Әлеуметтік жағдай не өлмейтін, не өспейтін монотондық функцияға айналғалы қашан. Халық та қалыпты өмірдің ауанына ілесіп, тек кеңірдектің көңілі мен асқазанын алдаудың ғана қамында жүр. Жіптіктей жүйе құдды халықты басқа мәселеге бас көтермейтіндей деңгейге түсіріп қойған. Расы сол. Қой мінезді қазақ көп нәрсеге көтеріле қоюы қиын. «Қанды қаңтар» оқиғасының артында Алаштың ашулы адуыны байқалғанын білеміз. Сондағы мәселенің мәнісі жанар-жағармайдан басталды. Шеті шыққан шырмаулы түйін қазір де күн тәртібінде. Бензин мен дизель отыны қымбаттады. Бұны айтып билікке шағымдансаң, оларда әзір жауап. Бағаны бақылауда ұстауға жоғарыдағылардың шама-шарқы жетпей қалады-мыс. Екі ортада алыпсатарлар кінәлі болады.
Өткен аптада облыс басшысы Нұрлыбек Мәшбекұлының төрағалығымен бензин бағасын бақылауға байланысты мәжіліс өтті. Аймақ атқамінерлері мәселені майшаммен қарағандай. Оны аймақ басшысының мына сөздерінен бағамдауға болады.
– Компаниялар арасында бағаны арнайылап көтеру келісіміне жол берілмеуі керек. Бағаның жоспарлы өскеніне қарамастан, кәсіпкерлік субъектілері жанар-жағармайды белгіленген баға бойынша уақытылы өткізуге міндетті. Монополияға қарсы заңдылықтар түсіндірілуі тиіс. Мұндай жағдай болса, жауапкершілігі қаралатынын ескерту қажет. Көктемгі егін егу науқаны басталатын, тіршілік атаулыға жан бітетін кезде жұмыстың барлығы айналып келгенде жанар-жағармайға тіреледі. Сондықтан қолдан дефицит жасамауымыз керек, – деді ол.
Оның айтуынша, Қазақстан мен көрші елдер арасындағы баға айырмасын төмендету үшін 12 сәуірден бастап жанар-жағармай бағасының көтерілуі жоспарланған. Ал ҚР Энергетика министрлігі литрі 182-187 теңгеден саудаланған АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинінің бағасы 205 теңгеге дейін, 230 теңгеден сатылған дизель отынының бағасы 295 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін деген ақпарат таратуда.
Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков бүгінде өңірде отыз күнге жететін АИ-92 маркалы бензині және он бес күнге жететін дизель отыны қоры бар екендігін жеткізді. Күлтөбенің басындағы кеңестің нәтижесі жауапты мекемелерге жанар-жағармай тапшылығының алдын алу, оны сыртқа тасымалдап сатуды болдырмау үшін тұрақты мониторинг жасау, бензин мен дизельдің еркін босатылуын қамтамасыз ету тапсырмаларымен аяқталды.
– Бензин бағасының өсуі шынымен қалтамызға тиеді. Такси қызметімен айналысатын болғаннан кейін амалсыз жолақысын да көтеруге тура келеді. Оған халық шағымданады. «Бензин қымбаттады» деп қайсыбір адамға ақталып отырамыз. Билік бағаны бақылауда ұстаса, бұдан басқа елге ештеңе де керек емес, – дейді қала тұрғыны Д.Есқараев.
«Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген. Облыс әкімінің айтқаны бұлжытпай орындалар болса, қараша да қамсыз болар еді.
Нарықта бағаны бір орында ұстап тұру – қиынның қиыны. Өйткені оның негізгі қағидасында баға белгілі бір уақытта алға жылжып отыруы қажет. Алайда қазір баға нарығы жылдар интервалына мүлде бағынып тұрған жоқ. Қазақстандық «Desht» талдау орталығының экономистері жанар-жағармай бағасының көтерілуі мен оның тапшылығына қатысты оқиға көп мәселенің бетін ашқанын айтады. Біріншіден, мемлекеттік органдар белгілі бір жерлерде жанар-жағармайдың бөлшек саудасында бәсекелестікке қойылған шектеулерді ескерілмесе, екіншіден Конституция бұзылған.
– Шынымен де, бағаның көтерілетіні алдын ала айтылды. Сұранысты төмендету үшін, тапшылықты болдырмау үшін қымбат баға керек. Бірақ оған тыйым салынған. Жанармай құю станциялары жоғары бағаға сатқысы келеді, сондықтан оларды шынымен ұтымды ұстайды. Мемлекет тапшылыққа екі жақты жағдай жасады, бірақ бұған «алыпсатарлар» кінәлі. Билікке деген сенімнің болмауы көлеңкелі экономиканы өршітіп қана қоймай, жалпы мемлекеттік органдардың реформалар жүргізу қабілеті туралы үлкен мәселе туғызады, – деді «Desht» талдау орталығының сарапшылары.
ТҮЙІН. Негізі билік пен халықтың байланысы тонның ішкі бауындай бір-бірімен астасу қажет. Оларды бір-бірінен ажыратуға ешқандай негіз де жоқ. Алайда билік бұқараны бөлек тастаған баладай, үнемі «жетім» позициясына қалдыра береді. Елдің, халықтың сұранысы, арыз-шағымы алдыңғы орынға шыға қалса, Үкімет бала алдағандай «бәрі жақсы болады» деп арқадан қағуға тым шебер. Азық-түлік, жанар-жағармай, жолақы тақылеттес «бағасы биіктеген» дүниелер жалақысы өспейтін елді тығырыққа тіреп қояды. Осыдан кейін қоғамдағы сіз бен біздің таңғалудан қалған қылмыстық әрекеттер, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылықтың түп төркіні тұрмыс тапшылығынан да туындайтынын ескерген абзал.
Әйгерім НАЖМАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!