ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевқа Ашық хат!
Қызылорда облысы білім саласының ардагер ұстаздарының оқу жылының қай уақытта аяқталуы жайы туралы ұсыныс-пікіріне назар аударып, ұсынысымызды ескеруіңізді сұраймыз.
1) Оқу жылын қай уақытта аяқтаудан бұрын сапалы білім мен саналы тәрбиені жетілдіруде кедергі болып отырған ең басты оқытудағы дидактикада жіберіліп отырған кемшіліктерді зерттеп, анықтап алған дұрыс.
2) Оқу жылының аяқталуы 25 мамырда болуы дұрыс деп есептейміз,себебі мамыр айы басталысымен ауа температурасы 35-40°С-қа көтеріледі, сынып бөлмелерінде оқушылардың отыруы тіпті мүмкін емес, әр аймақтағы күн райының жағдайына байланысты оқушылардың денсаулығы ескерілу керек.
ҚР Денсаулық министрлігі мен Санитарлық-эпидемологиялық бас дәрігердің келісімдерінде көрсетілуі тиіс.
3) Апталық сабақ ұзақтығы 1-8-сыныптарда 5 күн, ал 9-11-сыныптарда 6 күн болып бекітілгені дұрыс болады, күніне 7 сабақ оқу оқушылар денсаулығына кері әсер етеді. Бұл сапалы терең білім беру мен тәрбие мәселесін қатар жүргізуге септігін тигізеді.
4) Оқушылар үшін басты оқу құралы – кітап, ал оқулықтар сапасы қоғамның дамуынан 15 жылға кейін қалған. Сондықтан оқулықтарды замануи түсінікті тілде, балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп қайта жазу қажет.
Электронды оқулықтар барлық балаға тиімсіз (қосымша оқуға болады).
5) Балалардың бас ұстазы, ата-анасы олардың пікірін, ұсынысын қолдайтын жерде қолдап, пікірімен санасып, мектеппен байланысын нығайту дұрыс.
Бастауыш сыныптарда жаңа оқу бағдарламалары балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес емес, әр ұлттың психологиялық даму ерекшеліктері ескерілмеген тұстары кездеседі, оқулықтардағы мәтіндердің сапасы, есептер мазмұнын қайта қараған абзал.
6) Адамзаттың жан дүниесін тазартатын, байытатын – кітап, балалардың кітап оқу қызығушылығын дамыту балабақшадан бастау алуы тиіс. Ұлттық құндылықтарды ескере отырып мультификациялық жанрларды, ертегілерді ана тілінде көріп өскен балалардың дамуына ықпалы зор болмақ, ата-аналар балаларына үлгі-өнеге көрсетуі тиіс.
7) Мектепте басты тұлға – мұғалім, сондықтан олардың шығармашылық дамуы, ізденісін кеңейту мақсатында аптаның бір күні шығармашылық күні болып бекітілуі тиіс.
Педагогиканың бір бөлігі – жалпы педагогика. Онда дене тәрбиесі, жан тәрбиесі қарастырылады.
Біз үшін баланың тән саулығы мен жан саулығы аса қымбат. Баланың жан саулығын сақтайтын психологиялық жұмыстарды жолға қойып, психологтаерге қойылатын талаптарды күшейту керек.
9) «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» демекші ұлтымызды сақтап қалу үшін ұлттық құндылықтар негізінде мемлекеттік идеология қалыптастыру қажет. Қазіргі таңда материалдық құндылықтар қоғамда бірінші орында, сондықтан ұлттық педагогиканы басшылыққа алып ұлттық құндылықтарды қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Ел болып қолға алу, дамыту, қалыптастырған жөн.
«Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында».
Үміт ҚОСЕКЕЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!