Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлтқа қызмет етудің үлгісі

21.03.2023, 10:00 294

Темірбек Жүргенов – 125 жыл

1930-1933  жылдары  Қазақ өлкесінде бол­ған  ашаршылық зардаптары халық ағарту ісіне кері әсерін тигізді. 1931-1932 жыл­дары оқушылардың саны азайып, жетімдердің саны өсті. 1932 жылы балалар үйіне 68 мың бала, 1933 жылы 45 мың бала орналастырылды. 1934-1935 жылдары интернаттың саны 127-ден 221-ге дейін жетті. Осы қиын-қыс­тау заманда 1933 жылы Темірбек Жүргенов Қазақ КСР Халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Қазақ­стандағы мәден­иет, әдебиет, өнер сала­сындағы талант­ты ұйым­дастырушылардың бірі, рес­публиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Оның есімі тек қазаққа ғана емес, исі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақ­станға  ортақ тұлға, қаламы қарым­ды  сыншы-көсемсөз  иесі  саналады.

Темірбек Қараұлы 1898 жылы қарашада Қызыл­орда облысы, Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында «Жүргеннің қыстауы» деген  жерде  дәулетті малшы отбасында туған. 1923 жылы  Орынбор қаласында жұмыс­шы факультетін, 1927 жылы Ташкент қаласында Орта Азия  мемлекеттік универ­ситетінің құқық факультетін  бітірген. 1913-1917 жылдары Перовск қалалық жоғары орыс-қазақ училище­сінде, Уфа жер өлшеушілер училищесінде оқыған. 1918-1919 жылдары Торғай қаласындағы «Қазақ мұңы» газетінде редак­ция алқасының мүшесі, 1919-1920 жылдары Ырғыз уезінде Кенжеғара болыс­тық революциялық комитетінің төрағасы, 1920-1922  жылдары  Ырғыз уездік  революциялық комитеті төрағасының орынбасары, кейін төрағасы болды. 1923-1927 жылдары Орта Азия университетінің студенті атанды. 1923-1926 жылдары Қазақ АКСР-ның Түркістан Республиксындағы  өкілетті  өкілі, Қазақ педагогика­лық инс­титутының ректоры (Ташкент), 1927-1929 жылдары Орта Азия университетінің ғылыми қызметкері, 1929-1930 жылдары Өзбек КСР қаржы халық  ағарту  комиссары (Станилабад қаласы), 1930-1933 жылдары Өзбек КСР халық ағарту комиссары болған. 1933 жылдың шілдесі мен 1937 жылдың  шілдесі  аралығында  Қазақ  КСР  халық ағарту комиссары, 1935-1937 жыл­дары жаңа қазақ алфавиті комитеті төр­ағасының орынбасары, 1936-1937 жылдары Халық комиссары кеңесінің жанындағы Өнер басқармасының бастығы қызметтерін  атқарды.

1929-1930 жылдары Темірбек Жүргенов Тәжік АКСР-ның Орталық Статистикалық Басқармасының бастығы қызметінде болды. Басшы бола жүріп, Тәжік елінің әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағынан тұрақтануына, мемлекеттік аппарат қызмет­терінің қалыптасып, жүйелі жұмыс жүргізуіне зор еңбек сіңірді. Индустрияландыру алға басып, мақта тазарту зауыттары жаңғыртылып, Душанбеде жібек түтететін фабрика, Ходжентте жібек комбинаты, тамақ өнеркәсібі орындары салына бастады. Варзоб ГЭС-нің бірінші кезегінің құрылысы аяқталды. Темірбек Қараұлы Түркістан Республикасында Қазақстан өкілі болып жүргенде қызмет бабымен Тәжікстанға жиі барып, жергілікті  халықтың тұрмыс-тірші­лі­гінен, экономикалық хал-ахуалынан жақсы хабардар болды, оның ескі өзбек және тәжік тілдерін жақсы білуі жергілікті халықпен араласуын жеңілдетті, шығармашылық интел­лигенция өкілдерімен байланыс орна­тып, қоғамдық өмірде барынша белсенді қыз­метін  жалғастырды.

Темірбек Жүргенов Қазақ КСР халық ағарту комиссары қызметінде бастауыш және орта білімді жақсартуға, сауатсыз­дықты жоюға, мектепті оқулықтармен қамтамасыз етуге, мұғалім кадрларын дайын­дауға көп көңіл бөлді. 1933-1934 жылдары республикада 6 жоғары оқу орны ашылса, 1933-34 жылдары балабақша қызметкерлеріне 325 адамға 3 айлық курс, әскери оқу орын­дарына түсу үшін дайындық курстарын ашты. Оның тіке­лей атсалысуымен «Қазақ өлкесінде мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерінің санын көбейту туралы» қаулы қабыл­данды.

«Төте оқу» атты газет шығып тұрды. 1934 жылы 468 мың дана, ал 1935 жылы 1,5 млн дана оқулық кітап басылып, таратылды. 1935 жылы бастауыш мектеп саны 6587, оның 3751-і қазақ мектебі болса, 573 орта­лау және 169 орта қазақ мектебі болды, оларда  640100 оқушы оқыды. 1937-1938 оқу жылында Қазақ­станда оқушылар саны 1 миллионнан асты. Орталау мектеп саны 417-ден 1097-ге, ал орта мектеп 31-ден 315-ке дейін көбейді. 1934 жылы 15 қаңтарда Қазақ мемлекеттік университеті ашылды. Мәдени-ағарту сала­сында 30-ға жуық, өнеркәсіп, транспорт, байланыс үшін 20-дан астам техникум ұйым­дастырылды. 1935 жылы қаңтарда Қазақ­станды зерттеу қоғамының жаңа жарғысы бекітіліп, архив, музейлер ұйымдастырылды. Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мемлекет қарауына алынып, Тұрмағамбет Ізтілеуовке тапсырма беріліп, «Шахнаманы» тәржімалады. Темірбек Қараұлының бастамасымен Қазақ мемлекеттік музыкалық театрының (Қазақ және опера театры) қазақ драматургиясының дамуына үлес қосты. 1934 жылы Алматыда Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-ші слетін ұйымдас­тырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, Қ.Жан­дарбеков тағы басқа қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Қазақ әндері туралы өнер зерттеушісі А.Затаевичке мәліметтер берді. 1936 жылы мамырда Мәскеу қаласында Қазақ­станның әдебиет пен өнерінің онкүндігін ұйымдастырушылардың бірі болды, слет  жұмысына  қатысуға  25  бала  жіберді.

Ол ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Аударма ісіне көңіл бөліп, А.Пушкин, М.Лермонтов, Н.Гого­ль, Л.Толстой, М.Горький тағы басқа жазушылардың шығармаларын қазақ тіліне аударып, баспадан шығарды. А.С.Пушкиннің қайтыс болуының 100 жылдығын, С.Сейфуллиннің шығармашылығының 20 жылдығын ұйымдастырып, комиссия төрағасы болды. «Жаңа мектеп» журналы, «Литературный Казахстан» газеті редакция алқасының мүшесі болып, баспасөзде «Годы работы Казахского высшего педагогического института» (Ташкент, 1928 г), «За ликвидацию недочетов в работе школе» (Большевик Казахстана, №4, 1935 г), «Задачи школ Казахстан в учебном году» (Большевик Казахстана, №9, 1935 г) тағы басқа көптеген мақаласы жарық көрді. 1924 жылы Қазақстан ақын-жазушыларының өлеңдері мен поэмаларын жинақтап. «Терме» атты жинақ құрастырып, ол 1936 жылы толық­тырылып, орыс тілінде басылып шықты. Әдеби сын мақалалар жазып, Меруерт сияқты шарасыз бейнелер емес, Шұға сынды сындарлы, рухты, кесек образдарға қалам тербеді. Ағарту комиссарының әзірге 7 кітап, 150-ден астам әдеби-публицистикалық мақала жазғаны белгілі  болып  отыр.

Темірбек  Қараұлы бар болғаны 40  жыл ғұмыр  кешіп, «халық жауы» деп айып тағылып, 1937 жылы 2 тамызда тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда ату жазасына кесілді. 1957 жылы 18 сәуірде ақталды. Темірбек Қараұлы­ның жары Дәмеш апай 1938 жылы түрмеге қамалып, 8 жылға сотталды. 1957 жылы  Алматыға  қайта  оралып, 1990 жылы 86  жасында дүниеден өтті. Олардың Шора­тай  атты жалқы ұлдары Тәшкенде оқып жүрген кезде қайтыс болды. Бауырларына басқан іні-баласы Жұманазар «халық жауы» деген түртпекке шыдамай, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға өз еркімен сұранып кетіп, содан оралмаған. Темірбек Жүрге­новтың қаламынан туған мол мұраны жинас­тыруда Р.Сүлейменовтың, Т.Дайрабайдың кітапшалары, ғалым Бауыржан Иманғалиевтың, басқа да ғалымдардың мақала, естеліктері жазылды. Темірбек Жүргеновтың есімімен көптеген көше, мектеп аталып, Алматыдағы Өнер Академиясына аты берілді. Артында халқы қадірлеп, 100 жылдығына арнап Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, т.б. іс-шаралар облыстық, республикалық деңгейде аталып өтсе, 2023 жыл «Түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы» деп жарияланды және «Темір Наркомның» 125 жылдығы кең түрде салтанатты түрде аталып өтетін болады. Халқына жаса­ған қалтқысыз еңбегі, мұра болып қалған әдеби-мәдени, оқу-ағарту саласында жазған құнды дүниелері мұрағат сөрелеріне қойы­лып, жоғары бағасын ала бастады. Себебі асыл азаматтың өнегелі өмірі, еліне деген сүйіспеншілігі бүгінгі ұрпақ үшін ұлтқа қызмет  етудің  жарқын  үлгісі  болары  хақ.

Қанат  ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ»  университетінің   жоғары колледжі  оқытушысы,

педагогика  ғылымдарының  магистрі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: