ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеубердіге
ҚР Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі С.Брекешевке
Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа
Еліміздің трансшекаралық өзендері мәселелері мен Орта Азия елдеріне ортақ Сырдария өзеніне тағдыры байланған Арал теңізі проблемасын БАҚ бетінде көтеріп келе жатқаныма 30 жыл. Осы 30 жыл ішінде еліміздің ортақ суды пайдалануға қатысты, еліміздің ашық су айдындарын қорғау, сақтау, пайдалану, реттеу түйткілдері бойынша өз зерттеулерім мен көзқарастарым, талдауларым бар.
Осы ретте Арал тағдыры айналасындағы проблемаларға орай, Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясы жұмысындағы кемшіліктерді айтуға құқым бар деп есептеймін.
Дирекция директоры Б.Бекниязовтың өз сөзімен айтсақ, «Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстандағы Атқарушы Дирекциясы туралы Ережеге сәйкес Қор қызметінің негізгі мақсаты Арал теңізі алабының қазақстандық бөлігіндегі су шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайларды жақсарту бойынша өзекті мәселелерді шешуге және практикалық іс-шараларды үйлестіруге қолдау көрсету болып табылады».
Алайда Арал теңізі алабының қазақстандық бөлігіндегі жобаларды қолдау – Қордың басты міндеті болғанмен, қалыптасқан көзқарасы өзгешелеу.
Осы бағытта саралап сөйлер болсақ, 2019 жылы Энергетика министрлігі мұнай-газ кешеніндегі экологиялық реттеу, бақылау және мемлекеттік инспекция комитетінің Қызылорда облысы бойынша экология департаменті мамандарының маған сарапшы журналист ретінде берген ресми мәліметінде Халықаралық Аралды құтқару қоры мен «Арал Сода» ЖШС арасында 07.04.2020 жылы екіжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғаны туралы жазылған. Келісім мақсаты өндіріс барысында қаралған іс-шаралардың тиімді орындалуын және қоршаған ортаны қорғау талаптарын қатаң сақтау деп көрсетілген.
Бұл туралы облыстық Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысына Кіші Саршығанаққа салынғалы отырған Сода зауыты шламқоймасының мәселесін шығарғанымда, ресми құжаттарда Сода зауыты директорының орынбасары боп көрсетілген Ғ.Сержанов Аралды құтқару Қорымен ынтымақтастық меморандумға отырған құжатын мақтанышпен алға тартты. Осындай меморандум тұрғанда «сіз кім едіңіз, сізден рұқсат сұрауды ұмытыппыз» деп кекеткеніне кеңес мүшелері куә. (записі де болуы керек) Осы сөздерден болашақ Сода зауытының басшылары Халықаралық Аралды құтқару Қорымен жасалған ынтымақтастық құжат – «меморандумға» арқа сүйейтіні байқалады.
«Аралды құтқарушы Қор» су келеді деп күтіліп отырған теңіздің табанына химиялық өндірістік қалдықты жинайтын қойманың салынуына үзілді-кесілді қарсы тұрудың орнына, зауытпен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатуы мен үшін түсініксіз.
Бұл туралы мәселе көтеріп жұргеніме 4 жыл болды. Жуырда ғана үлкен жиында Бекниязовпен бетпе-бет кездесудің сәті түсті. Осы ретте де меморандумға отыру себебі туралы сұрағымды қойдым.
Аралдықтар үшін аса маңызды бұл сұраққа жауабын «Арал аймағында Сода зауыты салынған жағдайда зауыттың әлеуметтік, мәдени жобаларын қолдау» дегендей ауызша шала-шарпы жеткізді. Электронды пошта алмастық. Электронды поштама меморандум құжатын жіберуге уәде берді. Мүмкін ойға қонымды салдары бар шығар деген оймен поштаны екі апта күттім. Уәдесінде тұрмады.
Негізі экология департаментіне Сода зауыты тарапынан берілген ресми құжатта «Меморандум мақсаты – өндіріс барысында қаралған іс-шаралардың тиімді орындалуын және қоршаған ортаны қорғау талаптарын қатаң сақтау» делінген. Ал Қор зауыт ашылған күнде химиялық өндіріс орнының қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтау-сақтамау барысын меморандумсыз да бақылай алады емес пе?
Демек бұл жерде Аралды құтқару Қоры аталмыш зауытпен ымыраласып, компетентті ұйым ретінде химиялық зауыттың рұқсатнама құжаттарының пәрменін күшейту үшін жасаған көмегі деуге негіз бар.
Сонымен ашық аспан астында беті ашық жататын 502 гектар алапты алып жатқан Кіші Сарышығанақ табанына химиялық қалдық қоймасын салуды көздеп отырған зауытпен «Аралды құтқаратын Қордың» не үшін ынтымақтаса қалғаны ойлантатын жайт.
Бір қызығы, Үкімет, министрлік, МФСА Президенті мен Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Қазақстандағы дирекция басшысының химиялық зауытпен ымыраласу әрекетінен хабары бар ма екен? Сондай-ақ, су келеді деп күтіліп отырған бұрынғы акватория орнына шламқойма салуға қарсылық білдірмей, ымырашылық танытқан дирекция директорының әрекеті МФСА ережелеріне сай келе ме екен деген де сұрақ туындайды.
Халықаралық Аралды құтқару Қоры Қазақстан дирекциясы басшысының негізгі міндеті Аралды құтқару ма, әлде қалай? Әлде салғыртық танытып, жіберіп отырған кемшілігі ме? Кемшілік деуге келмейді-ау, өйткені Болат Бекниязов қорды 6 жыл басқарып отыр. 6 жылда халықаралық деңгейде атқарылған жұмыстарды жоққа шығармаймыз. Әйтсе де Арал төңірегінде жеке қызығушылығын дәлелдейтін жобалары да жоқ емес деуге негіз бар.
Арал ауданы аумағында экологиялық жобаларды іске асыру бойынша Қордың атқарған жұмыстарын аралдықтар нәтижесіз деп бағалап отыр. Мәселен, Қамбаш көлінің жағасынан Қор теңгеріміне алған 5 гектар аумақта көгалдандыру жобасын жүзеге асыра алмаған. Еккен ағаштары күтімсіз қурап қалып, тұрғындардың ашу-ызасын туғызуда. Сондай-ақ, «Барсакелмес» қорығының директоры З.Әлімбетованы Аралды құтқару Қорының Арал ауданындағы филиалының директорлығына тағайындауын аралдықтар негізсіз деп қарсылық білдіруде.
Аралды құтқару қоры Аралды құтқара ма? Жақында ғана Қызылорда қаласында өткен «Өңірлік даму, Аралдың Солтүстігін сақтап қалу» жобасының 2-ші компоненті бойынша өткізілген тыңдауда Халықаралық Аралды құтқару Қоры Қазақстан Атқарушы Дирекциясының ұсынған жобаларының бірде-біреуі Аралды құтқаруға бағытталмағанына көз жеткіздік.
Ал аралдықтарға керегі – Кіші теңізді толтыру, сақтап қалу, балық шаруашылығын дамытуға арналған жобалар. Ондай жобаларды басқа экологиялық ұйымдардың ұсынғаны бізді қуантқанмен, Аралды құтқару қоры ұсынған жобалардың дені, мысалы томат өндіру зауыты сияқты миллиондаған АҚШ доллары тұратын өндіріс орындарын ашуға бағытталғаны жиынға қатысушы қоғам белсенділерін таңғалдырды. Оның үстіне ол жобалар Аралдан алыс жатқан оңтүстік аудандарға қарастырылған.
Қордың оңтүстік аудандарға ұсынған миллиондаған АҚШ доллары тұратын жобаларының жалпы аймақтың экономикасына оң әсер беретіні белгілі, әйтсе де Аралды құтқару Қоры неге экологиялық апат аймағы Арал ауданының экономикасы мен экологиясын сауықтыратын жобаларға маңыз бермей отырғаны тағы да ойлантады. Ең бастысы Арал ауданының экологиясын сауықтыру Қордың негізгі міндеті емес пе?
Халықаралық Аралды құтқару Қорының Қазақстан Республикасындағы Атқарушы Дирекциясы туралы Ережеге сәйкес Қор қызметі экологиялық жағдайларды жақсарту бойынша өзекті мәселелерді шешуге және осы бағыттағы практикалық іс-шараларды үйлестіруге қолдау көрсету болып табылатынын ескерсек, Қор ұсынған жобалар Арал өңірінен алыстамауы тиіс.
Қорыта айтқанда, Дирекция директорының қызметтік мерзімі мәселесін Қорды бақылайтын құзырлы органдар назарына сала кетуді жөн көрдім.
1. Қор ережесіне Халықаралық Аралды құтқару Қоры Атқарушы Дирекцияларын басқару мерзімін 5 жылдан асырмау туралы өзгеріс енгізуді;
2. Болат Бекниязовтың 6 жылдық қызметінде аралдықтардың ашу-ызасын туғызып отырған кемшіліктерді анықтауды ұсынамын.
3. Ең басты ұсынысым: Дирекция директорының қызмет мерзімі 5 жылдық етіп бекітіліп, қызмет орнына ротация жасалуы тиіс.
Өйткені басшылық қызметте 5 жылдан артық отырған адамда жекеменшік психологиясы орнығатыны белгілі жайт.
Ротация Қор жұмысының сапасы мен алдағы жұмыстарына серпін береді деп сенемін.
Құрметпен,
Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА,
тәуелсіз, сарапшы журналист, Ақпарат саласының үздігі, Қазақстанның Құрметті журналисі.
Арал-Сырдария Бассейндік Кеңесінің мүшесі,
«Аманат» партиясы Қызылорда облысы филиалы жанындағы Қоғамдық Кеңес мүшесі,
Қызылорда қалалық қоғамдық кеңес мүшесі
Айткүл сіздің халық жанашыры, Арал жанашыры екеніңізді жақсы білеміз! Өте орынды мәселе көтеріп отырсыз. Аралды айта-айта жыр болды. Бірақ мақсаттары басқа адамдар көп араласатын болып отыр, жеке мүдде де жоқ емес сияқты. Ротация болу міндетті. Осы қор мен қатар МКВК құрамына кіретін ғылыми-ақпарттық орталықтың Қазақ филиалы құрылғаннан бері 25 жыл ішінде бюджеттен бір теңге алмай жұмыс жасап отырмыз. Патриоттық негізде ғана. Бұл да Арал мәселесіне араластырмаудың бір жолы сияқты. Себебі бұл ұйымды Нариман Қыпшақбаев басқарады. Айналдырған 4 адамға жалақы бөлмей келеді.
Аралды құтқару Қорынан әу баста күткен үмітіміз зор еді. Бірақ Арал мәселесіне үш қайнағанда сорпасы қосылмайтын Алмабек Нұрышев деген азаматтың НӘН саясатымен МФСА басшылығына безальтернативно келуімен ол үмітіміз аяқ асты болды. Теңізге еш қайыры жоқ ұсақ-түйек амалдармен, Аралға жақын Қызылорда филиалының жартыкеш шараларымен, бірақ өздерінің қомақты айлықтарымен бұл құрылым көп жылдарды өткізді. Халық боп үн көтеріп жатқан «Кіші Аралға» да еш қайыры болмады. Бүгінгі МФСА-ның «непопулярный» істері сол дәстүрден бастау алып жатқан сияқты.
ПРРВСАМ-ның екінші кезеңіне бөлінген 190 млн. & қаржының 60 миллионын МФСА ұсынысымен екінші компонентке бөлу өте қате шешім. Үлкен Арал табанын абаттандырудың мемлекеттік бағдарламасы бар. Ол бұрыннан жалғасып келе жатқан жұмыс. Ал екінші кезеңнің басты міндеті Солтүстік Аралды көтеру болуға тиіс еді. Арал халқының «бізді сексеуіл емес, теңіз асырайды» деген сөзі бар. Осы халық мақсатын тәрк ету бұл.
МФСА төңірегіндегі басқа да мәселелер жоғарыда айтылған негативтерден туындап жатыр. Оларды жедел түрде шешу керек.