Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Merci немесе Франция дегеніміз…

01.11.2023, 17:40 276

HALYQLINE.KZ

Франция – адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан елдің бірі. Паскаль, Жанна Дарк, Жюль Верн, Коко Шанель, Кристиан Диор, Шарль де Голль, Наполеон Бонапарт, Жак-Ив Кусто, Александр Дюма. Бұлар – бір минут ішінде еске түскен француздың ұлы тұлғалары. Он минут ойлансаңыз, бұдан он есе көп тұлғаны еске түсіресіз. Саясат, әскер, сән, физика, әдебиет, спорт, теңізді зерттеу және басқа салада француздардың ізі қалған, қалады да. Кезінде Мәскеуді біздің бабаларымыз сан мәрте шауып, өртеген еді. Наполеон да бір мәрте от қойды, бұл жағынан жақындығымыз бар деп қояйыншы.

Франция үнемі әлемдік процестің ішінде жүрді. Ол орта ғасырдан бастап қазірге дейін жалғасып келеді. Жүз жылдық соғыс, Ұлы француз революциясы, Бірінші және екінші дүниежүзілік соғыс, бір жарияланып, бір құлдыраған республикалар… Ех, Франция деген саясат қазанында бұрқ-бұрқ етіп қайнап жатты. Кейде ол қазанның отын өзі жақты, кейде өзге жақты дегендей.

Бүгін ақ қар, көк мұзда Макрон елімізге келді. Талқы болар тақырып көп қой. Бірақ бізге қызығы – АЭС, оған қызығы – сол АЭС-ке керек уран-ау.

АЭС демекші, Франция мен Германия ЕО-да бәсекелес саналады. Қазіргі экономика тікелей энергетика саласына байланған. Энергетика дегеніміз – жылыған үй, жұмыс істеген зауыттар, жарық көше, қызған өндіріс деген сөз. Бұл екі бәсекелес екі түрлі жол таңдады. Немістер АЭС-терді жауып, жел және күн энергиясына арқа сүйейміз деді, ал француздар керісінше АЭС-тен бас тартпады. Екеуінің де таңдаған жолы – «жасыл энергетика» негізі.

Артынша не болды? Дұрыс айтасыз, Ресей Украинаға басып кірді. ЕО елдері Ресей газы мен мұнайынан бас тарта бастады. «Күтпеген жерден» Ресейден газ тасымалдап жүрген «Солтүстік ағын» газ құбыры атылды. Германия ЕО-да ресейлік газға ең тәуелді елдің бірі еді. Сөйтіп Берлинде энергетика саласында қиындықтар басталды. Немістер бұрын жапқан көмір кеніштерін де аша бастады. Бірақ энергия бағасы өсіп барады және ол қоғамның өзге салаларына өз әсерін беруде.

Франция ше? Франция АЭС-тері елдегі энергияның 70 пайызға жуығын береді. Қалғаны өзге ресурстарға тиесілі. АЭС-тен шыққан энергияны көршілес елдерге, Италия, Испания және басқаға сатып отыр. Енді ең қызығы, Франция АЭС-терінен энергияны Германия сатып алуы мүмкін. Париждің бәсекелесі Берлин сондай қадамға барып қалуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.

Бүгін Макрон бізге келгенде, уранды қозғайтыны анық. Мәкең Африкадағы ықпалын жоғалта бастады. Африкадағы бұрынғы француз отары болған елдерде төңкерістер болып, антифранцуздық билік күш алуда. Шілдеде ғана Нигер төңкеріліп, келген билік «Франция кет!» деді. «Кет дегенде, ит те кетеді» деді де, Мәкең әскері мен дипломаттарын 2024 жылға дейін шығаратын болды. Нигер француз АЭС-терін 20 пайыз уранмен қамтыған еді. Енді оның орнына тұрақты уран табу керек. Қазақстанмен келіссөзде осы сөз болары анық.

АЭС-ке келсек. Францияда 18 дана АЭС бар, онда 56 реактор жұмыс істеп тұр. Яғни, француздар атом технологиясынан алға кеткен. Біз АЭС саламыз дедік, алда референдум. «Салса, осы бір ел салсын» деймін өзім. «Француздардың технологиясы қымбат» дегенді естиміз, бірақ сенімді әрі озық деседі. Қымбат болса да сенімділік маңызды ғой. Бұл тақырып та талқы болар.

Француздар АЭС салса, merci дейміз ғой. Айтпақшы, «Merci» шоколадын Францияның бәсекелесі Германия шығарады. Қызық, ә…

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дерекөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: