Ғасырлар бойы отар ел болып, өзінің барлық дерлік құндылықтары мен ұлттық ерекшеліктерінен айырылған ел Тәуелсіздік алғаннан соң, екі бағытта дамиды екен. Біріншісі егемендік алған күннен бастап, өзінің жоғалтқан, жоғалуға шақ қалған ұлттық құндылықтарын қалпына келтірумен айналысады, ал екіншісі өздерін отарлаған елдің құндылықтарын бойларына сіңіріп, соның тілінен, солардың мәдениетінен шыға алмай, мәңгүрттеніп қалатын сияқты. Біз, дәл қазір, сол екіншінің қатарындамыз… Өз басым, Тәуелсіздік алғаннан кейін бір жылдың ішінде барлық қазақ өздерінің ататегін дұрыстап, орыс тілінен енген, қазақ тілінің нормасында жоқ, «-ов», «-ев» сияқты жасанды қосымшалардан құтылып, Кеңес одағы кезінде жоғарыдан таңылған елді мекендердің, қала, көше, т.т. атауларын өзгертіп, отаршылдық және кеңестік идеологияның бағытында қойылған ескерткіштерден тазарып, жер-суға өздерінің тарихи атауларын қайтарып, барлық қазақ балалары қазақ мектебінде оқитын күнге жетеміз деп ойлайтынмын. Қатты қателесіппін.
Иә, бірінші болып… еліміздің атауы ауыстырылды. 1991 жылы, Тәуелсіздігімізді қайтып алғанда «Қазақ республикасы» (Жетпіс жыл бойы біздің ел «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» болып аталды. Осы жылдардың ішінде бұл атауға қарсы шыққан, ауыстырылуды талап еткен жан адам болмады. Кеңес одағы тараған уақытта «Совет» атауы өзінің заңды да, моралдық да күшін жойды. Сонымен қатар «социализм» деген ұғым да келмеске кетті. Қалғаны «Қазақ республикасы» болатын) деген атау бір сәтте өзгеріп, «Қазақстан Республикасы» болып шыға келдік. Тәуелсіздік тойында жүрген халық оны байқамай да қалған сияқты. Соны өзгерткен адам осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «мемлекеттің атын «Қазақ елі» деп ауыстырсақ қайтеді» деп міңгірлеп еді, мәңгүрттенген ұлт пен орыстанған билік ол сөзді құлақтарына да қыстырған жоқ.
Обалы не керек, елдің аты кері кетсе де, қазақтар көп өңірде кеңестік көсемдердің ескерткіштері алынып, көшелер мен елді мекендердің аттары өзгере бастады. Бұған он жылға созылған Назарбаевтың «мораториясы» да, шовинистік бағыттағы ұйымдар мен кейбір орыстілді азаматтардың ешқандай дәлелсіз, топас қарсылықтары да бөгет бола алмады. Әрине, барлық аймақтағы жағдайды бірдей деуге болмайды, бірақ Горбачев айтқандай, «процесс басталды».
Орыстілді азаматтардың көпшілігінің, оның ішінде славян ұлты өкілдерінің қабақтарын тыржитып қабылдайтын екі мәселесі бар; оның біріншісі қазақ тілінің қазіргі жағдайы болса, екіншісі – ономастика, елді мекендер мен көше, алаң, т.т. аттарының ауыстырылуы. Осы екі мәселе жөнінде орыстілді аудиторияда, жергілікті тұрғындармен соңғы бес-алты жылда екі жүзден астам кездесу өткізген адам есебінде өзімнің көрген-түйгендерімді жеткізе отырып, осы бағытта жұмыс істейтін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға бірнеше нақты ұсыныстар беруді мақсат еттім. Бұған түрткі болған – маусым айындағы Солтүстік Қазақстан облысындағы 24 елді мекендегі (Краснознаменное, Воскресновка, Буденное, Чапаевка, Благовещенка, Чапаево, Ленинское, Рублевка, Келлеровка, Кременчуг, Драгомировка, Иван-город, Чкалова, Ильичевка, Ленинградское, Боголюбова, Корнеевка, Советское, Сергеевка, Тимирязево, Комсомольское, Буденное, Рузаевка, Кирилловка, Саумалкөл, Петропавл, Октябрьское, Советское ауылдары) мен шілде айындағы Батыс Қазақстанда өткен 14 елді мекендегі (Алғабас, Бударин, Чапаев, Чиров, Раздольное, Макаров, Мичурин, Жалпақтал, Казталов, Долинное, Богдановка, Яик, Юбилейное, Тасқала ауылдары) кездесулер.
Мойындауым керек, Солтүстік Қазақстандағы кездесулер өте қиын да күрделі болды. Менің алдымда өздерінің баяғы артықшылықтарынан айырыла бастаған, соның салдарынан іштері қазандай қайнаған, бірақ күресуге дәрмендері жоқ, билікті айқай-шумен қорқытып аламыз деген бейшара тұрғындар отырды. Артық айтты демеңдер, кейбір ауылдағы жиналған тұрғындардың пиғылдары мен елді мекеннің атын ауыстыру мәселесіне деген ашу-ызасына қарап, кейде өзімді Украинадағы Луганск не Донбасс облыстарында жүргендей сезіндім… Барлығына бірдей мінездеме беруден аулақпын, бірақ әрбір кездесуде үш-төрт белсенді ұйымдастырушылардың отырғаны көзге түседі, ал басқа тұрғындар – олардың айтқандарын қолдап, үн қосып, айқайды көбейтушілер. Бұлардың айтатын «дәлелдері» де барлық жерде бірдей; біріншісі – «көмір жоқ, интернет жоқ, жол салынбаған, жұмыс жоқ, т.т. сонда елді мекеннің аттарын ауыстырудан басқа мәселені шешіп қойдыңдар ма?» деп, тақырыпты әлеуметтік мәселеге аудару, екіншісі – «бұл жерге біз келгенде (біздің аталарымыз келгенде) жан адам болмаған, біздер өзіміздің селомызды салып, атын бердік, енді оны ауыстырудың қандай қажеті бар?» деп, бұрынғы отарлау кезеңін алдымызға тартып, қазақ жерін иесіз, халық тұрмайтын Марс планетасына теңеу, үшіншісі – «біз Буденныйда тудық, Буденныйда өлеміз. Не істейсіңдер!? Ауыстырмаймыз, болды!» деген, ешқандай дәлелсіз, дерексіз, топас қарсылық. Соңғы ұстанымдағы жандардың құлақтарына «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» туралы да, «елді мекендерге өзінің тарихи атауларының қайтарылу» қажеттігі де, елді мекендер мен көшелерге адам атын бергенде, оның сол елге, сол мемлекетке сіңірген ерен еңбегінің болу шарты да кірмейді. Олар үшін Ресей мемлекетінің қолбасшылары Суворов пен Кутузов – қазақ елінің батырлары Қабанбай мен Бөгенбайдан артық та, Пушкин, Лермонтов сияқты ақындары Абай мен Шәкәрімнен жоғары тұруы керек. Олар – «Қазақстанның азаматы» деген шартты атаудың иелері, бірақ барлық болмысы, ұстанымы, мақсат-мұраты, мүддесі – Кеңес адамының, одан қалса, Ресей елінің бағытында. Бұл – біздің 31 жыл бойы «жүргізген» (дұрысы, «жүргізбеген») идеологиямыздың нақты жемісі.
Бірақ, дәл қазір, басқа жол да жоқ, оларға ономастикалық саясатты түсіндіруіміз керек. Кейде қызу пікірталастың соңында, алдымызда отырған тұрғындар біздің дәлелдерімізді еріксіз мойындаса, енді бірде олардың «ойланып көрейігімен» біздер де еріксіз келісеміз. Алайда, Солтүстік Қазақстанда болған 24 кездесуде 3-4 елді мекеннің тұрғындарын өздерінің селоларының аттарын ауыстыруға көндірген сияқтымыз. Егер шартты түрде алты облыс кіретін (Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола) «орыстілді» аймақта ономастика саясатын түсіндіру жұмысының кең көлемде алғаш рет жүргізіліп отырғанын ескерсек, жаман нәтиже емес деп ойлаймын.
Батыс Қазақстандағы «Ономастика – идеология көрсеткіші» деген тақырыпта өткен кездесулер, «үнсіз қарсылық болған» екі-үш селоны есептемегенде, аса бір қиындық тудырмады. Оның басты себептері – бұл жердегі елді мекендерде республикадағы ономастика мәселесін түсіндіру жұмыстарының үздіксіз, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқаны және жергілікті атқарушы биліктің, азаматтық қоғамның пікірлерінің бір жерден шығуы деп есептеймін. Тіл басқармасының есебі бойынша, облыс көлемінде 2020 жылы 13 елді мекен мен 241 көшенің аты өзгерсе, осы жылдың алты айында 12 елді мекен мен 120 көше өзгеріске түскен. Басқарманың облыс бойынша қазақ мектептеріне балаларды тарту бағытында «Ұрпағыңа ие бол, ағайын!» деген үгіт-насихат жұмысы да басқаларға үлгі боларлық бастама деп білемін.
Бұл жердегі кездесулерге сол селодағы қазақтілді тұрғындар белсене қатысып, сандары көп орыстілді көршілерінен қаймықпастан, селоның атын өзгерту мәселесін қолдап, дәлелдерін келтіріп, сөз таластырып отырды. Өкінішке қарай, Солтүстікте бұндай қолдауды сирек көрдік. Керек десеңіздер, кездесулерден кейін, сол ауылдағы қазақтілді азаматтарға «кездесуге неге қатыспадыңыздар?» деп сұрақ қойғанымызда, «сендер кеткеннен соң, бұлар бізге күн көрсетпейді» деген жауаптарды да естіген болатынбыз… Батыс Қазақстандағы кездесулердегі ерекше атап өтетін мәселе – қасымызда жүрген аудан әкімі орынбасарларының белсенділігі дер едім. Осы кездесулерде Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Е.Бисақаев бауырымыздың орыстілді ортада өзін сабырлы да байсалды ұстауы (бұл да ерекше рөл атқарады!), олармен ортақ тілі табыса білуі, сол арқылы ономастика мәселесіндегі өзгерістерді түсіндіруі ерекше әсер қалдырды. Өз басым, кейбір басшылардың айқайшыл тұрғындардан жасқанып (ертең жоғарыға арыз жіберіп, басымды дауға салады деген қорқынышпен), шегініс жасайтынын да көргенмін. Ал бұл азамат мемлекеттік ұстанымды саяси тәсілдермен өткізе білудің жолын жақсы меңгергенін көрсетті.
Батыс Қазақстандағы көзге түскен тағы бір мәселе – аудан көлеміндегі объектілерге жергілікті деңгейде үлкен еңбек сіңірген азаматтардың атын беру (бұл мәселе басқа аймақтарда да талай рет көтерілген). Бірнеше елді мекенде (Казталовка, Тасқала, т.т.) осы мәселе біздің алдымыздан тағы шықты. Жергілікті тұрғындар мектептерге, кітапханаларға, көшелерге сол жердің азматтары білетін, жергілікті деңгейде маңызды жұмыстарды жүзеге асырған адамдардың есімін бергісі келетіндерін айтып, олардың бастамасы облыстық деңгейде қолдау таппай жатқанын жеткізді. Өкінішке қарай, мемлекеттік деңгейде «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» деп аталатын арнайы тізім қабылданғанын көпшілік біле бермейді. Бір сөзбен айтқанда, сол тізімде жоқ адамдардың есімдерін елді мекендерге, көше, мектеп, бау-бақша мен тағы басқа объектілерге беруге болмайды. Бұл жерде мәселенің екі жағы бар деп ойлаймын. Біріншіден, бастама көтерушілер өздері ұсынған тұлғалардың «Қазақстан тарихына …ерекше еңбегі бар тұлға» («ҚР ономастика жұмыстарын ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар» деген нормативті құжаттың басты шарты) екенін дәлелдеп шығуы қажет. Екіншіден, облыстық, аудандық деңгейде бұндай бастаманың (жергілікті деңгейдегі тұлғалардың есімдерін кейбір объектілерге беру) қолдау алуына заңдық тұрғыдан жағдай жасау. Әрине, біздің елімізде сан түрлі ұлт өкілдерінің бар екендігін, олардың да өз ұлылары бар екендігін, олардың белгілі бір аймақта шоғырлана орналасқанын, олардың да қазақ еліне қатысы жоқ өз тұлғалары бар екендігін де есімізден шығармауымыз керек. Егер жергілікті деңгейде еңбегі сіңген азаматтарға көше, ауыл, т.т. аттарын бере бастасақ, солтүстік-шығыс өлкелерде «Абай» деген көшені естімеуіміз де, көрмеуіміз де мүмкін… Украиндар тұрған жердің барлығы украин тұлғаларының атауымен, орыстар тұрған жердің барлығы орыс ұлтының ұлыларымен аталатыны сөзсіз. Сондықтан да билік мемлекетік деңгейде арнайы тізім жасап, қазақ жеріне ерен еңбегі сіңген азаматтардың ғана атын беруді заңдық деңгейде белгілеген. Қысқасы, осы дилемманы тез арада шешуіміз қажет деп ойлаймын.
Енді ұсыныстарға келейік:
1. Елді мекендердің аттарын ауыстыру мәселесін қолға алғанда, бірінші кезекте, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп алған дұрыс. Сол жұмыстардың нәтижесінде көптеген қарсылықтың, келіспеушіліктің алдын алуға болады. Ең бастысы, түсіндіру жұмыстары сол елді мекеннің атын ауыстыру мәселесі сөз болмай тұрғанда, алдын ала жүргізілуі шарт.
2. Орыстілді тұрғындар ономастика мәселесіне байланысты сөз қозғалғанда, оны ұлттық не ұлтаралық мәселеге бұруға тырысады, оған жол бермеу керек. Демек жиналысты жүргізушінің рөлі ерекше. Ол тек қана сөз беруші емес, тақырыпты басқа арнаға бұруға жол бермейтін, айқай-шуды тоқтата білетін жан болуы керек. Көптеген жерде біздің әрекетіміздің нәтижесіз аяқталғаны – жүргізушінің әлсіздігі деп білемін.
3. Ономастика мәселесін түсіндіру жұмыстарына жергілікті атқарушы биліктің өкілдері араласа бастады, бірақ, неге екені белгісіз, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілі болып табылатын облыстық, аудандық мәслихат депутаттары пен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерін сирек көреміз. Солтүстік Қазақстандағы кездесулердің үш-төртеуінде ғана аудандық бір депутаттың төбесін көрдік. Ал Петропавлдағы депутаттар мен Ассамблея мүшелерін арнайы шақырған жиынға облыс депутаттарының біреуі ғана келді. Мемлекеттік саясат болып табылатын ономастика мәселесіне мәслихат депутаттары мен ассамблея мүшелерін белсенді қатыстыру, оларды осы бағыттағы жұмыстарға пайдалану жергілікті тұрғындардың қарсылықтарын азайтады және бұл мәселенің мемлекеттің бақылауында екендігін көрсетеді. Елді мекен мен көшелердің аттарын ауыстыру ұлтшылдар мен солардың ықпалына түскен атқарушы биліктің адамдары деген көзқарасты өзгертеді.
4. Тұрғындардың басым көпшілігі «егер біз қарсы болсақ, биліктің өзгертуге батылы бармайды екен» деп ойлайды. Мен барлық кездесулерде «Заңда жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілуі керек» деген сөз бар. Бірақ ол жергілікті референдум емес. Біздің Ата заңымызда жергілікті референдум жүргізілу қарастырылмаған. Тек қана республикалық референдум бар. Сондықтан «бәріміз қарсы болсақ, ауылымыздың аты, не көшелердің атауы өзгермейді екен» деп ойламаңдар. Қазақстан мемлекетінің саяси бағыты, өзіндік идеологиясы, өз тарихы, өзінің ұлы тұлғалары бар» деп айтудан жалықпаймын.
5. Жаңа атауларды гугл картаға, навигациялық құралдарға, карталарға дер кезінде енгізу мәселесін қолға алуымыз керек. Көптеген карталарда жаңа атаулар жоқ. Осыған жауапты мекемелерді анықтап, оларға дер кезінде жаңа атауларды енгізбегендері үшін жауапкершілік жазаны заңға енгізу қажет. Мысалы, биылғы сапарда ең маңызды қасқа жолдың бойында бұдан бірнеше жыл бұрын ауыстырылып, келмеске кеткен «Федоровка» деген атау жазылған көрсеткішті көріп, таң қалдық. (Бұл аудан орталығы болып табылатын ауылдың атауы «Теректі» болып өзгертілген болатын). Демек, жол бойындағы көрсеткіштерге жауап беретін мекеме бұл ауысуды не білмеген, не жұмыстарына салғырт қараған. Ал аудан әкімшілігінің олардың жұмыстарына араласуға ешқандай құзыреті жоқ. Қысқасы, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деген салғырттық пен жайбасарлықтан құтылуымыз керек.
6. Барлық ауданда, облыста Әділет министрлігінің жаңа атауларды, ауыстырылған атауларды рәсімдеу, тіркеу бөлімдеріне «Облыстық деңгейде қабылданған, өзгертілген атаулар Әділет министрлігінде жылдап жатып қалады, не болмаса, «құжаттың қатесі бар» деген сылтаумен қайтарылады» деген сын айтылды. Меніңше, жергілікті жерде үлкен қиыншылықпен қабылданған шешімдерді сан түрлі бюрократиялық жолдармен шектеу, ұзақ сонар созғылауға салуды қазақ ұлтына қарсы жасалған қарсылық деп қабылдауымыз керек.
7. Өз басым, тұрғындармен кездесулерде, оларға Қазақ еліндегі ономастика саясатын түсіндіруде 2021 жылы қабылданған «ҚР ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелік ұсынымдар» деген құжатты негізге аламын. Бірақ бұл – «ұстаным» ғана. Оның қандай деңгейде заңдық күші бар екенін, шынын айту керек, өзім де білмеймін. Меніңше, Парламент не «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар» деген терминге нақты, заңды анықтама беруі керек, немесе сол «идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулардың» тізімін бекітіп беруі қажет. Сонда ғана жергілікті билік кеңес заманында коммунистік идеология бағытында берілген атауларды дау-дамайсыз өзгерте алады. Қазір тіл жанашырлары мен жергілікті тіл басқармалары «кеуделерін оққа тосып», тұрғындардың кеңестік менталитетін өзгертуге, сол арқылы қазақ атауларын қайтаруға күш салып, айқай-шудың астында қалып жүр, ал мемлекеттік билік «қай жеңгенің – менікі» деген ұстаныммен, ешнәрсеге араласпай отыр.
8. Қазақ елінің ономастикасында басқа елдерде кездеспейтін тағы бір дерт бар. Бұл – кейбір елді мекеннің, топонимикалық атаулардың …екі тілде болуы. Ресми түрдегі орыс тілді атаулар және ресми түрдегі қазақ тілді атаулар. Мысалы, Өскемен қаласының «орыс атауы» «Усть-Каменогорск» болса, Орал қаласы «Уральск» деп аталады. Солтүстік Қазақстандағы қазақтың Есіл өзенінің бір жерде Есіл, енді бір жерде «Ишим» деп жазылғанын көріп, жағамды ұстадым. Бұл – не қарапайым сауатсыздық, немесе отаршылдықтан әлі де шықпағанымыздың нақты белгісі. Унитарлық елдегі бұндай бассыздықтың мемлекетті толғандырмайтыны, Парламент депутаттарын ойландырмайтыны таң қалдырады. Меніңше, елдегі барлық ономастикалық атаулар тек қазақ тілінде берілуі шарт. Атаудың «орысшасы», «қазақшасы» болмайды. Ауызекі тілде сол қалалар мен өзен, көлдердің қалай аталуында ешкімнің шаруасы жоқ, бірақ картадағы, жол жиегіндегі көрсеткіштердегі жазылуы – тек мемлекеттік тілді болуы міндетті. (Ал Есіл өзенінің Ресейде қалай аталатынында, қалай жазылатынында біздің шаруамыз жоқ).
9. Түсіндіру жұмыстары кезінде алдымыздан шыққан тағы бір мәселе – кейбір елді мекендердің Блогвещенск, Покровка, Воскресенск сияқты діни атаулары. Әрине, егер Парламент арнайы заң қабылдап, «иделогиялық тұрғыдан ескірген атаулардың» ішіне отаршылдық кезеңдегі «орыстандыру идеологиясы», «мұсылман дініне қарсы жасалған идеология» деген анықтама кіргізсе, бұл мәселенің шешімі табылар еді. Жалпы алғанда, «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды» кеңес кезіндегі коммунистік идеологиямен шектеуге болмайды. Қазақ жерінде отаршылдық кезіндегі орыстандыру идеологиясының әсерінен өзгертілген атаулар да жеткілікті. Бұл да менің арнайы заң қабылдау қажет деген ойыма дәлел болады.
10. Менің ең басты ұсынысым билікке арналады. Құрметті билік иелері, әрине, біз авторитарлық жүйеде өмір сүріп отырмыз. (Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» жасаймыз деген ұран көтеруі де менің пікірімнің дұрыстығының дәлелі). Астана (тарихи атауы – Ақмола) қаласының атының Нұр-Сұлтан болып өзгеруі, жоғарыдағы құжаттағы «…көзі тірі кісі есімдерінің берілуіне жол бермеу» деген талаптың да, «қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге… кісі есімдерін беруге жол бермеу» деген талаптың да орындалмауын көрсетеді. Осы жерде ұлы философ Сократтың «Өзінің заңдарын өздері ұстанбайтын елдің болашағы жоқ» деген сөзі еріксіз есімізге түседі. Алматыдағы Фурманов көшесін Назарбаевқа ауыстыру кезінде «адам қайтыс болғаннан кейін бес жылдан соң ғана белгілі бір объектілерге атын беруге болады» деген сөздің бір түнде «ғайып болып» кетуі, кейін, көшенің аты өзгерген соң, қайтадан заңдағы орнын алуы, т.т. – жеке талдауды талап ететін, Қазақ еліне жақсы ат әкелмейтін оқиғалар. Өркениетті елдерде бұндай жағдайлар орын алғанда, Парламенттің арнайы комиссиясы құрылады, қоғамға түсінік беріледі, «заң алдында барлық адам бірдей» деген талапқа бағынбаған жандар жазаға тартылады. Сондықтан, кезінде заңымызды белден басу арқылы ауыстырылған көше, қала, баулардың аттарын қайтадан қалпына келтірудің уақыты туды деп есептеймін. Бұл «Әділетті Қазақстанның» алғашқы әділетті шешімі болады.
Президенттің бастамасымен Қапшағай қаласының атының ауыстырылуы да биліктің өзі шығарған заңдарын өздері ұстанбайтынын көрсетеді. Біріншіден, «қалаларға… кісі есімдерінің берілуіне жол бермеу» дегенді жоққа шығарса, екіншіден, қазақ халқының адамның фамилиясын емес, тек атын беретін тілдік заңдылықты жоққа шығарып отыр. (Жамбыл облысы, Абай облысы, т.т.) Адамның фамилиясын беру – орыс тілінің заңдылығын ұстану екенін ұмытпалық.
Отаршылдық кезеңінде және кеңес заманында ономастика адам айтқысыз өзгеріске түсті. (Бір ғана мысал: 1991 жылы Алматыда 1984 көше болды. Ол көшелердің атауларының 16 пайызының ғана Алматы қаласына не Қазақстанға қатысы бар болатын. Басқа 84 пайыз атаулардың не Алматыға, немесе біздің елімізге ешқандай қатысы жоқ жандардың аттары… 1954-55 жылдары, тың игеру кезінде, Алматының 300-дей көшесінің аты ауыстырылып, өзге ұлттардың ұлыларының есімдері берілген). Кеңес заманындағы идеологиялық бағыттағы берілген есімдердің көпшілігі әлі күнге дейін тұр. Бұлардың қазақ елінің идеологиясына қатысты тұлғалармен ауыстырылу қажеттігін бәріміз білеміз, бірақ қорқасоқтап отырмыз. Біз орыстілді тұрғындардың қарсылығынан қорқамыз. Меніңше, дәл қазіргі кезеңде батыл қимылдап, ескірген идеологиялық атаулардан арылуымыз керек.
Дос КӨШІМ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!