Менің нағашы атам үш ағайынды болған: Қосжан, Есжан және Ерман. Есжан – менің анамның әкесі, яғни менің нағашы атам. Қосжанның жалғыз баласы болған, есімі Ержан еді. Соғыстан соң Қазалы ауданында шешен халқы көп болған, олар қазақтың малын ұрлап, әлімжеттік көрсеткен екен. Сондай бір қақтығыста менің нағашым Ержанды жабылып ұрып кеткенде, үйіне келіп әкесіне көрсетпей мал соятын пышағын алып кетіп, шешеннің басшысын жекпе-жекке шығамыз деп қораның артына шақырады. Ол келген бойда ызаланып тұрған нағашым шешеннің жүрек тұсына пышағын қорс еткізіп тығып алады да, мал сойғандай жіліктеп бұтарлап тастайды.
Бұл 1949 жыл еді, Совнарком төрағасы және ВКП (б) хатшысы Сталиннің жарлығымен ату жазасы қолданыстан алынып тасталған кез еді. Менің нағашымды 25 жылға соттап, Магаданға айдап жібереді, ол жақтан жазасын толық өтеп, 1974 жылы келеді. Алайда ол жақтан қаны бұзылып келгендіктен, бір жылдан соң Абай колхозындағы механизатор жігіттерге маза бермей тиісіп қоймаған соң олар жабылып таяқтап ұрып, милицияға тапсырады, бес жыл арқалап кетіп тағы да 1980 жылы ауылға келді. Сол кезде оның сол жағында Сталиннің профиль наколкасын көргенім бар еді. Ержан нағашым өмірінің жартысынан көбін түрмеде өткізгендіктен, бұл өмірге бейімделе алмай тағы да сотталып кетті, сол кеткеннен хабар жоқ болып оралмады. Ол кезде әке-шешесі дүниеден өткендіктен ешкім сұрап ізденген жоқ, ал ағайындар болса құтылғанына қуанды, соңғы келгенде оларға да тиісіп күн көрсетпеген болатын, себебі біреулер «әкеңнен қалған малды екі ағайынын бөліп алды» деп айдап салған болатын. Ал шындығында Қосжан мен кемпірін сол екі ағайынның балалары қолына алып бағып, арулап жерлеген болатын. Кіші нағашы атам Ерман көкемнен тарайтын бөлем. марқұм Жеткерген: «Бізбен ойнамандар, Ержан нағашымыз шешенді бөлшектеп тастаған» деп реті келгенде айтатын.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
тарихшы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!