Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлт қайраткерінің батасын алған жырау

24.08.2023, 9:20 236

ҚР мәдениет қайраткері, ақын, жырау, жерлесіміз Сардарбек Қожағұл ағамызбен көзі тірісінде кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол кездесуде ол ұлт қайраткері Д.Қонаевпен кездесуі туралы әңгімелеп берді. Ал, кеше ғана Сардарбек ағаның жылдық асын беріп, рухына  құран  бағыштадық.

– Сардарбек Омарұлы, ақын, жырау  болуыңызға  кім  ықпал  етті?

– Мен музыка мектебінде оқыған емеспін. Менің әкем Омар домбы­раны шебер тартатын еді. Өлең-жыр­ға құмар болуыма өзімнің Сарқыт апам және ән-күйден сабақ берген мұғалім Қобылаш Жаймұратовтың, сондай-ақ көрші үйдің қыздары Рәш Наурызбайқызы, Роза Тәжібай­қызы (Бағланова), міне, осы кісілердің ықпалы  болды  деп  ойлаймын.

– Ал, мемлекет басшысымен қандай жағдайда  кездестіңіз?

– Ұлт қайраткері Дінмұхамед (Димаш) Қонаевпен кездесіп, пікір алысып, сұхбаттасқан күнім әлі есімде. Бұл есте қалатындай сәтті күндерімнің  бірі  болатын.

1992 жылы қараша айында Мардан Байділдаев ағамыз үйге телефон соғып, «қазір домбыраңды алып, кинотехникумның алдына кел, мән-­жайды келе түсіне жатарсың» деді. Айтылған жерге көп ұзамай-ақ бір ақ «Волга» көлігі келіп тоқтады да, ішінен жүргізуші шығып, «Сәке, мында келіңіз» деп шақырды. Көлікке енгенімде артқы орындықта дәрі­герімен бірге Д.Қонаев ағамыз отыр екен. Сәлем бердім, «жырау болсаң, алдыңғы орындыққа жайғас, айна­лайын» деді. Содан көлік үлкен жолмен батысқа карай бет алды. Жол-жөнекей Димаш ағамыз жүргізушіден аты-жөнін, руын, «қай жердің азаматысың?» деп сұрап алды. Ол жігіт аты-жөнін айтып, «Бақанастың Жалайырымын» деді. Сонда Димаш ағамыз «Жалайырдың жігіттері әйелінен қорқады деуші еді жұрт, соның мәнісін білесің бе?» деді әңгімеге тартып. «Аға, жұрттың ол айтқаны рас, әкем шешемнен жаман қорқады, өзім де келіншегімнен қаймы­ғамын» деді жүргізуші. Біз біраз  күлісіп  алдық.

– Барар бағыт қайда екенін сұрамадыңыз  ба?

– Сұрап нем бар, үлкен кісінің болым­сыз жерге апармасы анық ғой. Біз бір сағаттың ол жақ, бұл жағында Жамбыл ауданының бір елді мекеніне келіп тоқтадық. Дарбаза ашық екен. Жиылған жұрт нөпір болып, Елағасын шашу шашып қарсы алды. Төргі бөлмеге жайғас­тық, стол үсті түрлі тағамға жайнап тұр. Елағасы­ның сол жағына мен, оң жағына дәрігері жайғасты. Бізге қарама-қарсы үй иесі отырды. Жез самаурын бұрқылдап, дастарқанға шаймен бірге қуырдақ та келіп үлгерді. Шай ішіп көңіліміз  жайланған соң, Диме­кең «Мен Жамбыл жырау­дан  ке­йін тірі жыраумен бірінші жүздесіп, дастарқандас болып отыр­мын. Ендігі жыр  кезегін жырау жігітке бере­йік» деді. Мен Балқы Базардан бастап Қара­сақал Ерімбет, Дулат Бабатайұлы, Қашаған, Кердері Әбубәкір, Мұрат Мөңкеұлы, Тұрмағанбет және Сыр сүлейлерін тегіс айттым. Балқы Базардың  толғауын айтқанымда, «бір өзекті жерін калдырып койдың ғой» деді Елағасы. Ағамның ескертпесіне өзім таңғалып, «қай жері екен?» дедім. Сонда ағамыз «Еңбек­сіз тап­қан дүние, кара­ры болмас жігіт­ке, жоқтықтың зарын тартпаса» деді. Шынында да сол жерін қал­дырып койыппын. Елағасы осыдан соң, «Сүйінбай мен Қатағанның айтысын білесің бе?» деді. Мен білмейтінімді айттым. «Қалқам, оны жат­тауың  керек» деді. Содан соң қызық үшін Сүйінбай баба­мыздың Қата­ғанды жеңген толғауын өзі жатқа айтып  берді. Үлкен кісінің бұл айты­сына  тағы  да таңғалдым. Таңғал­мас­қа  болмайтын  еді.

– Үлкен кісінің бойынан не байқадыңыз?

– Димаш ағаның бойынан ең алды­мен есте сақтау қабілетінің мықты екенін, халықтың жыраулық  өнерінен  де хабары бар екенін байқадым. Елге деген махаббаттың, кеңдік пен кісіліктің, тазалық пен тұлғалық болмыстың ғажайып үлгі­сін көрдім. Мен үшін ең маңыз­дысы Елағасымен, халықтың данасымен дастарқандас болып, шын ықыла­сына  бөленіп, батасын  алғаным болды. Сол үшін өзімді бақытты санай­мын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Әңгімелескен 

Айбол  БИТУҒАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: