Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кедей елміз бе, бай елміз бе?

01.06.2023, 12:00 229

Карикатураны салған Ғалым Смағұлұлы

Әлеуметтанушылар ел тұрғындарының тұрақты табысы мен жылжымайтын мүлкін, бос уақытын қалай өткізетіні мен білім деңгейін саралап, елдегі орта таптың үлесі 15 пайыз деңгейінде екенін дәйектейді. Ал kurs.kz сайты елдегі бай адамдардың үлесі 12 пайыз екенін жазды. Сонда  қалғанын қай топқа жатқызамыз? Экономикада бай, орта және кедей тап деп бөлінсе, онда соңғысына жататыны анық қой. Алайда ресми билік елдегі кедейлердің саны 15  пайыз  құрайтынын  алға  тартады.

ӘЛЕМДЕГІ  КЕДЕЙ  ЕЛДЕР

Әлемде ішерге ас таппай отырған тұр­ғындары бар кедей елдер кездеседі. Ең кедей елдердің рейтингін Дүниежүзілік банктің материалы негізінде БҰҰ түзді. 2022 жылы бұл тізімге 47 мемлекет енді. Оның 34-і Африкаға, 12-сі Азия және Тынық мұхиты аймағына, 1-еуі  Латын  Америкаға  жатады.

Кедейліктің критерийі күрделі формула арқылы есептеледі. Қарапайым тілде түсіндіргенде, елдің экономикалық осалдық индексі мен нақты өмір сүру сапасы есепке алынады. Сауаттылық деңгейі, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, тағамның сапасы мен жалпы тамақтануы және тағы басқасы сарапталады.

Ең кедей бес мемлекетті саралайтын болсақ, олар Африка құрлығына тиесілі. Нашар дамыған елдерді сорлатып отырған басты құбы­лыс – төңкеріс пен соғыс, жемқорлық пен көлеңкелі экономика. Мәселен, саяси дағдарыс, сыбайлас жемқорлық, азаматтық соғыс­тың кесірінен Конго әлі есін жинай алмауда. Болмаса бұл елде алмаз, тантал, кобальттың мол  қоры  бар.

БҰҰ  кедейшілік  шегін  тәулігіне  бір  адам­ға 5  доллар  (2300 теңге),  ал  айына 150 доллар  (70 мың  теңге)  деп белгіледі. Халықара­лық ұйым­ның  есебінше, Оңтүстік Судан хал­қы­ның 82  пайызының әлеуметтік жағдайы төмен. Бұдан  кейінгі  орында Бурундиде – 79, Мадагаскарда – 76, Малавиде – 73, Сомалиде – 68,  Мозамбикте  62  пайызды  құрайды.

Латын  Америкадағы кедей елдің бірі Гондураста  бір адамның орташа табысы 278 дол­лар  болса, Қазақстанда  152  долларды  құрайды екен. Ұлттық статистика бюросының мәлі­метінше, Қазақстан  халқының 5,3 пайызы кедей­лік  шегінен  төмен.

Бір қызығы, 1968 жылдан бері нашар дамыған елдер (LDC) тізіміндегі 47 мемлекеттен 8-і ғана шығыпты. Бұл қатарда Вьетнам және Мальдив Республикасын ерекше атау керек. Соңғы онжылдықта Африканың Ботсвана, Кабо-Верде, Экваторлық Гвинея және Азия­дағы Мальдив аралдары мен Тынық мұхитындағы Самоа мен Вануату «нашар дамыған ел» деген статусын дамушы елге өзгерте алды. Бұл елдердің бірі туризм саласына дем берсе, екіншісі ауыл шаруашылығы саласында өңдеу және қайта өңдеуге басымдық беріп, табысты болудың  жолын  тапты.

ХАЛЫҚ  КЕДЕЙЛЕНІП  БАРА  МА?

Екі жыл бұрын Дүниежүзілік банк Қазақ­станды табысы орташа елдер қатарынан кедей елге ауыстыру мәселесін көтерген еді. Бұған біздің билік те, халық та келіспейтіні анық. Өйткені әлемде жер көлемі бойынша алғашқы ондыққа кіретін, ресурстық байлығы жеткілікті, ауыл шаруашылығы саласы қалыптасқан елді орынсыз төмендету дұрыс емес. Әр қазақ солай  ойлайды.  Алайда халықтың тұрмыс деңгейі  төмендеп  кеткені  анық.

Сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында спикер Мәулен Әшімбаев 5 миллионға жуық адам, яғни еңбекке жарамды санаттың жартысы өнімділігі төмен еңбекте жүргенін сынады.

– Қазір халықтың жартысына барлық табыс­тың үштен бірі ғана тиесілі. Қазақстандықтардың шамамен 5 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды. Өкінішке қарай, 12 өңірде бұл көрсеткіштің өсуі  байқалады. Әсіресе Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақ­стан, Түркістан облысын атау керек, – деді  Сенат  төрағасы.

Елде  төменгі жалақы – 60 мың теңге алатын 1,8 миллион қазақстандық жыл басы­нан бастап 70 мың теңге алады. Credit Suisse Research Institute зерттеу орталығының мәліме­тінше, елде әлеуметтік статусы нақ­тыланбаған  2,7 миллион  адам  бар.  Оның 1,2 миллионы  бейресми жұмыспен қамтылса, 1,5 миллионы өзін-өзі жұмыспен қамтыды. Яғни эконо­ми­калық  тұрғыда  белсенді  халық  немесе  жұмыс  күші  болып  есептелетін  8  миллион 945 мың адамның 4,5 миллионнан астамы орта тапқа сәйкес келмейді. Оларды кедейдің қатарына қосуға  болады. Өйткені ел азамат­тарының  97,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін табыс табады. 10-100 мың доллар табыс табатыны 2,1 пайызды, 100 мыңнан 1 мил­лион долларға дейін кіріс кіретіні 0,3 пайызды құрайды. Бұл цифрлар шындыққа жақын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атаған 162 монополист пен олардың жақын туған-туысы 0,3 пайызға жататыны тағы анық.

Қазақстан халық партиясы сайлауалды бағдарламасында азаматтардың 96,6 пайызы жылына 10 мың долларға жетпейтін қаржыға өмір сүретінін, тіпті олардың жартысынан астамы 1300 долларға күн көретінін, ал 0,001 пайызы ел байлығының басым бөлігіне иелік ететінін мәлімдеп, кедейлікпен күресетінін көпшілікке  жариялады.

2018  жылы  6,3 миллион адам несие алса, соның 1,5 миллионы бірінші жартыжылды­ғында  несиесін  уақытылы төлей алмаса, екінші  деңгейлі  банктерге  жеке  тұлғалардың қары­зы 5,73  триллион теңгені құрады. 2022 жылы 7,5 миллион азамат банктер мен микроқаржы ұйымдарына 35,7 триллион теңге қарыз болды. 2023 жылғы 1 сәуірде несие алушылардың саны 822 мың адамға өсті. Бұл туралы «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС бас директоры  Руслан  Омаров  мәлімдеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі отбасының цифрлық картасын ұсынып, өз жағдайын «қиын» деп санайтын отбасы­лар  үлесі 15  пайыз  құрайтынын көрсетті. Ресми  статистика көрсеткендей, халықтың 5,1 пайызы  күнкөріс  деңгейінен төмен табыс­пен өмір сүреді. Қысқасы, халықтың басым көпшілігі кедейленіп, несиеге әбден шыр­малып, азық-түлікті де несиеге алатын жағ­дайға  жетті.

ДАМУДЫҢ  ЖОЛЫ  ҚАНДАЙ?

Экономист  Меруерт  Махмұтова Ұлттық қор келешек үшін жинаған қаржы екенін, бірақ билік бейберекет жұмсап жатқанына қынжылып: «Жарайды, мұндағы ақша бүгін­гінің күйіп тұрған көкейтесті мәселесіне бағытталса бір жөн, кешірімді. Ұлттық қордың қаражаты жекелеген банктер мен олардың қожайы­нын «құтқаруға» жұмсалды. Осыдан кейін экономика қалай оңалады? Ол қалай аяқтан тұрады? Ол қалай әртараптанады? Ал халық ше? Өлмес­тің  күнін көріп жүр. Елдің бәрі белшеден қарыз. Қарыз қайтарумен өткен өмірде қайбір  құндылық  болсын?!» дейді.

Қоғам белсендісі Айша Құрманғалидың сөзінше, жұмыссыздардың санын анықтаудың нақты әдістемесі болмауынан халықтың мемлек­еттік органдарға сенімсіздігі бар. Жұмыс­пен қамту саласында адамдардың тұрмыс деңгейі мен әлеуетінің сапасын арттыруға бағытталған реформа керек. Бұл ретте әкімдер шешуші рөл атқарып, ал министрлік жаһандық процестерге ілесуі тиіс. Қазіргідей жұмыспен қамту қоғамдық жұмыс орындары есебімен емес, шикізат  өндіретін  тұрақты  жұмыс  орындарын  құру  маңызды.

2023  жылы  сәуір  айында елдегі эконо­микалық  белсенді  халықтың 77 пайызы банктерге қарызын уақытылы өтей алмай отыр. Елдің 1,5 миллион тұрғыны несие бо­йынша төлемді 90 және одан көп күнге кешіктіріп  төледі. Бұл – ойлантатын күрделі мәселе.

Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков ел экономикасын көтеруде екінші деңгейлі банктер несиенің жылдық пайыз ставкасын төмендету  керек  екенін  атады.

– Ұлттық  банк  белгілеген несиелік жылдық пайыз  мөлшері – 16,75. Әлемнің  озық  елдерін саралайтын болсақ, Кореяда – 3,5, Қытайда – 3,65, Германияда, – 3,75, Англияда – 4,25, Канадада – 4,5, АҚШ-та 5,25 пайыз деңгейінде. Шетелдердегі қаржы институт­тары шағын және орта бизнестің дамуына мүдделі­лік танытып, бизнес-жобаларды көптеп қар­жыландырады. Енді посткеңестік елдерге келетін болсақ, Өзбекстан Ұлттық банкі 14  пайыз  мөлшерінде  белгілесе, Қырғызстанда – 13, Тәжікстанда – 10, Әзербайжанда 9 па­йызды  құрайды.

Шын мәнінде, пайыз мөлшерінің жоғары болуы нарықтағы тауарлар мен қызмет бағасының негізсіз өсуіне әсер етеді. Олай болса елдегі қымбатшылыққа екінші деңгейлі банктер де жауап­ты деген сөз. ВТБ банк пен «Bereke bank» АҚ жылдық пайыз ставкасы 21,5 пайызды құрайды. «Банк Центр Кредит» АҚ – 23,6, «Еура­зиялық банк» АҚ – 23,7, «Kaspi bank» АҚ – 24,4, «Home credit bank» АҚ 28,5 па­йыз көлемінде несие береді. Бұған банктердің сақтандыру  және  тағы  басқа  міндетін қосу керек. Сонда тұтынушы несиені 4-5 жылға рәсімдеген жағдайда, банкке қарызды екі-үш есе қосып қайтарады. Бұл дегеніңіз халықты қанаумен тең  ғой! – деді  мәжілісмен  Данабек  Исабеков.

Бізде өнім өңдеу жағы кемшін, кластерлік шаруашылықтар ақсап тұр. Мәселен, ауылдағы ағайын қой бағады. Шіркін, қой берекелі түлік қой! Жыл өткен сайын саны артып, өрістің  өрісін  тарылта бастады. Оның жүні мен терісі кәдеге жарамай, далада өртенеді. Өзбекстан болса Hyundai, Kia, Toyota компания­сына былғары  жабын тігетін JM компания­сына тері  жеткізетін болды. Осындай жобалар біздің елде  неге  іске  аспайды?

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

P.S: Жаңа Қазақстанды бағдар еткен елдің басты құндылығы – еңбек етуді дәріптеп, экспорт саясатын өзгертіп, шикізат түрінде емес, дайын өнім түрінде сатуды жолға қоюы керек. Бәрінен бұрын қаржы шығындарын жоспарлауды жан-жақты саралап, шағын және орта бизнесті өркендетуде бюрократия кедергілерін жойып, құрғақ санға емес, нақты  жағдайды  бағамдағаны  маңызды. Дамыған  елдердің  қатарына  қосылудың  басқа  жолы  жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: