Жазушы Шерхан Мұртазаға сайлаушылары хат жолдайды. Оны депутат болғанда Қасым-Жомарт Тоқаевқа (ол кезде Премьер-министр – ред.) жөнелтеді. Мәтіні мынадай: «…Бізді 63-те зейнетке шығармақшы. Зейнетке бұрынғыдай ер-азаматтар үшін 60 жаста, әйелдер үшін 55 жаста шығарғаны әділетті болар еді. Адамның өмірі қысқа ғой. «Бейнет ет те, зейнет көр» дейді халқымыз. Ал, сол зейнетке жеткенше өмір де таусылып бітердей. Осы заң түзелсе екен»
Иә, арада қанша жыл өтсе де, әлі осы мәселе алдан шығады. Сайлаушыларының хатына анализ жасаған Шерағаң «Еліміздің экономикалық жағдайы қиындаған тұста зейнет жасын 63 және 58-ге жеткізу уақытша керек те болған шығар…» деп майдан қыл суырғандай етіп жеткізеді. Арғы жағы түсінікті деп ойлаймыз. Одан бері де талай күнтізбенің бетін жаптық.
Десе де, бұған біржақты қарауға болмайды. Экономистер әлемде адамдардың орташа өмір сүру жасы өсіп келе жатқанын, әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа түсірудің экономикалық жағынан тиімсіз екенін айтады. Көптен бері қордаланған мәселеге былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауы барысында нүкте қойған еді.
«Кеңінен көтеріліп жүрген әлеуметтік сауалды ескере отырып, әйелдер үшін зейнетке шығу жасының межесі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекітіледі», – деді президент.
2022 жылы қазақстандықтарға республикалық бюджеттен 2,9 трлн теңгеден астам сома зейнетақы төленіпті. Оның ішінде базалық зейнетақыға 883,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға 2 022,6 млрд теңге жұмсалған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
2022 жылғы желтоқсанда республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне – 247,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 75,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге 172 млрд теңге бөлінді.
2023 жылдың 1 қаңтарында жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 108 761 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 74 950 теңге, базалық зейнетақы – 33 811 теңге.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5%-ға артты.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60%-ға дейін ұлғаюына байланысты арттырылды.
Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артты.
Еске салайық, Қазақстанда зейнетақы қоры 1998 жылдың 1 қаңтарынан жұмыс істейді. 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны – 2 млн 295 мың адам. Әртүрлі мамандық өкілдері Қазақстанда зейнет жасының тым жоғары екенін айтудан шаршаған емес. Кейбіреулер «Әр адам зейнетке шығу жасын жұмысына, денсаулығына байланысты өзі таңдасын» десе, «Ер, әйел деп бөліп қарамай, бір жаста зейнетке шығару керек» деген пікірді құп көретіндер де бар.
Менің мейірім жақсы