Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сен ойлағандай тәтті емес немесе қант диабеті жас талғамайды

14.09.2023, 10:30 325

Бірінші байлық…

Дана халқымыз денсаулықты ең бірінші байлыққа қойған. Әрбір ата-ананың арманы да – өмірге сау перзент алып келу.  Сондықтан болар, бүгінде бала денсаулығын жіті бақылайтын медициналық орталықтардың саны артып келеді. Бірақ сол бірінші байлықтың құнын білмей жүрген секілдіміз. Жеке клиникалардың көптігін денсаулық жағдайымыздың жақсаруына пайдаланып жатқанымыз шамалы. Әл-қуатымызға атүсті қарауымыздың салдарынан еліміздегі әрбір 70-ші адамда созылмалы аурулардың белгілері кездеседі. Ал әрбір 40-шы адам қант диабетімен (сусамыр) ауырады. Мұның себебі – саламатты өмір салтын сақтайтындардың азайғаны. Әрі дұрыс тамақтанбау да осыған әкеп соғады екен. Қазақстанда соңғы 18 жылда қант диабетіне шалдыққандар саны 3 есеге артқан. 2005 жылы 116691 адам осы дертпен ауырған болса, бұл көрсеткіш қазір жарты миллионға жақындаған. Мамандар осылай дейді. Газды сусын мен тәттіні азайтпасаңыз, аурудың аранына ілігуіңіз ғажап емес.

Жалпы, қан диабетінің өмірге төндірер аса қаупі жоқ. Бірақ сақтанбасаңыз, күтінбесеңіз, кез келген сырқатпен жантәсілім етуіңіз ғажап емес. Сондықтан оқырмандарға пайдалы ақпарат ұсыну үшін эндокринолог маманмен тілдесіп, қант диабетіне шалдықпаудың бірнеше тәсілін біліп қайттық.

  • Қант диабеті бойынша статистика күн сайын артып келеді. Оның туындауына артық салмақтың да орасан зор әсері бар. Осыны ескерер болсақ, есепке алынбаған адамдардың арасында да мыңдаған адам қант диабетіне  шалдыққан болуы мүмкін деген анық ақпарат айта аламыз. Қант диабетінің екі типі бар. Алғашқы түрімен көбінде жас балалар, сәбилер ауырса, екінші типімен ауыратындар – егде жастағы кісілер. Негізінен қант диабетімен ауырғандардың басым бөлігі артық салмақтан арыла алмаған адамдар тобы болып отыр. Мектеп жасындағы, студент, жұмыс істейтін, тіпті кішкентай балалар да артық салмақ болса, ол міндетті түрде қаралуы керек. Онда қант диабетінің  толық деңгейлі диагнозы болмаса да, алғашқы белгілері болатынына мен сенімдімін. Өйткені оның тамақтану салты дұрыс емес. Ал оған шалдыққандардың енді бір тобына қан қысымы жоғары не төмен, ауруы тұқым қуалайтын адамдар жатады, – деді эндокринолог дәрігер Гүлнар Арысбекқызы.

Қант диабетіне шалдыққан адам күнделікті тамақтану рационынан майлы, тұзды, қуырылған, тым тәтті, газды сусындар мен тағамдарды алып тастауы қажет. Мұндайда ол ауруды қоздырушы негізгі факторға жатады. Диета сақтамаған науқас өз жағдайын өзі қиындатып, асқынуға алып келуі мүмкін. Бірақ қант диабеті үкім емес, одан қатты қорқудың қажеті жоқ. Тек күтіне білсе жеткілікті. Бұл – эндокринолог кеңесі.

Қант диабеті аурушаңдығының үш жылдық көрсеткіші

Қазірде аймақта өткен жылдың қорытындысымен 18 222 науқасқа қант диабеті аурыунының диагнозы қойылған. Оның ішінде алғашқы анықталғаны – 2541 адам.

(Кесте облыстық ДСБ-ның көрсеткен мәліметтері негізінде дайындалды)

  Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұсынған мәлімет осындай. Сыр өңірі қант диабеті науқастарының саны жағынан 2022 жылдың нәтижесімен республика бойынша 8-орында тұр. Алғашқы үштіктің қатарында емеспіз деп қуануға болар еді, бірақ соңғы үш жыл ішінде қант диабетіне шалдыққандар саны жалпы алғанда 40 пайызға өскен.

2022 жылдың қорытындысымен аймағымызда алғаш анықталған қант диабетінің аурушаңдығы жас аралығындағы бөлінісі: 0-14 жас аралығында – 54 жағдай, 15-17 жас – 15 жағдай, 18 жастан жоғары – 2472, 14-28 жас аралығында – 53 жағдай, 60 жастан жоғары 955 жағдайды құрап отыр.

Ресми деректерге сүйенсек, әлемде 400 миллионнан аса адам қант диабетінің қиындығын көріп келеді. Бұл цифр 20 жылда 3 есеге артқан. Егер қалыпты өмірді саламатты өмір салтына алмастыру артпаса, ауру санының кемуі ертегі болып қалмақ. Қорқыныштысы сол, 2050 жылы әрбір 2-ші адам қант диабетіне шалдығуы мүмкін деген болжам бар. Эндокринолог мамандар осылай деп дабыл қағып отыр.

Қант диабетінің денсаулыққа кері әсері көп болса да, саламатты өмір салтын ұстанып жүрген жандардың бірі – Алия Тәжібай. Ол өз қатарластарын дұрыс тамақтанып, тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырады. Әрі мұның пайдасы ұшан-теңіз.

  • Соңғы кезде қоғамда жастардың арасында қант диабетімен ауырып жүргендердің саны артып келе жатыр екен. Оның басты себебі  өмір сүру режимінің бұзылғандығы деп ойлаймын. Өзіме осы диагноз қойылғанына үш жылдан асыпты. Яғни 11-сыныптан бастап күресіп келемін. Сол кезден бүгінге дейін инсулинмен дос болдым. «Ауруын жасырған өледі» демекші, сырқатымды асқындырып алмау үшін ай сайын қан тапсырып, энокринолог мамандарға тұрақты түрде тексеріліп отырамын. Миллион теңге тұратын аппараттарға шығындалуға тура келеді. Тіпті кейде иненің орны қатайып, өз денеңнен өзің қорқасың. Мен мұны жарияға жар салу үшін емес, жастарды осындай аурудан сақ болып, саламатты өмірді сақтауға ұмтылғанын қалап айтып отырмын. Егер аты жаман ауруға жолықсаңыз, өмір бойына осы дертпен күресуге тура келеді. Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейікші, – деді Алия Тәжібай.

Расында дәрігерлердің нұсқаған жолынан жаңылмайтын болсақ, аурудан да алыс болатынымыз ақиқат. Халық арасында «аштан өлмейсің, астан өлесің» деген тәмсіл осыған байланысты айтылса керек. Статистикаларды көріп, көңіліміз көншімеді, бірақ қолдан келері қоғамды дұрыс өмір салтын ұстануға шақыру ғана. Ауруды сатып алғанша, саламатты өмір сүруге тырысып, денсаулықтың қадіріне жете білейік!

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: