Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАҢАРУ мен ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ

15.12.2022, 12:40 322

Ұлы далаға атам заманнан бері бабаларымыз қоныстанып, біздің жыл санауымызға дейінгі VII ғасырда көшпелі қоғамда қазақ мемлекеттігі­нің түп-тамыры немесе қазақ мемлекетінің алғашқы тұғыры болып саналған сақ, үйсін, қаңлы және ғұн мемлекетте­рі пайда болды. Ол біздің жыл санауымыздың 552 жылы  тарихтағы  ең  ірі, әскери жағынан ең күшті мемлекет­тердің бірі, территориясы Еуразияның жарты бөлігін алып жатқан Ұлы Көк Түрік қағанатының құрылуымен сабақтасып, бабалар жолын жалғаған Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1465-1466 жылдары Қазақ хандығын құрумен қайта жанданды. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ елінің өз алдына тәуел­сіз болуы туралы ықтимал ниетінің сәті нақты туында­ғанын көрсетіп, қазақ елінің корифей заңгері Салық Зиманұлының басшылығымен Егемендік туралы декларация қабылданды. Мұның арты 1991 жылы 16 желтоқсанда ел тарихында ерекше аса маңыз­ды саяси акті «Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңының қабылдануына алып келіп, қарға тамырлы қазақ жұрты ата-баба аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізді.

Осы орайда, біз тәуелсіздігімізді 1991 жылы 16 желтоқсанда 18 сағат 14 минутта алдық, тәуелсіздігімізді бірінші болып 18 сағат 44 минутта алғаш мойындаған бауырлас Түркия мемлекетіне өз алғысымызды білдіруді жөн санадық.

Қазақ елі тарихында қилы-қилы заманды басы­нан көп кешкен ұлт, Жұбан ақын жырлағандай  «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» демекші, еліміздің жарқын ұландары сындарлы сәттерде жанын да беріп, қанын да төгіп, ел басы­на күн туғанда етігімен су кешіп, бүгінгі тәуел­сіздіктің  ақ  таңының атуына сүбелі үлес қосып, алғы шартын ұсынған даналармызға, шейіт  болған  бабаларымызға  мың  тағзым.

Сын мен қасіретке толы қазақ елінің тари­хында азалы да зұлматты кезеңдер бір ұлттың басы­нан өткен ақтаңдақ жылдарға айналды, біздің   тарихқа  көз  жіберсек, көзге жас алмай оқи алмайсың. Соңғы қылышынан қан тамған қызыл империяның қазақ елін құртуға бағытталған зұлматы жаһанда бұрын-соңды болмаған үлкен адамзатқа  қарсы  бағытталған  апатқа алып соқты. Қызыл  империяның қолдан   жаса­ған 1921-1922 жылғы халықтың жаппай ашаршылыққа душар болуы, 1931-1932 жылғы «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» қағидасымен халықты жаппай қыруы Сталин мен Ф.Голоще­киннің қазақ ұлтына жасаған қызыл қырғыны еді. 1921 және 1933 жылдардағы ашаршылық қазақтың өсімін бір ғасырға тежеді. Сұрқия сталиндік жүйе қазақ даласында 1937-1938 жылдары «Үлкен террор» атымен тарихи бағасын алған саяси құғын-сүргін жүргізу кезеңін өткізді. Қазақ интеллигенциясына жазықсыз айып тағып, темір торға тоғытты, итжеккенге айда­ды және басқа да зорлық-зомбылықтың небір түрін жасады. Қырғынға қатысы бар прокурор Вышинскийдің «Кінәсін мойындау – дәлелдеудің патшайымы» деген ұстанымы, қаншама Алаш боздағын ұрып-соғып, адам төзгісіз тыйым салынған тергеу әрекеттерін жасап, жасамаған қылмысын мойнына іліп, соңы олардың түр­меге түсуімен немесе атылуымен аяқталды. Тарихи деректер бойынша қазақ халқының 100 мыңнан астам адамы қуғын-сүргінге ұшырап, соның ішінде 25 мыңы халық жауы атанып, жазықсыз атылып  кетті.

Қазақтың үш арысы, бес арысы атанып кеткен Алаш арыстары елі үшін, ұлты үшін жанда­рын шүберекке түйіп тәуекелге барды, қазақ елінің бостандық күнінің ақ таңы атарын олар білді, сезді, сол үшін үлкен жұмысты бізге бастап беріп кетті десек қателеспейміз. Осы ретте бүкіл қазақтың көсемі болған Әлихан Бөкейханов, бар қазаққа ұстаз бола білген Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллиндер ел жадында мәңгі  сақталып, қазақ елімен қатар есімдері тең аталатынына  бүгінгі  ұрпақ  куә.

Қазақ хандығының 300 жылға жуық созылған қалмақ-жоңғар басқыншылығына қатысты азаттық соғысы, одан әрі жалғасқан 270 жылға жуық Ресей империясының қол астында болуы ұлт ішінде азаттыққа ұмтылу көрінісі күшейіп, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарының азаттықты аңсап алаңға шығуы, оның салдары КСРО-ның ыдырауына әкеп, қазақ елі үшін ең қастерлі де, қасиетті күнге айналуы, көк тудың көкте желбіреуі, бабалар аңсаған егемен, тәуелсіз және азат мемлекетке айналып, әлемде алатын орнымызды  белгілеумен  тамамдалды.

30 жылда дамыған 30 елге кіреміз деп жүріп, 30 елге жүк болардай шешілуі қиын, күрделі әлеу­меттік-экономикалық мәселелерге душар болдық, елдің бар байлығы 162 адамның қолында шоғырланды, мемлекет таптарға, жік-жікке, ру-руға бөлінді. Бұның бәрі жерлік бойынша бө­лінуге  және  трайбализмге  әкеп  соқты.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алу елімізге бірқатар жетістікпен бірге, мәселесі жүйелі шешімді қажет ететін, күрмеуін шешуі қиын күрделі саяси әрі әлеуметтік-экономикалық мәселелермен бірге келді. «Бірінші экономика, сосын саясат» деген ұстаным ішкі мәселелерді шешуде көптеген әділетсіздік пен олигополияның қалып­тасуына әкеп соғып, қарапайым халықтың билікке сенімі азайып, «Қасіретті қаңтар» оқиғасының болуына әкеп соғып, саяси дағдарысқа тіреді.

Қазақ елі тағы да бір сындарлы сәтке тап болды, мұңынан шері көп қалың қазақ тағы да селк етіп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырата алмай, екіұдай жағдайда мең-зең күйге түсті. Осындай  сын  сәтте ел басында отырған ағаларымыз, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елді ыдыратып алмай, ішін жік-жікке бөлмей, елдің тәуелсіздігін де, егемендігін де берік ұстап, үлкен апатты жағдайдан халқын аман алып шықты, ел іргесі ыдырамады, шаңырақ шайқалмады, көк ту тапталмады. Дегенмен, жат пиғылды азаматтар облыс орта­лықтары мен маңызы бар қалаларда страте­гиялық маңызды ғимараттар мен мекемелерді басып алып қиратып, от қойып, қарсы шыққанды қан қақсатып, өліммен ұштасқан сәттер де болып, көк аспанымыз қара бұлтқа торланып, қалаларымыз көк тұманға оранды, бірнеше адам ажал құшты. Баба­дан атаға, атадан балаға мирас болатын тәуел­сіздік, алып қазақ жері бір мезетте белгісіздікке айналып, қазақ  халқы, ұлт тағдыры, ұрпақ  болашағы  қыл  үстінде  тұрғандай  күй  кешті.

Осындай ел басына күн туған сәтте момын халқымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тізе қосып бірігіп, келіп жеткен қорқынышқа төтеп бере алды, ат үстіндегі ел ағалары батыл шешімдер шығарып, елдің күйреуін, халық­тың есеңгіреуінің алдын алып, мемлекеттігімізді сақтап қалды. Көк ту көктен желбіреп, күніміз шығыстан қайта шықты. Қанша көңіл сұрап, жұбатсақ та, жақындарынан айырылған адамдардың, зардап шеккен азаматтардың көңіл жарасы жазылмас, айыға қоймас. Дегенмен, бүгін­гі таңда көп нәрсе уақыт еншісіне берілгенін, бәріне  уақыт  емші  екенін  айтқым  келеді.

Алдағы уақытта құқықтық мемлекет екені­міз­ді дәлелдеп, азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын жоғары деңгейге жеткізіп, әлемдегі бай-қуатты мемлекетке айналу мақсаты тұр. Ұлы мақсат жолында бұрын-соңды болмағандай ел болып жұмылып, жан терді аямай шыңға  шығып,  мұзарттан  көз  салуды  жазсын!

Ия, басымыздан өткен шиеленісті жағдайлар еліміздің белгісіздік бағытын басқа арнаға бұрып, алыстан көкжиек көрініп, Жаңа Қазақстан ұғымы­мен, бабалар үнімен сабақтасып, болашаққа мүлдем басқа көзқараспен қарауға негіз болды. Алдағы уақытта осындай қатерлі күндерді болдырмай, тек  Әділетті Қазақстан құруда жұмыла кірісіп, елімізді барлық жағынан күшейтіп, өз қауіпсіздігіміз бен жайлы тұрмысымызды нығайта  түсуіміз – алға  қойған  міндет.

Халқымыз басында қайғылы күндердің болуын қаламаса да, еліміз осылайша жаңа саяси реформалардың басталу қарсаңында тұрды, атап айтатындай саяси қадамдар жасалып, астана атауы бұрынғы атауын иемденіп, Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгі­зіліп жаңарды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп, бұрыннан көкейде жүрген мәселеге нүкте қойылды. Қоғамда күрделенген немесе аса маңызды деген сұрақтарды талқылау үшін Ұлытауда жыл сайын өтетін Ұлттық құрылтай кеңесу органы құрылды, өзекті мәселелер сонда шешімін таппақ. Айта кететін бір жаңалық, Конституциялық сот құрылып, әрбір азамат құқығы бұзылған жағдайда сол заңның нормасын Конституциялық сотта даулай алуға мүмкіндік берілуі, құқықтық мемлекет құрудағы маңызды қадамның басы деп білеміз. Осылайша, қазақ елі жаңару  мен  жаңғырудың  басқа  белесіне  көшті.

Жаңа Қазақстанда жасалып жатқан игі істер­дің басын бір шолып өтсек. Ең алғашқы өзге­ріс Қазақстан Республикасының Конституцясына жасалған өзгерістер мен толықтыруларды қабылдау бойынша 2022 жылы 5 маусымда рес­пуб­ликалық референдумнан басталды. Рефе­рендум нәтижесінде 33 бапқа өзгеріс енгізілді, халықтың көпшілік  дауысымен, яғни 77,18 пайызбен  конс­титуцияға жасалған жаңа өзгерістер қабылданды. Осылайша, Қазақстан Республика­сының Конституциясына түзетулер енгізу азаматтардың сұранысын  қанағаттандырып  және  қоғам мүдде­сі  үшін  жасалған  ізгі  шара  деп  білеміз.

Конституцияға түзетулер енгізу арқылы келе­сідей өзгеріс пен жаңашылдықтар болады деп күтілуде. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу, кейбір билік өкілеттігін қайта бөлу, парламенттің рөлін күшейту, мәртебесін арттыру, мемлекеттік басқаруда халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру, прокуратура органдарының мәрте­бе­сін көтеру, ол туралы Конституциялық заңның қабылдануы, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесін арттыру, ұлттық алдын алу тетігі сияқ­ты  өзгерістерге алып келді. ҚР Конс­титуциясына енгізілген өзгерістер ішіндегі маңызды­ларының бірі – ол елімізде Конституциялық кеңестің орны­на құрылған Конституциялық сот. Конституция­лық Сот – бірқатар елдегі конс­титуциялық бақылау бірден-бір немесе басты міндеті  болып табылатын  ерекше  орган. Жоғарғы соттардан өзгеше түрде ол жалпы соттар жүйе­сіне кірмейді. Конституциялық Сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін  қамтамасыз  ететін  орган болады және биліктің сот тармағына жатпайды, өйткені бұл мәселе Конституцияда түпкілікті шешілді деп ойлаймыз. Конституциялық Заң мақсаттары Конституциялық Сотты құру бөлігінде Конс­ти­туцияға енгізілген өзгертулерді іске асыру, мемлекеттің құқық қорғау институттарын күшейту, сонымен қоса негізгі заң ережелерін қатаң сақтау болып табылады. Конституциялық Сот туралы заңды екі бөлімге бөліп қарастыруға болады, бірінші – Конституциялық Соттың және соттарының мәртебесі және оларды заңмен орнатылған кепілдіктермен қамтамасыз ету. Ал екінші бөлімі конституциялық іс жүргізу тәрті­біне арналған және оған жүгіну тәсілдері мен  механизмдеріне  бағытталған.

ҚР Конституциясына жүгінсек, ҚР Консти­туциялық Соты Төрағаны қоса алғанда, он бір судьядан тұрады, олардың өкілеттігі алты жылға созылады. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып қатарынан екі реттен артық тағайындала алмайды. Конституциялық Соттың Төрағасын Сенаттың келісімімен Республика Президенті тағайындайды, қалған соттарды Президент пен Парламент өз құзыреттері шегін­де тағайындайды. Осылайша заңға өзгерістер енгі­зіп, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша органдар құрылып, конституциямыздың бүкіл ел аумағында бірыңғай қол­данылуын  қамтамасыз  ету жүзеге асырылады деп  білеміз.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы екінші референдум мемлекет пен қоғамның жаңа жетістіктері мен Әділетті Қазақ­стан жолындағы алғы шарт деп білсек қателес­пейміз.

Осындай өзгерістердің бірі сайлау заңына да қатысты болғанын ескеруіміз қажет, мемлекет басшысы 2021 жылдың мамыр айының соңында сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге қол қойды. Құжатқа сәйкес, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлау арқылы  сайланатын  болады. Соған сәйкес,  2021 жылы күзде ауыл әкімдерін сайлау өтіп, ауыл тұрғындары демократиялық тәсілмен өз әкімдерін сайлады. Алайда, әлі де ауыл әкімдерін сайлау­да ашықтық пен теңдік қағидасын нықтау тура­лы мәселелердің бар екені анық. Дегенмен, осындай сайлау жолымен әкімдерді тағайындау алыс болашақтағы жарқын Қазақс­танның бейнесін, сұлбасын аңғар­тады.

Осы қарқынмен жүре отырып, Жаңа Қазақ­стан дәуірінде 2023 жылдан бастап аудан әкімдері мен қала әкімдерін сайлау кезең-кезеңмен енгізілсе, ал 2025 жылдан бастап, аудан мен қала әкімдерін сайлау бүкіл ел бойынша өткізілмек. Мұны Қазақстанның батыстық демократиялық жолды таңдаған белгілері деп түсінеміз. Дегенмен, «көш жүре түзеледі», алда атқарылатын істер мен тындыратын жұмыстар бастан асатыны айдан анық. Ендігі 30 жыл мүлдем басқа Қазақ­станды құрумен өтетіні белгілі, ол дамыған, экономикасы мықты, өндірістік мемлекетке айнал­ған, адам құқықтары биік деңгейде қорғалған, жемқорлық жойылған, меритократия қағидасы орнаған, әскери әлеуеті кез келгенге тойтарыс бере алатын, заманауи құрылымдардан тұратын дамыған елдер қатарында болатынына кәміл сенемін. Халық жақсыдан үміттенеді. Осындай кезең-кезеңмен жасалатын реформалар біртіндеп облыс әкімдері мен маңызы бар қалалардың әкімдері де  сайлау  жолымен  тағайындалатынына  жол ашып, халық тікелей  ел  басқаруға  арала­сатын  болады.

Жаңа Қазақстан деп сөз қозғай сала, әлемдегі күрделеніп бара жатқан геосаясаттағы ахуалды ескеріп, кейбір өңірдің дамуының шектеліп қалғанын байқаған ел басшылары Қазақстан Республикасында жаңа әкімшілік-аумақтық бір­ліктердің құрылуына жол ашты. Осылайша, Шығыс  Қазақстан  облысы  аумағының  бір бөлігі орталығы Семей қаласында болатын Абай облысына  біріктірілді. Қазіргі Қарағанды облысының аумағында орталығы Жезқазған қаласы болатын Ұлытау облысы құрылды. Алматы облысы екі дербес әкімшілік-аумақтық бірлікке – орталығы Талдықорған қаласында орналасқан Жетісу облысы және орталығы Д.Қонаев қаласы болатын Алматы  облысына бөлінді. Бұлай облыстарға бөлу тарихи маңызы  жағынан  да, қасиетті өңірлерге деген тағзым да болуы мүмкін, дегенмен басты мақсат осы  өңірлерде  тұратын  халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің  қамы  ғана  деп  түсіну  қажет.

Конституциялық заңдарға өзгеріс еніп, соның ішінде Президент туыстарының мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік қызметтерде болуына заңмен тыйым салынды. Өткен 30 жылдық мемлекет құруымызда олигархия мен ел экономикасының олигополияға ғана қызмет етуі, Президент атаған 162 адамға ғана ұлт байлығының немесе бүкіл ел байлығының бір топқа неме­се қолға шоғырлануы елде саяси тұрақсыздық пен әлеуметтік теңсіздікке әкеп соқты. Нәтижесі кешегі қаңтар оқиғасының болуына, адам шығынына алып келіп қана қоймай, енді бірнеше жыл соның салдарын жоюмен уақыт кешетінімізді бәріміз  білеміз.

Президент өзінің күздегі жолдауында бұдан былай ұлттық қордан, яғни байлықтан түсетін қаражаттың пайызынан түсетін бөлікті болашақ ұрпақтың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында олар 18 жасқа толғанға дейін банктік шоттарына ақшалай аударымдар түсіп отыратынын  баяндады. Бұл дегеніміз, ел байлығының бір жерде шоғырланып қалуы емес, тең дәрежеде кез келген елдің болашағы болып табылатын өскелең ұрпаққа жеткіліктік тұрғысынан, әлеуметтік әділдікті орнықтыру, керек десек, тарихи әділдіктің  салтанат  құруы деп білу керек.

Ендігі мақсат – өткен тарихтан үлгі алып, бола­шақта сондай теріс құбылыстардың болмауына заңмен кепілдік беріп қана қоймай, ұлт болып ұйысып, Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақ­стан жолында барымызды салу. Осындай реформалардың  үздіксіз  жүруі  конституциямызға  тағы да өзгерістер алып келіп, бұдан былай Ел Президенті  бір  рет 7 жыл  мерзімге  сайланатыны Конс­титуциямен  бекітілді. Бұл дегеніміз, алдағы 21 жылда, елімізде үш президентті көреміз дегенге ықтимал  шындық. Осылайша, өткенде жоғалт­қанымызды алдағы жылдары қалпына келтіріп, биліктің бір адамның қолында ғана болуын түпкілікті түрде жойып, Әділетті Қазақстанды құрамыз  дегенге  кәміл  сенеміз!

Әділдік жолын таңдағаннан кейін елімізден сыртқа заңсыз шығарылған немесе ұрланған ақша­ларды шетелден елімізге қайтару туралы мәселелер бойынша экономикалық ресурс­тардың заңсыз  шоғырлануына қарсы туру комиссия­сы құрылып, нәтижесінде еліміздің бюджетіне алғашқы миллиардттар мен миллион­дар түсе бастады. Халықтың көз жасымен тең жымқырылған қаражаттардың елге қайтуы бүкіл ұлтты қуантады, әділдіктің қалпына келетініне сенеді. Бұдан былай жемқорлықпен алынған неме­се жымқырылған мемлекеттік қаражат мектептер мен ауруханалардың салынуына жұмсалып,  халық   игілігіне   пайдаланылатын  болады.

Осындай ұрымтал сәт түркітілдес бауырлас мемлекеттер одағы өзара іс-қимылдарын күшей­тіп, бір-бірімен қарым-қатынасын жақсартып, Түркі мемлекеттерінің жаңғыруына, үлкен одақ құруына себеп болғаны хақ. Бұның өзі тарихи  әділдік емей немене? Сондықтан Әділетті Қазақ­станның  алар  қамалы, асар асуы, басар шыңдары алдымызда  мен  мұндалап  тұрғаны  мәлім.

Ендігі елдік мақсат, Крыловтың мысалындағыдай аққу, шортан һәм шаян болып жан-жақ­қа тарту емес, тізе қосып, қол ұстасып, бірліктің жағында болып, әлем аңсап көрмеген биіктер мен белестерге шығып, дамыған һәм бәсекеге қабілетті, жастары дана, үлкендері абыз бола алатын, іргесі тасқамал мемлекет құру ғана қалды.

Қанат  ҚЫПШАҚБАЕВ,

«Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,

педагог-зерттеуші

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: