Сот та адам. Тура біз сияқты адам. Оның да жүрегі болады екен. Оның да адамдарға жаны аши алады екен. Кім айтты сіздерге, сот дегендер сондай суық, көңілі құз, пейілі мұз, сезімі ащы тұз деп? Солай айтқан адамның аузына алты жылан жұмыртқаласын. Әне, кезінде кердең басып, мансап, қызмет, елбасының жиені деген белдерден асып, асайтынын асап, жасайтынын жасап, білгенін істеп, рейдерлікке көнбегендерді тістеп, өмірден бәрін ұтып, миллиардтарды жұтып, асығы алшысынан, ләңгісі әуелеп тұрған Қайрат Сатыбалдының соты өтіп жатты.
– Ішкен, жегендеріңізді мойындайсыз ғой? – деп сұрады судья.
– Мойындаймын… – дегені сол, соттың көңілі босап кетті.
– Әне, мойындады ғой, не деген керемет адам! – деп дауыстады да, сыртқа шығып кетті. Оңаша отырып алып, еңіреп жылады. Сатыбалдыға жаны ашып жылады. Сосын, қайтып келіп:
– Шынымен мойындайсыз ба? – деп сұрады.
– Дүниеге тоймаппын, қой десе де қоймаппын, өмір бойы осылай жүрем деп ойлаппын, – дегені сол, сот дәлізге шығып кетті де, солқылдап жылады.
Жаны ашып кетті тегі. «Не деген керемет адам еді, мойындай салатын?». Сосын, қайтып келіп:
– Сіз қызмет бабын пайдаланып, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамынан аса ірі көлемде қаржы жымқырдыңыз ғой? – деп сұрады даусы қалтырап.
– Ия солай, қолдан келсе, бәрі оңай… – дегені сол, сот алдына екі үлкен кесе әкеліп қойылды.
Жанарынан аққан жанашырлық жасы сол кеселерді шөпілдетіп толтырды. Көкірегі қарс айырылып, Сатыбалдыны құшақтай алғысы да келді. Бірақ, сот деген аты бар ғой.
– Істеген ісіңізге қалай өкінесіз? – деп сұрады прокурор.
– «Ооох!» деп. Ооох. Аааах… – деген Қайрат Сатыбалды қатты күрсінгенде, прокурор да еңірей жөнелді.
Жаны ашып кетті. Залда отырған бір әйелдің көйлегінің етегіне көз жасын сүрткісі келді де, ол ойынан ұялды. Қайрат Сатыбалдыға қарап еді, ол мөлиіп тұр екен. Баяғы Қайрат жоқ, сағы сынған, шаруасы тынған. Прокурор одан бетер айқайлап жылады. «Аа, дүние-ай, адамдар неге сотталатынын біле тұра, жей береді?» – деді.
– Қайратжан, мемлекетке 12 миллиард теңге қайтарғаныңыз рас қой?
– Ия, шындық, қысқасы, тындық…
– Ой, азамат! – деген сот көз жасын көлдетіп, дәлізге шығып кетті. Екі иығы солқ-солқ етеді. Қайраттың алдына қазы-қарта, қара уылдырық, сусындар әкелінді.
– Ішіңіз, жеңіз, уайымдап, әбден жүдеп қалыпсыз ғой, – деді прокурор да тамсанып.
– Виски ішкім келіп тұрғаны… – деді Қайрат Сатыбалды сорпадан бір ұрттап қойып.
– Виски әкеліңдер! Қайрат айналайын, сіздің әйеліңіз Гүлмира Сатыбалды да рейдерлікпен айналысып, әрі мемлекеттің 747 миллион теңгесін жымқырыпты. Оған не дейсіз?
– «Әй, қатын, қойсай!» демеппін оған. Соған өкінемін, – дегені сол, сот та, прокурор да бір-бірін құшақтап жылады.
– Ренжіме, сізге алты жыл ғана береміз, – деді прокурор қорсылдап.
– Он жылдай берсеңізші? «Жадный» екенсіз! – деп қалды Сатыбалды.
– Жерде жатқан жыл жоқ, соған риза болыңыз, – деген прокурор жанарына келген жасты алақанымен сүртіп, соттан шығып кетті…
Осылай оқиғаны қиялмен қиярдай турағаныммен, сот та, прокурор да өмірде жыламайды ғой? Қайтер екен десем. Шынымен сеніп қалдыңыздар ма? Бірақ бар ғой, Қайрат Сатыбалдының миллиардтардан мипалау жесе де, небәрі алты жыл арқалағаны осындай қиялдарға еріксіз жетелейді екен. Менің де жылағым келіп кетті.
Мұхтар ШЕРІМ,
Шымкент қаласы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!