Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыйынар ем ана деген тәңірге…

28.09.2023, 9:20 194

Анам Кеңескүл Кенжеқожа­қызы әдепті, ар-намысты ту еткен арлы елдің қызы еді. Руы Қорасан Қожа аталығынан болатын. Қазақ тарихында Қожалардың қыз­ды қалай тәрбиелегенін білеміз. Соның бірі – Шоқанның әжесі Сарғалдық  Қожаның  қызы Айғаным әжеміз. Анам Айғаным дәрежесіне жетпесе де, мен оны биік парасатына, әділдігіне, ерекше сұлулығына қарап, Айғанымды көргендей болатынмын. Артық ауыз сөз жоқ, жөнсіз сөйлемейтін. Бір адамды жамандағанын не ғайбат сөз айтқанын естімеппін. Анама қарап өскен біздер де жамандықтан бойымызды аулақ ұстадық.

Өзімен көп сырласатын да едім. Әкесі иманды кісі болған. Жерді де дәретсіз баспаған. Ағасы Сұлтанқожа, апасы Рыстының сыйластығын әлі күнге туған-туыс жыр етеді. Анасы Дәмеш ертерек қайтыс болады. Өмір үшін тірлікте күресе білуге үйрет­кен, бастарына қиындық түсе қалса, тіршілік жасаудың халіне баулыған. Төсек тартып, ауырып жатқан Жанқожа атамыз бірде 10-12 жастағы екі ұлды шақырып алып, жоғалған малды тауып келуге   жұмсайды. Күздің қара суығы болса керек. Екеуі жолға шығып, кеш түсе малды айдап, қораға қамайды. Әкесіне болған жайды баян етеді. Сонда әкесі «Малымның иесі табылды» деген күйі көз жұмып кеткен екен. Бұл баланы төзімділікке, еңбекке, ыждағаттылыққа тәрбиелеудің бір ғана сынағы болса керек. Қазақ қаламгері Мағжан Жұмабаев «Тәрбие мақсаты – адамды һәм адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты ету» депті. Анам марқұм ұл-қыздарына «Бала­ларым, босаға қанша биік болса да, басыңды иіп кір. Шаңырақтан ешкім биік емес» дейтін. Иманын жүрегінде сақтаған, кісілігіне кір жұқтырмаған анам­ның сөзі ылғи есімде жүреді. Жақсы тәрбиеленген перзент –ата-ананың аманаты, табиғаттың тамаша  жемісі.

Ата-бабаларынан ұласқан ұрпақ тәрбиесі бүлінбей, сынбай, қирамай ұрпаққа ауысты. Кенжеқожадан тараған Кеңескүл, Шахмардан, Серікбай көкем және Тұрсынкүл апамдар – елдің батасын алған азаматтар. Үшеуі­нің көзі болып, бүгінде Тұрсын апамыз тірі, Алматыда тұрады. Құрметті  зейнеткер-ұстаз.

Анам Кеңескүл Кенжеқожа­қызы 1938 жылы 17 наурызда Ж.Мах­анбет ауылының іргесін­дегі Бәйтен көпірде дүниеге келген. Мектепті өте жақсы тамамдаған. Әрине, оқуға баруға мүмкіншілік болмайды. Жастай анасы қайтыс болады. Үйдің ішкі қамы, бауырларының міндеті өз мойнына түседі. Содан колхоз кеңсесінде есепші болып жұмыс­қа араласады. Сыр бойының арда азаматы Төлеген Дәуітбаевтың қамқорлығы көп болады. Ол өз алдына ұзақтау әңгіме. 1958 жылы Төлеген атамыз құда болып барып, өкіл баласы Өмірзақ әкеме Кенжеқожа атамыздан апамды сұрайды. Әке батасымен апам әкеміз Өмірзақпен шаңырақ құ­рады. Киікші Кете әулетіне келін болып түседі. Етегіне ел толған, елдің келіні болды. 1959 жылы Қызылорда қаласына қоныс ауда­рып, тұңғыш баласы Баян, одан кейін Жәмила, Ақмарал, Нұрлан, Нұрхан, Айзада, Әділхандар өмірге келеді. Әкеммен 64 жыл бірге, бір шаңырақтың астында сыйлас­тықпен өмір сүрді. Ел-жұртына қадірлі болды. 25 немере, 16 шөбере  көрді.

Негізі отбасымыздың дәстүрі жылда анамыз бен әкеміздің туған күндерінде міндетті түрде жиналамыз. Әкеміз екеуінің туған күндері арасы екі күн болғандықтан бірге тойлайтынбыз. Біздің ынта­мен апарған кішкене сыйлығымызға балаша қуанатын. Шексіз алғыстарын білдіретін. Батасының өзі бөлек болатын. Батасының соңы «Бар қазаққа пана болың­дар!»  деп  аяқталушы  еді.

Ол өте үнемшіл болды. Барға қанағат тұтатын. Ешуақыт бармын деп таспады, жоқпын деп саспады. Жетім көрсе жебеді. Жылағанды жұбата білді. Аузындағысын жырып берді. Салиқалық деп осыны айтар. Егіннің ебін, сауданың тегін тауып, бәрімізді еңбекке, адал  нан  жеуге  тәрбиеледі.

Анам өмірінің соңғы екі айын­да қатты қиналды. Есікке қарап, бізді күтетін. Күнде кешке жұмыстан соң баратынбыз. Көргенімізді, естігенімізді айтатынбыз. Бізге жақын біреу ауырып қалды дегенді ести қалса, тез арада барып қайтыңдар деуші еді-ау, анашым. Сол ауырып жатқан  күндердің бірінде бөлеміз Ахмет­жанның әйелі қатты ауырып, ауруха­на түскенін ести сала Гүлма­натқа тапсырма берілді. Барып келгенше, бір тыншымады. Өзінде үш келін болды. Келіндері жайлы бір ауыз кері сөз айтпады. Ене болып емес, екінші анасындай болды десем артық айтқандығым емес. Бәрі өз ішінде сақтаулы… Сонда тек ауызбіршілігімізді ойлайтын. Анамыздың соншалықты адам баласына, балаларына деген махаббаты мен мейірімінде, бауырмалдығында шек болсайшы. Себебі, күнде кешке жиналғанымызда бір бала­сы кешігіп жатса, іздеп мазасызданатын. Бейнеқоңыраумен сөйлесіп, сосын ғана көңілі жай табатын.

Қайран анам! Сіз жомарт, барын­ша жомарт болатынсыз! Қай жерде жүрсе де жайраңдап, жүрген жеріне нұрын төгіп жүре­тін Анашым! Сізді сағынып жүрміз. Әсіресе, әкем сағынатын сияқты. Сыңарынан айы­рылу оңайға  түспеді. Көбіне өзіңізді іздей­тін сияқты. Келмес­тің кемесі­не мінгеніңізге де жыл толып­ты. Артыңызда ізіңіз, жоқ­таушыларыңыз бар. Жатқан жеріңіз құстың мамығындай жұмсақ болсын, АНАШЫМ менің!

Мен «АНА» деген тәңірі болса, сыйынар  едім…

Ақмарал  НӘРІКБАЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: