Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүкті әйелдер қандай төлем ала алады?

09.03.2023, 10:20 723

Газетіміздің қыз-келіншектерге арналған «Тұмар» бетіне бүгінгі күннің басты ахуалына айналған әйелдердің декреттік төлемі жайлы қалам тербейтін боламыз. Иә, сәби дүние есігін ашқан соң оның қажеттіліктері көп болатыны түсінікті. Қазіргі таңда бір бала үшін көптеген дүниені сатып алу маңызды болған. Оған декретке байланысты төлем алып, керегіне жұмсау аналардың басты міндетіне айналды. Әрине, қазір декреттік төлем алу үшін жұмыссыз болуың маңызды емес. Оның да шешілер жолы табылып жатыр. Бірақ декретке шықпас бұрын әрбір әйел адам білуі қажет мәліметтер жетерлік. Яғни, «еңбек демалысының қандай түрі бар, қандай қосымша жәрдемақы төленеді, төлем қанша рет жасалады?» деген секілді сауалдар бар. Бірінші кезекте осыған тоқталғанымыз жөн болар.

Еңбек  демалысының  қандай  түрі бар?

Еңбек Кодексінің 99-бабы бойынша, жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйелдерге еңбек демалыстары беріледі. Оған жүктілікке, босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алғандарға арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс түрлері жатады.

Босанған әйелдерге қандай жәрдемақы беріледі?

Босанған әйелдерге берілетін жәрдемақының түріне мыналар жатады:

• Жұмыс істейтін босанған әйелдерге жүктілігі және босанғанына байланысты табысынан айырылған соң әлеуметтік төлем беріледі. Сонымен қатар, бір жарым жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.

• Жұмыс істемейтін әйелдерге бір жарым жасқа толғанға дейін жасалатын бала күтіміне байланысты әлеуметік жәрдемақы төленеді.

Төлем  қанша  рет  жасалады?

Жүкті, босанған, жаңа туған баланы асырап алған әйел табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем бір рет, ал бала бiр жарым жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылса, әлеуметтiк төлем ай сайын төленеді.

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы мөлшері қандай?

Бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы:

• бір, екі және үшінші балаға – 38 АЕК – 131 мың теңге;

• төрт  және  одан  көп  балаға – 63 АЕК – 217 350 теңге.

Әйел адам егіз немесе үшем босанса, жәрдемақы әр сәбиге бөлек төленеді.

Құжат қанша күн ішінде қаралады?

Электронды үкімет порталы арқылы әлеуметтік төлем тағайындау қызметін 8 жұмыс күні ішінде алуға болады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕАҚ құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажет құжаттар қабылданған күнінен бастап 4 күн ішінде ақпараттық жүйе арқылы оларды мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына береді. Қор құжаттар түскен күннен бастап 4 күн ішінде әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Әлеуметтік төлем тағайындалмаса, не үшін берілмейтіні  айтылады. Кейін ұсынылған  құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КАҚ арқылы өтініш берушіге қайтарады.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін құжаттарды:

• жүктілікке және босануына байланысты жәрдемақы тағайындалуы үшін құжаттарды уақытша жұмысқа қабілетсіздігі парағы берілген күннен бастап 12 айдан асырмай беру қажет;

• 1 жасқа дейін бала күтімі бойынша баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген күннен бастап 12 айдан асырмай беру қажет.

Құжаттар  қайта  тексеріле  ме?

Қордың әлеуметтік төлемдерді тағайындауға, қайта есептеуге, тоқтата тұруға, қайта бастауға қажет құжаттарды тексеруге құқығы бap. Осы мақсатта қор мемлекеттік органдарға және тиісті ұйымдарға, салық төлеген, өтініш берген адамға сұрау салу құқығы бар.

Сонымен қатар, бүгінде жұмыссыз әйелдер де декреттік төлем ала алады. «Неліктен?» дейтін болсаңыз, қазіргі күні жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз бизнесіңізді жүргізіп, керекті төлемдерді өтеп тұрсаңыз, декреттік төлем алуға және бір жарым жылға дейін әлеуметтік төлемді де иеленуге құқылысыз. Мысал үшін, негізгі жұмыс орнынан бөлек жеке кәсіпті тіркеу арқылы декреттік төлемдерін көбейтетіндер бар. Яғни, қазір трендке айналған «Декретке миллионмен» деп қалтасын қампайтып алатындар секілді. Бұған қызғана немесе заңсыз деп қарау дұрыс емес шығар. Бірақ, «декретттік төлем алу үшін жеке кәсіп ашу заңды ма?» деген сұрақ мазалайтыны анық. Заңгер Ләззат Шайзадақызынан осы сауалымызға жауап алдық.

– Бірнеше  жерден  декреттік төлем алу заңды болып табылады. Сондай-ақ, негізгі жұмыстан бөлек кәсібіңізді заңдастырып, ЖК ашып, әлеуметтік төлемдер жасап, ол жақтан да декреттік төлем алудың заңға қайшылығы жоқ. Тек ескеретін бір жайт – кей мемлекеттік қызметкерлердің өз атына ЖК ашуына рұқсат жоқ. Ал егер кәсібі болмаса, тек декреттік төлем үшін ЖК ашып, тексерістен ұсталып қалатын болса, заңда ешқандай жауапкершілік  қарастырылмаған, – деді  ол.

Сонымен бірге, қазір декреттік төлем алу үшін ЖК ашып,  декреттік төлем алатын бір адам үшін басынан аяғына дейін жөн сілтеп, қаражатты қолына алып беретін, орысша айтқанда «сопровождение» жасайтын жандардың жұмысы да заңсыз емес екен.

Сонымен декреттік демалысқа миллионмен шығуға болады. Оның тағы бірнеше тиімді тәсілі бар. Еліміздегі тәжірибелі есепші мамандардың айтуынша, декреттік төлем алу үшін жеке кәсіп ашып, тұрақты орында жұмыс істеу ғана емес, жеке кәсібі бар адамның қолында қосымша жұмыс істейтін әйелдер де мемлекеттік сақтандыру қорынан декретке шығар алдында және ай сайынғы бала күтіміне байланысты ақша ала алады. Сондай-ақ, төлем ай сайын тұрақты түрде төленіп отырса, декреттік демалысқа миллионмен шығып және тұрақты түрде істейтін жұмыс орнынан да төлем есептеледі. Осылайша, болашақ аналар жеке кәсібінің және жұмыс орнының арқасында миллионер ана атанады. «Сопровождение» жасайтындардың да қарасы көбеюде.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: