Мектепке бала дайындау науқаны қызып жатыр. Тамыз табалдырықтан аттағалы соңына кемі 2-3 бала ертіп, базар жағалағандардың саны артқан. Қаладағы «ескі базар» аталып кеткен сауда орнына қазір жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, ине шаншар орын жоқ. Халық қымбатшылықтың қамытын киіп отырса да, амал жоқ балаларын мектепке дайындауы керек. Достықты білмейтін саудаға ешкім дау туғыза алмайды. Өйткені алыпсатарлардың тауарын қымбат бағаға саудалайды. Қазір жетісіп жүрген ешкім жоқ. Екі отбасының бірі ай сайын түсетін жалақыға қарап отыр. Оның ішінде бір айлық жейтін азық-түлігі, киім-кешегі, жолақысы, коммуналдық қызмет төлемдері бар. Өткен жолы еліміздегі орташа айлық жалақыны 365502 теңгеге шақты. Ұлттық статистика бюросы осылай дейді. Ал халықтың есебі басқа. Ел өтірік есепке тойған. Кімге сенеміз?
Біздегі статистика «Көршім ет жейді, мен қамыр жеймін. Орташа есеппен алғанда түшпара жеп отырмыз» дегеннің кері. Әйтпесе орташа жалақыны жасырмай-ақ 90 мың теңге десе де көңілге қонымды болар еді. Шай-пұлын әрең тауып отырған отбасылардан елімізде көз сүрінеді. Бірақ олардың барлығы «мұқтажбыз» деп, Үкіметке үміт артып отыра алмайды. Намыс қылатындар бар. Сонда да мемлекет кейбір жібі күрмеуге келмей отырған отбасыларға бейжай қарамауы тиіс.
Бізге белгілі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын – «Мектепке жол» акциясы. Бұның аясында рас мүмкіндігі аз отбасылар аз-кем «олжалы» болып қалады. Тамыз айының соңына дейін 460 мыңға жуық оқушыны мектеп формасымен, кеңсе заттарымен қамтамасыз ету бағытында отбасыларға көмек беріледі екен.
– Жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардағы оқушылар 100% мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. 2022 жылдан бастап материалдық көмек көрсету мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін ата-аналардың карта-шоттарына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бұл тәсіл әр балаға көмек көрсету қаражатының көлемін реттеді (ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес, 2023 жылы – 40 567 теңге) – деп хабарлады ҚР Оқу ағарту министрлігі.
Ресми мәліметтерге сәйкес, биыл жалпыға бірдей білім беру қоры 65 млрд теңгеден астам соманы құраған. Оның ішінде киіммен, аяқкиіммен және кеңсе заттарымен қамтамасыз етуге 18 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 458299 оқушыға материалдық көмек беру жоспарланған. 2023 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша өңірлер 313150 баланы қамти отырып, ата-аналар шотындағы картаға 12 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Биылғы тамыз айының соңына дейін өңірлерде жергілікті бюджеттен ата-аналардың шоттарына 100% қаражат аудару ескерілген.
Жөн. Тізімге ілікпегендер өз күндерін өзі көреді. Базардың нарқына оралайық. «Үйдегі жоспарды базардағы нарық бұзады» деген. Кейбір отбасылар қалтаға салып барған тиын-тебеніміз жетпей, базардың бергі жағынан қайтуымызға тура келді дегенді айтады. Онысы рас. Барлық тауар қымбаттаған. Бірақ, амал жоқ баласы үшін барлық ата-ана керегін алып береді. Енді мектепке керек-жарақтың бағаларын бағамдайық. Орташа есепті жасап көрдік. Сонымен, костюм-шалбар 20000-35000, көйлек 4000-10000, шалбар 5000-12000, юбка 4000-6000, сарафан 10000-12000, аяқ киім 5000-15000, спорттық аяқ киім 5000-15000, сөмке 4000-12000, дәптер 25-40, мұқабасы қатты күнделік 500-1000, сызғыш 100-120, өшіргіш 50-100, ұштағыш 100, желім 200-250, жұмсақ пенал 500, бояу қарындаш, қалам 40, ермексаз 650 теңгені құрайды.
Еңлік Қарабалаева, қала тұрғыны:
– Жаз бойы артық шығын шығармай күзде балаларды сабаққа дайындауға ақшамызды жинап отырамыз. Өзімнің биыл төрт бірдей балам сабаққа барады. Өзім бір мекемеде тазалықшы болып істеймін, күйеуім – қара жұмысшы. Менің әйтеуір ай сайын алатын тұрақты жалақым бар. Ал жолдасым бірде табады, бірде таппайды. Баланың көңілі үшін, қатарынан қалмасын деп барлығын алып беруге тырысамыз. Базардың бағасынан адам шошиды. Былтырғы бағаларды айналайын деуге болады. Биыл одан сайын өсіріп жіберген. Амал жоқ, керек зат болған соң балалар үшін аламыз.
Бес саусақ бірдей емес. Елімізде еңсесін көтере алмай отырған отбасылар үшін заман қиындап барады. Саудагерлердің өздері бағаның аспандағанын себебін ашық айтып отыр.
Зада Тынымбекова, саудагер:
– «Неге қымбат?» деп сұрайды барлығы. Біз өзіміз де біреуден тегінге зат алмаймыз ғой. Әр заттың үстіне қоятын азғантай ғана ақша. Соның өзін жұрт қымбатсынып жатады. Ал үстіндегі бағаны қоймасақ, пайда қалмайды. Біздің де ел сияқты үйде отырған бала-шағамыз бар, біз де солардың қамы үшін жүрміз. Халық ренішін бізге емес, Үкіметке айтсын.
Орташа есеппен алғанда әр балаға 70-90 мың теңгенің көлемінде мектепке дайындық керек. Енді есептеңіз, бір отбасында 4 бала сабаққа баратын болса, 360000 теңгедей қаражат кетеді. Қазір жұрт ақша үнемдеудің ерекше амалын көшкен. Онлайн сауданың игілігіне көшіп кеткендер қаншама?! Көршілес Қытаймен сауда қарым-қатынасы дәл қазір өте жылдам дамып жатыр. Бұрынғыдай жұрт ала дорба арқалап Қорғасқа қарай жол тартып әуреге салынбайды. Сайттар арқылы тапсырыс беріп, Қазақстанға алдырады. Бұл – өте оңай әрі қолайлы.
Самал Игісінова, қала тұрғыны:
– Мамандығым – заңгер. Бірақ өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқан жоқпын. Үй шаруасындағы әйелмін. Жолдасым қызмет істейді. Үш баламыз бар. Оның екеуі мектепке барады. Қазақстанның нарығы баяғыдан таныс. Оның үстіне қазір доллар бағасы өскен соң қымбаттамаған дүние қалмады. Балаларыма мектепке қажетті заттарды Қытай сайттарынан аламын. Ол жақта нарық өте арзан. Және бізге қолжетімді бағада. Сайт арқылы керек заттарымды таңдап, тапсырыс беремін. Осында өзіміздің қалаға арнайы логистикалық компаниялар жеткізіп береді. Мен тек тауарларлың салмағына ақша төлеп, қабылдап аламын. Бұлай сауда жасау мен үшін өте қолайлы.
Қызылорда облысында «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы басталып кетті. Тамыздың 1-інен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жалғасатын акцияға басталғаннан уақыттан бері бүгінде облыс бойынша отыз мыңға жуық балаға көмек көрсету жөнінде өтініш келіп түскен.
– Осы жылы берілетін материалдық көмектің мөлшері 40567 теңгені құрайды. Сонымен қатар, облыста кәсіпкерлердің қолдауымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. 5-30 тамыз аралығында Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі №55 мекенжайындағы «SMALL» сауда орталығы ғимаратының алаңында отандық тауар өңдірушілердің жәрмеңкесі өткізіледі. Онда жеңілдетілген бағамен мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алуға болады, – деді облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Ш.Жүнісова.
ТҮЙІН. Халықты қымбатшылықпен қыспаққа ала бергенмен, жағдай оңалмайды. Өйткені барлығы бірдей қалталы емес. Керісінше бағаны бақылауда ұстап отыруға барынша күш салу керек. Үкімет құр есепке емес, бір есепке тоқталса жақсы болар еді.
Ә.КЕРІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!