЛЕТТЕР  ӘЛДЕҚАШАН  «ҚАЙТЫС  БОЛЫП»  КЕТКЕН

– Күнкөрісіне  бір  жапырақ нан таппай жүрген жұртқа сатира, күлкі керек пе? Өзбек халқының «Күлкі – жан емі» деген нақылы бар. Айтайын дегенім, бүгінгі күлкі адам жанын қаншалықты  емдеп  жүр?

– Өз сұрағыңа өзің жауап беріп қойдың. Сатира ғылымының негізін қалаған, менің диплом­дық жұмысыма жетекшілік еткен ғалым Темірбек Қожакеев өзінің кітабында: «Қиналып жүрген адамға сатира керек пе? Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған сатира бос әуре» деушілерге айтарым: – Сатира қай кезде де, керек жанр. Өйткені, сатира – жауынгер жанр. Соғыс жылдарында ащы анекдоттар, сатира­лық шығармалар жауынгерлердің рухын көтерді, езілген еңселерін тіктеді. Сатира өмірге құштарлық әкелді. Сатира – құдіретті күш!» деп жазды. Демек, сатира қазіргі заманда, қымбатшылық қысып, бағаның қызуы қырық градус болып ысып, кедейлер жыртық кебісін сүйретіп жүргенде де, әрине, керек. Солақай соттарға, парақор прокурорларға, жемқор министр­лерге сатира арқылы күле қарайды. Мазақ етеді. Күлетін жерлерінде күліп алып, бір мезгіл денсаулықтарын да түзеп алады. Өйт­кені, күлкі – жанға дауа, таптырмайтын ем.

– Сіз бүгінгі қоғамда, өмірде, саяси алаңда болып жатқан жайларды астарлап болса да, уытты тіліңізбен түйреп өтесіз. Ол жазғаныңызға жоғары жақтан қоңыраулатып, жүйкеңізге ешкім ши  жүгіртпей  ме?

– Осы сұрақты көп қояды. Расында, сынап жатқан соң, шенеуніктер құлдыраңдап келіп, құшақтап, бетіңнен сүйе қоймайды. Мен жалпылама жазамын ғой. Нақты мекенжай, немесе аты-жөнін түстеп жазбаймын. Олай жазсам, фельетон болып кетер еді. «Сезікті секірер» деген­дей, күні бұрын байбалам салып жатса, өздеріне ұят емес пе? Ілгеріде бір-екі оқиға болды. Нақты  фельетондарым  үшін.

– Атақты ғалым, сатира теоритигі Темірбек Қожекеев «Күлкі – күштілердің қаруы» деген екен. Осы кеңес одағы тұсында талай шенеунікті тәубесіне түсірген фельетон неге жазылмай кетті? Памфлет  пен  пародияны  да  көп  көре бермейміз.

– Фельетондардың жарияланбауына алды­мен баспасөз басшылары кінәлі. Олар «жоғарыға жақпай қалармыз» деген ойдан арылып, сатира бұрыштарын ашып, тілшілеріне фелье­тон жазуға тапсырма берсе, кім қой депті? Сосын, сатириктердің дені фельетон жазуға құлықсыз, біріншіден, шеберліктері ақсап жата­ды, екіншіден, «Пәледен машайық қашып­ты!» деген қорқыныш та бар. Фельетон айғақ­тар мен  деректерді тізбелеп шығу үшін жазылмайды. Фельетонға да ащы күлкі керек. Ойнақы оқиға керек. Мазақтау, келемеждеу керек. Көпен Әмірбек басқарған «Ара» газетінде 14 жыл  фельетоншы болдым. «Ара» газеті қазіргі «Айқын» газетінің ай са­йын шығатын қосымшасы болатын. Кеңес заманында да, облыс­тық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде фелье­тондарды бұрқыраттым. Кейін «Ара» газетін­де де осы жанрда қалам сермедім. Бүгінде екі кітап болып, жарыққа шықты. Ал, пародия, памфлеттер әлдеқашан  «қайтыс  болып»  кеткен.

АВТОРЛАРДЫ  НАСИХАТТАМАЙДЫ,  ІШТЕРІ  ТАР

– Өмірде әзілдеймін деп опық жеген күніңіз болды  ма?

– Кеңес заманында облыстық газетте жемқор балабақша меңгерушісі туралы «Алақаным қыши береді» атты фельетон жазған едім. Түркістаннан. Сол әйел сотқа үстімнен арыз жазды. «Менің еш жерім қышымайды! Қышитын жерімді дәлелдеп берсін!» деп қоймайды ғой. Әбден жүйкемді тоздырды. «Бекер жазыппын!»  деп опық жеген жоқпын, қайта қуандым.

– «Күлкі арзандап, билет қымбаттап кетті» деп  жазыпсыз. Неге?

– Әзіл-сықақ театрларында күлкі арзандап, билеттері қымбаттап кеткеніне риза болмай жазғаным  ғой.

– Қазір не көп, әзіл-сықақ театры көп. Сіздіңше, ол  театрлардың  басты  кемшілігі  қандай?

– Басты кемшілігі ме? Авторлармен жұмыс істемейді. Өйткені, қаламақы беруден қашады. Сосын, өздері ана жерден, мына жерден ұрлап, күлдібадам бірдеңені сахнаға шығарып жатады. Дөрекі оқиғаларды өздерінше жұқалап, жұмбақ­тап түсіндірген болып, тым анайылыққа барады. Оның несі күлкі? Сосын, авторларды насихат­тамайды. Іштері  тар.  Қысқаша  айтқанда,  осы.

– Бүгінгі әзіл-сықаққа қазақ көрерменінің талғамы  қандай?

– Нашар. Бәрі деп айта алмаймын. Бірақ, нашар. Болмайтын анайы, мән-мағынасы жоқ сахналық көріністерге қол шапалақтап, ыржаң-­ыржаң етеді. Себебі, көбінің деңгейлері төмен. Өре саяз. Түріктің классик сатиригі Әзиз Несин Мәскеуде, Никуллиннің әзілдеріне көрермендер қыран-топан күліп жатса, ол күлмей отыра берген. Сатирик Ғаббас Қабышев ағамыз: «Неге күлмедіңіз?» деп сұраса: «Несіне күлемін? Біздің елде мұндай арзанға күлмейді. Осы да күлкілі нәрсе ме?» деген екен. Мысалы, «Ютубтағы» стэндапқа жиналған жастар орысша былапыт сөздерге де күліп, рақаттанып қала­ды. Былапыт сөздер несімен күлкі? Түсінсем, бұйырмасын!

– Соңғы сауал болсын, қазақ сатирасының ерте­ңін  қалай  елестетесіз?

– «Арғы жағын айтпаймын, ішің  білсін,  әлуай!».

– Әңгімеңізге көп рақмет! Қаламыңыз ұштала, шығармашылығыңыз  шыңдала  берсін!

Сатирикті  сөйлеткен

Нұржан  ӘБЖАНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: