Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«СOVID-19» мәселелері: вакцина, саясат, шығын

23.04.2020, 11:29 828

Әлем елдерін әлекке түсірген, таралуы тез, жұқпалы вирус өткен жылдың­ соңғы тоқсанында Қытайда тарап, адам өміріне ауыз салған еді. Вирус­ болған соң ол шекараға қарамайтыны анық, қоршауда қамалып және тұрмайды. Елден-елге, адамнан-адамға тарап, жаһан жұртының зәресін қашырғалы жарты жылға жуықтап қалды. Таралу ауқымы кеңейіп, уақыты ұзарған сайын өзгеріске жиі ұшыраған соң мамандар арнайы вакцина­ ойлап­ таба алмай жатыр. Мұны ғалымдар мен мамандар да растап­  отыр.

ҚЫЗЫЛОРДАДА  151 ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛГЕН

Қазіргі күні коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандықтар саны 2000-нан асты. Қайтыс болғандар да, аурудан айыққан­дар да бар. Ал Қызылорда облы­сында 151 жағдай тіркелген. Өкініштісі сол, толық емдеу курсынан өткен кей науқастың сынама көрсеткіші әлі де оң нәтижеге ие.

– Емнің тағайындалуы науқастың жағдайына байланысты. Өздеріңіз білетіндей, аурудың ешқандай белгісі жоқ, бірақ вирус анықталған науқастар да бар. Оларға таға­йындалған ем жеңілдеу болады. Ал шағыммен, яғни дене қызуының көтерілуімен, тамағ­ының ауырсынуымен, жөтелмен түсіп жатқан науқастарға берілетін емнің көлемі көптеу, пневмониямен тіркелгендерге ем күрделілеу болады. Хаттамаға сәйкес біз 14 күн мен 18 күннің арасында қайтадан тест алуымыз керек. Өйткені емнің нәтижесі сол аралықта бағаланады. Қазіргі таңда 3 нау­қаста қайталама тест оң нәтиже беріп, емдеу­ курсын жалғастыруда, – деп мәлімдеді об­лыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов «Qyzylorda» телеарнасына  берген  сұхбатында.

Күн өткен сайын анықталған әр науқас тұрғындардың  үрейін  ұшырып отыр дегені­мізбен,  сақтық шараларына және карантин режиміне мұқияттылық таныту керектігін еске салып тұрғандай. Бейқам жүрген адамдар­  қаншама?!

ВАКЦИНА ЖАСАУ – ҚИЫН ТЕХНОЛОГИЯ ЕМЕС…

Дәл қазіргі уақытта вируспен күресу салдар­ын қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде еліміздегі Микробиология және виру­сология ғылыми-өндірістік орталығы вирустар экологиясы зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы Айдын Қыдырмановпен аз-кем сөйлестік.

 – Вакцина жасау – қиын технология емес, бірақ кейбір вирустық инфекцияларға вакцина жасауға қиындықтар бар. Қазіргі тарап жатқан коронавирус солардың қатарына жатад­ы. Оны жасаған күннің өзінде бүгін, ертең, биыл, келесі жылы дайын бола қоймайды. Жалпы, вакцинаның жасау технологиялары бар, басқа вирустық инфекцияларға жасаған тәжірибелер де бар. Дәл мына коронавирусқа қарсы осы уақытқа дейін дүниежүзінде ешкім вакцина жасап көрмеген. Талпыныс болған, бірақ вирустың табиғатына, организмге енгенген кейін иммунитеттің жауаб­ына байланысты сәтсіздіктерге ұшы­раған. Бұған дейінгі SARS, MERS инфек­цияларына да сәтті вакцина жасалған жоқ, – дейді вирусолог А.Қыдырманов.

ВАКЦИНА ТИІМДІ МЕ,

АНТИВИРУСТЫҚ ПРЕПАРАТ  ТИІМДІ МЕ?

Әлем елдерінің ішінде Қытай көп уақыт жоғалтпастан вакцина ойлап тауып, бүгінде оны сынақтан өткізуде. Ресей 2021 жылдың ортасына таман әзірленеді деп отыр. Ал бізге қанша уақыт қажеттігін маманның өзінен сұрадық.

– Тағы бір кедергі, бұл – вирустың өзгергіштігі (мутацияға ұшырауы – ред.). Қазіргі қолға алған вакцинаны дайындап болған­ша біздің жағдайда 2-3 жыл өтеді. Дайында­лып, өндіріске енгізілгенде 3,5-4 жылдың жүзі болады. Оған дейін бұл вирус қалыпты түрге айнала ма, әлде тағы да өзгеріск­е  ұшырай ма, ол жағы  әзірге белгісіз. Дүниежүзінде бірнеше фармацевтикалық компаниялар бар, вакцина жасайтын кәсіп­орындар бар. Солардың ішінде еш кедергіге қарамай бұл іске кірісіп кеткен әлеуеті зор компаниялар кездеседі. Кей елдерді­ң күмәні басым, сондықтан «мықтылардың» көлең­кесінде қалып қояды. Мойнына­ міндет алып, істі бастаған соң оның нәтижесі қандай болад­ы, ол да белгісіз. Мысалы, қарапайым жедел респираторлы вирусты инфекцияның құрамы жыл сайын өзгеріп отырады.

Қазіргі кездегі ең маңызды қадам – ауруды емдеу. Қазір вакцина жоқ. Келесі жолы немесе 3-5 жылдан соң да осы тектес вирустар тарап жатса, оған да төтеп бере алатындай вакцина ойлап табу керек. Өйткені оның эволюциясына ілесіп вакцина жасағаннан гөрі бір рет қолданғанда аурудан айығып кететін­дей антивирустық препараттың тиім­ділігі әлдеқайда жоғары. Және ол препарат жан-жағындағы органдарға зиянын тигізбей, тек вирустың функциясын тежеп, тоқтатып, сол арқылы одан әрі өсуіне мүмкіндік бер­мей­тін болуы керек. Ал вакцина вирус өзгеріске ұшырап кетсе, жарамай қалады. Ал дәрінің айырмашылығы, қолданып, жазылған соң қатарға қосылады, – деді А.Исағали­ұлы.

ИНФЕКЦИЯ АДАМ АҒЗАСЫНДА САҚТАЛА МА?

Көп адамды «Сovid-19» инфекциясын жұқтырғандардың одан кейінгі өмірі туралы сұрақтар мазалайды. Мәселен, «бұрын ауырған адамның қоршаған ортамен байланысы бұрынғы қалыпта қала ма, әлде өзгере ме?» деген секілді. Бұл – әркімнің өзінің ұстанымына және араласу деңгейіне байланысты қалыптасатын жағдай. Десек те, көпшіліктің көкейіндегі «бұл вирус адам ағзасында өмір бойы сақтала ма?» деген сұраққа да жауап алдық.

– Жоқ, бұл инфекция өмір бойы ағзада қалып қоймайды. Организмде сақталатын вирустар түрі бөлек. Ағзаның иммундық жауабы­ оны шығарып тастайды. Бірақ, бел­гілі бір уақытта аурудан айықса да, ағза вирус­ тасымалдаушы ретінде жүреді. Бірақ, өмір бойы емес. Десе де, коронавируспен ауыр­ған адамда бұл процесс қайталануы мүмкін, бірақ вирустың дәл осы штаммымен ауырмайды. Генетикалық мутацияға ұшыраған түріне шалдығады. Өйткені, алғашқыда организмде­ пайда болған иммунитет басқа вирусқа дайын­ болады да, қайталама түрінде, яғни өзгеріске ұшырап енгенде ағзаның иммундық жауабы бұл жаңа түрін сүзгіден өткізе алмайд­ы және қорғана алмайды. Біріншіден, өзгерген жаңа вирус ағзаға енеді, екіншіден, организмде бұрынғы қалған вирус жаңа вирустың енуіне көмектесуі мүмкін. Бұл да – қауіптің бір түрі. Яғни, вакцина жасаудағы мәселелер иммунитеттің тұрақсыздығына байланысты, – деді биология ғылымдарының докторы  Айдын  Қыдырманов.

КОРОНАВИРУС ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА

Чех молекулярлық генетигі және вирусологы, «Tilia Laboratories» зертханасының меңгерушісі Соня Пекованың да пікірі осындай. Вирусолог дәрігер SARS-CoV-2 мутацияға өте қабілетті екенін атап өткен. Оған дәлел ретінде науқастардың қайтадан жұқ­тыру жағдайларының тіркелуін айтқан.

– Вирустың жұғуына байланысты ақуызы да өзгеруі мүмкін, ол кезде вакцинадан да қайыр жоқ. Жаңа коронавирус тез арада өзгеріп жатыр. Қазір әзірленіп жатқан нәрсе біраз уақыттан кейін тиімсіз болып қалуы мүмкін, – депті «Радио Свобода» радиосына берген  сұхбатында.

Қауіпті вирустың жылдам тарап, мемлекеттің басты капиталын азайтып жатқаны әлем көшбасшыларын ойландырып отыр. Мәселен, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай коронавирусты саналы түрде тарат­қаны анықталса, жағдайы қиындайтынын айтты.

– Біз тексеріп жатырмыз. Көреміз не бола­рын. Егер бұл саналы түрде жасалған әрекет болса, соңы жақсылық болмайтыны анық. Екі нұсқа бар: біріншісі, олар мұны бақылау­дан шығарып алды, екіншісі, саналы түрде таратты, – деді Трамп.

Ақүй билігін алақанында ұстап отырған Дональд геосаяси және сауда саясатында өте сауатты, қатал, ұстанымды және бірбеткей, одан қалды санкцияшыл перзидент ретінде танымалдылығы зор. Сондықтан болар, ол мақсатсыз, дәлелсіз сөзге де құмар емес. Дәлелдеу керек болса, кез келген мүмкіндікті пайдалана алады. Айғақ іздеу ол үшін түкке де тұрмайды. Сондықтан болар, АҚШ президентінің бұл жолғы сөзін ҚХР Сыртқы істер министрлігі коронавирус тарай бастаған күннен бастап Қытай ақпарат ашықтығы позициясын ұстап келе жатқанын алға тартып, ақталуда. Ізінше Уханьдағы вирусология институтының директоры Юань Чжимин да коронавирусты қолдан жасады деп айып тағушыларға «бұл вирустың біздің орталық­пен ешбір байланысы жоқ» деп жауа­п берді. Және вирустың адам қолымен синтезделгені туралы ешқандай нақты айғақ жоқтығын да алға тартты.

 – Кейбір ғалымдар вирусты синтездеуге алапат интеллект пен еңбек керек екенін айтады­. Ал мен осы күнге дейін адам қолымен вирусты жасауға болады дегенге сенген емеспін, – деген ол өз жауабында.

Одан бөлек, француз вирусологы, Нобель сыйлығының лауреаты Люк Монтанье вирус­тың қолдан жасалғаны туралы мәлім­деме  жасаған.

– Қытайдағы зертханада коронавирустық инфекцияның жаңа түрі пайда болды. Коронавирустың жабайы аңдардан Қытайдың Ухань қаласындағы базарға өткеніне сенбей­мін. Бұл – әдемі аңыз. Мүмкін емес. Вирус Ухандағы зертханадан шықты, – деді ол.

Атақты вирусологтың бұл сөзіне жауап ретінде Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Чжао Лицзян «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты жасанды түрде жасау нұсқасын растаған жоқ» деп жауап берді. Бастысы сол, коронавирустан көп зардап­ шегіп отырған мемлекеттің бірі Германия Қытайдан 149 миллиард еуро шығын төлеуді талап етіп отыр. Ал Қытай елі мұны ксенофобия мен ұлтшылдықты қоздыру фактісі­не  жатқызуда.

Әліптің  артын  бағайық…

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: