Шаһар басшысы Асылбек Шаменов А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала тұрғындарымен қорытынды кездесу өткізді. Өзге жиындағыдай атқарылған жұмыстарға шолу жасалды. Шыны керек, осы есеп берудің қажеттілігі жоқ деп жатады. Алайда бұл – өте керек есеп. Себебі әкімдер халыққа «не керек?» деп кездесуге шығып, өтініштерін тыңдайды. Тіпті «бақылауға аламын» деп уәде беретіндері бар. Міне, осы уәделер орындалды ма? Атқарылған жұмыстардың қанша пайызы халықтың тілегі? Кезінде сайлауға түскенде «аузыңнан ақ май ағызам» деген мәтінде келген ауыл әкімдері қазір жұмысын тыңғылықты атқаруда ма? Немесе «маңғыт, аузыңа саңғыт» деп жүр ме? Халықтың әкімдерге сұрағы көп қой, біздің мақалада да сұрақ көп болып кетті. Жалпы, елімізде сұрақ жалқы қалып жүргені белгілі. Осының барлығының ашығын білу үшін әкімнің бір жылдық есебі керек-ақ. Олай болса, қала әкімі Асылбек Шәменов қала тірлігіне нендей үлес қосыпты?
– Биыл Қызылорда қаласында тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға Ұлттық қордан, республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 53 миллиард теңге бөлініп, ірі жобалар жүзеге асуда. Аймақ басшысының бастамасымен облыс орталығында бір мезетте қатарынан үш бірдей ғимараттың іргетасы қаланды. Олар – 1,6 миллиард теңгені құрайтын «Неке сарайы», 3,7 миллиард теңге болатын 1000 орындық «Көпфункционалды кешені» және 2,8 миллиард теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығының» құрылыстары. Бұл ғимараттар қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік қосып, ынтымағы жарасқан тұрғындарымызға ерекше тарту болмақ. Сонымен қатар, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы қарқын алды, – деді қала әкімі.
Бұған қоса, инфрақұрылымдық әлеуетті дамытуда Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 31 миллион АҚШ доллары болатын «Қорқыт ата» әуежайы жаңа терминалының құрылысы басталды. «Қазгермұнай» Ұлттық компаниясы басшылығы заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» жобасын қолға алды. Сондай-ақ, шаһарымызда 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Халықпен кездесулердің бірінде ауыл ақсақалдары қала әкімі Асылбек Шәменовке қарата «Сіздің несібіңіз мол екен. Қанша уақыт бойы жырлаған өтініштер енді орындалды» деп айтқаны бар еді. Расында да, солай ма, бәлкім сәйкестік пе, әлде шаһар басшысы абыройға жұмыс істеп жатыр ма, әйтеуір біраз тірлік атқарылуда. Қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының да іргетасы қаланды. «Акса энерджи» түрік компаниясымен бірлескен жұмыстар 2025 жылы аяқталып, жаңа нысан ел игілігіне беріледі. Бұл арқылы қала аумағы сапалы жылу және электр энергиясымен толық қамтылатын болады.
Өткен жылдары қала әкімімен кездесуде көбіне денсаулық пен тұрғын үй мәселелері айтылатын. Бүгінде қалада бірнеше көпқабатты тұрғын үйдің құрылыстары жүруде. Ауқымды жобаларға республикалық және облыстық бюджеттерден 27 миллиард 510 миллион теңге бөлінген. Осы нысандардың құрылысы аяқталысымен, баспана кезегіндегі тұрғындарға пәтер кілттері табысталады. Жауаптылардың аййтуынша, құрылыстағы биылғы ерекшелік сол жағалаудан 7 қабатты 6 үй бой көтеруде. Ал, денсаулық саласына қатысты қуанышты жайт бар. Бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана салуға республикалық және облыстық бюджеттерден 3 миллиард 272,4 миллион теңге бөлініпті.
Жиында ауызсу мәселесі көп айтылды. Халықтың неден зардап шегіп жүргенін осыдан аңғаруға болады. Биыл тозығы жеткен ауызсу және кәріз су желілерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден барлығы 3 миллиард 791 миллион теңге қаралған екен. Демек, қаржы қол байлау болып тұрған жоқ. Тек тәуір нәтиже күтеміз. Бөлінген қомақты қаражат ағын судай ағып кетпесе болғаны…
Мұнан бөлек, сол жағалаудағы тұрғын үйлердің ауласына балаларға ойын-сауық кешендерін салу туралы өтініш қозғалды. Тіпті «Қаңтар оқиғасына» қатысқан қызылордалықтар көше атауын өзгерту туралы ұсыныс айтты. Олардың айтуынша, Назарбаев даңғылы деп қалу халыққа деген құрметтің жоқтығы сыңайлы. Сол себепті Жібек жолы даңғылы деп аталса екен деді. Қалада жауын-шашынның әсерінен бүкіл құрылыс мекемелерінің шикілігі ашылғаны анық. Осы жайында да тұрғындар қоса кетті. Мәселен, бір-екі жыл бұрын жаңғыртудан өткен Төле би мен Көшербаев көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолы салынған. Қазіргі таңда сондағы бордюрлар үгітіліп қалыпты. Қала әкімі бүкіл мәселені тыңдады. Жеке қабылдау да өткізді. Бұл аз болса дегендей, қағаз жүзінде халықтың өтінішін алды. Ендеше, өтініш арқалаған әкімнің іскерлігін халық тағы да күтеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!