Түпсананы жаңғыртып, кіндік тарихымыздың тамырына көз тастар болсақ, өзге емес өзің сенбейтіндей небір оқиғалар көз алдыңда аударыла жөнелер еді. Әттең, біздің кім болғанымызды дәлелдейтін құжаттардың бәрі кезінде қасақана жойылғаны, аз деректің көпшілікке қолжетімді болмауы ішкі өкінішіңді ғана өршітеді. Алайда, ұлттың тарихын індете зерттеп жүрген бірді-екілі тарихшыларымыздың бары көңіл қуантады. Кезінде қызыл мен қарақұмды еркін жайлап, ешбір жанға зәбірін көрсетпеген байырқалы халық Дешті Қыпшаққа қарап, жарты әлемге билігін жүргізген Алтын орда империясының сүйекті әскерінің қуатты бөлігі болатын. Ол заманда шошақ бөрікті бабаларым шошқа баққан мұжықтан зәредей де қауіп ойламай, русыз тобырға жатқызып қоя салатын. Алайда, негізі жоқ тексіздің ойланбай жасайтын оспадар қылығынан сақтану үшін «Орыстан досың болса, айбалтаң жаныңда болсын» деп сөз сабақтар еді. Ұлы даланың төсінде одан кейін де не қилы заман өтті. Алтын орданың ыдырауы, Дешті Қыпшақтың екі хандыққа бөлініп, бір халықтың екіге қауындай жарылуы сыртқы дұшпандардың күшеюіне жол ашты. Жол ашып қана қоймай олардың тұтас ұлтты әртүрлі жолмен бөлшектеуіне әкелді. Сөйтіп, кезінде айбатынан әлем сескенетін бөрілі байрақтың иелері, кезінде өздері ел қылған русыздардың боданы болды. Жағымпаздықты білмейтін, намысын жігеріне жаныған елдің ұрпақтары әбден надандыққа бой ұрып, қу құлқынның құлдығына шідерленіп, кешегі ақ шошқаның иелерін «Ұлы халық» деп атай бастады. Шерменде күйден арыла алмай, халықтың басым бөлігі надандықтың қамытын киіп, баяғы дегдарлықтың жолынан жаңылды. Сүйтіп жүргенде қызылдардың үкіметі келіп, бұратана халықтарға теңдік әпереміз деп, ұрандатты. Оқыған қазақ бұл жалаң ұранға иланбай, осы аласапыранды ұлы мақсаттарына пайдаланып қалғысы келді. Дегенмен, Алаш арыстарының түпкі ойлары әшкере болғанда оларды жаппай өлім жазасына кесіп, тұқымдарын тұздай құртты. Осы кезеңдерде тағы да аңқау елді бірін-біріне айдап салып, тарих бетіне «Өз-өзін сатқандар» деген айтуға адам аузы бармайтын оспадар пәтуа қалдырды. Бұл біздің ұлттың өзгеге сенгеннен тапқан, зардабы талай ғасырға созылатын айықпас кеселді жабыстырған кезеңі еді. Осы заманға сай ғылым-білімді қанша игерсек те, біздің көкірек көзіміз әлі ашылар емес. Бұл біздің тіліміздің де, діліміздің де тұнығы лайланып, бастапқы негізімізге оралуға асықпайтындығымыздың белгісіндей өкінішіміз.
Жә, өткенге кеткен есемізді айтып, өкінішімізді тізбектегеннен ештеңе өне қоймас. Тек, ұрпақтың жадынан өшпесе екен дейміз. Бас-аяғы жетпіс жылға созылған кеңестік жүйенің де азғантай қазаққа жасамаған зұлымдығы қалмады. 1925-30 жылдары кеңес үкіметі Қазақ даласына ендей еніп, қалыптаса бастаған колхоздастыру кезеңдерінде де халыққа жанашыр болған халық өкілдерін түрлі сылтаумен жазалап, олардың үндерін шығармауға тырысып бақты. Ұлттың алдында тағы да екі таңдау тұрды. Бірі – бүкіл азарға төзіп, туған жерден табан аудармау, екіншісі – шетел асып, жаңа үкіметке бас имеу. Екі таңдаудың да соңғы аялдамасы жүйенің дегеніне көндігу, басқа жол жоқ болатын. Ақ патшаның да, кеңес одағының да діттеген межесі біздің ұлтты біртіндеп ұлтсыздандыру еді. Басқыншылар ол армандарына белгілі бір тұрғыда жетті де. Қашанда бір дәуірден екінші дәуірге өтпелі кезең өте қиын кезеңдер деп аталады. Сол кездерде қарапайым жұмысшы да, ел басқарған басшылар да айтарлықтай қиындықтарды басынан кешіреді. Бұрынғы дәуірді ұмыта алмай, жаңа дәуірдің кейбір тұстарын қабылдай алмай сергелдеңге түсетін шақ. Сондай кездерде елді ұйыстыратын басшыларды таңдау, елді ыдыратып алмауды басты назарға қойып, оларға сенім арту арқылы үлкен жауапкершілік жүктеу үлкен сейістікті қажет етеді. Осындай кезде өзіне сенім артқан үкіметтің де үмітін ақтау, қара орман халықтың да үдесінен шығу – ердің ерінің ғана қолынан келетін шаруа.
Міне, осындай қилы кезеңде ауылдың үмітін арқалап, тәуекелге бел байлаған азаматтың бірі Елемесұлы Нұржан әкеміз еді. Нұржан Елемесұлы 1905 жылы Сырдария губерниясы, Ақмешiт уезi, «Қаракөл-Қостам» болысында туған. Өткен ғасырдың 20-жылдарында «Қаракөл-Қостам» болысы Жолшара Талдыбаевтың «поштабай» шабарманы болып, елдің ісіне ертерек араласады. Жастайынан зеректігі байқалған бала елдегі сауат ашу мектебiнен бастауыш бiлiм алады. Сонан соң жаңа дәуірдің ағынына ілесіп, ауылдық Кеңес төрағаларын дайындайтын Ақтөбедегі қысқамерзімді кеңес-партия мектебiн және Шымкенттегі колхоз төрағаларының курсын оқып бiтiреді. 1933-36 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiне қарасты «Қара ой» қолхозының төрағасы, 1936-40 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiнiң төрағасы, 1940-44 жылдары осы ауылдық Кеңеске қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы, 1944-46 жылдары Мәдениет ауылдық Кеңесiне қарасты Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозының төрағасы, 1946-47 жылдары 1 май ауылдық кеңесiне қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы, 1947-50 жылдары Мәдениет ауылдық кеңесiне қарасты «Бiрлiк» колхозының төрағасы қызметтерiн атқарып, қиын уақыттың ауыртпалықтарына мойымай, халықтың мүддесіне сай адал еңбек етеді. 1950 жылы майда колхоздар iрiлендiрiлгеннен кейiн Жамбыл атындағы колхозда мүйiздi iрi қара фермасының меңгерушiсi болып қызмет атқарады. Нұржан әкеміз қандай қызмет атқарса да өз ұлтының болмысты бағытынан танбай, халықшыл, қайырымды да адал қалпынан айнымай, ел-жұртына беделi өте жоғары болды.
Кешегi отызыншы, қырықыншы, елуiншi жылдары ел басына күн туған ашаршылық, репрессия, Ұлы Отан соғысы және халық шаруашылығын қалпына келтiру кезеңдерiнде колхоз басқарып, жұмыс жүргiзу оңай болмады. Бұл кезде артель-колхоздар құрылып, ел ендi есiн жия бастаған едi. Техника келе қоймаған егiн егу, мал азығын дайындау жұмыстары қол күшiмен атқарылатын. Осындай қиын сәтте тығырықтан жол тапты. Өзiнiң iскер, еңбекқорлығының арқасында халықты игiлiктi iске ұйымдастыра бiлдi. Мемлекет мүддесi мен халықтың жағдайына бiрдей қарап, жұмыс жүргiздi. Әрбiр iстiң ақ-қарасын ашық айтып, әдiлдiктi ту еттi. Канал қаздырып, егiн ектiрдi. Ата-бабадан келе жатқан сара жолдан айнымай, сол төңірекке жақсы атын қалыптастырып, сол елдің бірлікте болуына үлкен үлесін қосты. Дүниеден өткеніне қырық жылдан асса да туған елі әлі күнге есімін ұмытпай, аяулы атын ардақтап келеді. Өзі туған ауылында кенже баласы Болатбек ағамның бастамасымен Нұржан ата саябағы ашылуы, сол саябақтың кіреберісіне салынған ғимаратта ауыл тарихына арналған музей үйінің жасақталуы, бес жылдан бері оқушылар арасында Нұржан әкеміз және ауыл тарихы жайлы эссе жазудан сайыс ұйымдастырылуы Нұржан Елемесұлының ұрпағына берген тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Қызылорда облысы мен Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы», марқұм Камал Бердаулетов ағамыз: «Нұржан Елемесов ел басқарудың сыналған шебері еді, ол халықтың қалың ортасынан шыққан, өзінің сындарлы істерімен, сырбаз мінезімен халықты баурап алушы еді» деп жазды өзінің «Колхоз құрылысы» деген естелігінде. Бақытын еңбектен тауып, жақсы атын елге жасаған қызметімен, ұрпағына берген тәрбиесімен қалыптастырған Нұржан әкеміз, шын мәнінде, көне дәуірдегі қоңыраулы көштің бұйдасынан жаңылмаған, тектіліктің тінін сетінетпей кейінгі ұрпаққа тапсыра білген дегдар болатын. Сол аманаттың қалпын бұзбай, қатарын сиретпей кейінгі ұрпаққа сабақтау – бізге міндет! Ақсақалға арнап жасалып жатқан қайырлы іс-шаралардың ұрпаққа берері көп болғай!
Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,
жыршы, ҚР мәдениет қайраткері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!