Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балта да өткір, бұтақ та қатты

10.11.2022, 12:00 746

«Мемлекеттік тілді білмейтіндерді ҚР азаматтығына қабылдаудан бас тарту туралы заң қабылдануы мүмкін» деген ақпарат шыққаннан-ақ ел пікірі екіге жарылды. Көбі қуанышын жасырмай, желіге жарыса жазды. Осы орайда, қандастардың хал-ахуалы да сөз болды. Яғни, қазақ тілін білмейтін, білсе де, қазақша жаза алмайтын қандастар үшін дұрыс шешім емес секілді. Жалпы, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында аталған заңның қабылдануы турасында айтты.

– Қазіргі уақытта «Қазақ­стан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың  негіз­дерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көз­дейтін, сондай-ақ қос азамат­тығы  фактілерінің алдын алу­ға бағытталған түзетулер әзірленді, – деді Үкімет   басшысы.

Премьер-министрдің айтуын­ша, аталған заңнама­лық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының  жобасына  енгізілген.

– Мына ақпаратқа ел (заң туралы – ред.) «керемет, құтты болсын, дұрыс шешім» деп шулап жатыр екен. Шыны керек, жүрегім ауырып кетті. Егер ұлты қазақ болса да, бұл талап енетін болса, онда 100%  қарсымын. Неге?

Себебі, бүгінгі Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Еуропа, Америкада жүрген қазақтардың 90%-ның баласы қазақ тілін білмейді. Қазақша дәл осы жазуда (біреуі – төте, біреуі – латын қарпінде)  жаза  алмайды.

Сонда ол балалар атажұртының  азаматтығын неге ала алмайды, кінәсі неде!? Олар туған жерде қазақ мектебі жоқ, қазақтілді орта жоқ. Сол  себепті  үйрене  алмады.

Шыны керек, бәріміз де осы жазуды елге келіп үйрендік. Жылда қаншама елге келген балаларға қазақша үйретіп, қазақ мектебіне кіргізіп жатырмыз. Себебі, олар – еліне келіп  жатқан  қазақ  баласы.

Ұлты қазақ емес адам қазақ  тілін білсе де, азаматтық берілмеуі керек. Ал ұлты қазақтарға шектеу салмай, елге келіп, қазақ тілін үйренуіне мүмкіндік берілуі керек, – дейді ұстаз, тіл жанашыры Аятжан  Ахметжанұлы.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының сауалында қоныс аударушылардың қос азаматтығын тексеруге және құқықтық іс-шаралар қабылдауға қатысты мәселелер де көтерілген  болатын.

Ал, ел арасында «Бұл заңды қабылдамайды, жай ғана сайлау алдында қазақтарды емексіту ғой» дейтіндер бар. Сондай-ақ, «Қазақша білмейтіндерге азаматтық бермейтін болса, онда азаматтығы бола тұрып, қазақша білмейтіндерді не істемекші?» деп тағы сұрақ қойғандар табылады. Шынын айту керек, мұндай мәселені жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Әйтпесе, балта да өткір, бұтақ та қатты болып тұр. Жалпы, елімізде соңғы жылдары мемлекеттік тіл турасындағы тартыстар жиілеп кетті. Мұны қазақтілділер санының көбейгенімен байланыстыруға болатындай. Десе де, қазақ тілін айғайлап, қамшы үйіріп талап еткеннен гөрі, заң жүзінде, мәдениетті түрде сұраған жөн секілді.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: