HALYQLINE.KZ 2022 жылғы химия саласындағы Нобель сыйлығы Каролин Бертоцци (Carolyn R. Bertozzi), Мортен Мельдаль (Morten P. Meldal) мен Барри Шарплесске (K. Barry Sharpless) «клик-химия мен биоортогонал химияны дамытқаны үшін» берілді. Дат химигі Мельдаль (1954) Копенгаген университетінің профессоры болса, екі америкалықтың бірі Каролин ханым (1966) — Стэнфорд профессоры. Шарплесс (1941) асимметриялық тотығу реакциялары үшін 2001 жылы да химиялық Нобельді иеленген еді. Ол — тарихтағы бесінші екі мәрте нобельдік лауреат.
Клик-химия — жекелеген молекулаларды біріктіру тәсілдерін іздейтін ғылым саласы. Ұшақ орындығындағы белбеудің екі жағын сырт еткізіп бекіткендей, молекулаларды мықтап қосу қажет. Белбеу тоғасының рөлін өзара әсерлесіп, берік, орнықты химиялық байланыс түзетін сыртқы атомдар атқарады. Бұл жердегі қиындық — байланыс абсолют бейтарап, яғни пайда болған қосылыстың химиялық қасиеттеріне еш ықпал етпейтін болуы тиіс.
Мортен Мельдаль мен Барри Шарплесс, 2002 жылы бір-бірінен тәуелсіз жариялаған мақалаларында, бұл үшін көміртек-азот байланысын қолдануды ұсынды. Қосылатын молекуланың біріне үш азот атомының тізбегі (азид), екіншісіне — үштік көміртегі–көміртегі байланысы бар зат (алкин) тіркеледі. Катализатордың (мыс иондары) қатысуымен, «тоғаның» екі бөлігі орнықты триазол сақинасын түзіп, ілініседі де, екі молекуланы мықтап біріктіреді. Реакция тез әрі өте өнімді болып шықты.
Шарплесс осындай тағы бірнеше реакция түрін тапты. Бұлардың бәрі мынадай тамаша қасиеттерге ие:
— реагенттердің барлық атомы керек қосылысқа өтеді, бөгде затқа шығындалмайды;
— қажет емес заттар түзілмейді;
— еріткішсіз өткізуге болады;
— шығымы 100%-ке жақын.
Шарплесс органиктер «арманындай» мұндай реакцияларды клик-реакция деп атауды ұсынды. Атау белбеу «сырт» немесе ағылшынтілділер айтатындай «click» етіп, ыңғайлы әрі мықты бекіген сәттегі қанағат сезімін сипаттайды.
Екі жылдан соң Каролин Бертоцци клик-химияны жаңа деңгейге көтерді. Ол азид-алкин циклоқосылысы реакциясын катализаторсыз өткізу әдісін тауып, оны биологияда нақты қолдану жолын көрсетті. Циклооктин атты алкинның қатысумен өтетін реакция биоортогонал, яғни тірі жасушадағы биологиялық процестерге кедергі келтірмейтін болып шықты.
Клик-химия әдістері арқасында химиктер молекула «кірпіштерін» тез әрі оңай біріктіруге мүмкіндік алды. Биоортогонал реакциялар жасушаларды зерттеу мен биологиялық процестерді бақылауда кең қолданыс тапты. Әдіс жаңа үлгідегі дәрілерді зақымдалған жасушаға дәл бағыттауға көмектеседі.
«Ғылым жаңалықтары.» тобынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!