Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғанидың шаңырағы

07.12.2023, 10:00 223

Туған өлке – тұнған шежіре. Ал Қазалы ауданының қатпарлы тарихын тасқа қашап жазған бір орын болатын болса, оны шығыс жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы музейден таба аласыз. Кешегі тоталитарлы жүйенің тұсында күллі жастарға жетекші болған оның артындағы ізі – осы Қазалы қаласындағы өзінің есімін иеленген құтты шаңырақ.  Биыл  сол   музейдің  іргетасы  қаланғанына – 55  жыл.

Айтулы  мереке  қарсаңында  музейдің  бүгінгі тынысымен  танысқан  едік.

Жалпы, аталған музейдің іргетасы 1968 жылдың 7 қарашасында қаланды. Музей ХІХ ғасырдың соңында Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс сауда­герінің  үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған  Еңбекшілер  депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғима­рат берілді. Музей Қазалы қала­лық кітапханасында 1967 жылы ұйымдас­тырылған  мүйіс-­көрме  негізінде  ашылған.

Кеңес уақытында Ғани ғұмырын зерттеп, кітап жазған – бірден-бір зерттеуші-журналист Сейілхан Ас­қаров. Сол себепті, алғашында Ғани­ға қатысты көптеген құжат пен фотосуреттерді сол кезде Алматыда тұрған қаламгердің жеке архивінен сол жылдардағы аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған Теңел Жұмабаев арқылы алған. Бастапқы кезде музейде небәрі 3 зал, 200 жәдігер болса, бүгінде жеті экспозициялық, бір көрме залы мен мұражай қорында ұзын-саны 5 мыңға жуық экспонат бар. Аталмыш залдарда Ғанидың балалық шағынан бастап, ақтық демі үзілгенге дейінгі өмір жолынан сыр шертетін, оған қатысты экспонаттар кезең-кезеңмен орналас­тырылған. Сонымен қатар музей қорында оның өз қолымен жазған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен фотосуреттері де бар. Онымен  қызметтес  болған жандардың ол туралы жазған естеліктері мен кітаптары да  жинақталған. 2002 жылы Ғанидың 100 жылдық мерейтойы  кезінде оның Мәскеудегі Ваганьков  зиратындағы  қабірінен топырақ әкелініп, музей экспозициясына  қойылған.

Ғани Мұратбаевтың қарашаңырағы жайында музей директоры Роза  Асанова:

– Әдепкіде бұл ғимарат Сібірден әкелінген ағаш бөренелерден тұрғызылған орыс саудагерінің үйі болған, кейін Кеңес өкіметі орнаған жылдары бірінші сайланған Еңбекшілер депутаттары Қазалы қалалық Кеңесінің кеңсесі орналасқан ғимарат берілді. Музей Қазалы қалалық кітапханасында 1967 жылы ұйым­дастырылған мүйіс-көрме негізінде ашылды. Сол жылдары бұл мүйісті ұйымдастыруға өңірге есімдері белгілі М.Жанұзақов, Б.Құлсейітов, С.Төлегенов, Ж.Төлепова секілді кітапханашылар мен ұстаздар көп еңбек сіңірді.

Қазалыға ат басын бұрған мемлекет, қоғам қайраткерлерінен бастап, ТМД елдері мен аудан, облыс қонақтарының бәрі мұражайға соқпай кетпейді. Әлі есімде, сонау 2002 жылы арнайы келіп, қолтаңбасын қалдырған сондай қадірлі қонақтың бірі «Ғани» көркем фильмінде басты ролді сомдаған актер Құман Тастанбеков еді. Сонау бір жылдары мемлекеттік қызметте жүргенде Әбіш Кекілбайұлы да арнайы келіп, альбомға жүрекжарды сөзін  жазған, – дейді.

Музей директорының айтуынша, Ғани есімін жаңғырту мақсатында дәстүрлі іс-шаралар жыл сайын толастаған емес. Мысалы, жылда оның туған күнінде «Мәңгілік шырқар жырымсың» атты дәстүрлі жас ақындар мүшәйрасы мен кіші футбол жарысы ұйымдас­тырылады. Музей жанында «Жас ғанитанушылар» үйірмесі мен үш буын өкілдерінен құралған «Өнеге» бірлестігі жұмыс істейді. Үйірмеге оқуда озат, қоғамдық істе белсенді, өнерлі  оқушылар  қабылданды.

Сондай-ақ, Ғани Мұратбаев­тың ешбір  мерейтойы Қазалы ауда­нында елеусіз қалған емес. Мәселен, оның 75, 80, 90, 100, 110, 120 жылдық, музейдің 30, 40, 50 жылдық мерейтойлары республикалық деңгей­де  аталып  өтсе,  қайраткердің 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлең, поэма-­толғаулар мен әндерден құрас­тырылған «Мен – Ғанимын» атты жинақ  шығарылған.

Сонымен қатар 2016 жылдан бері Қазалы  ауданында Ғани Мұратбаев атындағы республикалық жастар сыйлығын  беру  қолға  алынған.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: