Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Хиджаб кию қисынға келе ме?

24.08.2023, 11:20 269

Қайсыбір  күні   ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа «мектепте хиджаб киюге бола ма?» деген сауал қойылды. Бұл сауалға министр «иә» немесе «жоқ» деген жоқ. Жауап нейтралды болды. «Біз Конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Мектептер заң бойынша жұмыс істейді. Сіз білімді адамсыз және өзіңіз түсінуіңіз керек» деді ол. Осыдан кейін ел арасында екіұшты дау туды. Бірі білім орындарында қыз балалардың оранғанын ерсі деп санаса, екіншісі діни киімнің дұрыстығын алға тартты.

Мектепте хиджаб киюге болады немесе болмайды деп заңмен нүктеленген нәрсе әзірге жоқ. Бірақ, мәселенің айналасындағы дау-дамай әлі біте қойған жоқ. Дінге келгенде біздер одан хабары­мыз болса да, болмаса да таласа кеткенді жақсы көріп тұрамыз. Дұрыс, демократиялы елде өмір сүреміз. Әркімнің өз ойын ашық, әділ жеткізуге толықтай құқығы бар. Әлеуметтік желіде жазбаларына желеу етіп хиджаб туралы толғаныстарын жарыса жазып жатқандар  бар. Соның бірі – Оралбек  Бей  Өтеғұлов.

– Рұқсат беруді қолдайтындар – көбіне арабқұлдар мен дінге бүйрегі бұратындар. Алайда бұл жерде біз ескермейтін бір мәселе бар. Хиджаб айсбергтің ұшы ғана. Оған рұқсат берумен мәселе шешілмейді. Бүгін стратегиялық шегініс жасап, хиджабқа рұқсат бердік делік. Ертең не болады? Рұқсат берген күннің ертесіне-ақ мектептегі 10 қыздың 8-9-ы оранып келеді. Діни лоббистер бұған дайын отыр. Үшінші күні мұғалімдердің хиджаб киюін талап ете бастайды. Кимегендерінің сабағына қатысудан бас тартады. Содан соң не болмақ? Мұғалімдер онсыз да көнбіс халық емес пе? Директор талап еткен соң бәрі де хиджабқа оранады. Бас тартқандарын жұмыстан шығарады. Төртінші күні ұлдар мен қыз­дарды бөліп оқыту мәселесін көтереді. Бесінші күні оқу мазмұнына ауыз салады. «Ағылшын, орыс тілдерін оқымаймыз, араб тілін оқимыз. Биология, химия, физика керек емес, шариғат негіздерін оқимыз» деген сияқты талаптарды қоя бастайды. Сөйтіп айналасы бір аптада зайырлы білім  жүйесін  жояды, – депті  ол.

Бұл жерде мәселе – оқушының хиджабында. Алайда одан бұрын хиджабтан кейін шығатын алдын ала болжанған мәселелер барлығын басып кетіп жатыр. Оқушы ең бастысы ашық-шашық емес, әуретін жауып, етек-жеңін жинап келді. Егер соның орнында шолтиған белдемше мен боянып-сыланған бір қыз отыратын болса, оған ешкім «әй» демейді. Бірақ, дініне берік, бойында  ұяты  бар  қызды қоғамнан алыстатады. Әділдік  болу керек. 

Білім туралы заңда қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салулар қолданылмайды. Хиждабты мектептің оқу формасына сай, лайықталған түрінде кисе, құба-құп. Ол кезде айырмашылық тек қыздың  шашында  болады.

Парламент  Мәжілісінің  депутаты  Анас  Баққожаев «Фейсбук»  әлеуметтік  желісінде  дінге  ешқандай  мәжбүрлеу  жоқ  екендігін  алға  тартыпты.

– Мұндағы бірінші ой – жаратушының өзі мәжбүрлемегенде, ата-ананың баланы мәжбүрлегені миға қонымсыз дүние! Біздің сүйікті Пайғамбарымызға адамдарды дінге мәжбүрлеуге емес, адамдарға тәлімгерлік етуге, оларды исламға шақыруға, сөзбен және іс жүзінде адамдарға діни көзқарастарды түсіндіруге өкілеттік берілді. Исламда шынайы діни бостандық бар. Біздің дінімізде адамдардың дінге ерікті түрде жүгінуі және оны өз еркімен қабылдауы негіз ретінде қабылданды. Сіз ешкімді исламды сенім мен өмір салты ретінде қабылдауға мәжбүрлей алмайсыз. Өйткені, егер сіз дінді шын жүректен қабылдап, Аллаға толығымен берілсеңіз ғана барлық мағына болады. Тек иман бізді діни бұйрықтар мен тыйымдарды орындауға мәжбүр етеді. Мұндағы екінші ой – бала ер жетіп, өз қалауымен діни жолды таңдаса ғана сенім шынайы болмақ! Жаратушымыз «Бақара» сүресінің 256-аятында дінге мәжбүрлеудің жоқтығын ашық білдірді. Діннің негізі болып табылатын иман жүректің сенімі мен қабылдауын білдіреді. Иманның орналасқан жері – жүрек, оған ешкім қысым жасай алмайды. Адамның қалауынсыз оны дінді қабылдауға мәжбүрлеу  мүмкін  емес, – дейді ол.

Сөзінің жаны бар. Дін ұстай алғанға – қасиет, ұстай алмағанға – қасірет. Оны сөзбен емес, жүрекпен қабылдау – сауап. Балаға дін туралы айту, Алланың хақ екенін ескерту – ата-ананың міндеті. Бірақ, бала ата-анасының  айтқанымен  емес, дінге өзі саналы түрде келуі керек. Сонда ғана дінді берік ұстана алады.

Қызылордалық Жасұлан Серіков АҚШ-та білім орындарында хиджаб киюге рұқсат берілгендігін айтады.

– Мұнда сақал өсіргендер, діни киім киетіндер кайфпен жүреді. Өйткені ешқандай қоғамнан қысым сезбейді. Сондықтан діни қысым көргендер Америкаға көшіп кетіп жүр. Это же Америка, – деді ол «Фейсбук» әлеуметтік желісінде.

Демократиялық мемлекетте өмір сүреміз. Дінге де еркіндік берілген. Бірақ барлығына бірдей ортақ заң бар. Оған да бағыну міндетті. Алланың міндеттегені одан да жоғары бірақ. 

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: