Екінші дүниежүзілік соғыста Қоғалыкөлден ортақ Отанымызды қорғауға аттанған бес жүзден аса жауынгер жайлы дерек жинап жүрген мен үшін ақпанның алғашқы күнгі Упуза анамен кездесу құтты бір кен қазған кеншідей, олжаға жолыққан күн болды. Жары Рахмет Сүлейменов жайлы деректерді жазып алған соң, «тоқсаннан асқан кейуананы шаршатып алмадым ба?» деп жүзіне барлай қарадым. Сөз білетін жан сөз тыңдайтын жанға кездескеніне көңілі марқайып, тағы бір сырдын шетін шығарды.
– Осы соғыста барлық жерде қиындықтар болған шығар, бірақ біздің осы ауылдың үстіне барлық ауыртпалығын аудара салғандай көрінеді маған. Қият қайнағаның арыстай бес ұлы соғысқа аттанып, төртеуінен қара қағаз келді. Біздің қайнағалар ағайынды Айтжан Қалқаев пен (1898 жылы туған), Кенжеғұл Қалқаев (1903 жылы туған) екеуі де – соғысқа аттанғаннан хабарсыз кеткен жандар. Тағдырға таңғалуға болмас, сірә. Айтжан қайнағаның соғысқа аттанғанда артында қалған үш перзентінің бірі Жолдасбек Айтжанов алпыс жылдан кейін былтыр қазан айында ауылға келіп кетті, – демесі бар ма?!
Тағы бір тарих қойынына кеткен әңгіменің тіні тарқатылып сала берді. Соғыс жылдарындағы қазіргі Қоғалыкөл ауылының негізін құрайтын Ортақшыл, Сталин, Молотов, Октябрь колхоз өмірін суреттейтін Танаш Дәуренбековтың «Құмдағы іздер» кітабында: «…Кіндік көлдегі ауыл қыстаулары үш жерге шоғырланған. Ауылды қақ жарып өтетін арықтың бойында кеңсе, төрт жылдық бастауыш мектеп, оған жалғас астық қоймасы салынған. Колхоз кеңсесі советтің кеңсесіне қарсы есік еді» деп жазады. Одан әрі колхоз басшысы Әсем ауылсовет председателі Ғалия Ахметова екені жайлы айта келіп: «Амандықтан кейін Әсем оң қапталдағы үстелде отырған әйелді таныстырды. Партия ұйымының секретары Мүгілсін деген апаң» деді. Мүгілсін қыр мұрынды, ат жақты, қара торының әдемісі көрінді» деген жолдар бар. Упуза апай айтады: «Айтжан Қалқаев соғысқа аттанып бара жатып жары Мүгілсін Ыбыраеваға: «Мүгілсін, саған әуелі ел аманат, одан кейін үш құлыным Жолдасбек, Кенесбек, Фатима аманат, елді тарықтырма, балаларды жаутаңдатпа» деп тапсырған екен. Сол есіл ерлер соғыстан оралмай, жат жерде калды. Колхоз партия комитетінің секретары Мүгілсін Ыбраева халқы мен үш перзентін тарықтырмаймын деп қыр мен Сырдың ортасында салт атпен шапқылап жүріп, денсаулығын күте алмай, 1945 жылы қоңыр күзде, құрт ауруынан қайтыс болды. Жолдасбек ауылдан жеті сыныпты бітірген соң, Қызылорда қаласындағы №1 май мектебінен орта білім алып шығады.
Қоғалыкөл ауылының түлегі, қаржы саласының білгірі, ғылым докторы Жорабек Сарбалақов «Жақсылардың жанында болдым» кітабында: «1959 жылы Сочидегі туберкулез ауруханасының бас дәрігерінен колхозға хат келді. Хатта осы ауылдың түлегі Жолдасбек Айтжанов осы ауруханада бір жыл бойы емделіп жатқанын, енді аурухана тегін емдей алмайтынын, бірақ әлі де 6 ай емделу керек екенін жазыпты. «Айтжановтың анасы соғыстан кейін ауырып қайтыс болған. Әкесі Ұлы Отан соғысынан хабарсыз кеткендер тізіміндегі солдаттың семья мүшесі. Колхоз есебінен көмектесуді сұраймын» деп хат жазған. Колхоз басшысы көмек бере алмайтынын айтты. Партия ұйымының секретары Муфтахадин Абласанов ағаға бардым. Салған жерден «мен бір айлығымды беремін» деп кассадан бір айлық көлемде ақша алдым. Сөйтіп комсомол жастар ақша жинап, Сочиге салып жібердік. Айтжанов алты ай емделіп, елге келіп, бәрімізге рақметін айтып, Москваға окуға аттанып кетті. Институт бітірген Жолдасбек Айтжанов көп жыл Иванова тоқыма комбинатының директоры, одан кейін КСРО жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасарына дейін көтерілді» деп жазады (121-122-беттер).
Міне, тарих толқынында кемесі талай жерде абырой желкенін желбіреткен Жолдасбек Айтжанов соңғы жиырма жылда Испанияда тұрып жатқан еді. Алпыс жыл өткен соң ауылына ат басын бұрып, аруақтарға Құран оқытып, келер жылы бірталай игілікті істі қолға алмақ ниетпен еліне аттанды. Шетелде бизнесін дөңгелетіп отырған ауыл түлегінің ауылдың әлеуетін көтерсем деген асқақ арманына, ойға алған көп іске әлемді шарпыған індет тұсау болды емес пе? Аман болса екен алыстағы ағайын.
Жұмабай Байзақұлы,
Сырдария ауданы
Бесарық ауылы.
Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!