Қазақ елінің арғы-бергі тарихындағы аса ғажайып тұлғалардың бірі – Бейбарыс сұлтан. Жаугершілік заманда қаршадай бала күнінде қыпшақ даласында тұтқынға алынып, жат жерде ерекше ерлігінің, асқан ақылының арқасында құлдықтан хандыққа дейін көтерілген, Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, моңғол жаулаушыларынан, крест жорығын бастаушылардан жалпы араб әлемін сақтап қалған ұлы бабамыз Бейбарыстың өзгеше өмірі «Әз-Зәкір Бейбарыс сұлтанның ғұмырнамасы» атты арабтың халықтық романында әсерлі әңгімеленеді.
Бейбарыс Жамақұлы (1223-1277) – түркі әулеті Бахридин шыққан мәмлүктердің Египетті билеген төртінші сұлтаны. Оны тарихи шығармаларда Бейбарыс деп атайды, оның шыққан тегі – қыпшақ. Бірақ қай жердің қыпшағы дегенге келгенде әртүрлі дерек айтылып, бірі Хорезм, Дербент қыпшақтарынан десе, екіншілері маңғыстаулық дегенді айтады. Соңғы зерттеулер бұл дүдәмалдықтың түйінін тарқатып, Бейбарыстың қыпшақ тайпасының Беріш руынан шыққан атақты әулеттің тұқымы екенін анықтауға мүмкіндік берді. Араб елдерінің «Мың бір түнмен» қатар қоятын халық романы «Бейбарыста» оның әкесі Жамақ, шешесі Әйек деп, олардың нақты есімдерін атап көрсеткен.
Бейбарыс Дамаскінің базарында 800 дирхемге құлдыққа сатылғаннан кейін жаңа қожайын Айдакин Бундукдаридың атымен әл-Бундукдари деген есімге ие болды. Кейін Бейбарыстың ерекше қабілетін байқаған Айюби әулетінің сұлтаны Салих Нәжумиддин оны өзінің жеке гвардиясының бір бөліміне сардар етіп алады. Сөйтіп ол енді жаңа әміршісінің атымен өзіне әл-Салихи деген есімді және қабылдайды. Ол осында жүргенде крест жорығына қатысушыларға қарсы күресте Египет әскеріне қолбасшылық етеді.
Египеттің жаңа сұлтаны Муиззәәддин Айбек Айюби әулетінің соңғы билеген кезінде Бейбарыс бас сауғалап, Сирияға қашып кетеді. Содан мәмлүктер Айбекті өлтіргеннен кейін ғана ол Каирға қайта оралады. Мұнда таққа жаңа отырған Музаффар Саифуддин Кутуз сұлтан оны әскеріне басшы етіп, Сирия жеріне ішкерілей кірген моңғолдарға қарсы күреске аттанады. Айн-Жалуд түбіндегі шайқаста мәмлүк қолы моңғолдардың тас-талқанын шығарады. Осы соғыста Бейбарыс ержүректілігімен айрықша көзге түседі. Бірақ Кутуз неге екені белгісіз, басқаларға сый-сияпат жасап, Бейбарысты елеусіз қалдырады. Осыған өкпелеген Бейбарыс өзіне ниеттес адамдармен келісіп, Каирға қайтар жолда Кутузды өлтіреді. Жақтастары Бейбарысты Египеттің сұлтаны деп жариялайды. 23.10.1260 жылдан бастап Мысырда Бейбарыс билігі орнап, патша сарайында іс түркі тілінде жүргізіледі.
Заманында Византия тарихшысы Пахимир былай деп жазды. «Мысырда скиф-билік орнатқанда сақ тайпаларынан құрылған әскер бұрынғыдан да молая түсті». Мысырдың хал-жағдайын жақсартып, онда 17 жыл тыныштық орнатты. Жер аумағын кеңейтіп, Батыс пен Шығыс арасындағы сауда жолының бірден-бір қожасына айналыпты. Тоғандар, каналдар қаздырып, бөгеттер тұрғызыпты, өзінің көрегенділігі, қажымас қайраты мен табандылығы нәтижесінде қара құлдан патшаға дейін көтеріліп, Мысыр мен Шам еліне билік жүргізіп, Алтын ордамен саяси байланыс құрған крест ұстағандардан елді тазартып, моңғол шапқыншылығына тойтарыс берген. Жаужүрек қолбасшы болуымен қоса, айлакер саясатшылығымен Ислам дінін қорғаған ұлы баба Бейбарыс сұлтанның сыры неде?
1. Бейбарыс билікке келген кезде қарапайым халықтың жағдайы нашар болды. Елді аштық пен жалаңаштық жайлап тұрды, тәртіп болмады. Осы кезде сұлтан Египет пен Сирияға темірдей тәртіп орнатумен бастайды.
2. Елдің негізгі экономикасы жер өңдеу мен сауда-саттық болатын, бірақ шаруалардың жұмысы жүйесіз болды. Әркім өз білгенін істеп, жерді тиімді пайдалана алмады. Жерден жақсы өнім алынса, азық мол болып, халықтың жағдайы көтеріліп, сауда-саттық дамитынын көре білген Бейбарыс жерді суландыру, канал қаздыру сынды жұмыстарды қолға алып, халықты еңбек етуге шақырды.
3. Егіншіліктен түскен мол өнім сауданың дамуына мүмкіндік берді. Бейбарыс осыны пайдаланып, кішігірім базарлар салдыртып, қалааралық, еларалық сауданы күшейтті.
4. Бейбарыс сұлтандыққа келгеннен бастап қорғанысты күшейтеді. Қалалар арасындағы қатынастарды дамыту мақсатында керуендерді тонау, кісі өлтіру сияқты қылмыстардың тамырына балта шабуды көздейді. Ол жолдардың бойында бөгетер аштырып, керуен-сарайлар салдыртады. Түнде қала ішіне шамдар қойдырады. Әскерде қатал тәртіп орнатады, қарақшылардың көздерін жояды.
5. Бейбарыс көп жағдайда батыл шешімді әрекеттер қолданылмайша, жат қылықтарға қарсы күресу ниетінен шықпайтынын біледі. Сирия майданында қолға түскен 1300-дей моңғол жүзбасы, мың басыларына ислам дінін қабылдаттырып, бәрін сүндеттеп, мұсылмандық жолынан таймауға ант алған.
6. Бейбарыс сұлтан әділет сарайын салдыртады. Ол сарайға әркім келіп, әділетке жүгіне алатын болған. Арыз-шағым беріп, ақ жол тілегендер әділеттің ақ сарайының алдын бермей, сол жердің жиі қонағы болған. Бейбарыс бұл сарайда ел-елдің елшілерін қабылдап, дипломатиялық қарым-қатынастар мәселесін шешкен.
7. Бейбарыс Каир қаласында «Орда» деп аталатын ғимарат салдыртады. Ол жерде таза қыпшақ әдет-ғұрыптары, ойын-сауық дәстүрлері орнығады. Киіз үйлер тігіліп, ет асу, қымыз дайындау, саба пісу, ән айтып, күй тарту адамдардың рухани сәнін келтіреді.
Бейбарыс сұлтан өмір бақи, тіпті әмірші болған кезінде де тек қыпшақ тілінде сөйледі. Арабтар мен тілмаш арқылы ғана қарым-қатынас жасады. Сондай-ақ, Ораза кезінде 5000 адамға ауызашар да берген көрінеді. Медресенің жанынан жетімдер үшін Құран оқыту мектебін ашуы да Бейбарыс бабамыздың тарихи тұлғасын биіктете түседі.
Оның қайырымдылығы, жақсылыққа болысуы бір төбе, ол Мәдина қаласындағы пайғамбардың зиратының қасында аурухана тұрғызып, оны жатып және келіп емделетін аурулар үшін қажетті дәрі-дәрмектермен жабдықтап тұрды. Осы аурухананы жыл сайын қасиетті жерлерге жіберілетін азық-түлік, май, балауыз және т.б. қажетті заттардың бір бөлігі келіп түсетін етіп реттейді. Пайғамбар қабірінің үстіне қоршау орнатады.
Сөйтіп мысырлықтардың ғана емес, күллі мұсылман халықтарының мақтанышына айналды. Онда Бейбарыстың атағы мен абыройына көлеңке түсіретіндей ештеңе жоқ. Оның істеген әр әрекеті, ол айтқан әр сөз ерекше ерлік пен данышпандық ретінде дәріптеледі. Бұл, бір жағынан, тарих топалаңына молынан ұшырап, көп зардап шеккен елдің оған деген шын ризашылығынан туса, екінші жағынан, оның тұсындағы мұсылман дүниесіне ортақ жетістіктер болып танылған жеңістерді ерекше бағалағандық еді. Оның үстіне өз елдерінің беделін қайтадан қалпына келтірген тарихи тұлғаның өмір жолының көлеңкелі беттерін қазбалау мысырлықтардың ұлттық санасының мүдделерімен сыйыспайтын еді.
Қорыта айтқанда, Мысырдай ұлы мемлекеттің, араб дүниесінің тарихында ғана емес, жалпы адамзат шежіресінде өзінің өшпес ізін қалдырған Бейбарыс сұлтанның қыпшақ ұлысының, яғни кейіннен қазақ атты ұлттық туының астына біріккен елдің ұланы болғаны, барша қазақ мақтан етер асқан ақылы мен ерен ерлігі, өмір бойы туған жерін аңсап өткен перзенттік сағынышы ұрпағымыздың ардақ тұтуына әбден лайықты тарихи тұлға деп білеміз.
Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
тарих ғылымының докторы, профессор
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!