Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Саясат футбол, футбол саясат емес…

27.03.2023, 15:10 417

HALYQLINE.KZ

Дәл осы күндері түрлі пікір қалдыратын пост шығар бәлкім. Пікір білдіріп жатсаңыздар, қарсы емеспін, тек жеке басты қозғап, тым жақсы әңгіменің іріңін шығаратындар болса, «менікі, өкиништі» болып жүрмесін…

Ораза ұстап саяси мауқымдарыңыз шүкіршілік етіп жүргенде, мына футболдағы жеңіс біршама саяси ой-пікірлерге тамызық болды.

Алдымен, 19 наурыздағы сайлау футболдай болмады десек, бұл мәселенің бір-біріне қарсы екі дәйегі бар.

Біріншісі, жеңіп келе жатып, жеңіліп қалу, бұл футболға ұқсас. Екіншісі, жеңіліп келе жатып жеңіп кету, бұл да футболға ұқсас. Мұндағы тағы бір керемет ұқсастық – саяси мінез спорттық мінез сықылды және жанкүйерлік жоғары көңіл күй тағы бар.

Ал енді, саясат футбол емес десек. Сөзсіз, мұнда басты екі ерекшелікті атап өтуіміз керек. Біріншіден, сіздің жеңісіңізді әділ төреші анықтауы тиіс, яғни сайлаушы. Бірақ, осы «бірақ» деген дүние құртады ғой. Бірақ, сол әділ дауысты жинап, санап беретін реферидің орнына сайлау комиссиясы қызмет атқарады. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып шығадын әдеті әлі бар. Негізі сайлау комиссиясы жалпы сайлаудың басты фавориті болып келгеніне, міне, бақандай отыз екі жыл екен.

Футболда ойыншылар нақты өзі не істейтінін біледі. Әрқайсысы өз орнында тұрады. Ал сайлауда, кейбір кандидаттар не үшін жүргенін, қайда бара жатқанын, сайлаушыға не айтарын да білмей жатады? Бұл – нонсенс. Бізде осыдан барып, қаншалықты азаматтық қоғамның деңгейін ел тізгінін ұстаймын деушілерден-ақ көруге болады.

Талай біртүрлі қызық кандидаттарды көрдік қой, сайлау сонысымен де қызық болуы заңды құбылыс. Мысалы, кейбірі дарақылықпен түсіп жатса, кейбірі көзтойымсыздығымен қайта билікке ұмтылып жатты. Ал, кейбір кандидаттар нақты сайлаушымен жұмыс істеп, көше аралап, әлеуметтік желіні пайдаланып, ақшасын сарп етіп әрекеттеніп жүрді. Соңғыларының саны аз болды.

Осы сайлауда өкінішке қарай, реферидің әділетсіздігінен опық жеген кандидаттар аз болмай тұр. Ойланатын мәселе. Егер пікірлер алуандығына басымдық беріп, қоғамда конструктивтік қоғамдық диалогты орнатайық десек, кешегі копченный балықтың әдістерімен алысқа бармайтындықты түсінуіміз керек. Егер саясатта да футболдағыдай, Бақтиор Зайнуддинов, Максим Самородов, Нұралы Әліп, Абай Айымбетов, Ян Вароговскийлерді көрейік десек, Санжар Боқаев, Мұхтар Тайжан, Рысбек Сәрсенбай, Уәлихан Қайсаров сияқты ел танып, жұрт қолдап жүрген саясаткерлерді Парламенттің алаңына қосып жатса, қателік болмас еді. Одан Қазақстанның саяси аренасы жаңа сапаға көтеріліп, ықпалды Парламент, жауапты Үкімет идеясы, бастысы Әділетті Қазақстан тақырыбы мазмұнды реңмен көмкерілер еді. Әрине, әттең деп қоямыз.

Егер саясат футболдағыдай ақыл мен тәжірибенің күшімен жүргенде, құлақ та тыныш, халық пен биліктің арасындағы сенім көпірі де арта түсер ме еді?!

Парламентке өткен кандидаттарды неге айтпай қалдың деген ой да туындамас үшін, жаңа құрамның ішінде менмұндалап тұрғандар да жоқ емес, бар. Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ермұрат Бапи, Дәулет Тұрлыханов, Базарбек Бақытжан, Ардақ Назаровтардың да қоғамдағы қызметтері жетіп артылып жатыр. Мүмкін қосымша партиялық тізіммен де сапалы азаматтар келе жатар. Жалпы, жаңа парламенттік құрамның жұмысын уақыт көрсетіп, бағасын халық береді.

Десе де, бұл сайлаудың қорытындысын бәрі керемет өтті десек, бетіміз бес келі қалың болған екен деген диагноздың құрбаны боламыз. Сондықтан, сайлауда егер «рефери» тарапынан заңсыздықтар болса, заңның алдында солар ар-ожданын қорғап жауап беріп шықсын. Бұл да әділеттілік. Біз көшімізді осылай жүре түзейміз. Ит үргенімен керуен соқыр сеніммен көше бермес. Құдайға шүкір, Конституциялық сот та осы бағытта құрылды. Бұл үшін  көшеге шығып байбалам салғаннан гөрі, нақты конституциялық құқықтардың бұзылғаны анық болса, жүгінген абзал. Бар ақылым, әзірше осы…

Мақсат  ЖАҚАУ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: