Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітап оқып жүрсіз бе?

13.06.2023, 11:14 435

Кітап – рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов.

Кітапты тереңірек оқу кітаптың мазмұнын түсінуге, өз бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Жақсы оқырман оқылған мәтіннен негізгі ойды тауып, түсініп, қажет болған жағдайда өз ойын тұжырымдап, дәлелдей алады. Әдетте оқу мәдениеті тұрақты, жүйелі оқуды қамтиды. Алты ай бойы қолына кітап алмаған адамды мәдениетті оқырман деп санауға болмайды. Олай болса, кітап оқу мәдениеті тек нені оқу керектігі ғана емес, сонымен бірге қалай және қаншалықты оқу керектігі туралы мәселе.

Осы мақсатта адамдар көп шоғырланған ортада тұрғындардың кітап оқуына байланысты сауалнама жүргіздім. 30-дан аса тұрғын кітапханаға баруға уақыты жоқ екенін айтты. 20-дан аса тұрғын электронды түрде оқитынын айтып, арасында кітапханаға жиі баратын оқырмандарда табылды. Сіз кітапханаға барасыз ба?», «Қандай кітап оқисыз?» деген сауалыма жауап қатқан №200 мектептің 7-сынып оқушысы Көркем:

Кітапхананың тұрақты оқырманымын. Кітап оқуды бала кезден ұнатамын. Қазіргі уақытта Сұлтанмахмұт Торайғыровтың  «Қамар сұлу» романын оқудамын, – деді.

Кітапқа құмар жастың бірі Ниязов Абылайхан:

Кітап оқуды әдетке айналдыруға тырысып жүрмін.Абайдың қарасөздерін оқығанды ұнатамын, – деді.

«Кітап оқы, оқысаң адам боласың» деген сөзді бала шақта жиі естіген боларсыз?! Аса мән бермегеніміз соншалық, астарындағы асыл мәнді меңгермегенбіз. Расында, кітаптың адам баласына берері мол. Зейініңді ширатып, білім көкжиегіңді көмкеріп-ақ тұрады. Бұл біз білетін біршама ғана пайдасы. Бізге беймәлімі қанша?! «Кітап оқып бастасам, ұйқы қысады», «Кітап қызықтырмайды», «Кітапты оқысам да, түсінбеймін» деген сылтаудың да түр-түрін білеміз. Мұның бәріне бір ғана жауап бар. Ол – сіз жаныңызға жақын кітапты әлі кезіктірмегеніңіз. Рас. Біріне мөлдір махаббат, еліктірер сезім тұнған кітап керек, енді біріне шытырманға толы шатасқан оқиға жайлы кітап ұнауы ғажап емес. Біз кітапты әдетте қалай оқимыз?  Кітап оқуда бізге көңіл-күйіміз, қалыптасқан дағдыларымыз, сыртқы жағдайлар әсер етіп жатады. Бұл дұрыс емес. Себебі, кітап оқудың өздігінен қалыптасқан дұрыс жүйесі бар.

Әрбір адам өз бойында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруы қажет. Бір күйден екінші күйге көшу бірте-бірте, табанды оқу жұмысы, өз бетінше мақсатты жұмыс жасау барысында жүзеге асады. Көбісі кітаппен жұмыс істеу тәсілдерін білмей оқиды. Мұндай оқырман тек оқыған материалды қайталап айта алады. Бірі кітаптың соңына тезірек жетуге тырысып, бүкіл абзацтарды, тіпті беттерді өткізіп оқиды. Бұл оқырманды немқұрайлы деуге болады, ол автордың ойын толық сезіне алмайды, кейіпкерлердің оқиғалары мен әрекеттеріне дұрыс баға беруі екіталай. Ал барлық рухани күш-қуатын сарп еткен қаламгер үшін шығармашылық қиялы бар сезімтал оқырманды табу өте маңызды. Әдебиеттің құдіреті де, даналығы да, сұлулығы да ғұлама, білімді адамның алдында ғана жан-жақты ашылады.

Кітапты оқудың мақсаты да маңызды: бір нәрсе туралы ақпарат алу үшін және адамның көзқарасын, ойларын, сезімдерін тереңдету үшін өз көкжиегі мен тәжірибесін кеңейтудің маңызды және қажетті құралы, кейде іздеген сауалымыздың жауабын табу үшін оқимыз. Ал ең бастысы кітапты өзімізді дұрыс тәрбиелеу үшін оқуымыз қажет.

                                             Өтеген АҚНИЕТ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: