Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Табиғат тамыршылары

18.10.2023, 11:00 294

HALYQLINE.KZ

«Экологиялық апат аймағы» саналатын Қазалы, Арал өңірінде орман және жануарларды қорғау мәселесі өте маңызды. Соры бетіне шыққан топырақтың әр бұтасын қорып, қыбырлаған әр тіршілік иесін күзету де орманшы ағайынға оңай шаруа емес. Олар күннің аптап ыстығында да, атан түйені жығар ызғарына да қарамай, күндіз-түні тынбай жұмыс істейді десек, артық айтқандық емес. Осынау ұтырлы істі ұтымды ұйымдастыратын білікті басшы, аудандық мәслихат депутаты Ардақ Кәдір басқаратын Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі десек қателеспейміз.

Қазалы қаласында орналасқан орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің тарихы тереңде. Уақытында КСРО орман шаруашылық Министрлігінің Ленинград аэрофотоорман орналастыру бүкілодақтық «Леспроект» бірлестігінің аэровизуальды экспедициясы 1951 жылы мекеме аумағының сол жағындағы 3483416 гектар жерде орман орналастыру жұмыстарын жүргізген. 1961 жылға дейінгі Қармақшы орман шаруашылығы деген атауы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Орман шаруашылығы және орманды қорғау Бас басқармасының №16 санды 23 маусым 1961 жылғы бұйрығы бойынша «Қазалы орман шаруашылығы» деген атауға өзгертілген.

Бүгінгі күні мекемеге қарасты мемлекеттік орман қоры жерінің жалпы көлемі – 1785550 гектар. Оның ішінде орман басқан алқабы – 890724 гектар.

Әр жылдары мекемені Александр Баранов, Иван Родомакин, Диана Шабанова, Жұмахан Есімов, Жалғас Сыздықов, Махамбетжан Жеткербаев, Киікбай Әймішев, Байназар Ерқосаев, Дәулетбек Тұяқбаев, Уәлихан Ықыласов басқарды. Қазіргі таңда Ардақ Кәдір мекеме басшылығын қолға алған.

Мекеме сексеуіл ағашын тұқымынан себу арқылы көбейту жұмыстарын 1965 жылдан бастаған. Бұл жұмыстар Қарақұм бекетіндегі бос жатқан құм басқан жерлерде құм көшкінін тоқтату мақсатында атқарылды. Қазіргі таңда Қарақұм беткейіндегі тұқымынан себіліп өсірілген сексеуіл ормандарының көлемі 56310 гектарды құрайды. 1968 жылдан бастап екі салада жұмыс жүргізіп келеді. Бюджет саласы бойынша мемлекеттік орман қоры жерін заңсыз бүлдіріп қиратуға жол бермеу, елді мекендерді көгалдандыру мақсатында екпе көшеттер өсіріп, оларды аудан мен ауыл округтеріндегі тұрғындарға таратумен қатар, екпе көшеттерді орман қоры жерінің жасыл аймағына егіп, молықтыру жұмыстары жүргізілуімен қатар өсіріп, күтіп-баптау жұмыстары атқарылған.

Шаруашылық есептеме саласы бойынша толысып пісіп жетілген құрау дәуіріне келген сексеуіл ағаштарын отындық мақсатқа пайдалану үшін кесіп дайындап, автомашина, трактор тіркемелеріне тиеп, тасып мекемелер мен халық сұранысына сәйкес тарату, сіпсе тұқымын сеуіп, өсіріп одан үй сыпырғыштарын дайындау, қамыс орып үй құрылысына пайдаланатын шом буып, халыққа сатумен қатар, қазақтың қараша үйінің қаңқасын, кереге, уық, шаңырақ жасап, халық сұранысын қамтамасыз етіп отырды. Бұл кезеңді 1968-1978 жылдары мекеме директоры Жалғас Сыздықов, бас орманшы Расщупкина Райса Антоновна, 1970-1974 жылдары орман шаруашылығы инженері және 1974 жылдан бас орманшы Сақтаған Ешмаханов атқарған еді. Сонымен бірге осы жұмыстардың уақытылы, тиянақты орындалуына күн-түн демей аянбай жұмыс істеген Қарақұм орманшылығының орманшысы Нағашыбай Мұхамбетов, Қызылқұм орманшылығының орманшысы Төлеміс Ерімбетов, автомашина жүргізушілері Серік Шегеев, Елемес Тілеуқұлов, Мырзабай Серікбаев және жұмысшылар Сералы Пірәлиев, Серікбай Ерімбетов, Жеткербай Ізтілеуов және Нұрылда Жауғашаровтың еңбегін айта кеткен жөн. Бұл саладағы жұмыстар 1990 жылға дейін атқарылып келді.

Арал теңізі суының деңгейі 1968 жылдан 1990 жылдар аралығында өзінің негізгі жер жағалауынан 100-150 шақырымға дейін қайтып, бұрынғы су жатқан ұлтандары жалаңаштанып, тұзды ұлпалар мен құмдар басты. Осы тұзды ұлпаларды жел көтеріп, бірнеше мыңдаған шақырым жерге ұшырып алып барып, қашықтағы елді мекендердің аумағында тұзды ұлпаның әсерінен жер бетінде тұзды сорлану үдерісі жүрді. Осыған орай 1991 жылдан бастап Одақ бойынша «Арал» Консорциумы деген үлкен бірлестік құрылып, барлық қаржы материалдық жабдықтау мәселесімен тек солар айналысатыны көрсетілген және бұл бірлестік Одақтың орман шаруашылығы комитетіне қарайтындығы айтылған. Осы мәселенің сол кездегі орман шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхитдин Исмаилов Мәскеуде ғана шешілетінін түсініп, сол жаққа барып, Одақтық орман шаруашылығы комитетінің төрағасы Г.М.Медведьевтің атына хат дайындайды. Хат арқылы қазіргі жағдайда орман шаруашылығы басқармасына қарасты орман шаруашылық мекемелерінің алда тұрған бұндай үлкен міндеттерді орындауға мүмкіндіктерінің жоқ екендігін, штаттың аздығын, қолдағы бар техникалардың тозығы жеткен ескі екендігін, олардың Арал ұлтанында жүре алмайтындығын толық көрсетіп, теңіз ұлтанындағы қалыңдығы 15-20 см борпылдақ құм аралас тұзда жүре алатын алды-арты тарта алатын жаңа техникалар, Беларусь тракторлар, сексеуіл көшетін отырғызатын арнайы агрегат машиналары, жұмысшылар жататын вагондар, жанармай жеткізетін бензовоз автомашинасымен қатар су таситын водовоз машиналары керек болатындығы туралы баяндайды. Комитет төрағасы хаттың мазмұнымен жете танысып, қойылған мәселеге байыппен қарап көмектесетінін білдіріп, қажетті техникалар мен құрал-жабдықтар алуға және жұмысты тез арада бастау үшін ақша бөлінетіні туралы хабардар етеді. Мәселенің оң шешім табуына байланысты Одақтық «Арал» Консорциумы үкімімен облыстың барлық орман шаруашылықтары Арал теңізінің құрғаған ұлтанын ормандандыруға жұмылдырылып, нәтижесінде 50265 гектар орман алқа ағаштары отырғызылып, қазіргі таңда осы көлемнің 20746 гектары орман басқан алқапқа айналып отыр. Бұндай қыруар жұмыстың атқарылуына мұрындық болып ұйымдастырған сол кездегі облыстық орман шаруашылығы басқармасының басшысы Мұхитдин Исмаиловтың еңбегі ел есінде.

Осындай ауқымды және күрделі жұмыстардың атқарылуына күн-түн демей атсалысып, жұмыс істеген сол кездегі Қазалы орман шаруашылығы мекемесінің басшысы Киікбай Әймішев, бас орманшы Сақтаған Ешмаханов, инженер Байназар Ерқосаев және орманшы Тілепберген Мұхамбетовтердің еңбектері зор.

– Біздің халықта ұзақ жылдар бойы өзінің жанқиярлық табанды еңбегімен бау-бақша өсіріп, оны қызғыштай қорып, кейінгі ұрпаққа қалдырған адамдарды пір тұтып, атын есте сақтап әрқашан құрмет көрсетеді. Міне, осы тұрғыдан алғанда Қазалы қаласы жанындағы «Ояз бағы» туралы айтуға болады. Патша үкіметі кезінде Қазалы қаласы УЕЗД орталығы болған. Осыған орай сол кезде аталып отырған «УЕЗДный Сад» бау-бақша орталығы жасалған. Патша үкіметі құлағаннан кейін, «Ояз бағы» деп аталып, 1947 жылы Орман бөлімшесі құрылып, соның қарауына берілген. Сол кездегі көз көрген қариялардың айтуынша, Қазалы қаласына кіреберістегі жолдың екі қапталына егілген ағаштарды керуен болып келе жатқан түйелердің жемеуі үшін, олардың аузына қапшық кигізіп кіреді екен дейді. Былай қарағанда шындыққа жанасатын сияқты, яғни кешегі күнге дейін жолдың екі қапталында адамның құшағы жетпестей талдардың тұрғанын көрдік. Міне, соңы кешеге дейін 1956-1965 жылдары Байділдә ақсақал қорыған «Ояз бағын» орман шаруашылығы мекемесінің қарауына өткізген. Ол кезде бау ішінде алма, өрік және т.б. түрлі ағаш өсіп тұрған. Кейін 1968-1969 жылғы болған қатты қыстың әсерінен көптеген жеміс ағашы үсіп кеткен. Осы кезеңнен бастап «Ояз бағының» күйі тайып, ағаштар қурай бастады, оның үстіне жанынан ағып жатқан Сырдария өзенін басқа жақпен бұрып, жаңадан қазылған арнаға салып жіберілгенінің арқасында өсіп тұрған қатты қыстан аман қалған ағаштар суғарылмай қурап қалып, отынға пайдаланылып кеткен. 2005 жылы бұрынғы «Ояз бағын» қалпына келтіріп, қала халқының демалыс орнына айналдыру мақсатында көне Сырдария арнасына су салу үшін канал қазылып, оң жаға каналының бір саласынан су жіберіп толтырылып, суды көтерме сорабы (насос) арқылы суғарылып, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызу жұмыстары қолға алынды, -– дейді мекеме басшысы Ардақ Нартайұлы.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қазір 11 гектар жеміс ағашы отырғызылып, күтіп-бапталуда. Бұның 7 гектарында кәдімгі сары өрік, 3 гектар алма, 1 гектар шие және 1 гектар қара өрік орналасқан. Сонымен қатар түрлі ағаштың тұқымын Көкшетау қаласынан алдырған мекеме инженері Тілепберген Мұхамбетов екен. Ол әкесі Нағашыбайдың жолын қуып, 1981 жылдан бері осы мекемеде жұмысшыдан бастап, орманшы, орман инженері қызметтерін атқарып келеді. Білікті маман «Ояз бағына» катальпа, сунак, айлант, туя, можевельник, қарағай тағы басқа ағаш түрлерін егіп, жерсіндіріп, қазір жергілікті халыққа екпе көшеттері көгалдандыру мақсатында пайдалануға таратылуда.

Бүгінгі күнде айдала болып, шаңы шығып жатқан бақтың орнында жайқалған жеміс ағаштарымен қатар елді мекендерді екпе көшеттермен қамтамасыз етуде 2 гектар жерде ағаш көшетін өсіретін тұқымбақ орналастырылған.

«Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және ормандарды молайту» бағдарламасына сәйкес дүниежүзілік банкінің қолдауымен 2009-2013 жылдар аралығында жалпы көлемі 79000 гектар Арал теңізінің суы қайтқан ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызумен қатар, сексеуіл тұқымын себу жұмыстарына 10 миллион доллар қаржы қаралған. Осы бағдарламаны іске асыру аясында Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі өзінің үлесіне тиген 2010-2014 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған табанына орман мелиоративтік жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, 2010 жылы 1750 гектар жерге сексеуіл көшеттері отырғызылып, жоспарланған 30 млн 913942 теңге, 1000 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, оған қаралған 1995000 теңге игерілген. 2011 жылы сексеуіл екпе көшеті 2756, 25 гектарға егіліп, қаралған 41 млн 693233 теңге, 1573,6 гектарға сексеуіл тұқымы себіліп, 6542011 теңге игерілді. 2012 жылы сексеуіл көшеті 2520 гектар жерге отырғызылып, 34512000 теңгенің жұмысы атқарылды. 2013 жылғы 750 гектар жерге сексеуіл тұқымы себіліп, оған қаралған 3199500 теңге толық игерілді. 2014 жылғы 2530 гектар жерге сексеуіл көшеті отырғызылып, оған қаралған 32 млн 695960 теңге толығынан игерілді.

Бұл көрсетілген жұмыстардың орындалуына мекеме директорының сол жылдардағы орынбасары Ардақ Кадір, орман инженері Тілепберген Мұхамбетов, Қасқақұлан орманшылығының орманшысы Нұрлан Мұстафаев, орман шебері Жұмабек Суханов және орман күтушілері Жайсанбек Байсүйеуов, Оңталап Сары, мекеме механигі Төлеген Сейлхановтардың төккен тері аз емес.

Осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап орман қоры 5 орманшылыққа бөлінген. Қарақұм орманшылығы – 157490, Қызылқұм орманшылығы – 458959, Жанқожа орманшылығы – 413500, Сарыбұлақ орманшылығы – 462170 және Ұялы орманшылығы 293 463 гектар жерді құрайды. Бұл аумақты қорғауға 5 орманшылық басшысы, 5 орманшылық басшысының көмекшісі, 16 орман шебері және 75 орманшы (инспектор) қызмет жасайды.

Мекемеге қарасты орман қоры жерінің жалпы көлемі 1 785 550 гектарды құрайды. Өткен жылы«Ағаш кесу және орман билет беру» бойынша мекемеде 123 адамға қысқамерзімді мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 62800 гектар жер беріліп, тиісті қаржы түсірілді. «Ағаш кесу және орман билетін беру» кезінде арыз-шағымдар мен мерзімдері бұзылған мемлекеттік қызмет тіркелмеген.

– Көктемгі екпе жұмыстарына байланысты Қарақұм орманшылығының №55 орамында 1 гектар жерге саялы ағаш тұқым бағы жасалынып, оның ішінде 0,5 гектарға үйеңкі, 0,5 гектарға қара ағаш тұқымы және 1 гектарға мектеп жасалынып, 40 мың дана Сыр талының шыбықшаларынан қаламшалар отырғызылды.

Облыстық бюджет есебінен мемлекеттік орман қоры жеріне ағаш егу жұмыстарынан Арал теңізінің құрғаған ұлтанына көктем мезгілінде көлемі 6 мың гектар жерге 1 500 000 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылып, 2022 жылдың күз айында 20 гектар жерге уақытша сексеуіл тұқымы себілді. Сонымен қатар 21406 гектарға табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары жүргізіліп, 14400 кг сексеуіл тұқымы жиналып, 13345 гектар жерге тұқым себілді. Республикалық бюджеттің есебінен арық қазу 17280 га, табиғи өсуіне ықпал ету жұмыстары 45000 га, механикалық тұқым себу 32213 га жұмыстары атқарылды.

Мекемеге бекітіліп берген «Батыс-Қытай-Батыс Еуропа» күре жолының екі жақ бетінде жасалған 7 гектар және Әйтеке би кентінің кіреберіс жолында 2,6 гектар жерлерінде күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Қосымша күтіп-баптау жұмыстары 110 гектарға орындалып, ағаштарды орман потологиялық зерттеу жұмысы 5000 гектарға жүргізілді, – деді өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған мекеме басшысы.

Аталмыш мекеме тарапынан орман өрттерінің алдына алу, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында түрлі жұмыс тұрақты түрде өтіп тұрады.

Ж.ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: