Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚЫТАЙ мен ҚАЗАҚСТАН: «ӘЛЕМДІК ФАБРИКА» мен «КӨБІК ЭКОНОМИКА»

27.04.2023, 12:00 1148

Ербосын Нұрмұқанұлы – Қытайдан келген экономист, кәсіпкер. Қытайда танымал «Жаңа әуен» компаниясын құрып, шоу-бизнестің шыңына шыққан азамат. Қазір Астанада Qaz Sound брендімен отандық дыбыс техника өнімдерін шығарады. Экономика, кәсіпкерлік, өнер саласында, геосаяси мәселеде ойын ашық айтып, қазаққа болсын деп жүрген ҚР Мәдениет қайраткерімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«ЕТ  ЖАСАЙТЫН»  ЖЕРДЕ  АДАМЫМЫЗ  БОЛМАДЫ

– Ербосын Нұрмұқанұлы, сіздің студенттік  шағыңыз  кеңес одағы ыдырап, Қытай мен Қазақстанның сауда байланысы қарқын алған тұсқа тура келген екен. Қытайдың әйгілі Нанкай университетінің экономика мамандығын бітіре сала, Үрімжідегі «Орта Азия сыртқы сауда компаниясына» жұмысқа тұрыпсыз. Сұхбатымызды  сол  кезеңнен  бастасақ…

– Мен 1995 жылы Нанкай университетінің экономика маманды­ғын бітіргеннен кейін Қазақстанмен саудасы қызып тұрған Іле қазақ автономиялы облыстық экономика комитетіне жұмысқа бөліндім. Бірақ кадр мекемесінің орналастыруынан өз  еркіммен  бас тарттым. Онда­ғы себеп Шынжаңның орталығы Үрімжі  қаласында қалғым келді. Бірден Шынжаң  сыртқы сауда меке­месінің импорт-экспорт қораптау бөліміне жұмысқа тұрдым. Бір жылдан кейін өздерінің ұсынысы бойынша «Орта Азия сыртқы сауда компаниясына» жұмысқа ауыстым. Екі аралықта жеке бизнесімді қолға алып  та  үлгірдім.

– Сіздің танымал серіктестіктен жұмыстан кетіп, шоу-бизнес индус­триясымен  айналысуыңызға, көшбасшы  болуыңызға  не  себеп  болды?

– Мен «Жаңа әуен» дыбыс-бейне серіктестігін 1997 жылы 27 қаңтарда құрдым. Одан бері 26 жыл өте шығыпты. Бұл саланы қолға алуыма өзімнің өнерге құштарлығым, ата-анам­ның тәрбиесі де әсер етті. Әкем Нұрмұқан Жанұзақұлы – ақын, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сол кезде Үрімжіде қазақша мәдени өнімдерді қытай мен ұйғыр ұлтының өкілдері сатып тұрды. Бір жағы ұлттық намысым қамшылап, өз өнімімізді тіл білмейтін өзге жұртқа беріп қойғанша, өзіміз сапалы етіп шығаруымыз керек деген байламға келдім. Мәдени индустрия саласындағы бизнесімді қазақша аудио, видео, компакт-дискілерді шығарудан бастап, продюсерлік пен өндіріс бір тұлғаланған, халықаралық концерт ұйымдастыра алатын қуатты техникалық, экономикалық базасы бар компания деңгейіне  жеттік.

– Қазақстанға қай жылы келдіңіз? Атажұртта  бизнес  бастау  оңай  болды  ма?

– Мен 2014 жылы отбасымды алып қара шаңыраққа бір жолата келдім. Елордамызға орналастым. Өзім үйреніп қалған кәсібімді қайта бастадым. Басында ән жазатын студиялар аштым. Қытайдан әкелген техникалық аспаптар базама сүйеніп «Жібек жолы шоу техника жалға беру» компаниясын құрдым. Қытайдағыдай үлкен концерттерді жабдықтау, өткізу орайы болмады. Ашығын  айтсам, «ет жасайтын» жерде адамымыз болмады. Бұл салада да жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың құлағы қылтиып тұрғанына көзім жетті. Әлемді пандемия жайлағаннан кейін бұл бағыттағы жұмысты тоқтатып, «QAZ SOUND» орталығын ашып, осы аттас өзімнің брендімді тіркетіп, осы саладағы отандық өнімдерді өндіруді қолға алдым. Қазір «Qaz Sound», «Dara» маркасымен микрофондар шығарып жатырмыз. Алдағы күндері осы салаға керекті дыбыс ұлғайтқыш сияқты техникалық жабдықтар өндірісін  дамыту  ойда  бар.

ҚАН  ЖҮГІРГЕНШЕ,  ҚАРЖЫНЫ  АЯМАҒАН  ЖӨН

– Жақында жарық көрген «Шағын бизнес шаң қауып қалмасын десек» атты ойлы кітабыңыздың осындай нақты өмір тәжірибеңізден жазылғаны көрініп тұр. Кітапта, сондай-ақ, экономикалық түйткілдер  геосаяси  тұрғыда, жан-жақты талқыланған екен. Енді әңгіме тақырыбын осы арнаға бұрсақ. Кейбір сарапшылар (Ресей  мамандары) 2000 жылдардың орта­сында Қазақстан экономикасының даму көрсеткішін Қытаймен са­лыстырып, жоғары бағалады. Бірақ 2008 жылы Америкадан басталған қаржы дағдарысынан кейін ондай бағалар айтылмайтын болды. Соның себебіне екі ел экономикасын жетік білетін маман ретінде тоқтала  кетсеңіз?

– Иә, ол кез Қазақстан экономикасының екі орынды даму қарқынын көрсеткен (11%) алтын уақыты болды. Оның себебі ішкі мүмкіндіктен гөрі, сыртқы жаһандық экономикалық климаттың тиімді әсерінен болды. Ол заманда әлем елдерінде дерлік экономикалық өсім байқалды. Мұнайға, шикізатқа сұраныс артты. Энергия көзіне бай еліміздің қалтасы қаржыға толды. Шетелдік инвестиция да ағылды. Артынан туындаған әлемдік қаржы дағдарысы біздің экономикамыздың жанды жерін, әлсіз тұсын ашып берді. Нақтылап айт­қанда, шикізатқа байланған «көбік экономика» екенін  көрсетті.

Қытайдың реформа мен шетелге есік ашудың арқасында әлем фабрикасына айналғанын білеміз. Олардың жеңіске жету тәсілі шетелден ақшалай көмек алып қана қоймай, озық технологияларды өндіріске тартуында  жатыр. Инвесторларды ел ішіндегі өндірісті дамытуға ынталандыратын заңнамалар қабылдаумен бірге, «Ауыл шаруашылық банкін», «Сауда банкін», «Көлік қатынасы банкін» құрып, шетел банктерінен алған қарыздарын кенже қалған сала­ларға нақты бағыттады. Ал бізде қаржы нарығын монополиялап алған банктер шетелден төмен өсіммен алған қарызды халыққа жоғары пайызбен беріп, тұтынушылық мақсатта жалаң бағытта несие берумен айналысты. Оның соңы неге соқтыр­ғанын бүгін көріп отырмыз. Қытай сияқты өндірісті жолға қоя алмаған күннің өзінде туризмді, қызмет өтеу кәсібін дамытсақ, дағдарыс жеңіл тиер еді. Сол жолғы экономикалық тығырықтан ұлттық қорды сарып қылып, әзер шықтық. Ең өкініштісі, дағдарыстан әлі күнге сабақ алмадық. Ішкі өндірісті дамыту, экономиканы әртараптандыру әлі күнге сөз  жүзінде  қалып  келеді.

– Қазақ пен Қытайдың шекара аймағындағы көк пен жердей айырма­шылық кейінгі кезде көптің жиі талқысына түсетін болды. Сіздің  пікіріңіз?

– Қытай жақта зәулім ғимараттардың самаладай бой түзеп, біз жақтың қурап тұрғаны рас. Шекара­лық аймақтың жайы – ұлттық қауіп­сіздікке саятын мәселе. Экономикада «өзіндік құн» деген ұғым бар. Қытай ұлттық қауіпсіздікке келгенде өзіндік құнмен есептеспейді. Шекара аймақтың экономикасын көтеруге аямай қаржы салады. Біздегілер мәселеге стратегиялық тұрғыдан мән бермейді. Адам саны аз, экономикалық тиімділігі жоқ деп жылы жауып, қоя салады. Өзіндік құнды басты орынға қояды. Шекара айма­ғымыздың қаңырап тұрғанының бас­ты себебінің бірі осы. Шекаралық ауылдар ғана емес, халық саны 2000 адамнан аспайтын ауылдарға да осы принципті ұстанады екен. Бізде шекаралық ауылдар ғана емес, тарихи маңызы бар, жастарды отаншылдыққа тәрбиелеуге мықты база етуге тұрарлық ауылдар да жоғарыдағы экономикалық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қоятын бір жақты саясаттың  зардабын  шегіп  отыр.

Негізі қытай тәжірибесі көрсеткендей, шекаралық аймақты дамыту үшін қаржыны аямау керек. Ол қашанға дейін өз-өзін ақтағанша мемлекет экономикалық қолдауды тоқтатпауы  керек. Мысалы, Қытайда кәсіпкерлер төлейтін қосымша құн салығы 17 пайыз болса, «Қорғас» пен «Алатау» кеден бекеті орналасқан шекаралық аймақтар Қытайдағы алғашқы қосымша құн салығы  алынбайтын  өңірлер  болып  бекітілді.  Соның  нәтижесінде  елдегі  ең атақты 500 компания «Қорғасқа» келіп тіркелді. Өзім мәдени индус­трия саласында жүргендіктен, ішкі Қытайдағы атақты жүлдыздардың «Қорғасқа» тіркелген компанияларымен істес болдым. Оларға салық­тық жеңілдіктер жасалумен қатар, несие алуда да тиімді жағдай жасалды. Мемлекеттік субсидиялау бір бағытта емес, сала-салаға жіктеліп, барлығын ортақ дамыту мақсатында берілді. Осындай өнімді саясаттың арқасында салықтан қашқан кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың барлығы шекаралық аймаққа жиналып, «Қорғас» пен «Алатау» сағасы гүлденіп шыға келді. Ал бізде мұндай әрекеттің бірі де жасалған жоқ. Тағы да қайталап айтамын, шекара аймақты дамытамыз, ел іргесін бекітеміз десек өзіндік құнмен есептес­пеу керек. Қан жүгіргенше, қаржыны  аямау  керек.

ІШКІ  НАРЫҚҚА  САЯСИ  РЕФОРМА  ЖАСАЛУЫ  КЕРЕК

– Бізде халықты баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз етуде де түйткіл көп. Қытайдың бір жарым миллиардқа жуық  халықты тойындырып, бас-басына үй алуына жағдай жасаған  озық тәжірибелері  қандай?

– Қытайдың ауыл шаруашылы­ғын дамытудағы сәтті жүрістерінің бірі – жер реформасын кезең-кезеңімен жолға қойды. Дың билікке келгеннен кейін, 1978 жылы Мао заманынан келе жатқан жерге ортақ меншікті өзгертіп, жерді отбасына көтеріп беру түзімін жолға қойды. Нәтижесінде отбасының әр мүшесі тегін жерге ие болды. Еңбекшілердің белсенділігі артып, жердің өнімділігі жоғарылады. Тұралаған ауыл шаруа­шылығы аяқтан тұрып, дамуға бет алды. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін, диқандарға иелігіндегі жерлерін банкке кепілдікке қойып несие алуға, өзгеге сатуға еркіндік берді. Соның әсерінен ауыл тұрғындарының қаржы жағынан қолы ұзарып қана қалмай, жүйелі түрде мемлекеттік субсидиядан игіліктеніп тұрды.

Ал тұрғын үйге келсек, Қытай елінде басында біздегі сияқты мемлекеттік меншікте болды. Бұл саланы нарыққа көшіруде ең алдымен щетелде тұратын қандастарының қаржысына иек артты. Экономикалық жеңілдіктер жасау арқылы соларды осы саланы дамытуға жұмылдырды. Кезінде қытайлардың әлемдегі маңдайалды қалталы адамы болған гонконгтік Ли мырза тұрғын үй салуға аямай қаржы құйды. Артынан алып компаниялар пайда болды. Қазір жылжымайтын мүлік нарығы Қытайдың ішкі жалпы өнім құнында басты орынды ұстайтын қуатты салаға айналды. Тұрғын үй нарығы өзімен қоса құрылыс, жиһаз өндірісінің дамуына қозғау­шы болды. Ал бізде өңірлік нарық өте жоғары. Тұрғын үй саласы үлкен қалаларда ғана қарқынды жүруде. Экономиканың қозғаушы күші болу былай тұрсын, сұранысты қанағаттандыра  алмай  отыр.

– Қытайдан шыққан коронавирус пен Путиннің Украинаға шапқыншылығы әлемдік экономикаға айтарлықтай әсер етті. Бізге тиген салдары қандай?

– Жаһанды әлекке салған бұл екі тосын  оқиғаның  да салдары ауыр болып тұр. Соның кесірінен бұрыннан келе жатқан бір қалыпты әлемдік экономикалық қатынастар бұзылды. Шикізат бағасы қымбаттады. Әлемде ақша массасының артуына әкеліп соқтырды. Соның әсерінен зат бағасы қымбаттап, ақша құнсызданды. Соғыс басталғанда рубльмен бірге теңгеміз де құнсызданып, артынан нығайды. Ұлтық ақшаның бірде түсіп, бірде өрлеуі экономиканың тұрақсыздығын  көрсетеді.

Індет пен соғыс экономикамыздың екі алып көршімізге байлануының аса қауіпті екенін анық көрсетті. Одан сабақ алып, ішкі өндірісті дамытып, Орта Азиядағы бауырлас елдермен бірлескен экономикалық аймақ құруымыз керек. Қытайға балама ретінде Оңтүстік Азия елдерімен тауар айырбасын күшейтуіміз керек. Мұнай экспортында Ресейге иек артудан бас тартып, басқа жолдарды жедел іске асыру керек. Бұл бағытта нақты талпыныстар жасалып жатыр. Десе де ішкі нарыққа саяси реформа жасалуы керек. Орталықтанған экономиканы өңірлік дамуға бағыттау керек. Өйтпесек жемқорлық жойылмайды. Шағын, орта бизнестің көсегесі көгермейді.

– Әрине бір кітаптың мазмұнын бір сұхбатқа сидыру қиын. Сәуірдің 27-сі күні тұсаукесері өтетін тағылымы мол кітабыңыздың қоғам игілігіне айнала беруіне тілектестік білдіреміз.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан  Есбол ҮСЕНҰЛЫ.

Арнайы  «Халық»  газеті  үшін

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: