Елімізде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы біршама шаруа тындырылды. Өндіріс орындары мен қарапайым заттарды өндіру көрсеткіші артты. Соның арқасында өнім өндіру саласының тынысы кеңейе түсті. Осы сала бойынша жоба жасап, кейін грант ұтқандардың қатары артып келеді. Бұл бағдарламаның негізгі бағыты да отандық өндірісті күшейту болған еді. Әйткенмен, бұл бағдарламаның олқы тұстары да бар екен. Құрылымы сыр берген бағдарламаның кешегісі мен бүгінін таразылап, баға берген экономист Мақсат Халықтың пікірінше, бұл бағдарлама алғашында өз жемісін бергенімен, соңында үкіметтен бөлінген қаражат есепсіз талан-таражға түсіп жатыр екен.
– «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы осы ел экономикасын индустрияландыру және импорттық тауарлардың орынын алмастыру бойынша істеліп жатқан жобалардың ішіндегі ең «есі дұрысы» болып келді. Ол алғашында өз нәтижесін берген. Белгілі бір дәрежеде көптеген тауарды өзімізде өндіру бойынша жақсы көрсеткіш көрсеткен еді. Осының арқасында біраз жоба қаржыландырылып, қаншамасы өз жемісін берген-ді. Бірақ бұл бағдарламаның идеясы мен мазмұны дұрыс болмағанын түсінуге болады. Президенттің тапсырмасымен көбірек қаражат аударыла бастады. Біздің елімізде қаржы бөлетін бағдарлама іске қосылса, соны талан-таражға салып, пайда көріп қалуды көздейтіндер көбейген. Түбінде сол қаражатты кейбір алаяқтар тауысып бітеді. Бұл бағдарламаның сыр берген жүйесі – қаржы қолдауын талап етпейтін жобаларға да үкіметтің бюджеттік көмек көрсетуінде болып отыр. Негізінен бұл өнеркәсіп саласына бағытталған болатын. Қызмет көрсету онда айтылмаған еді. Бірақ сол қызмет көрсету саласына да өтіп кеткен. Өткен жылдары Түркістан қаласындағы «Rixos» қонақүйін қаржыландыру осы бағдарлама есебінен жүзеге асқан деген мәлімет бар. Міне, осындай жағдайларды көргенде «бұл бағдарлама да өз жемісін бермейтін бағытқа ойысыпты ғой» деген ой түйіндейсің. Демек, алдағы уақытта да бұл бағдарламадан бір нәтиже шығады деп айту қиын, – дейді М.Халық.
Үкімет қазынасындағы қаржыға қол сұғып, кейін шаруасы шатқаяқтағандар аз емес. Бұл тек бір ғана бағдарламаның нәтижесі деуге келмейді, басқа да қайтарымсыз гранттар мен қаржыландыру көздерінің сұраусыз сарқылып жатқанын аңғартады. Егер ұлттық қордың қазынасы азайса, салық артады, азық-түлік бағасы қымбаттауы да мүмкін. Сондықтан бағдарламадан қолдау сұраған әрбір ұсыныс берушінің жобасы нақты өндіру саласына бағытталып, әрі қарай жақсы нәтиже беретін болса ғана қаражат жағына келісім берген жөн.
Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!