Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туған топырақтың тамыршысы

15.06.2023, 9:40 290

«Адал еңбекпен мал іздемек –

ол арлы адамның ісі».

Абай  Құнанбаев.

«Әр өңірдің беткеұстар азаматы болады. Олардың есімін көпшілік білуге тиісті» деген сөз естеріңізде шығар. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Қызылорда облысы және Қазалы ауданы­ның Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордені және көптеген медаль, марапат-мадақтама иегері, «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы», «РЗА» АҚ президенті Самұрат Жұманұлы Имандосов жайлы дәл  осылай  деуге  толық  негіз  бар.

«Халықтан асқан сыншы жоқ». Менің Сұраған есімді досым «Самұрат Имандосовты өз басым «туған топырағының тамыршысы» деп санаймын. Біздің Қазалының табиғи қиындығы бары жалған емес. Соған қарамастан ірге­лі жұмыс орнын ашып, қаншама адамның отбасын асырауына зор септігін тигізіп отыр. Әрбір істі жүзеге асыру жолында тынымсыз тер төгіліп, қыруар қаржылай шығын жұмсалатыны белгілі ғой. Шаруасын күйттеп, дала жұмысымен тығыз араласып жүрген адам ретінде мен мұны өте жақсы түсінемін. Сан қабат тірлік жасап, ойдағыдай өнім алу үшін күн райының қабағын, жер жағдайын тамыршыдай дөп баса білу де қажет. Сәкеңнің бойындағы осындай қасиетіне, қызмет-дәрежесі, материалдық ахуа­лы бір басына жеткілікті болғанымен, өзгенің алдында кеудесін кермейтін кісілік келбетіне тәнтімін»  деп  ағынан  жарылған  еді.

Жағынып көлгірсуді білмейтін, көктем-жазда бақша егіп, пішен орып, қыс мезгілінде қамыс шауып, малын жайлап күн көрген, өзі айтқандай, қарапайым еңбек адамы Сұраған құрдасымның осынау лебізін естігенде жадыма өткен  күндер  оралды.

Бұл мұнан біршама уақыт бұрын болған еді. Алыс ауылдағы көпбалалы бір отбасының ауыр тұрмысын жақсы білетінмін. Сонау Кеңес кезінде шикі кірпіштен салынған ескі үйде тұратын жаңағы әулеттің отағасы да, келіншегі де, бауыры да науқас, перзенттері жас болатын. Олардың осындай жағдайын көргенде қабырғаң қайыс­қанымен қолдан келер дәрмен қайда? Ақыры тәуекелге бел будым. Сол тұста жұмысын жаңа бастаған «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосовтың қабылдауына кіріп, өзімді толғандырған мән-жайды бүкпесіз жа­йып салдым. Мені мұқият тыңдаған Сәкең көмекшісін шақырып, мен айтқан тұрмысы төмен отбасына барып, олардың хал-жағдайын көзбен  көріп, нақты көмек беруді қадап тапсырды. Тапсырма мүлтіксіз орындалды. Көп ұзамай жоғарыдағы тұрмысы төмен отбасына ұн, қант-шай басқа да азық-түлік, балаларына киім-кешек, асқатыққа семіз қой жеткізіп берілді. Ойламаған жерден олжаға қарық болған отбасы мүшелерінің, әсіресе балаларының қуанышын көргенде төбем көкке жеткендей масаттандым. Ал, арада бірнеше жыл өте Имандосовтың тікелей демеушілігі, ел-жұрттың қолдауымен жаңағы тұрмысы төмен отбасыға жаңадан үй салынды.

Енді мына оқиғаға көңіл бөлсек. Аудан орта­лығында  демеушілік тәсілмен салынған әулие әрі батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлы атындағы еңселі де әдемі мешіт бар. Кезінде мешіт құрылысы әлдебір себептермен ұзаққа созылып кеткен-ді. Кімнің аузына қақпақ боласыз?! Ел арасында  түрлі  әңгіме  желдей  есті.

Ауданға Қазалының төл перзенті, тектіден тараған тұлпар Мұрат Имандосов әкім болып келді. Қатты қуандық. Түйсігіміз алдамапты. Мұраттың алғашқы қадамы Жанқожа батыр баба­мыздың мешітінің құрылысын ел игілігіне беруге талпыныстан басталды. Осы бағытта қыруар шаруа тындырды. Тиісті адамдарға жолығып, талай түйінді тарқатты. Іссапарға жиі шығуға тура келді. Әкелі-балалы Самұрат, Мұрат, Нұрлан Имандосовтардың мешіт құры­лысына қомақты үлес қосқанын атап өтпеу қиянат болар еді. Мешіттің аяқталуына барша ел-жұрт жұмылды. Нәтижесінде әсем де көрікті мешіт есігін жамағатқа айқара ашты. Қазіргі таңда әулие әрі батыр Жанқожа батыр баба­мыздың есімін иеленген мешіт – аудандағы кие­лі  орынның  бірі.

Мен өзім көзбен көрген осы жайттарды Самұрат Жұманұлын асыра мақтау үшін жазып  отырғаным жоқ. Имандосов менің мақтау-мадақ­тауыма мұқтаж да емес. Алайда…

Қасиетті Құран кәрімде «Садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Егер садақ­аларды көрнеу берсеңдер, сонда ол қандай әйбет. (Басқаларға жетекшілік болады). Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін сонда да жақсы. (Алушының абыройы қорғалып, мақтан араласпайды)», («Бақара» сүресі. 3-пара. 264-271-аят) деген киелі ұғымды негізге алдым.

Самұраттың сауапты істері мұнымен шектелмейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…». Өмірде қандай оқиғалар кездес­пейді десеңші. Өзі де, зайыбы да жұмыссыз Берік деген жақын сыйласатын танысымның әкесі кенеттен дүниеден озды. «Бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын» ажал кімді аясын?! Банкіден несие алуға несие тарихы сәйкес келмеді. Жұмыссыз адамға кім қарыз берсін? Берік қатты қысылды. Абыржығаннан маңдайы­нан ащы тері сорғалап, жан күйзелісіне түскен әлгі құрдасымды көргенде тосын шешімге келдім. Оны ертіп тағы да Самұрат ағамызға бардым. Сәкең азаматтық танытты. Іздеген ақшасы қолына тигенде Беріктің көзінен жас ыршып түсті. Әкесін арулап жерлеп, жетісін, қырқын өткізді. Қарыз қайтарылды. Беріктің көңілі босап, Сәкеңе ағыл-тегіл алғысын  жаудырды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей көп ұзамай Берік жұмысқа орналасты. Еңкейген еңсе тіктеліп, қабақтағы кірбің жазылды.

Кеңес өкіметі кезіндегі «адам адамға – дос, жолдас, бауыр» деген ұстаным болғаны менің замандастарыма жақсы мәлім. Жанашырлық, мейірімділік қағидатын нұсқайтын осы ұстаным қоғам өзгергенімен, бәсін әлі де жойған жоқ. Бүгінгі әңгімемізде Сәкеңнің адамгершілік тұрғысында жасаған игі істеріне баса тоқталуымыздың мәнісі де сондықтан болар. Самұрат Жұманұлы туралы сөз желісін ел ағаларының пікіріне  қарай  бұрсақ.

– Абай атамыздың:

«Еңбек  қылмай  тапқан  мал, дәулет  болмас,

Қардың суы секілді тез суалар» деген  даналығы  бар. Мен Сәкеңді Қаза­лы ауданы әкімі қызметіне келгенге дейін де жақсы білетін едім. Баласы Мұратпен әріптес болдым. Самұрат ағамыз – өскен-өнген өнегелі әулет­тің иесі. Ал, Қазалыда қызметте болғанда тіпті жақын аралас­тық. Шаруа барысын ақылдасып, ағамыздың мол тәжірибесіне, кәсіби кеңесіне сүйенген сәтім де болды. Самұрат Жұманұлы – аудан­ның ауызбіршілігі, ынтымақ-­бірлігінің нығаюына, экономикалық жағдайының өркендеуіне зор үлес қосып жүрген тұлға. «РЗА» акционерлік қоғамының атағы көпке танылуына Самұрат Жұманұлы көп еңбек сіңірді. Талай мәрте қиындықпен бетпе-­бет жүздескен сәттер де жолықты. Ойдағы жоба­ны жүзеге асырудан бұрын оны алқалы топта дәлелдеп шығудың өзіне біліктілік, табандылық қажеттілігі – өмірден алынған қағида. Самұрат Жұманұлы діттеген мақсатына ұжым арасындағы берік орныққан ынтымақ-бірлігі, өмірлік мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілетінің  арқасында  жете  білді.

Ағылшын миллионері Ричард Брэнсонның «К чёрту всё! Берись и делай!» деген кітабында өзінің бизнес саласында жетістікке қалай жеткендігі, кездескен кедергілерді ерік-жігер, білік-парасатымен жеңіп, биік белесті бағындырғаны туралы жан-жақты айтылған. Мен осы кітапты оқып отырып басты кейіпкердің орнында Самұрат Имандосовты көргендей әсер алдым. Сәкең қай кезде де аудандағы имандылық тұрғысындағы істерге, мәдени іс-шара­ларға, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсетуде белсене араласады, – дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депу­таты  Мұрат  Ергешбаев.

Ал, Қазалы аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов Самұрат ағасы туралы  өзінің  пікірінде:

– Самұрат Имандосов басшылық жасайтын «РЗА» акционерлік қоғамының жетістігі мақ­тауға лайықты. Қуатты техникалық, өндірістік базасы, кәсіби шеберліктері жоғары маман­дары, бай материалдық ресурстары бар акционерлік қоғамның өнімдері көпшілік тарапынан оң бағасын алуда. Жоғары кеңес, облыстық мәслихат депутаты атанып, аудан әкімі қызметін атқарған ірі кәсіпкер Самұрат Жұманұлының басты ерекшелігі туған жерінде елмен етене жүріп, көптеген адамды жұмыспен қамтып, бірнеше ауылдың басты инвесторы болуында. Ақиқатына көшсек, Сәкеңнің облыс орталығына, Астанаға, Алматыға, тіпті шет мемлекетке қоныс аударуына мүмкіндігі толық жетеді. Десе де, Сәкең ауданда басшылық қызмет атқарған кейбір жандардай Қазалыдан ірге ажыратқан жоқ. Бұл – оның туған жеріне деген шексіз құрметінің  нышаны. Ағамыз  елдің  ортасында отырып, туған өлкесінің өркендеуіне зор үлесін қосып келеді. Самұрат Жұманұлы – өте еңбекқор, қиындықтан қорықпайтын жүректі азамат. Күн райы қолайсыз, табиғи қиындығы мол біздің ауданға климаты жайлы шетелден асыл тұқымды мал әкеліп, оны баптап, өнімін өңдеп, төлін  өсіруі  батырлықпен  пара-пар.

Кезінде Парламент Сенатының депутаты болған бір азаматтың Сәкеңнің осы ірі қара фермасы туралы «Қазалы сияқты сордың ортасына бейнеті мол шаруаны қолға алуы – үлкен ерлік. Мұндай тәуекелге кез келген адам бара қоймасы анық» деген таңданысын құлағымыз естіді. Айта кетерлігі, Самұрат Имандосов Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарған тұста Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығын қосудың алғашқы қадамын жасап, екі аралыққа жасыл желек егуді қолға алды. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, осынау  игі  бастама  жалғасын  тауып  жатыр.

Сондай-ақ, Сәкең – жабырқаған жанның жанынан табылып, қысылғанның қолтығынан демейтін қайыр-қомы мол, аудан көлеміндегі ұлағатты істерден бойын тартпайтын ел ағасы. Әрі мұндай имандылық ісін көпке жақсы көрінуі үшін емес, сауап үшін жасайды, – деп ағынан  жарылды.

Келесі кезекте қалыпты еңбек ырғағы, сапалы өнім, бәсекеге қабілетті қызметімен елімізге, алыс-жақын шетелге танылған Самұрат Имандо­сов басшылық жасайтын «РЗА» АҚ-ның  тыныс-­тіршілігіне   тоқталсақ.

Қолымыздағы деректе «2010 жылы «РЗА» акционерлік қоғамында «660 бас сауын сиырға арналған тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты» жобасы жүзеге асырылып, іске қосылды. Сол жылы Венгриядан 660 бас, 2019 жылы Германиядан 300 бас голштино-фриз асыл тұқымды қашарлар сатып алынды» деп көрсетілген. Жақсыны көрмек үшін. «РЗА» АҚ-ның аталмыш ірі қара фермасында бірнеше мәрте болған едік. Сонда байқағанымыз, мұндағы ірі қаралардың күтімі де ерекше екен. Тіл-көзден сақтасын, жаңа туған төлінің өзі қомақты көрінді. Алғашқыда «осынау мүйізді ірі қаралар табиғаты өзгеше өңірге бейімделіп кетсе игі» деп күмәнмен қара­ғандар да кездесті. Алайда олар бекер күдіктеніпті. Жерсіну тұрмақ төлі есебінен көбейді. Қазіргі таңда асыл тұқымды мүйізді ірі қара саны 1700 басқа жетті. Оған қоса әрбір сауын сиырдан 8100 литр сүт сауылады. Осылайша жылына орта есеппен 6500 тонна сүт өндіріледі. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты Еуро­паның озық технологиялық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Жылына 7000 тонна сүт өңделіп, пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері тұтынушылардың талғамынан табылуда. Озық технология  өзін  толық  ақтап  тұр.

Орайы түскенде сүт зауытының жеткен жетістігін ортаға салсақ. 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша Ш дәрежелі дипломымен марапатталды. Арада үш жыл өткен соң Қазақ­стан Республикасы Президентінің «Алтын Сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды өндіруші Үздік кәсіпорын» номинациясы  бойынша лауреаты, 2015 жылы Минск қаласында ТМД елдері арасында өткізілген «Тауар сапасы және қызмет көрсетудегі жетістіктері» номинациясы  бойынша  дипломанты  атанды.

«Сиырдың сүті – тілінде». Осынау мүйіз­ді ірі қараларды жем-шөппен қамту – басты тақырыптың бірі. «РЗА» АҚ бұл түйінді толық шешкен. Жем-шөп дайындау бригадасы мала­зықтық дақылдар өсіріп, жеткілікті қорын жасау­да. Құрамында қуатты дәрумендер мол сүрлемдік жүгеріге толы қамбаларда дайындалған мал азығы сиырдың ағзасына өте пайда­лы. Тауарлы сүт фермасының жем-шөп базасын нығайту мақсатында 87 гектар жер учаскесі жүйеге келтіріліп, сүрлемдік жүгері және қыс­тық бидай егілді. Суару үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы Испания мемлекетінен құны 202 млн теңгеге жаңбырлатып суа­ру  құрылғысы  орнатылды.

Қазіргі таңда тауарлы сүт кешенінің 2-кезеңін  жүзеге  асыру мақсатында жұмыстар атқарылып, қоғамның өз қаражаты және  несие­лік  қаржы  есебінен 1100 млн теңге инвес­тиция салынды. 2-кезеңі іске қосылғанда, сауын сиыр  саны 1200 басқа жетіп, жылына сүт өндіру  көлемі 13000 тонна, сүт зауытында сүт өңдеу 14000 тоннаға көбейеді деп күтілуде. Мал  басы  артуына  байланысты жем-шөп базасымен қамтамасыз ету үшін жаңадан суармалы Қарашеңгел, Құмжиек ауылдық округі аумағы­нан барлығы 1200 га жер учаскесі дайын­далып, мал азығын егу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, тиісті  жұмыстары  жүргізілуде.

Мақтымқұлдың:

«Еңбек етсең, арта бермек мәртебең,

Аймағыңда асатын жан жоқ сенен» деген жыр жолдары «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосовқа тура бағышталғандай. Олай деуіміз­дің себебіне үңілсек. Аудандағы беделі биік «РЗА» АҚ-на қарасты бірнеше жауап­кершілігі шектеу­лі серіктестік бар. Ендеше олардың кейбірінің тыныс-тіршілігін таратыңқырап жеткізсем.

Ағымдағы жылы «РЗА-Агро» ЖШС 2230 га жерге басты дақыл күріш егіп, сүрлемдік жүге­рі, жаңа жоңышқа, ескі жоңышқаны күтімге алған. Серіктестікте күріш өндірудің кластерлік жүйесі жолға қойылған. Яғни, күрішті егіп, өңдеп, тұтынушыға дайын өнімді сату. Күріш өнімдерін өңдеу зауыты және сақтау базасында оңтүстіккореялық «Korea Industrial CO LTD» компаниясының сағатына 5,5 тонна күріш ақтайтын технологиялық желісі орнатылған. Өңделген  күріш  экспортқа  шығарылады.

Нан цехының негізінде құрылып, 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «РЗА-Нан» ЖШС-де 12 түрлі өнім шығарылады. Атап айтқанда, қара нан, ақ нан, бөлке, пряник, коржик, батон, плетенка пісіріледі. Қуаттылығы ауысымына 3155 кило нан өнімдерін өндіретін еуропалық стандартты «Ревента» чех нан пісіру пеші жұмыс істейді. Серіктестік құрамында шұжық цехы да бар. Оған қажетті технологиялық құрал-жабдықтар келісімшарт негізінде германиялық «DUCK Export-Import-Vermittlungen» компаниясынан алынып, іске қосылған.

«РЗА» акционерлік қоғамында кадр дайындау мәселесі – басты назарда. Білікті мамандарды дайындау мақсатында Ресейдің және Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алған студенттердің жатын орны, оқу ақысы, ай сайын стипендиясы қоғам есебінен төленді. Мұндай жанашырлық жастардың  алаңсыз  білім  алуына жол ашқаны даусыз.

Бір сәт жазуды тоқтатып, кейіпкерімнің өмірдерегіне үңілдім. Онда «Самұрат Жұман­ұлы Имандосов 2000 жылдың 15 қыркүйегінен осы күнге дейін «РЗА» акционерлік қоғамының  президенті қызметін атқарады. Акционерлік қоғам – Қызылорда облысындағы тұрақты жұмыс істейтін қуатты техникалық және өндіріс­тік-материалдық базасы бар кәсіпкерлік субъектісі. Қоғамда 800-ден астам адам жұмыс істейді» деген жазуды жанарым шалды. Тебірене толқыдым. Бұл осы адамдардың отбасы мүшелері «РЗА» АҚ арқасында нәпақасын айырып отыр дегенді білдірсе керек. Санамды «егер, әрбір іскер жан Самұрат Жұманұлы тәрізді тер төксе, елімізде жұмыссыздық деңгейі анағұрлым төмендер еді» деген ой баурап алды. Әйтеке би бабамыздың «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөзі текке туын­дамаған  шығар. Бәрекелді!

Жаңа ғана Сәкеңнің ұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Имандосов қоңырау шалды. Сөзіне берік, ісіне мығым ініміз байыпты үнмен амандық-саулықтан кейін Самұрат ағамыздың 75 жасқа толған мерейтойына, басқа да отбасылық қуанышына арнайы шақырған сәлемін жеткізді. Іштей марқайдым. Іле-шала шақыру билеті де қолыма тиді. Тойыңыз тойға ұлассын, асыл  аға!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: