«Киелі мекен – Шиелім екен» деп Оразбек ақын жырлағандай, шежірелі тарихы ғасырлар қойнауында жатқан, ән мен күйі, мәдениеті, салт-дәстүрі бәрі-бәрі бір-бірімен тоғысқан мекен – расында да Шиелі екен. Сыр елінің шырайын кіргізіп, өсіп-дамуына үлкен септігін тигізіп жатқан бір өңір деп Шиелі жерін айтсақ қателеспейміз. Оған Шиелі ауданындағы іссапарымыздан аңғарып, көзіміз жетті.
Иә, өткен аптада сұлу Сырдың бойында орналасқан Шиелі ауданына барып, оның салт пен дәстүрге толы мәдени мұрасымен, шығу тарихымен, ауданның оң имиджін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, тамашалап келдік.
Сыр өзенінің орта ағысында орналасқан Шиелі жері – қай жағынан болса да, жұрт назарын аударуға тұратын, тарихы арыда жатқан өлке. Шиелі ауданының тарихы Жөлек бекетінен бастау алады. Табиғаты бай Сырдария өзенімен де, жерімен де оңды-солды қатынас орнатуға қолайлы мекен болғандықтан бұл жерге Жөлек қорғаны соғылып, ең үлкен Хан базары орналасқан. Онда қазақтың дана ханы Абылай әскері мен Кенесары қолы ат басын тіреген. Орыс пен Орта Азия, Қазақстан арасында үнемі қақтығыс болса, соның көп дүбірі осы Жөлектің үстінде өткен. Ал қазіргі аудан орталығы Шиелі кентінің негізі 1900-1906 жылдары «Орынбор-Ташкент» теміржолы салынған кезде қаланды. Сол жылдары Шиелі, Бәйгеқұм, Тартоғай, Сұлутөбе станциялары салынып, тіршілік бар жерге халық жиналып, қоныстана бастаған. Бұрын руға бөлініп, шағын ауыл болып отырған елдер топтаса бастап, елді бірлікке, бірігіп тірлік етуге, ынтымаққа шақыруда Қарасары Байсын деген кісінің үлкендігі мен көрегендігі көп пайда келтіреді. 1917 жылы желтоқсан айында Шиеліде кеңес өкіметі орнады. Шиелі большевиктерінің алғашқы отырысы өтіп, Шиелі Советі сайланды. 1991 жылы бұрынғы КСРО елдері сияқты Қазақстанға да ұлы өзгеріс келді. Ел егемендік алды, өз байлығы мен билігі өзіне тиді. Әрине, тосыннан келген жаңа қоғам – нарықтық бағыт біраз қиындық келтірді. Бар ауырлық халықтың мойынына түсті. Алайда, бұл қиындық бірте-бірте орынына келе бастады, ел есін тез жинап, жаңа бағытқа құлшына кірісе кетті. Шиелі ауданы да осы кезеңдердің қиыншылығын түгел бастан өткерді. 1991 жылы басталған жаңа нарық қиындығын аудан 4-5 жылдың ішінде артқа тастап, тек ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласында ғана емес, әлеуметтік, мәдени салада да ілгерілеу болды. Аудан орталығында күмбезі көкке бой созған мешіт үйі, орталық алаңда орнатылған Мұстафа Шоқай мүсіні, түрлі іс-шара өткізілетін алаң, субұрқақ пен алаңның екі жағындағы бас қақпа көше сәнін келтіріп тұр. Одан бөлек, қазіргі заман талабына сай аудан көшелерін жарықтандырып, гүлдендіріп, жасыл желекке орап қойған. Бүгінде ауданда атқарылып жатқан жұмыс көп. Іссапар барысында Шиелі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жібек Баймұратова қарсы алып, аудандағы атқарылып жатқан істердің басын ашып айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму серпіні мен алдағы жоспарлар туралы тілдестік.
Жалпы, жұмыссыздық деңгейін азайту жаһандық проблемаға айналған ең өзекті ахуал екені белгілі. Шиелі ауданында халық саны – 85 099, осының 5 пайызы ғана жұмыссыздықты құраса, қалғаны экономикалық тұрғыда белсенді және өзін-өзі жұмыспен толықтай қамтыған жандар қатарында. Ендігі уақытта 5 пайызды, яғни 1801 адамды жұмыспен қамту мақсатында 3623 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, оның 60 пайызы ғана орындалған. Сондай-ақ, ауданның барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсу тенденциясы қалыптасып, өнеркәсіп өнімін өндіру 108,6 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 107,2 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 пайызға, сауда айналымы 3,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 5,8 пайызға артып, инвестиция тарту 13,2 пайызға ұлғайған. Дегенмен, облыс әкімінің қатысуымен аудандардағы өзекті мәселелерді саралау барысында өткен жиында макроэкономикалық көрсеткіштердің қорытындысына сәйкес, Шиелі ауданы 5-орынға тұрақтап, орташа даму динамикасын көрсетті. Облыс әкімі биыл даму динамикасы едәуір баяулағанын айтып, сынға алған болатын. Себебі аудан өткен жылы үздіктер қатарынан көрінген.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданына қарасты 1 кент және 22 ауылдық округ бар. Сонымен қатар, бұл ауыл-аймақ және аудан тұрғындарының қажетіне бірқатар жұмыс жүргізіліп жатқаны байқалады. Бүгінде аудан басшылығы газдандыру, жарық беру, жол салу бойынша құнтты жұмысын бастап кеткен. Ауданның 60 пайызы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілсе, қалған елді мекендерге газ отынын жеткізу мақсатында Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысы басталып, Тартоғай, Майлытоғай ауылдарының ішкі газ желісін жобалау бойынша құжаттар әзірлену үстінде екен. Сонымен бірге, ауданда ауызсу мәселесі де оң шешімін тауып отыр. Жалпы айтқанда, облыс бойынша басқа аудандардан алдыңғы орында Шиелі ауданы тұрғаны анық. Өйткені аудан табиғи пайдалы қазбалар қорына бай. Олар осы тұста жақсы қызмет көрсеткішін көрсетуде.
Биыл ерекше тарихи жыл – «Балалар жылы». Осы тұрғыда, Шиелі ауданында бірқатар жұмыс пен іс-шара ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ойын алаңдары бой көтеріп, білім саласында да балалар үшін түрлі жағдайлар жасалып, қайырымдылық акциялары өткізіліп жатыр. Бұдан бөлек, бұл өңірден небір шешендер мен жыраулар, би-болыстар, ақындар мен жазушылар, ғалымдар мен ғұламалар басқа да көптеген дарынды жандар шыққан. Шиелінің мақтанына айналған Ыбырай, Нартай есімі мәңгі ел есінде екенін білеміз. Бар жақсыны келер ұрпаққа мұра етіп жинаған небір даналарымыздың бүгінгі күннің жаңаруы мен жаңғыруына қосқан үлестері зор. Сондықтан да аудан ардақтыларына аудан орталығынан мүсін қойылып, есімдері көше, ауыл атауларына беріліп, жыл сайын дүниеге келген күні ескеріліп, еленіп жатады. Осыған байланысты, ауданның қоғамдық-саяси маңызды іс-шараларының жоспарына сәйкес, биыл сөз зергері, шешен Бұдабай Қабылұлының 180 жылдығына арналған «Өзге сөзден өлеңге ұста – Бұдабай» атты республикалық ақындар айтысы, ғалым, академик Шахмардан Есеновтің 95 жылдығына арналған «Ұлтының ұлы, есінде елдің мәңгілік» атты ғылыми-танымдық конференция, Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген қызметкер, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, сазгер Әлмырза Ноғайбаевтың 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Әні әдемі Әлмырза» атты облыстық ән байқауы және журналист, ақын Дүйсенбі Смайловтың 90 жылдығына республикалық айтыс өткізілетін болады. Осылайша, ауданның мәдениет саласын дамытып, әлеуетін арттыруға барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктер де ауқымды.
Біз барған уақытта отбасы күніне орай ұйымдастырылған аудандық «Мерейлі отбасы» байқауына дөп түсіп, тамашалап қайттық. Аталмыш байқаудан Рыспембетов және Байжановтар шаңырағы бас жүлде алып, Мыңбаев, Бегманов және Шохановтар отбасы жүлделі орындарға ие болды.
Шиелі ауданынан тың ақпараттар жинап, өзгешелікті көзімізбен көру үшін барғандықтан, ауданда жасалған өнімдер мен кәсіпкерлердің тыңғылықты жұмыстары атқарылатын бірнеше нысанды аралап шықтық. Алайда бұл алдағы мақалаға арқау болсын деп, келесі санға қоржынымызда қалсын.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Шиелі ауданы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!