Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қимасым

07.09.2023, 10:00 388

– Құмар… Құмар

– Ау, Айсәуле! Бұл сен бе? Келдің-ау ақыры, енді мені тас­тап кетпеші, Айсәуле. Кешірші  мені!

Бұған күлімдей қараған Айсәуле бұрылды да, ақ перделі терезені ашты. Терезе ашылған сәтте сырттан түскен күн сәулесі бөлме ішін ерекше нұрландырып жіберді. Бұл сәулеге көзі шағылысып қарай алмаған Құмар көздерін  қолымен  қалқалады.

– Т-у-у-у, Айсаш… – деп қолын қайта түсіріп, сығырайған көздерін аша бергені сол еді, Айсәуледен көз жазып қалды. Сағынған жүрегі алабұртып, оны қайта көргісі келіп, бөлме ішін көзбен сүзгілеп шықса да, Айсәуленің  қарасы  көрінбеді.

– Айсаш, тағы қайда кеттің, кетпеші енді, тастамашы мені?! – деп ішкі қиналысын айт­қысы келсе де тілі күрметіліп, сөздері шықпай қалды. Көзіне ыстық жас тығылған Құмар кенет  селк ете қалды. Айнала мүлгіген тыныш­тық. Бетіне терезенің ашық қалған ернеуінен күн сәулесі түсіп тұр екен. Айсәулені тым құрыса түсінде қайта көргісі келді де, қайта көзін жұмды. Бірақ бекер еді. Дөңбекшіп әрі-бері жатқанымен, есіне ыстық естеліктерден басқа ештеңені оралта алмады. Сағатқа қарады. Таңғы алты екен. Тысқа темекі шегуге шықты. Таңғы салқын самал мұның ем таппаған жүрегін жайлан­дырғысы  келгендей  бетінен  өбіп  өтті.

Құмар мен Айсәуле студент кезінде таныс­ты. Ол кезде 20 жастағы өрімдей жастар еді. Екеуі де Ташкентте жоғары оқу орнын бітірді. Басында бір өңірдің балалары болған соң арала­сып жүретін, кейіннен олардың арасындағы сыйластық махаббат сезімге ұласты. Оқу бітіріп, диплом алған соң Құмар бірден «отбасын құрамын» деген шешімге келді. Айсәуле мұғалімдік мамандықты бітірген еді. Құмар болса есепшілік мамандықты меңгерген-ді. Оқу бітіріп келген соң совхозға есепші болып жұмысқа кірді. Ал Айсәуле сол күйі дипломды сандыққа тастады. Құмардың анасы Қалампыр өте қатал ене еді. Үй шаруасы, таң атқаннан кеш батқанға дейін таусылмайтын тірлік. Оның үстіне үш перзенті де бірінен соң бір өмірге келді. Құмар Айсәулені ерекше құрметтеді. Екеуінің арасында сыйластық орнаған. Нәзік болмы­сымен туыстың көңілін тауып, өзінің жайлы жағда­йын жасап отыратын жарының қасиетін бағалайтын. Іштей анасының қаталдық танытатынын сезсе де, Айсәуле еш шағымданып көрген емес. Құмар келгенде әдемі күлкісі  шыра­йын кіргізіп, төңіректі тіпті нұрландырып жібере­тін. Ішіндегі алай-дүлейді жан баласына білді­ріп көрмеген-ді.

Жылдар жылыстап жатты. Бұлар да орта жасқа жетті. Бала­лар ерже­тіп, баяғы ауыр тұрмыс жеңілдей түскен соң, пысық келіншек іспен айна­лысқысы келді. Бірақ 20 жыл бұрынғы дипломның кәдеге аспасын түсінді де, саудаға ден қойды. Алдымен үй маңынан шағын дүкен ашты. Одан соң біртіндеп көлемін кеңейте түсті. Ақырында үлкен кәсіпкерге айналды. Айсәуле бұл шаруалардың бәрінде өзі жүрсе де, ешқашан менің жұмысым деп айтып көрген емес. Құмарды алға қоятын. Барлық атақ та, абырой да Құмардікі болды. Бірақ оның арғы жағында Айсәуленің күші жатты. Бала тәрбиесінде де олар қателескен жоқ. Қанша байлық болса да ұлдары мен қызын өмірдің ауыр сынағына төзе білуге, еңбек етуге, кісі ақысын жемейтін адал болуға үйретті.

Сөйтіп жүргенде, балалар ержетіп өз мамандықтарын алып, үйленіп үйлі болды. Қартайған соң бұл жандардың бір-біріне деген құрметі тіпті арта түсті. Арагідік Айсәуле өзі ауырсынса да, сыр білдіргісі келмейтін. Онысын Құмар да біліп жүр.

– Айсаш, осы сенің еш жерің ауырып жүрген жоқ па?

– Жоқ-а, не болды?!

– Білмеймін  ғой. Түнде алқынып, көп оянатын болып жүрсің. Соңғы кезде ұйқың бұзылып жүр ғой. Осы жазда Алла қаласа, бір жақсы шипажайға барып қаралып қайтармыз. Екеу­міз  демалып.

– Қойшы  Құмар,  сенде  шаруа  бастан асып жатқанда, биыл анамыздың  қайтқанына  20  жыл  болады екен. Соған арнап  ас  берейік…

– Бәрі де болар. Қашанға дейін мені, балаларды, немерелерді ойлап  жүре  бермексің?!

Құмар Айсәуленің сылтауына мән берген жоқ. Сол жазда қоймай жүріп ақыры Алматыдағы шипажайға апарып, толық тексеруден өткізіп, ем қабылдатты. Айсәуледе демікпе ауруы басталған екен. Дәрігерлер тексере келе осындай тоқтамға келді.

– Тұқымнан берілген ғой. Марқұм әжем де демікпемен ауыратын, – деп  өз  ауруына  көндікті.

Жаз өтіп, қыс келді. Жаңа жылда отбасы үлкен дастарқан жайды. Себебі жаңа жылмен қатар Айсәуленің туған күні келе­тін. Бұл туған күннің мәні ерекше еді. Үлкен ұлы Мәди мен кішісі Қали анасына алтыннан алқа тақты. Жалғыз қызы Балауса әкесі екеуіне жазда шетелде демалуға жолдама сыйлады. Аналарының амандығын тілеген балалары да, Құмар да бұл күнді ерекше шаттықпен атап өтті.

Бұл жыл басталысымен елге үлкен қатер алып келді. Әлемді белгісіз дерт жайлап, адамдар қырылып жатты. Ақырында біздің елімізге де жетті. Бұл кезде халықтың бәрі алаңдау­шылық тудырып, үйден шықпай өмір сүруге мәжбүр болды. Әсіресе  бұрыннан  дертті  адамдарға  қиын  еді.

Айсәуле мен Құмар да дүкендерінің есігін жауып, барлық сауда нүктелерінің жұмысын тоқтатты. Әсіресе Құмар қатты қорықты, өйткені демікпесі бар адамдар үшін аурудың қауіп­тілігі  жоғары  еді.

– Айсәуле, болды енді, сен үйден енді шықпа, – деп қатаң тапсырды.

– Қойшы, осы ауруына мен сеніп отырған жоқпын. Тұмау болған  адамның  бәрін  «жаман аурусың» деп қамап жатыр дейді  ғой.

– Осы сенің жайсаңдығың-ай! Елдің өсегінде нең бар? Сенің  демікпең  бар. Сондықтан  сақтануың  керек.

Бұл кезде Айсәуле келіскендей ишарат білдіргенімен, іштей аурудың бар екендігіне сенген жоқ. Бірде Құмардың үйде жоқтығын пайдаланып көшеге шықты. Қас қылғанда бетпердесін де ұмытқан. Көптен тысқа шыққаны осы еді. Төңірек тыныштық. Адамдардың бәрі бетперде тағып алған. Жүздерінде үрей. Қимылдары шалт. Құдды шаруам бітсе, тезірек үйге барып тыныш отырайын деп амалсыздан шыққандай. Айсәуле ғана төңірекке еркін көз тастап, асықпай тыныстап келеді. Бір-екі дүкенге кіріп аралағысы келіп еді, «маскаң жоқ» деп маңына  жолатпаған  соң, қайта  үйге  келді.

Ертесіне Айсәуле өзін нашар сезіне бастады. Тынысы тары­лып, дене қызуы көтерілді. Құмар мұны көріп, қорқып кетті. Тек емі жоқ жаман ауру болмаса екен деп құдайдан тілеумен болды. Өздері үйден ем жасап көріп еді, Айсәуленің жағдайы нашарламаса, жақсарған жоқ. Жедел жәрдем жетті. Оны ауруха­наға алып кетті. Құмарда жүрек жоқ. Артынан көлікпен бұл да жетті. Дәрігерлер нақты ақпарат айтқан жоқ. Тексеріс болып жатқандығын, әйелінің жағдайы мәз емес екендігін жеткізді. Арнайы алынған сараптама нәтижесін күтеміз деді. Бұл кезде аурухана маңына жолау да қиын еді. Құмар тапжылмай көлікте отырып күтті. Ертеңіне ауруханаға қайта келді. Бұл кезде дәрігер Айсәуленің коронавирусқа шалдыққанын айтты. Құмар шошып кетті. «Әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз» деген дәрігер қолдан келген емді жасап жатқанын жеткізді.

Бүгін бес күн өтті. Әйелінің беті бері қарамады. Қатаң каран­тиннің салдарынан ауруханаға кіруге де болмайды. Тек дәрігерден жағдайын білгені болмаса, әйелінің әлсіз халін көзбен көрген жоқ. Бұл күні жаңбыр да таң атқаннан тоқтау­сыз жауып тұрды. Әйелін сағынған Құмар ауруханаға баруға асықты. Келіндері қанша бәйек болып, аталап жағдайын жасау­ға тырысса да, жарының бір жылы шырайына жетпей тұрды. Кенет ұялы телефоны безек қағып қоя берді. Таныс емес  нөмір  екен. Көтерді.

– Аға, амансыз ба! Мен дәрігер Аман Алтаймын.

– Амансың ба, дәрігер балам!

– Айсәуле апамды қарап жатқан дәрігермін ғой.

– Иә, иә, танып тұрмын ғой. Не болды, айта беріңіз…

Өңі сұрланып, тұла бойы қалш-қалш еткен Құмардың жанары­нан ыстық жас төгілді. Ол бар дүниені ұмытты. Тек Айсәу­ленің бейнесін көз алдына келтіріп, егіліп жылай берді. Айсәулемен бақұлдаса да алмады. Мұндай дертпен өлгендердің мүрдесін де жақындарына бермей, өздері белгілеген аймаққа жерлеп, санитарлық талаптар орындайтын. Қиындығын бірге көтеріп, әркез адал жар бола білген әйелінен жұбай­лық өмірінен тура 40 жыл толып, той тойлаймыз деп отырғанда қапыда айырылып қалған Құмар тіпті құлазып кетті. Іштегі күйікті басудың жолын іздеді. Ащы суды суша ішсе де, ащылығын сезбеді. Бұл үшін өмірдің мәні бітіп, салтанаты сейілгендей еді. Қайғысын бастан кешкен жан ғана түсінетін. Кезінде менсінбей қарайтын базардағы арба итерген жанның сырласына айналды. Мұның бар күйзелісін сол ғана ұққандай  еді.

– Аға, біз ер-азаматпыз. Қанша  жүрегіміз   қан  жылап  жатса да, оны сыртқа көрсете алмаймыз. Сіздің жан дүние­ңіз­ді жақсы түсініп жүрмін. Бұрын апам екеуіңіз келіп зат алып, жарасып жүруші едіңіздер. Әйелден айырылу оңай емес. Оны мен сияқты бастан кешкен жан ғана түсінер. Мен де осыдан 20 жыл бұрын жолдасымды жерлегем. Содан бері бұғанасы қатпаған балаларды өсірем деп еңбектеніп келемін. Қазір балала­рым да адам болып қалды. Бірі жоғары оқу орнында оқиды. Жолдасыңнан  айырылу  оңай  емес, аға, – деді.

Бұл сөзді естіген Құмар егіліп сала берді. Содан бері осы жігітпен  әңгімесі  жарасып,  сырлас  болып  алған.

Тура бір жыл Құмар үшін Айсәулесіз өткен осы уақыт ғасыр­ға пара-пар еді. Уақыт бәрін емдейді десті. Бірақ Құмардың  жүрек  жарасы  жазылмастай. Күнмен  таласып оянып алады да, Айсашын  сағынып, көздің жасын ешкімге көрсетпей  салқын самалмен құрғатып алып,  беймаза  өмірдің екпініне  еріп  кетеді. Бұл оның  күндегі  әдетіне  айналған.

Н.МАРАТҚЫЗЫ,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: