Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бағы байланған боксшы

26.11.2022, 9:00 428

HALYQLINE.KZ

Қазақта небір спорт саңлақтары болды, советтің шовинистік шенеуніктері оларды үлкен спорт сайысына қатыстырмауға тырысты. Сондай, бағы байланған боксшы Асылбек Қилымов еді.

Асылбек Қилымов 1964 жылы 26 сәуірде Астрахан («Қажы-тархан» қазақтың жері) облысында дүниеге келді. 1977 жылы Асылбек 13 жасқа келгенде, әкесі Сақтапберген Қилымов Қазақстанға қоныс аударып, сол кездегі Шевченко, қазіргі Ақтау қаласына қоныстанады. Ресейде институтта оқып жүргенде бокспен айналысып, СССР спорт шеберлігіне кандидат межесіне қол жеткізген ағасы Әнуарбек інісі Асылбекті Ақтау қаласындағы белгілі бокс жаттықтырушы Александр Драчтың секциясына 1977 жылы береді. Небәрі 2 жылдан кейін 1979 жылы жасөспірімдер арасында СССР чемпионатына барғанда-ақ, алғашқы қарсылыққа тап болады, оған себеп Асылбек қарсыластарын бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберетін. Олардың ойлап тапқаны бұл чемпионатты СССР спорт кәсіподағы өткізгендіктен, ондай кәсіподақ чемпионатының қалалық, облыстық турниріне қатыспай бірден келгендігін алға тартты. Финалда айқын басымдықпен жеңіп тұрса да, жеңісті Балтық бойынан келген боксшыға берді. Осы турнирде екінші орын алғандарды да келесі СССР чемпионатына шақыратын еді, бірақ Асылбекті шақырған жоқ. Сол жылдың соңында өтетін чемпионатқа шақырмағасын, кезінде Молдовияда қызмет істеген өзінің жаттықтырушысы А.Драч Асылбекті Молдовия Республикасының атынан қатыстыратынын білгенде, тағы да қарсылыққа тап болды, табиғи қара күш иесі қазақ Асылбекті қалай да жолатпауды көздегендерге, чемпионаттың бас төрешісі, кезінде олимпиада чемпионы болған, халықаралық дәрежедегі төреші Г.Шитков: «Бала талантты екен, ведомстолық турнирге қатыспаса да, жеке өзі ойын өнерін көрсетсін» деп рұқсат етеді. Асылбек СССР чемпионы болып, СССР спорт шебері атанды.

Осы чемпиондық атағын 1980 жылы Қарағандыда, 1981 жылы Пензада, 1982 жылы Каунаста 3 рет тағы да қорғады және қалай қорғады десеңізші, бірыңғай нокаутпен.

1982 жылы Финляндияның Тампере қаласындағы әлем чемпионатының алғашқы кездесуін нокаутпен аяқтағанда, СССР құрамасының бас жатықтырушысы Артем Лавров қызғаныш танытып, Асылбекке ұрысып: «Неге жұдырықтаспай, бірден құлатасың?», – деп сөгеді. Екінші кездесуін де нокаутпен аяқтағанда, Лавров жер-жебіріне жеткізіп ұрысқанда Асылбек: «Мен жеңу үшін келген жоқпын ба?» деп жауап қайтарғанмен, үшінші кездесуде ұзақ жұдырықтасамын деп құтылады. Екінші раундта қашып-пысып, жұдырық дарытпай жүріп аяқтағанда, Лавров: «Міне, осылай жұдырықтасу керек» деп қойды. Екінші раундта қарсыласы корей боксшысы Юн Сун Шинге ұпай саны артық жазылғанын көрген Асылбек үшінші раундта қарсыласын тағы да бір ұрып сұлатып, нокаутпен жеңді. Осыдан кейін Асылбек Қилымовты шетел баспасөзі «Мистер Нокаутер» деп атап кетті. 1981 жылы 17 жастағы Асылбекті СССР-дің олимпиадалық құрамына қабылдады.

Сол кездері АҚШ пен СССР құрама командалары бокстан кездесу өткізіп тұратын. 1982 жылғы кездесуде АҚШ боксшысы Генри Маскені (кейін ол олимпиада, Әлем және Европаның 3 дүркін чемпионы болды) нокаутпен, 1983 жылы АҚШ-тың 3 дүркін чемпионы, 28 жастағы атақты боксшы Майкл Гроганды 6 минут ішінде 3 рет нокдаунға түсіріп жеңді, ал Асылбек небәрі 19 жаста еді. (Қара түсті Майклдың соққыдан мұрттай ұшқанын ютуб каналынан көріңіздер). Сол кезде ағылшындардың промоутерлері Асылбек Қилымовқа 1 млн фунт стерлинг контрактімен 75 кило салмақ бойынша кәсіби боксқа кел деп шақырды, ол кезде ол мүмкін емес еді.

Асылбек осындай халықаралық 15 турнирге қатысып, барлығында жеңіп, СССР-дің гимнін ойнатып, туын көтерткізді.

1984 жылы АҚШ-тың Лос Анджелес қаласындағы Олимпиадаға баратын СССР құрамасындағы 12 боксшысының 4-еуі қазақ еді, олар: Кәрімжан Абдрахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев және Асылбек Қилымов. Дайындық қарқынды жүріп жатқанда, естен танатын хабар да жетті. Совет үкіметі 1980 жылы Москвадағы олимпиадаға АҚШ байкот жариялағандықтан, СССР-дің спортшылары да, АҚШ олимпиадасына байкот жариялап бармайтын болып шешіпті. Оның орнына олимпиадаға бармайтын социалистік елдер өзара «Дружба-84» еркін ойындарын өткізетін болып шешіпті. Спортты саясатқа айналдырып жіберді. Қазақтың 4 боксшысының бағы байланды, әсіресе Москва олимпиадасында күміс алып қалған Серік Қонақбаевтың есе қайтаратын кезі келіп еді. Арада 10 күннен кейін, жаттықтырушысы А.Драчтан Асылбектің салмағындағы оңтүстүк қорейлік боксшы Юн Сун Шин Лос-Анджелесс олимпиадасының чемпионы болыпты. Асылбек ешкіммен сөйлеспей жатып қалды, себебі, осы боксшыны 1982 жылы Финляндияда және 1983 жылы Тайландта нокаутпен сұлатып тастап, жеңген болатын.

«Достық-1984» еркін ойындарының бокстан турнирі Куба астанасы Гаваннадағы «Коллидео» спорт сарайында өтті. Асылбектің ақтық кездесудегі қарсыласы 1982 жылғы әлем чемпионы, кубалық Бернадо Комасс болды. Атағына қарамастан Комассты нокдаунмен жеңсе де, қазылар алқасы ұзақ кеңесіп, 3:2 есебімен кубалық боксшыға қолдан жығып берді. Неге? Себебі, боксты Куба революциясының көсемі Фидель Кастроның өзі алдыңғы қатарда көріп отыр еді. «Бүйткен боксы құрысын» деді Асылбек, 12 салмақтағы жеңіске жеткендердің 11-і кубалық боксшылар болды.

Асылбек барлығы 216 жекпе-жекке шығып, 170-ін нокаутпен аяқтаған болатын. Бұл – 1977-1987 жылдары өткізген жекпе-жегінің 82 пайызын мерзімнен бұрын аяқтап, жеңіске жетті деген сөз. СССР құрамасы сапында жаттығу кезінде, соққысын электронды таразы-табломен анықтағанда, соққысының күші 724 кило болған еді, Құдай-ау, бұндай соққымен бұқаны да ұрып құлатуға болады ғой. Небәрі 23 жасында бокс қолғабын шегеге ілді. Неге? 1988 жылғы Сеул олимпиадасына бір-ақ жыл қалып еді ғой. Оның үстіне 1987 жылғы рейтинг бойынша Асылбек Қилымов Европа бойынша №1, әлем бойынша №3 орында тұр еді. Алдындағы екеуі кім дейсіздер ғой. Олар Асылбектен оңбай жеңілген Бернадо Комас пен Юн Сун Шин еді. Бокстан неге ерте кеткенін сұраған журналистерге: «әділетсіздіктен шаршадым…» деген болатын. 1988-1990 жылдары Қазақ ССР-нің жасөспірімдер командасының бокстан бас жаттықтырушысы, 1990-1991 жылдары Қазақ ССР-нің құрама командасының бас жатықтырушысы болды. Қазір жеке кәсіпкер.

Бақытжан  Абдул-Түменбаев,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: