Қазақ қоғамында Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы азаматтар көптеп саналады. Мұндай режим әлі қабылданбаса да, түбі жүзеге асатын түрі бар.
Бүгін журналистер Сентат төрағасы Мәулен Әшімбаевтан осы Қытаймен арадағы визасыз режимге байланысты пікірін сұрады.
– Визасыз режимге қатысты халыққа дұрыс түсіндіру керек. Қазіргі кезде Қазақстан 50-ге жуық мемлекеттің азаматтарына шектеулі уақытқа визасыз келуге мүмкіндік берген. Олардың арасында АҚШ, Еуропа мен Азияның елдері қамтылған. Бұл шешім елімізге туристерді тарту және бизнес аясында келіп жатқан адамдарға тиісті мүмкіндік жасау бағытында ескерілді. Атап айтқанда, аталған режим шектеулі уақытқа арналған, сондай-ақ оның аясында жұмыс істеуге және Қазақстанда тұрақты қалуға болмайды.
Кейінгі жылдары Қытай азаматтарының Қазақстанға 14 күнге визасыз кіруге мүмкіндігі бар. Бұл шешім пандемияға дейін қабылданған еді. Яғни, бірнеше жылдан бері Еуропа мен Қытай және басқа елдердің азаматтарына осындай мүмкіндік жасалды. Қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарының Қытайға визасыз баруы туралы мәселені көтеріп жатыр. Осы орайда тиісті келіссөз жүріп жатыр. Бұл тұрғыда біздің азаматтарға тиісті жағдай жасауға арналған, – деді Сенат төрағасы.
М. Әшімбаев Қазақстанға визасыз тәртіппен келген шетел азаматтарына жұмысқа орналасуға, елімізде қалуға рұқсат етілмейтінін айтты. Бұл тәртіп бұзылса, олар жауапқа тартылады. Висасыз режим туризм, кәсіпкерлік бағытында және туыстарына келуге ғана рұқсат беріледі.
Бұған дейін Сыртқы істер министрі А. Смадияров бұл мәселеге орай: «Кейінгі кездері қоғамда Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы пікірлер айтылып жатыр. Бұл келісімге қол қойылмады. Оған қол қойылса ғана күшіне енеді. Екіншіден, былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Келісім Қазақстанға да тиімді болмақ. Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы Қытайға 30 күнге визасыз бара алады», – деген еді.
Ал Марат Тоқашбаев Қытаймен арадағы визаны күн тәртібінен мүлде алып тастау керек деп бір-ақ кескен еді.
– Үңіліп зерттей берсең небір сұмдық цифрлар алдан шығады. Қытайлар Малайзия халқының үштен бірін құрайды, бірақ хуацяо-қытайлары ел экономикасының 80 пайызына ие. Қытайлықтар Үнденезияда тұрғындарының небары 3 пйызынан аспаса да бірақ экономиканың 70 пайызы солардың қолында. Филиппин еліне кірген қытайлықтар әзірге 1 пайызға да жете қойған жоқ, бірақ аздығына қарамастан олар елдің өндіріс өнімінің 35 пайызын ұстап отыр. Ақша қаражатының көптігі, «арзан несие» мүмкіндіктері, Қытайдың экспансиялық тәбетін ашқан үстіне ашып барады.
Бұл күндері Африканың көптеген елдері Қытайдың экономикалық бодандығында. Қытайдың Африка елдерінде ашқан компанияларының саны 4 мыңға таяу болса, салған инвестиция көлемі 50 млрд долларға жетіп қалды. Қазір қара құрлық Қытайдың ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында.
Қытайдың Қазақстанға қатысты ресми саясаты достық пейілде болғанымен бірқатар шенеуніктерінің ұлыханьдық ішкі ұстанымдары басым түсіп жатады. Экономикалық саясатпен ілесе демографиялық саясат та қосарлана жүреді. Бұған қоса Қытайдың хуацяо саясатын естен шығаруға болмайды. Бөтен елдерге барып, сонда үйленіп, бала-шағалы болып, бірақ Қытай мүддесіне жұмыс істеу құбылысы хуацяо деп аталады. Сол саясат дәл Қазақстанға келгенде тоқтап қалады дегенге кім сенеді? Визасыз режим ақшалы қытай азаматтарының қазақ қыздарына үйленуіне кеңінен жол ашқалы отыр. Олардың ұрпақтары жаңағы хуацяо саясатының нақты жемісі болмақ. Визасыз режимнің Қытайда тұратын қазақтарға да еш пайдасы жоқтығын айта кетейік. Өйткені олар паспортсыз болғандықтан Қазақстанға келе алмайды!, – деді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!