Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік саясаттың әлпеті

19.01.2023, 11:00 366

Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында Әлеуметтік кодекс әзір­леуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішіде шешім қабылданып, Әлеу­меттік кодекс әзірленіп жатқаны хабар­ланып, 2022 жылдың қыр­күйегінен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасын енгізу басталды. Осылайша, әлеуметтік саладағы барлық заңды біріктіріп реттейтін бұл жаңа кодекс, жаңа құжат қазақстандықтар үшін біршама қыз­мет атқарып, бірқатар маңызды мәселенің түйінін тарқатайын деп тұрғаны анық. Дегенмен, Әлеуметтік кодекс  өз  күшіне  әлі  енген  жоқ.

Қазіргі  таңда  әлеуметтік сая­саттың әлпеті – Әлеуметтік кодекс деп айтсақ та болады емес пе? Оның  маңыздылығын, кімге және неге керек екенін анықтау үшін облыс­тық жұмыспен қамтуды  үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама­лар басқарма­сымен байланысуды жөн көрдік.  Басқарма мә­ліметінше, Әлеуметтік кодекс жобасы кезең-кезеңімен жүзе­ге асырылуы үшін  арнайы  жос­пар құрылып қойған. Кодекстің жобасы            5 бөлімнен, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Онда азаматтардың дүние­ге келуінен бастап, зейнет­ке шы­ғатын уақыт аралығындағы әлеуметтік тә­уелділіктері­нің барлығы қам­тыл­ған. Өткен жылдан бері мемлекет басшысы отбасының әлеуметтік картасы жайлы айтып келеді. Отбасы­ның цифрлық картасында мемлекеттік органдардың барлық қолданыс­тағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде  6,3 млн қазақ­стандық отбасы немесе 19,4 млн азамат туралы ақпаратты қамтиды. Қазақстандық отбасылардың жағдайын 5 категория  бойынша топтап қарастыратын болады. Олар: әл-ауқаты жақсы, қанағаттандыратын, әл-ау­қаты төмен, дағдарыстағы, мүшкіл. Сонымен қатар, Әлеу­меттік кодекс тек тұрмысы төмен отбасы қатарын азайту мақсатында ғана емес, онда бірқатар жоба жүзеге асырылмақшы. Айта кететін болсақ, Әлеуметтік қолдаудың жаңа парадигмасы: Мықты отбасы – мықты мемлекет  деп  аталады. Оған кіретін жаңа міндеттер: Ең әуелі отбасының цифрлық картасын енгізу, Жұмыс­пен қамтудың жаңа саясаты, Зейнетақы саясаты, Әлеу­меттік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту және Көші-қон саясатының жаңа тұжырым­дамасы. Бұдан бөлек, Кодекс шеңбе­рінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жұмысы іске асырылады – бір құжатта адам өмірінің барлық саласында туындайтын базалық құқықтар, соның ішінде ең төменгі әлеу­меттік стандарттар көрсеті­летін  болады.

Бүгінгі таңда пандемия дағдарысы­нан туындаған күйзелістер мен қақтығыстарға байланысты әлеуметтік саясат бүкіл әлемдегі саяси өрістің негізгі ағынына айналып, оның қайта қалыпқа келуі мен өсуіне және ел игілігіне осы жобаның тиім­ділігі мен пайдасы үлкен сеп береді деп сенеміз. Бұл саланың басты міндеті – халық­тың осал топтарын қамқорлыққа алу және олардың маргиналдануына жол бермеу, азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету. Бұл, әсіресе, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ата-аналар, мүгедектер, қарттар, түрмеден шыққандар және басқа да санаттағыларға қатысты. Сондай-ақ, мемлекеттен кім, қандай жағдайда және нендей көмек ала алатынын нақты бекіту.

Осыдан бірнеше ай бұрын іссапармен өңірімізге келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдеріне  берген  брифингте  осы  Әлеуметтік кодекс жобасының тиімділігін атап өткен болатын. Оның айтуынша, Әлеуметтік кодекстің негізгі мақсаты Қазақ­стандағы әр отбасының әл-ауқатын көтеру және дамыту болып табылады. Сондай-ақ, бұл кодекс тек жағдайы төмен отбасыларға ғана емес, барлық отбасылы жандарға арнайы қарастырылып жатыр. Яғни, барлық қазақстандық азамат өз отбасы үшін осы әлеуметтік кодексті пайдалана алады деген сөз. Мәселен, тұрмыстық жағдайы жақсы, бірақ отбасында мүмкіндігі шектеулі бір адам болса, онда ол әлеу­меттік кодекс арқылы мемлекеттен көмек ала алады. Соны­мен қатар, көпбалалы отбасы, бірақ балалары 18 жастан асып кеткен болса да әлеуметтік көмек қарастырылады. Жобаның тағы бір артықшылығы, мүгедектігі бар азаматтың жеке көмекшісіне жалақы төленіп, әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналары аударылады. Осылайша, отбасы еңбек жасындағы жұмыссыз мүшелері қызметке орналасып, әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда әлеуметтік қамсыз­дандыру шараларымен толық қамтылатын болады. Жобада өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арнайы статустар қарастырылған, енді олар «тәуелсіз жұмыскер» деп аталып, заң жобасының негізгі мақсаты аясында азаматтар тиісті орган­дарға жүгінбей-ақ мемлекеттің қолдауын алу мүмкіндігіне  ие  болады.

– Әлеуметтік кодекс халықтың жағдайын жақсартады. Бұл жобаның идеясы өте дұрыс. Бірақ ол  ендігі  уақытта  қалай жүзеге  асатыны белгісіз. Оның механизмінің жөнді қалып­тасып кетуі екіталай болуы мүмкін. Себебі кейбір уақытта мемлекет тарапынан идеясы жақсы дүниелер жасалы­нғанымен, жүзеге асыру жағы ақсаңдап қалып жатады. Сондықтан, алдағы уақытта жүзеге асыру жағын да тиісті, құзыр­етті органдар барынша қадағаласа екен, – деді экономист  Мақсат  Халық.

Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік жағдайын тұрақтан­дыру мақсатында көптеген жұмыс істеліп, бүгінгі күні Әлеу­меттік  кодекс  аясында  бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Атап  айта­тын болсақ, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Отбасының цифрлық картасы іске қосылды. Енді қазақстандықтар проак­тивті СМС-хабарлама арқылы мемлекеттік қолдау шараларын ала алады. Одан бөлек, 2023 жылы әлеу­меттік қорғау саласындағы қызметтер тізбесі кеңейтіледі. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі. Ал 2025 жылдан бастап жоғарыда аталған үш салада мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері толығымен қамтылмақ. Әрі қарай бекітілген жоспарлар бойынша тұрақты түрде қыз­меттер атқарылуда. Биыл қаңтар айынан бастап Қазақстанда  ең  төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңге­ге дейін артып, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері өсті. Елімізде 4,4 млн зейнетақы мен жәрдем­ақы алатын отбасыларға республикалық бюджеттен 4,5 трлн теңге қарастырылған. Сонымен қатар, елімізде әлеу­меттік қызметкерлердің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру жалғасуда. Биылғы жылдан бастап әлеуметтік қамсыз­дандыру саласындағы 38 мың қызметкердің жалақысы 25 пайызға өсті. Міне, осындай шешімдердің арқасында еліміздегі тұрғындардың тұрмыстық жағдайы бір қалыпқа түсетіні  хақ.

– Әлеуметтік кодексті қабылдау азаматтардың өз әлеу­меттік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының автоматтандырылған мониторингін жүргізуге, әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шара­ларын қабылдауға, мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті форматта көрсетуге, азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкін­дік  береді, – деді  министр  Тамара  Дүйсенова.

Иә, жүктелген тапсырма жүйелі орындалатыны анық. Бірақ Әлеуметтік кодекс жобасының қашан жүзеге асырылаты­ны нақты белгіленіп, айтылмады. Елдің күтетіні де – осы. Дегенмен, биылғы жылдың бастамасы жаман емес сияқты. Айта кететіні, Әлеуметтік кодекс аясында барлық құжат электронды түрде қабылданып, қолжетімді әрі оңай тағайындалатын  болады.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: