Фашистердің СД қауіпсіздік қызметінің қарсыбарлаушылары «өз нандарын босқа жеген жоқ». Қырым тауындағы үңгірлерде жасырынып жүрген партизан отрядтарын құрту үшін, өздерінің жағына шыққан сатқындардан «жалған партизан отрядтарын» құрып, іске қосып отырды. Олардың басты мақсаты «шын партизан» отрядымен байланыс орнатып, оларды жою болды.
Сондай «жалған партизан отрядтардың» бірі «Қызыл Сталинград» партизан отряды болды. Гестапоның азаптауына шыдамай, жау жағына өтуге келісім берген Қызыл армияның лейтенанты К.И.Моисеевті осы отрядтың командирі қылып, Аужинушхай тау үңгіріне әрекет етуге жіберді.
1943 жылы қарашада Совет армиясы Қырымды азат еткенде, осындай партизан отрядының саны 60-қа жетіп, ондағы адамдар саны 13 000-нан астам болып шықты. Қайсысы жалған, қайсысы шын партизан отряды екенін анықтау, СмерШ-інің жұмысы болатын.
1943 жылдың 11 қарашасында 383-ші атқыштар дивизиясының штабына «Қызыл Сталинград» партизан отрядының командирі К.И.Моисеев келіп, өз отрядымен Совет армиясының құрамында, елімізді жаудан азат етуге қатысқысы келетінін айтты. Отряд құрамында 45 адамы (7-еуі әйел) барын, партизан отрядын құрғаннан бері жаудың 10 жүк, 2 жеңіл автомашинасын, 2 мотицикл мен 150 солдаты мен офицерінің көзін құртқандығы туралы жазбаша түсінігін жазды. Ауыз өзінікі, не жазса да өз еркі болғанмен, СмерШ-тің қырағы сүзгісінен өтетін еді.
Біріншіден, отрядтағы 45 адамның барлығы қарусыздандырылып, НКВД-нің арнаулы лагеріне қамалған соң, «ерліктерінің» өтірік пе, әлде шын ба, екендігі тексерілді. Басқа партизан отрядымен қалай байланыста болғандығы, қай жерлерде жаумен шайқасқанына анықтау жұмысы жүргізілді. Сол кезде «Сталин атындығы партизан отрядының» байланысшылары А.Данпенко мен А.Лауттың осылармен байланыс орнату үшін жіберілгенде жоқ болып кеткендігі белгілі болғасын, отрядтың басшыларын жеке-жеке тергегенде, НКВДшілердің азаптауына шыдамағасын шындықты айтуға мәжбүр болды. Сөйтсе, немістердің тұтқынына Моисеевпен бірге Данпенко да бірге түсіпті, ол Моисеевтің шыдамай сатылғанын білетін болып шықты, Данпенко болса атуға апара жатқанда, бәрі бір өлім ғой деп, биік жардан теңізге секіріп аман қалған, екінші рет ондай мүмкіндік болмай, Моисеев атып тастады. Соғыс жағдайына байланысты, «Қызыл Сталинград» отряды жоюға жатты. Мүмкін, отрядтағы 45 адамның ішінде, «шын партизан отряды» деп, кейін келіп қосылған адал адамдар да болған шығар, бірақ оны кім тексеріп жатады, алда зор іс, совет жерін жаудан одан әрі қарай азат ету міндеті тұрды.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
тарихшы, журналист-дайджест.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!