Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сарышаған мен Семей полигонында қанша ядролық қару жарылды?

19.02.2023, 10:00 426

HALYQLINE.KZ

1975 жылы Хельсинкиде Қауіпсіздік шартына АҚШ пен СССР бастаған елдер қол қойды. Сол жылы «Аполлон» мен «Союз» ғарыш кемесі бір-бірімен түйісіп, екі елдің ғарышкерлері бірі-біріне өтіп, қол алысты. Осы ғарыштағы кездесу құрметіне «Союз Аполлон» сигареті де шықты. 1946 жылы басталған «қырғиқабақ соғыс» аяқталғандай көрінгенмен, екі елдің арасындағы саяси ахуал жақсарып кеткен жоқ. 1979 жылы Совет армиясының Ауғанстанға басып кіруі жағдайды ушықтырып жіберді.

1980 жылы СССР-дің бас хатшысы Л.И.Брежнев Батыс Европадағы НАТО өзінің ядролық ракеталарын алып кетсе, Совет Одағы да өз ракеталарын алып кететінін мәлімдеді. Бұған Англия мен Франция қарсы болғасын іске аспай қалды.

1983 жылдың 1 қыркүйегінде Тынық мұхит үстінен ұшып бара жатқан Оңтүстік Кореяның азаматтық авиациясының «Боинг-747» әуе лайнері бағытынан адасып, Сахалин аралының үстінен өтіп бара жатқанда ПВО-ның истребителі атып түсіруі бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Оны совет адамдары білген жоқ, тек біз сияқты «Америка дауысы» радиостанциясын түнде терезе мен есікті жауып алып тыңдайтындар білдік. «Боингтің» бортында 269 жолаушының 23-еуі жас балалар болатын.

АҚШ президенті Рональд Рейган СССР-ді «зұлымдық империясы» деп атады. Бұл 1962 жылғы Кариб дағдарысынан кем емес оқиға болды. АҚШ президенті Рейган тамыз айында Ақүй алдында сөйлер кезде, ертерек келіп микрофонды мамандар тексеріп жатқанда артистігі ұстап кетіп, былай деп мәлімдеме жасады: «Құрметті отандастарым! Мен Ресейді заңнан тыс деп жариялағандығым туралы Жарлыққа қол қойдым, 5 минуттан соң бомбылау басталады». Өзінің еңбек жолын Голливуд кинокомпаниясында актер болып бастаған Рейган үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепші бола жаздады. Бұны естіген Кремль дереу СССР-дің Қарулы Күштері мен Әскери-Теңіз Флоты соғыс жағдайына енгізіліп, ядролық ракеталармен АҚШ-ты атқылауға санаулы минутта дайын болды. Ақүймен тікелей байланысқан соң барып «отбой» бұйрығы берілді, бұрынғы артист Рейганның ойнап айтқан сөзі апатқа соқтыра жаздады.

1985 жылдың сәуірінде КПСС ОК бас хатшысы болған М.С.Горбачев қоғамды демократияландыру үшін жариялылықты жариялап, бүкіл қоғам дамуын қайта құру керек деп, капиталистік елдермен жиі диалогқа барды.

1987 жылы 8 желтоқсанда Вашингтонда М.Горбачев пен Р.Рейганның жоғары дәрежеде кездесуі болып, жақын және орта қашықтағы ядролық ракеталарды (ДРСМД) екіжақты жою туралы Шартқа қол қойды. Шарт 1988 жылдың 1 наурызында күшіне енетін болып келісті. АҚШ пен СССР үш жыл ішінде жақын қашықтықтағы (радиусы 500-1000 км) және орташа қашықтағы (радиусы1000-5500 км) баллистикалық және қанатты ракеталарды жою, оларды шығармау және жаңа басқа түрін шығарудан екі жақта бас тартатын болды. Ракеталарды жоюды бақылап іске асыру үшін екіжақты мамандардан инспекция құрылды.

Бұл ДРСМД шартынан АҚШ ұтып, СССР ұтылды, АҚШ «Першинг» және «Томагавк» сияқты орта қашықтықтағы 846 ракетасын жойса, СССР орта және жақын қашықтықтағы СС-20, СС-4, СС-5 «Пионер» және «Сатана» т.б. 1826 ракетасын жойды.

Енді осы ракеталрды қайда жойды дейсіздер ғой? Cонау ит өлген Шығыс Европадан Қазақстандағы «Сарышаған» мен «Сарыөзек» полигонына әкеліп жарды. Жарғанда да, қондырғысын басқаратын жылжымалы автокөлігімен қоса жарып жіберді. Ал, американдық мамандар өз ракеталарының сұйық отынын құйып алып, ядролық заряды бар оқтұмсығын ағытып, кейін қорғаныс саласындағы басқа мақсатқа пайдаланды.

Қазақтың кең «Бетпақ» даласында орналасқан «Сарышаған» полигоны мен Талдықорған облысының Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек поселкесіндегі Стратегиялық мақсаттағы ракеталық армияның дивизиондары орналасқан 40-шы алаңында 1988 жылдың 1 маусымынан бастап 29 ай бойы 1826 ядролық және қанатты ракеталар жарылды. Салыстырмалы түрде айтсам, 1946-1989 жылдар аралығында Семей полигонында 468 ядролық бомба сынақтан өтіп жарылған болатын. Бір ғана «Сатана» баллистикалық ракета ол кездегі бомбадан 20 есе қуатты еді. Осыдан білуге болады қазақ халқының денсаулығына қаншалықты зиян келгенін.

Бір қызығы, сол жылы «Семей-Невада» ядролық қаруды сынауға қарсы қозғалыс құрылып, Семей полигонын жабу керек деп жатқанда, «Сарышаған» мен «Сарыөзек» полигонында Семей полигонында отыз жылда жарған бомбадан 4 есе көп ядролық ракетаны жарып үлгерді. Біз не деген сорлы әрі қараңғы болдық?

1996 жылдан бастап орталығы Приозерск қаласы болып табылатын «Сарышаған» полигоны РФ Қорғаныс министрлігінің арендасында.

Суретте: Қазақ жерінде ядролық қанатты ракета осылай бір жерге жинап жарылды.

Бақытжан  АБДУЛ-ТҮМЕНБАЙ,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: