Киелі Сыр өңірі елім десе ет жүрегі елжіреген ақ, адал перзентке қашаннан кенде емес. Кешегі тоқырауы мен тосқауылы көп кезеңдерде ел басына төнген зілмауыр ауырлыққа иығын тосып, көппен бірге көтеріп, сол көптің жүрегінен ерекше орын алған, туған жердің туын жықпай, экономикасын дамытып, мәдениетін өркендетіп, абыройын асқақтатуға қайрақтай қажыр-қайратын жұмсаған, ар мен ождан пәктігін бойтұмардай қастерлеп, халқына қамқор болып, ұрпағына ғибраты мол өнеге қалдырған азаматтардың қатарында біздің аға – Есетов Тәкей Есетұлы да бар. Биыл, яғни 2023 жылдың қараша айында Кеңестік дәуірде Қазақстан Республикасының қалыптасуына үлес қосқан азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, ауданы бар, облысы бар бас-аяғы 27 жыл хатшылық қызмет атқарған, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және екі рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің жоғарғы палатасы Ұлттар Кеңесінің X, XI шақырылымының депутаты болған атпал азаматтың туғанына 100 жыл толып отыр.
Аға! Иә, көптеген адам «аға» деп әкесін, біреулері бірге туған ағасын атайды. Ал біз өзіміздің жездемізді «аға» дедік, себебі аға – бізге жездеден гөрі арқа сүйер ағамыз, әке орнына әке бола білген кісі, Сыр елінің ардақты ұлы, қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын тұлға, артына ұмытылмас із қалдырған азаматтардың бірі – Есетов Тәкей аға. Шынында, біз үшін Аға мен Тазагүл апа – барлық уақытта отбасындағы майда тірліктен жоғары рухани дүниелерге дейін қарап түзелетін адамгершіліктің биік тұғыры, қарапайымдылық пен мейірімділіктің өлшемдеріне айналған жандар.
Біздер, Тазагүл апаның сіңлілері, үлкендері өз алдына түтін түтетіп, отбасылы болып кетті де, кішкентайлары жазғы демалыс басталысымен Аралға, аға мен апаның үйіне келетінбіз. Теңізге суға түсіп, шұбат ішіп, балмұздақ жеп, әртүрлі ән үйреніп, ауылға қайтатынбыз. Сол демалыс кезінде аға күндіз жұмыста болады да, кешкісін үйге күлімдеп, өзіне ғана тән жұмсақ шуағы мен жылылығын ала келетін. Жуынып-шайынып, үй киімдерін кигесін, біздің күндізгі ісіміздің «есебін» алатын. Дастарқан басына тек ас ішу үшін ғана емес, әдемі әңгіме есту үшін, дұрыс отырып-тұруды, мәдениетті тамақ іше білуді үйрену үшін де жиналатынбыз. Әрқайсымыздың өз орнымыз болатын. Аға келіп отырмай тамақ жеуді бастамайтынбыз. Аға өз қолымен нанға май жағып, үстіне уылдырық салып беретін. Әрқайсымызға жеке көңіл бөлу осы бір кішкене ықыластан-ақ көрініп тұратын.
Кей күндері аға қолына домбыра алып, апамен қосылып Шәмшінің әндерін айтатын, пианино тартатын, Айнұр мен Асқарды мойнына мінгізіп ойнататын. Бәріміз мәз-мейрам болушы едік. Сол кездері қыруар жұмыстың ортасында жүрсе де, үйге келіп, мазасыздық танытып, қабақ шытқан кездері болмайтын.
Осы бір жарасымды отбасына 1979 жылы тамыз айында біз біржола келіп, бірге тұрдық. Міне, осы уақыттан бастап балалық көңілдің түкпірінде ағаның әкелік қамқорлығы мен апаның аналық мейірімін толық сезіне бастадық. Әрбір күн – өзінше сабақ. Есейе келе, уақыт өткен сайын әр нәрсенің құндылығын, әрбір сәттің қайталанбас артықшылығын білдік, сезіндік, көңілге түйдік.
Қазақ халқы ханның ханымын, батырдың аруын бір-бірінен айырып қарамаған, қайта бір бүтіннің екі жағы деп қабылдаған. Апа екеуінің арасынан қыл өтпестей дос, сырлас, ақылдас болды. Бірін-бірі толықтырып жүретін, екеуінің келбет сұлулығы қалай үйлессе, жан дүниесі үндесіп тербелетіндей көрінетін. Апа: «Тағдыр мені ақыл, парасатына білімі мен біліктілігі, мінез-құлқына дүниетанымы сай азаматқа жар етті. Тағдырым арқылы алған тағылымым өз өмірімнен де асып төгілер еді» деп отыратын. Ағаның Сыр өңіріне аяқ басқан ел ағаларын кез келген уақытта отбасына шайға шақыруы Тазагүл апама деген толық сенімінен, осы бір бүтіндіктен болса керек. Қонақтар қатарында танымал жазушылар, өнер адамдары, ел басқарған азаматтар бар еді. Кеңес Одағының Батыры Қасым Қайсенов, жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов, Әзілхан Нұршайықов, өнер майталмандары Нұрғиса Тілендиев, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова сынды ел мақтанышына айналған жандар ерекше есімде қалыпты.
Бұдан кейін біз де мектепті бітіріп, университет студенті атандық. «Ұяңда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой, сол жылы ұядан ұшып шығуымыздың басы екен. Тек демалыс кезінде, мейрам күндері ғана үйдеміз, қалған уақытта Алматыда оқуда болдық. «Кітапты көп оқы, адамның ойы ұшқыр келеді, айтып жеткізе алмайтыныңды кітаптан табасың» дейтін. Ағаның сол айтқан ақылының дәлдігіне сүйіне жүріп, қалыптастық. Барлық уақытта, емтихан тапсыру, жолға шығатын кез болсын, ағаның ақ батасын алып кететінбіз. Сол бізге үлкен демеу, қиын сәттерде көмекші-тұғын.
КазГу-ді бітіретін жылы мен тұрмысқа шықтым. Той жасап, қолдан ұзатты. Бәрі жақсы тілектерін айтып, қоштасып жатқанда аға маңдайымнан сүйіп: «Айналайын, айналайын, бақытты бол» деп құшағына басты. Аға жылап тұр екен. Кішкентайынан қолында өскен баласының басқа отбасына кетіп бара жатқанын қимаған шығар. Бізді балдыз деп емес, балам деп жанындай жақсы көруші еді. Сол әкенің жылы құшағы әліге дейін санамда сақталып, бойымды жылытып келеді. Аға, шын мәнінде, әке мен шешеден ерте қалып, ойсырап қалған көңілдің оясын толтырды, жан жарасын жазды.
Кейін, жұмыстан қол босаңқырамай, араға апта салып барғанда: «Үй-іші, балалар аман ба, университеттеріңде не жаңалық бар, – дей келіп, қызметіңді адал атқар, ел аузына жақсы ісіңмен ілін» деп ақыл-кеңесін беруші еді. Сондай асыл ағамыздың дүниеден өткеніне биыл тура 20 жыл болды.
Сонау 2004 жылы ағаның жылдық асына туралап, өмірінің ақырғы күндерінде жазған естелігін арқау етіп алған «Тағдыр мен тағылым» атты кітап жарық көрген болатын. Сол кітапта ел ағалары Сағидолла Құбашев, Ыдырыс Қалиев, Дәуірхан Айдаров, Еламан Жүнісбаев, Камал Бердәулетов, Абдолла Дәулетұлы, Шайхислам Серікбаев, Айзахан Бижанқызы, Сәнімкүл Желдербаева, Сағи Абатов, Сейіл Боранбаев, Абылай Айдосов, Оңалбек Сапиев, Құдайберген Саржанұлы, Тұрғанбай Маханов, Айтбай Әлібаев, Нәжмадин Мұсабаев, Ұзақ Еспанов, Рүстем Жанаев, Адырбек Сопыбеков, Мұхтар Сақтапов, Сейілбек Шаухамановтар аға туралы жүрекжарды естеліктерін жазған болатын. Сонда: «Тәкең адамның, сөздің қадір-қасиетін аса жетік білетін. Аз сөйлейтін, бірақ саз сөйлейтін. Бекзаттығынан, білгірлігінен, дүлдүлдігінен аз сөйлейтін. Тәкең көпсөзділікті шешендік, діңкілдеуді көсемдік деп білмеді. Сол заманның ұзаққа созылатын жиын-жиналыстарында, отырыстарда Тәкең міз бақпай, тіп-тік, түп-түзу, қозғалыссыз, тек қана кірпік қағып, терең ойдың теңізіне шомылып, бәрін байқап, бәрін бақылап, бәрін бағыттап, тас мүсіндей тапжылмай, қасқайып отырушы еді-ау, жарықтық»… «…Иә, Тәкең зерек, зерделі, ойшыл, ойын ақылға суарған, пайым-парасатқа ат шалдырған, адалдықты, әділдікті ту еткен, имандылыққа, қанағатқа, шүкіршілікке нар шөктірген, кісілігіне кір түсірмеген, арының, намысының туын жықпаған азамат еді» деген жолдар ағаның бар болмысын аша түскендей.
Рас, біз де маңдайымызға ағадай жайсаң жанды кездестірген бір Аллаға риза болып, тірісінде айналасына тек адалдық пен шыншылдықтың, тектілік пен мәдениеттіліктің, адамгершілік пен қамқорлықтың дәнін сепкен, ішкі дүниесі мен сыртқы тұлғасы тең сұлу ағаға мәңгілік мекенінің пейіштен бұйыруын нәсіп етсе дейміз!
Күлдірсін САРЫШОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!