Қызылорданың жастары тек өнерлі ғана емес, спортқа да жақын. Бұған дейін басылым беттерінде Сыр елі тұрғындарының газет пен кітап оқитынын, өнерден алыс емес қазақи орда екенін айтсақ, енді спорт саласында жеңіске жетіп жүрген өрендерімізді де ауыз толтырып әңгімелеуге болады. Оған себеп, аймақта спорт клубтары артып келеді. Тиісінше, жаттығушылардың да қатары сирек емес. Мемлекеттен осы кәсіпті бастауға қолдау алғандар да баршылық. Олардың арасында Мұратбек Абдрахимов та бар. Өңірлік инвестициялық орталықтың қолдауымен 15 000 000 теңге несие алған жас кәсіпкер қазірде «Qazaq GYM» атты жаттығу залын ашып, 2 айдан аса уақыттан бері жұмысын жүргізіп келеді.
– Ақпан айында ашылып, сол кезден бері жаттығу залы келушілерге қызмет ұсынып келеді. Мұнда жаттығу залында болуы тиіс түрлі техника мен қажетті заттар толығымен дерлік қамтылған. Жаттығудың ауыр, жеңіл түрімен айналысып, сыртқы келбетін қалыпқа келтіремін деушілерге де барынша мүмкіндікті қарастырып отырмыз. Әзірге залда 2 қызметкер болып жұмыс істейміз. Алдағы уақытта табысқа қарай жаттықтырушылардың да санын арттыруымыз мүмкін. Жаттығу залына түрлі жас шамасындағы адамдар келеді. Бірақ көбі – жастар. Сол үшін тиімді тариф түрін ұсынып отырмыз, – деді жеке кәсіпкер.
30 жастағы кәсіп иесі мемлекеттен жастарға бөлініп жатқан көңілге алғысын білдіреді. Себебі, 29 емес, 35 жасқа дейінгілер «жастар қатарына» қосылғандықтан, кәсіп бастаймын деген жасқа ерекше қолдау болған екен.
– Үкімет жастарға жағдайды жасап жатыр. Тек соны дұрысынан пайдаланып, жоғары деңгейде іске асыра білу керек. Болса, ары қарай табысың, болмай қалса, солай болуы керек деп ғана қабылдау керек, – дейді Мұратбек Серікбайұлы.
6 пайыздық мөлшерлемемен алынған 15 000 000 теңге несие – бір шаруаны бастауға жетерлік сома. Бизнес иесінің де айтатыны – осы.
Жастардың спортқа әуес болуы тек шымырлық ғана емес, сымбатты дене бітіміне байланысты. Осы орайда жаттықтырушыдан табиғи ақуыз (протеин) өнімін пайдалану бойынша кеңес сұрадық.
– Протеин – таза ақуызы бар табиғи өнім. Оны адам өсімдік, ет пен сүт өнімдерін тұтынғанда бойына сіңіреді. Адам ағзасына түскенде сөл арқылы ол аминоқышқылдарға ыдырап, оның молекулалары қанға түседі.
Протеин немесе қазақша айтқанда ақуыздың пайдасы қандай? Жоғарыда айтқандай, ол аминоқышқылдарға ыдырайды, өз кезегінде адам ағзасы тіндерінің синтезі процесін іске қосып, майлардың ыдырауынан кейін бұлшық ет көлемін арттырады. Ақуызды күнделікті пайдалану салмақты реттеуге септеседі, арықтауға немесе салмақ қосуға. Ақуызды күнделікті қабылдау мөлшері адам салмағының әр келісіне – 2,5 грамм, – дейді.
Демек, дене бітімін ретке келтірудің тағы бір құпиясы осында жатыр деуге болады. Ескерте кететін бір дүние, оны спортпен айналысып жүргенде ғана пайдалану керек. Әйтпесе, салмақты шектен тыс арттырып жіберуі мүмкін. Мұны біз жаттықтырушының берген кеңесінен байқадық.
Хош. Бәрін айт та, бірін айт, жоғарыда жастардың спортқа деген ынтасы артып келе жатқанына бек қуаныштымыз. Және фитнес орталықтарының көптеп ашылып жатқаны – жақсы жаңалық. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар мен көрсетілетін қолдау бәсеңдемеуі керек. Өз-өзіне қызмет ету деген осыдан басталады. Мемлекеттен берілетін қолдау жаман емес, бірақ бұл дүние соңында салық алымының артуымен аяқталмаса игі…
Е.СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!