«Мұхтар Әуезов 1958 жылы Павлодар облысында болып, еңбекшілермен қызықты кездесулер өткізеді. Ертіс бойын, Баянауылдың әсем табиғатын қызықтайды. Осы сапарында жүріп, бірде Мұхаң жанындағы серіктерімен әңгімелесіп отырса:
– Ассалаумағалейкум, Мұха, апаздал қалдым, – деп мол денесімен есіктің екі жақтауына кезек соғыла, қалбалақтап, Баянауыл аудандық атқару комитетінің председателі Сақтаған Шурин кіріп келеді.
Мұхаң мырс етеді де:
– Уағалейкуммәссәләм, – деп сөзін үзіп тоқтап қалады. Шурин отырғаннан кейін, оған қайта қарайды. – Ал, «апаздал» қалдымыңыз не?
– Енді Сізді қарсы ала алмай қалған соң, апаздал қалған емей немене? – дейді Шурин.
– Пәлі, – дейді Мұхаң мұрынын бір сипап қалып, – өзіңіз ел басшысы болсаңыз, халық дәулетін байытып, молайту жолында қызмет етеді екенсіз. Егін салу, етті көбейту, сүтті молайту, жолында жүрген адамдарсыз ғой.
– Иә, иә, Мұха, – дейді Шурин орнынан ұшып кетердей талпынып.
– Олай болса, ана тілі де халық қазынасы емес пе? Ел басшылары жалғыз малдың ғана сапасын жақсарту үшін емес, ана тілін де таза ұстап, дұрыс сөйлеуге тырысуы керек қой. «Апаздал қалдым» дегенше «кешігіп қалдым» демейсіз бе? Басшы бәріне де үлгі. Сіз қалай сөйлесеңіз жұрт та солай сөйлейді, таза тілді бұзу осыдан басталады. Егер ағып тұрсаңыз, онда бірыңғай орысша сөйлеңіз. Ол тілді мен де бір кісідей ұға аламын. Мен сіздің кешіккеніңізге емес, «апаздал қалдым» деп, екі тілден қойыртпақ жасап, ана тілін шұбарлап сөйлейтініңізге ренжіп отырмын! – деген екен».
(с) Ақселеу Сейдімбек
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!