Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шара мен іс-шараны шатыстырмайықшы

14.11.2023, 15:50 356

HALYQLINE.KZ

Сөз  төркіні

Бүкіл өміріміз шара болып кетті. «Қайдасың?» деп біреуді іздесек, «Шарадамын» дейді. «Келе аласыз ба?» деп шақырған адамнан: «Қайда?» деп сұрасақ, «Шараға» дейді. Әріптестеріміз: «Шараға қатыстым», «Шараны жазып беремін» дейді. «ШАРА» мен «ІС-ШАРАНЫ» ажырата алмайтын болдық. Айту былай қалып, бәрін шара деп жазып жүрміз. Жиналыс та шара, концерт те шара, жай басқосу да шара… болып кетті. Тіліміз бұзылды. Өзімізді ғана емес, дүйім жұртты шатастырдық. Не істейміз? Осындайда сөздіктерге жүгінуіміз керек!

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты шығарған «ҚАЗАҚ ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ СӨЗДІГІ» (Он бес томдық, XV том) былай түсіндіреді:

ШАРА – зат есім. 1. Сұйық тағамға арналып, ағаштан жасалған пішіні дөңгелек, іші шұңғыл ыдыс. Мысал: Шараға қымыз құйылды. 2. Көздің ұясы, ойдымы (ауыспалы мағынада.). Мысал:

Теңізге мынау қарашы,

Жетпейді көздің шарасы.

Кеткендей боп тұр астасып,

Аспан ме жердің арасы (Т.Айбергенов). 3. Бір нәрсенің аумағы, деңгейі (ауыспалы мағынада). Мысал: Көлдің суы шарасынан асып, ернеуі толып кетеді (қазақ ертегісі).

Көзі шарасынан шықты (қатты қорықты, үрейленді). Мысал: Ағыжанда ес қалмады, жан түршігіп, көзі шарасынан шығып кетті (С.Талжанов. Ұлдай). Шарасынан асты (шықты). Мысал: Жарасбайға биылғы жыл қай жағынан болса да шарасынан шыққан жыл болып тұр (М.Әуезов. Қараш.). Шарасына түсті (қалпына, сабасына келді, саябар тапты). Мысал: Енді біразда Абай жаңағы ызалы қалпын басып, шарасына түсті. (М.Әуезов. Таңд.).

Шара. – зат. 1. Белгілі бір жұмысты орындау үшін қолданылатын амал, айла. Мысал: Қиналғаннан, егілгеннен басқа не шара бар менде? (Ә.Әлішев. Батыр.). 2. Келешекте істелетін іс, міндет. Мысал: Жайылымдар мен шабындықтарды жақсарту кезек күттірмейтін шара (С.Әбдірайымов. Шөл жайылым.).

Сөздікте бұдан әрі «қандай шараң бар», «қолдан келер шара жоқ», «не шара», «шара бар ма», «шара жоқ», «шара қолданды», «шараң қанша», «шарасы болмады», «шарасы таусылды», «шара таппады» деген сөз тіркестеріне түсініктеме берілген. Осы жердегі ШАРА ҚОЛДАНДЫ дегенге жеке тоқталайық. Екі нұсқасы бар. 1. Жолын тапты, амал істеді. Мысал: Шара қолдану керек, уақытты, қаржыны босқа шашуға болмайды ғой,- деді Рахмет. (С.Ерубаев Менің құрдастарым.). 2. Жазалады, кінәлады, айыптады. Мысал: Бұл көргенсіздікке қолма-қол, үзілді-кесілді тыйым салып, айыпты кісілерге шара қолдануым керек (Т.Бердияров. Фарида.).

ІС-ШАРА – зат есім. Жүзеге асырылатын бірқатар амалдар. Мысал: Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлесін және бекітсін. («Егемен Қазақстан»)

Екі сөзді шатастырмайықшы: ШАРА ҚОЛДАНЫЛАДЫ. Мысал, высшая мера наказания – ең ауыр жаза. ІС-ШАРАЛАР ӘЗІРЛЕНЕДІ, ӨТКІЗІЛЕДІ. Мысал, праздничные мероприятия – мерекелік іс-шаралар.

Демек, біз журналистер, жиын, басқосуларды шара демей, іс-шара дейікші! «Іс-шараға қатысып отырмын», «Осы іс-шарада не айтылғанын жазып жіберемін» десек, тіл де бұзылмайды, сауатсыздыққа да ұрынбаймыз. Өйткені, шара дегеніміз орыс тілінде – мера. Ал іс-шара дегеніміз – мероприятие. Басқа сөз артық.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: