Үміт ҚОСЕКЕЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз:
Жүректің батырлығы деп түсінетін ұстаздық қызметтің салмағы біз ойлағаннан да ауыр. Әлемде қанша мамандық болса, соның ішінде зор жауапкершілікті мұғалімдер арқалайды. Өйткені оның артында ұлт болашағы тұр. Білім мен тәрбиені ұрпақ санасында ұштастыруда ұшан-теңіз еңбек ететін мұғалімге құрмет көрсету қай уақытта да артық емес. Өткенде Қызылорда облысына арнайы іссапармен келген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шиелідегі өзінің ұстазын білім саласының жоғары марапаты Ы.Алтынсарин медалімен марапаттады. Бұл әрекеті көпшіліктің қызу талқысына түсіп, үлкен сынға қалды. Осы орайда ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Үміт Қосекеева «Facebook» әлеуметтік желісінде еліміздің бас ұстазына хат жолдап, қазіргі білім беру ісіндегі кемшін тұстарды айқын ашып жазды. Хат мазмұны қосымша берілді. Біз білім саласындағы кейбір кемшіліктер хақында ашық ойын айтқан ардагер-ұстаздың өзімен аз-кем әңгіме өрбіткен едік.
ОҚУШЫЛАР ЭКСПЕРИМЕНТ АЛАҢЫНА АЙНАЛДЫ
– «Цифрлы Қазақстан» деп жүрміз. Алайда мұғалімдердің қағазбастылығы қайта көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Бұл туралы пікіріңіз қандай?
– Қазір енді баға қою күнделігі электронды күнделікке ауысты. Баға қойған кезде интернет байланысының нашар болуына байланысты бағалар жылжып кетіп жатады. Оны мұғалімдер қайтадан қоюына тура келеді. Одан бөлек, әрбір мұғалімге жүктелген жеке қағаздары бар, оларды да уақытылы толтырып беру керек. Жоғарыдағылар мұғалім жұмысы автоматтандырылып, толықтай цифрлық жұмысқа көшеді деп айтып жатыр. Шын мәнісінде біз оны көріп отырған жоқпыз. Мектептердегі жағдай көзге көрініп тұр. Мұғалім оқушыға білім бере ме, әлде топан қағазды толтыра ма? Осыған шамалы мән беру керек. Мұғалімнің шығармашылықпен айналысуға, ізденуге, жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы бала білімін толықтыруға уақыты болуы тиіс.
– Жоғары оқу орнын бітірген жас мұғалімдердің жұмысқа орналасуы қиын. Көбінесе тәжірибесі болмағандықтан талай табалдырықты тоздыруға мәжбүр. Олар не істеуі керек?
– Жас маманды жұмысқа қабылдау кезінде тамыр-таныстықтың ізі жойыла қойған жоқ. Дегенмен, білімі мен білігі озық жастардың конкурстан өту арқылы жұмысқа қабылданып жатқандар бар. Бұл аз да болса қуанарлық жағдай. Сондықтан жастарды қызметке тартуда тәжірибесіздігін түрткілеп, кейінге ысыру дұрыс емес. Олар тәжірибені дәл осы мектептен жинайды ғой, басқа қайдан жинайды? Араға екі-үш жыл салғаннан кейін олар да білікті, сапалы маманға айнала бастайды.
– Жаңа замандағы білім беру ісіндегі ең басты кемшілік деп нені айтар едіңіз?
– Жаңа замандағы білім беру ісінде біз бұрынғы стандарттан айырылып қалдық. Біз мемлекеттік білім беру жүйесінің стандартын дұрыс жолға қоюымыз керек. Оны ретке келтірмей, болашақ ұрпаққа сапалы білім бере алмаймыз. Басты кемшілік – осы. Шетелдік білім беру жүйесіндегі инновацияларды да алып жатырмыз. Ол дұрыс та. Жаңалықты қабылдау керек, жүйелісін бала санасына жеткізе білу де керек деп ойлаймын.
– Оқу-ағарту министріне жазған ашық хатыңызда білім саласындағы реформалардың кесірінен балалар эксперимент алаңына айналды депсіз. Нақты қандай жағдайды айтар едіңіз?
– Білім саласында реформалар өте көп жасалып жатыр. Сол жасалып жатқан реформалардың пайдасы шамалы. Әсіресе шетелде білім беру мекемелерінде оқушылар бір ауысымда оқиды. Біздің елімізде бала саны өте көп, мектептердің 95 пайызы екі ауысымда оқиды. Білім министрі ойланбастан барып, бес күндік оқуды енгізіп жіберді. Балалар қазір күніне 7 сабақ өтіп жүр. Бұл олардың денсаулығына, психикасына әсер етеді. Осыдан кейін балалар эксперимент алаңына айналмағанда не болды? Балалар мұғалімнің берген тапсырмаларының жауабын интернеттен іздейді де, соны жазып әкеле салады. Сондықтан Жапония мемлекетіндегі сияқты мектептерде оқушылардың интернет байланысына шектеу қою қажет. Бұдан балалар сапалы білім ала алмайды. Қазіргі таңда балаларды ата-аналар тәрбиелеп жатқан жоқ, интернет тәрбиелеп жатыр. Онда да ешқандай шектеу болмағандықтан, ол жерден де неше түрлі нәрселерді көреді. Қатыгездік, озбырлық, жауыздықтың барлығын балалар осы интернеттен үйреніп жатыр деп ойлаймын. Мен ашық хатта да жаздым, бес күндік оқу күні болғандықтан мектептерде тәрбие сағатын өтетін уақыт жоқ. «Білім мен тәрбие – егіз» дейміз ғой. Біздікілер мектептердің әлеуетін, материалдық-техникалық базасын ескермей жатып шетелдік тәжірибені енгізіп жібереді. Шетелдік тәжірибелерді алатын болсақ, оған ұлттық құндылықтарымызды да қосып, саралап барып енгізген жөн.
ОҚУЛЫҚ ДАЙЫНДАУДЫҢ ӨЗІ БИЗНЕСКЕ АЙНАЛҒАН
– Қазір оқулықтарда өрескел қателерден көз сүрінеді. Мұндайға министрлік те міз бақпайды. Ал бұл өз кезегінде мұғалімді де, оқушыны да шатастырады. Осыған не қосар едіңіз?
– Оқулықтағы қателер бұрыннан келе жатыр. Қаншама жылдан бері бұл мәселе айтылып келеді, бірақ түзелмейді. Оқулық дайындаудың өзі бизнеске айналып кеткен. Оқулықты дайындау үшін білім саласында тәжірибесі мол, білімді, көрген-білгені көп ғалымдар, тәжірибелі ұстаздарды қатыстыру керек. Олар және де келешек ұрпаққа шын жаны ашитындардан болған жөн. Тіпті алдағы уақытта электронды оқулықтарға көшеміз деп жатыр. Оған біздің ел толық дайын емес. Қалалық жердің өзінде интернет байланысы өте нашар. Анда-санда жарық өшіп қалады. Ауылдық жерлерді айтпай-ақ қояйық. Осыдан кейін ауылдық жердегі бала электронды оқулықты қалай оқиды? Оған көшу үшін алдымен мектептердің материалдық-техникалық базасы толық болу керек. Әр оқушыға компьютер жеткілікті болған жөн. Бізде артын ойламай, реформа жасағыш. Мен осыған таң қаламын. Оқулықтағы қателерге сараптама жасап, оны түзетіп, балаларға жеткізетін мұғалімдер бар. Керісінше оқулықта не тұр, соны айтып беретін мұғалімдер бар. Ол енді ұстаздың өзінің біліктілігін осындайда сарапқа салу керек. Тағы бір айта кететін жайт, оқушы 9-сыныптан кейін гуманитарлық және жаратылыстану деген екі бағыт бойынша бөлініп оқиды. Мәселен, гуманитарлық бағытта оқитын балаға «математика» пәні аптасына бір рет қана оқытылады. Бірақ, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын кезде бұл бағыттар бойынша алған білім ескерілмейді. Екі ортада зардап шегетін кім? Тағы да – бала.
– Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық, араздық, қатыгездіктің туындауына не түрткі деп ойлайсыз?
– Өте ауыр, ойланатын сұрақ. Қазір барлығы ақшамен шешілетін болды. Теңсіздік, бай мен кедей пайда болды. Барлығы баласын керемет тәрбиелеп жатыр деп айта алмаймын. Бала тәрбиесіне мән беретін ата-аналар да бар, керісінше, баласының не істеп, не қойып жатқанын бақыламай, тек күнкөріс қамымен жүрген ата-аналар да бар. Бұл да болса баланың психикасына әсер етеді. Екінші жағынан мектептерде білім мен тәрбиенің толық берілмей жатқандығы бар. Сондықтан білім мен тәрбие беруде мемлекеттік идеология қалыптасу керек.
– Жеке мектептер қатары көбейіп жатыр. Олар жай мектептермен бәсекеге түсе ала ма?
– Бұл – бір жағынан бизнес. Ақылы қызмет көрсететіндіктен мектеп басшылығы да сапалы кадр таңдап, балаларға соған сай білім беру ісін жүргізу керек. Жеке мектептердің қатарының көбеюі қоғамның да талабы шығар. Дегенмен, білім беру жүйесі – бір. Қоғам қойған талапты орындаған абзал.
– Оқу-ағарту министріне ашық хат жазғаныңызға да бір аптадан аса уақыт өтті. Жауап келді ме?
– Жоқ, жауап бермеді. Зейнеткерге жауап бермейтін де шығар. Сонда да жаздым, қазіргі шындықты айттым. Жаманатты болып қалатын шығармын, сонда да үндемей отыра алмадым.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Әйгерім НАЖМАДИНҚЫЗЫ
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа
АШЫҚ ХАТ
Қызметтік сапармен алғаш кездесуді туып-өскен Шиеліден бастап, ұстазыңызды білім саласының жоғары марапаты Ы.Алтынсарин медалімен марапаттадыңыз. Бұл іс-әрекетіңіз халық арасында талқыға түсуде, расында еткен еңбектің нәтижесіне қарай берілетін марапаттың деңгейін түсіріп, ұстазыңызға бергеніңіз, мемлекеттік медаль үйіңіздегі затыңыз емес, қолымда бар деп қонышынан басып ұятқа қалдыңыз, асығыс жасамай, алдағы мерекелерде басқа ұстаздармен қосып марапаттаған дұрыс болатын еді. Мемлекеттік қызметтің талабын өрескел бұзғаныңыз жөн болмады. Жоғары мемлекеттік қызметте басшы болғандар осылай тарата берсе, мемлекеттік марапаттың деңгейін өрескел бұзу емес пе? Тамыр-таныстыққа балта шауып, Жаңа Қазақстан құратынымыз қайда?
Мен ұзақ жылдар білім саласында қатардағы мұғалімдіктен бастап басшылық қызметтер атқарған тәжірибелі зейнеткермін. Сізге хат жолдау себебім, білім саласына енгізілген өзгертулердің олқы тұстары жайлы тоқталмақпын. Кеңес үкіметі кезінде білім беру жүйесі стандарттарға сәйкес сапалы білім, саналы тәрбие берді. Білім саласына қаншама реформа жасалды, бүгінде оқушылар эксперимент алаңына айналды. Сабақтар бұрын 6 күн болатын, сынып жетекшілердің тәрбие сағатын сабақ кестесіне енгізіп, жүйелі тәрбие сағаттары өтетін, ал қазір барлық пәнді 5 күнде өтеді, аптасына 7 сабақ оқу балалардың денсаулығына әсер етуде. ҚР Денсаулық сақтау министрі және Қазақстанның бас санитар дәрігері қалай келісім бергені таң қалдырады? Бала біздің болашағымыз емес пе? Бүгін қалай білім берілсе, ертеңгі қоғамның болашағы сондай болатыны ақиқат қой.
1) Оқушыларға жасалып жатқан эксперимент олардың денсаулығына, психикасына, жүйке жүйесіне әсер етеді, олар орасан зор зардап шегуде. Шаршаған балаға мұғалімдер қалай сапалы білім береді?
2) Мектептерде тәрбие сағаттары сапалы өтпейді, тәрбие сағаттары күнделікті апталық кестеге сыймайды. Тәрбиесіз берілген білім қоғамға орасан зор зиян әкелетіні ақиқат, оның көріністері күнделікті өмірде тәртіп бұзушылық, қатыгездік, т.б. кездесіп жатыр. Қазақстанда мектептердің 95%-ы екі ауысымда оқиды, сабақ кестеге сыймайды. Шетелге еліктеп 5 күндік оқыту жүйесі енгізілуі дұрыс емес.
3) Мектептерде тәртіпсіздік, топтық төбелес, зорлық-зомбылық, әдепсіздік, шетелге еліктеушілік, т.б. түп тамыры – сонда, мұғалімдерге кінә артуға болмайды.
4) Оқу жылын 31 мамырға дейін созу да – ойланбай енгізілген әрекет, оңтүстікте 40°С ыстықта балалар сыныпта қалай отырады? Салқындатқыш барлық мектепте жоқ.
5) Білім беру жүйесін қайта қарау керек, дәл осылай кете берсе, оның пайдасы болмайды. Әлде білімсіз ұрпақ тәрбиелеуге бет бұрып жатырмыз ба?
6) Қазақстанда бір ауысымды мектептерге толық көшу үшін әлі 20 жыл керек, заманауи жаңа үлгілі мектептер салынып, берілуі жоспарлануда. Ол – жақсы бастама, сол мектептерде сабақ беретін білімді ұстаздарды даярлау уақыт еншісінде қалуда. Техника қарыштап дамып барады, интернетті толық меңгеретін ұстаздардың сапалық құрамы төмен.
7) Оқулықтарды электрондық оқулықпен алмастырамыз деп ұрандауда, соған мемлекет дайын емес, электр желілері нашар, интернет байланыс жүйесі қалада сын көтермей тұрғанда, ауылда тіпті нашар, жарық жиі өшеді.
8) Химия, физика, биология сабақтарында қолданылатын эксперименттік тәжірибелер, зертханалық, практикалық сабақтарды өткізу де интернетке тәуелді емес пе? Мектептерде қолданылған интерактивті тақталардың көбі істен шығып, тозған, оларды ауыстыруды қажет етеді. Сапалы білім беру үшін осы кемшіліктерді жою қажет. Ұлтымызды сақтап қалу үшін мемлекеттік идеология ұлттық құндылықтарды дамытуға баса назар аударып, заң жүзінде бекуі керек. Қазақстанда білім беру жүйесін дамытуда Жапония мемлекетінің білім стандартын басшылыққа алып, ұлттық педагогикадан нәр алуды естен шығармаған дұрыс. Оқулықтардың мазмұны қоғамның дамуынан кеш қалмай, сапасын артыруға мән берілсе деген ұсыныстарым бар.
Үміт ҚОСЕКЕЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
ардагер-ұстаз
Қызылорда қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!