Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Балықшылар» музейі – бұрынғының да, бүгінгінің де мұрасы

12.10.2023, 11:00 504

Арал қаласындағы «Балықшылар» музейі – XIX ғасырдағы орыс сәулет өнері үлгісінде салынған орыс көпесінің үйі.   Ол Қазан төңкерісінен соң балық тресіне берілген. Кейіннен қоғамдық негізде қызмет жасап, бертін келе, яғни 2012 жылы Арал ауданы әкімінің шешімімен «Балықшылар» музейі болып қайта құрылды. Онда «Балықшылар», «Кемелер» залы және ашық аспан астындағы музей көрмесі ұйымдастырылған.

Осы күні музей қорында 2000-нан аса құнды жәдігер бар. Уақыт өткен сайын олардың саны артуда. Себебі, атакәсібін ұмытпаған  өңір  тұрғындары  балық  шаруашылығына қатысты  баға  жетпес  байлықтарын  музей  қорына  өткізуге бейімделіп  келеді.

ТЕҢІЗ  ТАБАНЫНАН  ҚАЛА  ТАБЫЛҒАН

Музей экспозициясы Арал теңізінің бастау алатын тарихына арналған. Арал теңізінің алғашқы пайда болуы зерттеушілердің тағылымдық тұжырымдамаларына негізделген. Б.з.д. V-IV ғасырларда сақ дәуіріндегі Сырдарияның төменгі ағысындағы егіншілік пен мал шаруашылығының қалыптасу кезеңі мен белгілі уақытты айғақтайтын көне жәдігерлер экспозицияда тұр. Мысалы, сақ тайпаларының астанасы болған Шірік-Рабат қалашығынан табылған құмыра жиынтықтары мен әшекей бұйымдардың музейдегі орны ерекше.

– Мұндағы экспозицияның бірі XIV ғасырмен мерзімделетін Арал теңізінің кепкен табанынан табылған Кердері қаласының тарихына арналған. Экспозициялық қатардан Алтын Орда кезеңінің темір монеталары, қыш ыдыстары, алтын бұйымдары мен диірмен тастарының жинағы қойылып, тұтас дәуірдің тарихи мәліметтері берілген.

Әрі қарай экспозицияны XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Арал теңізін зерттеген Тевкелев, Ф.Берг, Северцов, Бартольд сынды белгілі тұлғалар жалғастырады. Олардың өмірдеректері мен зерттеу еңбектері туралы мәліметтер берілген.

Келесі экспозиция 1848 жылы Арал теңізін толық зерттеп, алғаш картасын өмірге әкелген тарихи тұлға А.Бутаковқа арналады.  Экспозицияға  саяхатшы-зерттеуші  контр-адмирал  Бутаков пайдаланған  күміс  қасығы  негізгі жәдігерлер  санатында, – дейді музей  меңгерушісі   Алишер  Саржанов.

Қазақстан және Орта Азиядағы алғашқы және жалғыз «Балықшылар» музейі экспозициясынан Аралдың көне заманнан қазіргі заманға дейінгі тарихын, теңізді зерттеу, игеру және кеме қатынасымен, балық аулау тарихымен танысуға болады. Сондай-ақ, бұл жерден теңіздің дауысын естіп, Арал балықшылары туралы әңгімелерді тыңдауға мүмкіндік бар.

АРАЛ  ТЕҢІЗІНЕН  БАЛЫҚ АУЛАУ  ҚАШАН  БАСТАЛДЫ?

«Балықшылар» музейіне алыс-жақын шетелдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Мұны музей қызметкерлері мақтанышпен айтты. Мысалы, жақында ғана Арал теңізіндегі жаздық мектептің қатысушылары қонақта болған. Оның құрамында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан елінен келген студенттер мен жас ғалымдар бар. Олар музей экспозициясының құнды жәдігерлерімен танысып, Арал теңізі трагедиясы туралы деректі фильмді көрген.

Негізі, Арал теңізінен балық аулау кәсібі XIX ғасырда орыс көпестерінің алғаш келуімен байланысады. Көпестер жасатқан тақтай қайықтардан бастау алатын кезең бірте-бірте дамытылып, үлкен қайықтар мен желкенді кемелерге ұласты. Музейде экспозиция Арал теңізіндегі қайықтан кемеге дейінгі дәуірді бейнелейді. Заманауи сенсорлық теледидар арқылы келушілер өзін қызықтырған кемелер туралы мәліметті біле алады.

МУЗЕЙДІҢ  ІРГЕСІН  КІМ  ҚАЛАДЫ?

Арал  теңізі  тақырыбындағы деректі  фильмдер  көрсетілімін бейнепроектор арқылы кеңжолақты  экраннан  көруге болады. Бүгінгі  ұрпақтың зейінін  ашуға арналған  фильмдер өткен  дәуірді  көз  алдыңызға әкелері  сөзсіз. Сонымен  қатар, композицияда  теңіз  кемелерінің техникалық  құрал-жабдықтары және  балықшы  қауымның тұрмыстық  заттары  бар.

Сондай-ақ, музейді аралау барысында келушілер қазақ балық өнеркәсібін өркендетуге атсалысқан белгілі тұлғалар, комиссарлар мен Наркомдар, су шаруашылығы комитетінінің төрағалары мен балық шаруашылығы министрлерімен қатар, балық шаруашылығы бойынша Арал ауданының Социалистік Еңбек Ерлерімен танысады.

«Балықшылар» музейінің іргесін қалап, жәдігерлерін жинақтаған – мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы балық шаруашылығы министрі, Аралдың төл перзенті Құдайберген Саржанов.

3  ҚАБАТТЫ  «КЕМЕЛЕР» ЗАЛЫНДА  КЕРЕМЕТ  КӨП

«Кемелер» залы Арал теңізін зерттеуге арналған «Лев Берг» кемесінің лабораториялық кеңсесінде орналасқан. Көрерменнің өзінің басқаруымен жүзеге асырылатын теңіз кемесінің заманауи жүзу процесі келушіге ерекше көңіл күй сыйлайды. Теңіз кемесінің штурвалын қозғау арқылы кемеге бағыт беріп, көрермен өзін кеме жолаушысындай сезінеді.

Социалистік Еңбек Ері, кеме капитаны, көк теңіздің «көкжалы» Төлеген Әлімбетовтің портреті, кеме капитанының қызметтік киімі, капитан сызғыштары және кемені басқару штурвалы, бәрі-бәрі «Кемелер» залының көркін келтіріп тұр.

Сондай-ақ, диорамада Арал теңізінің жағалауы суреттелсе, әрі қарай Арал теңізінің флорасы мен фаунасына арналған экспозицияға орын берілген. Арал теңізін мекендеген балықтардың бірнеше түрі мен құрылымы және өсімдік әлемінің сирек кездесетін түрі де қамтылған.

Теңіз кемелерінде арқандарды буу және түю түрлерінің нұсқалары мен сүңгуірлерінің арнайы киімі, теңізші етігі, зәкір секілді заттар бірінші қабатта орналасқан.

«Кемелер» залының екінші қабатының экспозициясы балықшылардың өміріне арналған тарихи суреттер жиынтығы және теңіз матростарының жатын бөлмесі жасақталған. Ал, кеменің үшінші қабатында кеме капитанының қызметтік бөлмесі бар.

МУЗЕЙДЕ  АРАЛ  ТЕҢІЗІН ҒЫЛЫМИ  ЗЕРТТЕУГЕ ҚАТЫСҚАН  КЕМЕ  БАР

Аспан астындағы көрмеде балық шаруашылығына қатысты көптеген құнды жәдігер бар. Нақтырақ айтсақ, төрт кеме және балық шаруашылығында пайдаланылған ат шана, түйе шана, қайық, шығыр және Арал балықшыларына сыйға тартылған токарьлық станок, сондай-ақ, порт жағалауындағы көтерме жүк крандары орналасқан.

Соның бірі – «Төлеген Тоқтаров» атындағы катер. 1954-1983 жылдар аралығында Арал балық шаруашылығының басшылары пайдаланыпты. Ал «Төлеген Әлімбетов»  атындағы  катерді Арал  теңізінде  төтенше  жағдайлар кезінде  балық  комбинатының басшылары  кәдеге  жаратқан. «Лев Берг» кемесі – Арал теңізін ғылыми-зерттеуге арналған кеме. Кемеде 1974 жылға дейін ғылыми-зерттеу лаботориясы жұмыс істесе, Аралрыбпром  катері 19-ғасырдың 70-жылдары  Арал  теңізінде  кезекші  қызметін  атқарған.

Сондай-ақ, музейдегі  токарьлық станоктың да орны бөлек. Ол – 1921 жылы РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.Лениннің Арал балықшыларына ризашылықпен сыйға берген станогы. Станок 30 жылдан астам кеме жөндеу шеберханасының дамуына қызмет еткен.

АСПАН  АСТЫНДАҒЫ  МУЗЕЙ  АТАКӘСІПТІ  АЙҒАҚТАП  ТҰР

Балықшылар өмірінен сыр шертетін балықшы ауылының көрмесі музейге келушілерді тәнті етеді. Тіпті, дәл осы кереметті көру үшін шетелден келетін туристер мен журналистер бар. Этнокөрмеде балықшы арбасы, балық салынған кендір қаптар, сүзекі, шанышқы, сүймен, қабадан (жаз мезгілінде ауланған балықтарды салатын тор), мардан (шиден тоқылған қапшық), зәкір (қайықты жағалауға бекіту құралы) және балықшы аулары төбе көрсетеді.

– «Балықшылар» музейі Аралдың болмысы іспеттес. Құрылғанына он жылдан астам уақыт болған мұражай ғасырлар бойғы теңіздің мұңлы тағдырынан, бұрынғы балықшыларлардың тіршілігінен сыр шертеді. Музейге келушілердің қарасы қалың. Тіпті, өңірге ат басын бұрған кез келген турист мұражайдан айналып өтпейді. Ашық аспан музейіндегі ат шана, ағаш қайық, түйе шана, шығыр секілді құнды жәдігерлер сол заманның батырлары – балықшыларды еске түсіреді. Одан өзге де жәдігерлерді, суреттерді көріп, теңіз жағалауында өткен мұңсыз балалық шаққа қайта оралғандай сезімге бөленеміз.

Арал тағдыры – тек біздің ғана емес, күллі әлемнің мәселесі. Бүгінде мұражайға келушілердің көп бөлігі – жастар. Мұндай ауқымды мәселені назардан тыс қалдырмай, мұра болып қалған қазыналарға қызығушылық танытқан жас буыннан өлкесін жан тәнімен жақсы көретін, патриоттар шығатыны анық, – дейді Арал қаласының тұрғыны Жайшылық Елешов.

Осылайша, аспан астындағы музей балықшының өмірін көз алдыңа әкелетіндей. Бейне-бір сол дәуірде өмір сүргендей сезім сыйлайды. Ең бастысы, құнды жәдігерлердің бір жерге топтастырылып, тарихтан сыр тартып тұрғаны – үлкен қуаныш.

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ,

Қызылорда – Арал – Қызылорда

Фото автордыкі

АРАЛ  ТЕҢІЗІ  ЖАЙЛЫ  ҚЫЗЫҚТЫ  5  ФАКТ

Теңіздер, өзен-көлдер, су қоймалары тереңдеген сайын судағы оттегі азаятын болса, Арал теңізінде бұл керісінше, тереңдеген сайын оттегі көбейеді.

Арал теңізінің кепкен табанындағы қоныстардың маңайынан теңіздің қайта толуына дейін 200-300 жыл өмір сүрген ағаштардың діңдері әлі де табылады.

Арал теңізі тұзының құрамындағы сульфатты аниондар   0,82, кальций катионы 0,03 пайызды құрайды. Зерттеушілерге сүйенсек, Арал теңізі – әлемдегі жартылай теңіз суы, жартылай өзен суымен толығатын жалғыз теңіз.

Физикалық заңдар бойынша солтүстік жарты шарда барлық теңіздер мен көлдер, өзендер, су қоймалары сағат тілі бойынша ағатын болса, Арал теңізінде керісінше теңіз ағыны сағат тіліне қарама-қарсы жүреді.

Әуелде Қазақстанның бастамасымен Арал теңізін қалпына келтірудің екі түрлі нұсқасы ұсынылды. Біріншісі – екі деңгейлі теңіз құру. Екіншісі – Көкарал  бөгетін  46  метрге  дейін  ұлғайту.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: