Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы Алматы қаласының жұртшылығымен кездесті

17.11.2022, 14:30 302

 HALYQLINE.KZ Президент қала жұртшылығымен кездесу барысында Алматының ел тарихында айрықша орын алатынын атап өтіп, осы қалада Егемендік декларациясы мен Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды өркендетуге қатысты ой-пікірін айта келе, бірнеше бағытта атқарылуға тиіс жұмыстарға назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, қала экономикасын әртараптандыру арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету қажет. Алматы – еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші және көшбасшысы. Жалпы ішкі өнімнің бестен бір бөлігі, бюджет кірісінің 25 пайыздан астамы және Қазақстанның сауда операцияларының үштен бір бөлігі осы қалаға тиесілі. Жыл басынан бері қала экономикасына 930 миллиард жеке инвестиция тартылған. Кәсіпкерлік дәйекті дамып келеді. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 30 пайызға өскен.

– Экономиканың әртараптандырылу деңгейінің төмен болуы қала тұрғындары табысының өсімін баяулатады. Қала «орташа табыс тұзағына» түсті, одан шығу үшін қала экономикасын түбегейлі әртараптандыру қажет. Өңдеу өнеркәсібін, туризмді, IT секторын және креативті индустрияны дамытуға баса назар аудару керек. Бәсекелестікті ынталандыру, инвестиция тарту және еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру қажет. Қала жағдайындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту ісі экологиялық таза және ықшамды заманауи технологияларды қолдана отырып, үдерістерді жоғары деңгейде автоматтандырумен және цифрландырумен қатар жүзеге асырылуы керек. Алматының индустриялық аймағы мен «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне Алматы агломерациясының аясында өңдеу өнеркәсібін бірлесіп дамытуды тапсырды. Сондай-ақ осы мақсатта жыл аяғына дейін екі аймақтың тығыз ынтымақтастығына негіз болатын «Агломерацияларды дамыту туралы» жаңа Заң қабылданатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі IT компаниялардың 40 пайыздан астамы Алматыда орналасқанына тоқталып, азаматтардың маңызды бастамаларын жүзеге асыру үшін жақын арада қалада хабтар мен кластерлер іске қосылатынын жеткізді. Сондай-ақ бастапқы қаржыландырылу сомасы 10 миллиард теңге болатын қалалық венчурлық қор құру жөніндегі жергілікті биліктің идеясын қолдайтынын атап өтіп, бұл жобаға жеке кәсіпкерлерден қаржы тартудың маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы қаланың барлық ауданын бірдей дамыту және тұрғын үй құрылысын жандандыру керек екеніне назар аударды. Президент бірқатар түйткілді мәселені атап өтіп, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін жеткізді.

– Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала халқының саны күн өткен сайын өсіп келе жатқанына тоқталып, тұрғын үй құрылысына айрықша мән берілетінін айтты. Оның айтуынша, Алматы тұрғындарының көпшілігі, әсіресе, жастар үшін баспана – ең өзекті мәселе. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек.

– Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі. Әкімдік жалға берілетін тұрғын үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруға тиіс. Бірақ жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі керек. Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады. Қалада тұрғын үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматының жол-көлік жүйесіне де арнайы тоқталды. Бірнеше сағаттық көлік кептелістері азаматтардың денсаулығына әсер етіп қана қоймай, қала экономикасы мен экологиясына да айтарлықтай зиян келтіреді. Сондықтан адамдарға «жайлы қала» қағидатын іске асыруға мүмкіндік беретін үйлесімді және теңгерімді жол-көлік кешенін салу маңызды.

– Қоғамдық көліктердің тартымдылығын дәйекті түрде арттыра отырып, жеке көліктерді пайдалануды азайту жайын ойластыру керек. Ол үшін метро желісін кеңейтуді жалғастыру қажет. Ескірген және экологияға зиян келтіретін көлік түрлерінен бас тарту керек. 2025 жылдан кейін Алматы көшелерінде дизельді автобустар қалмауға тиіс. Оларды газбен және электр қуатымен жүретін көліктер алмастырады. Алматыда оны табысты дамытудың мол тәжірибесі бар. Транзиттік жүк тасымалының басым бөлігін Үлкен Алматы айналма жолына көшіру де қалаға оң әсерін тигізеді. Бұл үшін 6 радиалды және 4 ішкі негізгі көше салу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Жуырда Алматы мен Қонаев қалалары арасында электр пойызының қозғалысы қайта қалпына келгенін еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері қала маңындағы теміржол қатынасын одан әрі жандандыру жоспарын әзірлеуі қажет екенін айтты.

Президент экология мәселесі үнемі назарында екеніне тоқталып, алматылықтарды қаладағы ауаның ластануы қатты алаңдатып отырғанынан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, жыл сайын атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтың көлемі 125 мың тоннаға жуықтайды. Ауаны негізінен автокөліктер, қалалық жылу электр станциялары, өнеркәсіп кәсіпорындары және газ тартылмаған жер үйлер ластайды. Мегаполисте ауаның таза болуына тығыз әрі ретсіз салынған ғимараттар да кедергі келтіріп тұр.

Осы ретте Мемлекет басшысы әкімдікке өнеркәсіп кәсіпорындарының экологиялық қауіпсіздік нормаларын сақтауын қатаң қадағалауды тапсырып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтарын газға көшіру арқылы зиянды қалдықтарды он еседен астам төмендетуге болатынын айтты.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 2030 жылға дейін 2,5 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Ең бастысы, абаттандыру жұмыстары суармалы судың қолжетімділігі мен қала жоспарын ескере отырып, мазмұнды әрі біркелкі жүргізілуі керек. Алматыда 136 саябақ бар. Олардың қатарын көбейтіп, абаттандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу керек.

Мемлекет басшысы Алматының әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту қажет екеніне тоқталды.

– Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон есебінен жүзеге асады. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі  әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшалар салу керек. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек. Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді. Сол себепті мектептерде  орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді. Менің тапсырмаммен Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салынады. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қаланың денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі міндет инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру екенін айтты. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Қасым-Жомар Тоқаев осындай түйткілдерді атап өтіп, әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, ескілерін жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше күтімді қажет ететін жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды деп санайтынын және оларға мейлінше ыңғайлы қоғамдық орта қалыптастыру керек екенін айтты.

– Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек. Қазір Алматыда 55 мыңдай мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 13 мыңы еркін жүріп-тұра алмайды. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулігі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды. Сондықтан әкімдік қаладағы әлеуметтік нысандардың бәрін осындай жандардың қажеттілігіне бейімдеуі керек. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын, ауруханалар мен емханаларды, білім беру және спорт мекемелерін осы талапқа сай ыңғайлау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесуде Президент қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қалалық басқарма жүйесін цифрландыру мәселелеріне арнайы тоқталды.  Оның айтуынша, биыл Қазақстанда тіркелген жалпы қылмыстың бестен бірі Алматыда жасалған.

– Әкімдік 2025 жылға дейін қала көшелері мен қоғамдық орындарды жүз пайыз жарықпен қамтамасыз етуі керек. Тағы бір маңызды бағыт – бейнебақылау жүйесін дамыту. Бүгінгі таңда Алматыда 128 мыңнан астам жеке бейнебақылау камералары орнатылды, оның төрттен бір бөлігі ғана қалалық полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Әкімдік жеке бейнебақылау жүйелерін бірыңғай диспетчерлік пунктке біріктіру жөнінде ереже қабылдауы керек. Әрине, жекеменшік иесінің келісімі арқылы. Сонымен қатар бейнебақылау құрылғыларымен қамтылмаған учаскелерге 20 мыңға жуық камера орнату қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Алматы ғылым мен білімнің орталығы екенін атап өтіп, ғылымды дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

– Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жасарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан Ғылым Академиясына ғылымға жаны ашитын, ғылыми әлеуеті зор азаматтарды ғана көптеп тарту қажет.  Біз ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы жиі айтамыз. Бірақ ондай байланыс әлі де орныққан жоқ. Ащы болса да, мұны мойындауымыз керек. Отандық өндірісті өркендету үшін ғылыми жаңалықтар қажет. Ғалымдарымыздың еңбегі сапалы өнім шығаруға немесе өндірісті тиімдірек етуге септігін тигізуге тиіс. Сонда ғана экономикамыз дамиды. Осы орайда мен тағы бір маңызды бастама – Президент жанынан Ғылым мен технология мәселелері жөнінде ұлттық кеңес құру туралы шешім қабылдадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Президент әйелдердің құқығын қорғау ісіне де назар аударып, соңғы жылдары бұл мәселеде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін атап өтті. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы еліміз ұлттық мүддені қорғауға, әлемде бейбітшілікті, өзара сенім мен ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған белсенді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын атап өтті.

– Халықаралық мәселелерде Қазақстан әрқашан Біріккен Ұлттар Ұйымының әмбебап қағидаттарын сөзсіз қолдайды. Қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайларда БҰҰ-ның рөлі бірнеше есе артып келеді. Оған балама жоқ екеніне сенімдіміз, – деді Президент.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының еліміз үшін зор сынақ болғанын атап өтті.

– Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді. Олар бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті қарақшыларды пайдаланды.  Соның кесірінен Алматыдағы жағдай күрт нашарлады, тіпті, бақылаудан шықты. Қылмыскерлер әкімшілік ғимараттарды басып алды. Көшелерді жауып, жолында кездескеннің бәрін қиратты, тонады. Қысқасы, ойларына не келсе, соны істеді. Бірақ, қандай жағдай болсын, азаматтарымыз, ең бастысы, Алматының асқақ рухын құлатқан жоқ. Қала тұрғындары жұдырықтай жұмылды, сүйікті қаласын қорғап қалу үшін бірікті. Әрине, содырлардың мұндайды күтпегені айдан анық. Еліміздің алтын бесігі – Алматыны қиратып жатқаны осы қаланың перзенті ретінде менің де жаныма батты. Дегенмен дәл сол сәтте абдырап, уақыт ұттыруға еш қақымыз болған жоқ. Онда әбден дандайсып кеткен қарақшылар қаламызды күл-талқан етер еді. Ел тағдыры сынға түскен жауапты сәтте халқымыз мызғымас бірлігі мен қайтпас қайсарлығын танытты. Мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін біз қандай тәуекелге де баратынымызды айқын көрсеттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент қылмыскерлердің қолшоқпары болған, арандап қалған жандарға кешіріммен қарау керек деген шешімге келгенін айтты.  

– Мен ауыр қылмыс жасамаған осындай  азаматтарға кешіріммен қараған жөн деп шештім. Осыған орай Рақымшылық туралы заң қабылданды. Бұл – адамгершілік тұрғыдан дұрыс қадам. Өйткені кешірім – ізгіліктің белгісі. Қажетті заңдық рәсімдерден кейін рақымшылық жасалған адамдар босатылып, отбасына оралады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент кездесу соңында еліміздің дамуына ерен еңбегімен үлес қосып жүрген бірқатар алматылық азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, «Қазақстанның қала құрылысшылары одағы» ҚБ президенті Любовь Нысанбаева «Парасат» орденімен, «Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК дәрігері Роза Дүйсенбаева «Құрмет» орденімен наградталды. «Ерлігі үшін» медалі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Қайрат Нұржаубаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі «Hyundai  Trans Auto» ЖШС өндіріс басшысы Садыкжан Мусаровқа, «Шапағат» медалі «Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ магистранты Әділхан Төлепбергенге табысталды. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: