Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл шаруашылығы ауыр шаруашылық па?

25.08.2022, 12:00 311

Егін жинау науқаны басталды. Әу бастан қазақ елінің негізгі шаруашылығының бірі егін еді. Әлі күнге дейін осы шаруашылықты адымдап дамытып келеміз. Бұрындары сөздің басын «мал-жаның аман ба?» деп бастайтын халқымыз шаруашылықтың жайын алдыңғы орынға қойып, құрмет тұтқан. Көненің көзі болып қалыптасқан мал мен егін кәсібінің бабын келтіріп, оны шаруаға ыңғайлау жеңіл процесс емес. Дей тұрғанымен, мемлекет тарапынан ауыл шаруа­шылық саласына әртүрлі қолдау қарастырылған. Оның үстіне Сыр өңірі басқа аймақтарға қарағанда ауыл шаруашылық саласына халқы мен табиғаты бейім болып келеді. Дегенмен, еліміздегі су тапшылығы біздің өңірді де айналып өтпеді. Ырысын жерден терген диқандарды алаңдатып отырған басты мәселесі де – осы. Олар су тапшылығына байланысты ауыл шаруашылық дақылдары ротациясын сақтай отырып, суды аз қажет ететін және су үнемдеу әдістерін қолданып, шығынға батпаудың амалын қарастыруда. Сол себепті дамыған елдермен жиі кері байла­ныс жасап, саланың серкелерімен жүздескен жөн. Өйткені бүгінгі ахуал егіс алқабында еркінсуге мүмкіндік бермей  тұр.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, дәстүрлі түрде өткізілетін «Дала күніне» облысымызға іссапармен ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов келді. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жастардың тілімен айтқанда гид болып, Сыр диқандарының қызу жұмы­сымен таныстырды. Ел ырысы саналатын сары алтынды қамбаға жинау жұмыс­тарын «Ақжарма и К» фермерлік қожалығы бастады. Облыс әкімінің министрлермен алғашқы бағыты да осы егіс алқабы болды. Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Прези­денттің, Үкіметтің қолдауы негізінде биыл шаруалар былтырғыдай су тапшылығын көрмегенін тілге тиек етіп, Сыр диқаншыларына ақжарма  тілегін  арнады.

– Облыс халқының басым бөлігі ауылда тұрғандықтан біз қашанда егін егу мен жинау науқандарын аса жауапкершілікпен  өткіземіз.

Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға дейін түсіру жоспарланғанын жақсы білесіздер. Алайда ондай шешімнің аймақ халқы үшін зардаптарын болжап, біз ол қадамға бармадық, яғни күріш көлемін 78,6 мың гектар көлемінде сақтап қалдық. Болған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптан­дыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс істелді, – деді  ол.

Облыс  әкімі мен ведомство басшылары «Ақжарма и К» фермерлік қожалығының егін жинау науқанына қатысатын техникаларының дайындығы және облыста өндірілетін ауыл шарауашылығы өнімдерінің түрлерімен таны­сып, сала маман­дарымен дискуссия жа­сады. Министрлер өз кезегінде диқандардың ала жаздай еткен еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жандандыру міндетін қойға­нын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Шырақбайұлының айтуынша, 78,6 мың күріш алқабының дені, яғни 90%-ы дәл осы Сыр  өңірінде  екен.

– Қызылорда – күріштің астанасы. Саралап қарасақ, 6,8 мың гектар Алматы облысында бар, Түркістан облысында да аз емес, шамамен 1,5 мың гектар. Ал, күріш алқабының басым бөлігі – Сыр өңірінде. Осы салада шешілуі керек екі өзекті мәселе бар. Олар дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе, өнімділік одан да арта түседі. Және тегістік мәселесіне де көңіл бөліну керек. Бұл аймақта күріш өндіру өте жақсы деңгейде дамыған, ішкі қажеттілікті де, экспортты да дамытып отыр­ған осы шаруалардың зор еңбегін  атап өту қажет, – деді Ербол  Қарашөкеев.

Министр атап өткендей, өңіріміздің негізгі дақылы – күріш. Кезінде күріштің атасы атанып, Сырдың келбеті болған Ыбырай Жақаевтың бүгінде ізбасарлары жетерлік. Олардың бірі күрішті күміске теңеп, «күміс күріш» десе, енді бірі күрішті сылаңдаған перизат сұлу қызға теңеп, «Сыр сұлуы» немесе «Сыр аруы» деп те атайды. Ыбырай Жақаев бұл атауларды жер бетіндегі дәнді дақылдардың ешқайсысы су ішкені болмаса, су ішінде өсе алмайды, тек ақ күріш суда өскесін осылай теңейміз деген екен. Ол әрі қарай сөзін былай сабақтапты. «Су – оның атасы да, анасы да. Егер сіз жаздың ыстық алқабында сол ыстықтан жер танабы қуырылған сұрғылт далаға барсаңыз, сол даланың өр төсінде толқып жатқан көкшіл теңізді көрер едіңіз. Сәл жел тұрса теңіз толқиды, бірде шалқиды, тағы бірде тулайды. Оны сіз шын теңіз деп қалмаңыз, ол – күріш айдыны, күріш алқабы. Суда сыланып, таңғы шықпен шыланып, күн көзінде күлімдеп тұрған күріштің келбетінен ай десе – аузы, күн десе – көзі бар, сұлулығы көз тұндырған перизатты көргендей боласыз, ол тек перизат емес, ала білсең асыл қазынаға кенелетін алтын сандық» деп толғанады. Иә, күріш – ырыспен тең. Бұған қожалықтың басшысы да  қосылады.

– 2022 жылдың егіні су тапшы болады деп басталған еді. Алайда су көлемі қатты аз болған жоқ. Десе де, жан-жақтан насостар қойып да­йындалдық. Бүгін егін орағы түскелі тұрған жерде күріштің «Янтарь» сортын еккен болатынбыз. Биылғы жылы күріш өте жақсы деңгейде шыққалы тұр. Жаздың ерекше болуына байланысты пісу дәрежесі де тез келді. Егіншілердің сөзінше, биыл – егіннің жылы. «Ақжарма и К» фермерлік қожалығы 1350 гектарға күріш ектік. Мың  гектарға жуық жоңышқа, жүгеріміз бар. Әртараптан­дыру мақсатында Алматы қаласындағы компаниялармен келіссөз жүргізіп, техникалар алдыртып, жүге­ріні егудеміз, – деді «Ақжарма и К» фермерлік қожалығының  басшысы  Қайрат  Болатұлы.

Ведомство басшылары мен облыс әкімі жұмыс барысымен таныс болған соң, егінге орақ салу рәсіміне кірісті. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші ауыл ақсақалы дүйім жұртқа ақ батасын берді. Сонымен қатар, ҚР Еңбек Ері Абзал Ера­лиев, сала ардагерлері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері егіншілердің қуанышына  ортақтасты.

Егіс алқабындағы мерей­лі сәт «Дала күні» cеминар-кеңесімен жалғасты. Ше­т­елдің ғалымдары мен білікті мамандары және отандық кә­сіпкерлер өзара тәжірибе алма­сып, тиімді байланыс орна­ту  мәселесін  сөз  етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру» атты Жолдауында аса тұрақсыз жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етудің маңызы зор екеніне тоқталып, егін егу мен жинау науқандарын сапалы өткізу барысын үкімет пен әкімдіктерге ерекше ба­қылауға алуға тиіс деп атап өтті. Аграрлық сала аймақ экономикасының негізгі ба­ғыттарының бірі һәм облыс халқының басым бөлігі ауыл тұрғындары екені сөзсіз. Сондықтан Қызылорда облысында егін  егу мен жинау науқаны жыл сайын асқан жауапкершілікпен өткізіледі. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев су тапшылығына байланысты өткен жылмен салыстырғанда едәуір күріштің көлемін азайтуды жоспарлағанын айта кетті. Бірақ бұл шешімнің неліктен өзгергенін былайша жіктеді.

– Соңғы жылдары «Сырдария» өзені бассейнінде су тап­шылығы болуда. Әсіресе былтырғы қуаңшылық салдарынан Сыр диқандары мен малшылары қатты зардап шекті. Жыл басында күріш көлемін былтырғы 84 мыңнан 64 мың гектарға түсіру жоспарланды. Алайда бұндай шешімнің аймақ халқына зардаптарын болжай отырып, бұл қадамға бармадық. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үкіметтің қолдауының арқасында аймақтың проблемаларын шешу мақсатында тиісті іс-шаралар дер кезінде қабылданды. Атап айтқанда, үкімет деңгейінде жүргізілген мемлекетаралық келіссөздер нәтижесінде деге­тациялық кезеңде Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетін су көлемі ұлғайтылды. Сонымен қатар, су тапшылығы әсерін төмендету мақсатында үкімет резервімен 3,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, каналдарды тазалау, насостар алу, ұңғымалар қазу жұмыстары ұйымдастырылды. Сырдария арнасына көп көлемде су жіберіліп, 75 пайыз­ға дейін толтырылды. Егілген күрішті алғашқы суға бастыруға қолайлы жағдай жасалып, нәтижесінде күріш 78,6 мың гектар болды, – деді аймақ басшысы.

Алқалы басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты. Ал, Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инже­нерлік жүйеге келтірілген егістіктен айырылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол  себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал  етуді  сұрады.

Айта кету керек, Нұрлыбек Нәлібаев суды аз қажет ететін өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын жеткізді. Мәселен, аймақта жүгері егу суды қажет етеді, егер оны экспорттасақ, оның табысы күріштен де қомақты болады. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл әртараптандырудың нақты мысалы болмақ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Дегенмен, мемлекеттік қолдау іс-шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды.

– Қызылорда облысында әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдай «Арал-Сырдария» бассейнінің сулылығына тікелей байланыс­ты. Бұл мәселе аз айтылып жүрген жоқ. Оны іске асыру бойынша да атқарылған іс-шаралар да жеткілікті. Алайда кейбір жерлерде осы міндетті шешуде жауапкершілік пен іскерлік жетпей тұрғаны аян. Нұрлыбек Машбекұлы айтқандай, су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 миллиард теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған іс-шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда. Күрішке орақ салу күні құтты болсын. Келесі жылы да суымыз көп болсын, – деді  Серікқали  Брекешов.

Рас, су жер бетіндегі адамдар үшін қажет. Ғалым­дардың айтуынша, бүгінгі таңда планетадағы жалпы су қоры шамамен 1,4 млрд м³ құрайды. Әр адамға бұл шамамен 200 миллион м³ келеді. Бір қарағанда, бұл сандар көп болып  көрінгенімен, қордың  96,5 пайызы тұтынуға жарамсыз дүниежүзілік мұхиттың тұзды сулары, ал қалған 1 пайы­зы  жерасты сулары екенін ескеру қажет. Осылайша, тұщы су қоры жердегі судың  жалпы  көлемінің 2,5%-ын ғана құрап отыр. Сонымен қатар, қазіргі таңда адамзат тұтынатын судың барлығы дерлік көлдерден, өзендерден және жер­асты көз­дерінен алынады, ал негізгі қор – мұздықтар мен терең сулы горизонттарда. Сол себеп­ті тығырықтан шығудың жолын іздегініміз абзал. Әйт­песе ауыл шаруашылығында ауыртпашылықтар күрделене түсуі  кәдік.

– Биылғы жыл облыс егіншілігі үшін күрделі жыл болды деп айта аламын. Себебі сумен қамтамасыз етумен қатар, егін егуге қажетті материал­дық-техникалық ресурстар қымбаттауына байланыс­ты шаруаларға оңай тиген жоқ. Дегенмен, мемлекеттік қолдаудың арқасында диқан­дарымыз қиындыққа қарамай, табандылық танытып, егісті тұрақты суаруға бөлінген 3,6 миллиард текше метр судың лимитіне сәйкес, осы жылы барлығы 188,5 геектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орна­ластырылды. Өткен жылмен салыстырғанда егіс көлемі 451 гектарға артты, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат  Дүйсебаев.

Биыл өңірдегі диқаншылар тұқым сапасын арттыруда украиндық  ғалымдармен  бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов 2018 жылы Украина мемлекетіне барып, жаңа сорттарды қараған. Нәтижесінде күні қысқа, өнімділігі жоғары күріш сортын елімізде егуде. Оның айтуынша палауды өз қолымен пісіріп, тәжірибеден өткізген екен. Алдағы уақытта да Украина ауыл шаруа­шылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир Дудченко әріптестік танытқалы отыр. Ол да өңірдегі егінге орақ түсу рәсіміне қатысып, жиында сөз сөйледі.

– Бүгінде бүкіл әлем екі қисық сызықпен қиылысады. Біріншісі –халықтың тұрақты санының өсуі. Ал екіншісі – ғаламшарымыздағы ресурстардың мүмкіндігінің төмендеуі. Бірақ әлем бір орында тұрған жоқ. Инновациялық қозғалыс өз нәтижесін беруде. Біз Қазақстанда күріштің украиндық сорттарымен тәжірибе жасау­дамыз. Айтарлықтай нәтиже де беруде. Қысқа уақытта мол өнімді көрсетуде. Біздің бұл елдегі басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының ылғалды жерге қол жеткізіп, қала тұрғындарымен бір деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету, – дейді Владимир  Дудченко.

Бұл келелі кездесуге шетелдік ғалымдар мен отандық кәсіпкерлер қатысқан болатын. Әрқайсысы өзінің тәжі­рибелерімен жарыса бөлісті. Су ресурстарын тиімді пайдалану және басқаруда Аустра­лиялық «Rubicon Water» компаниясының Орта Азиядағы өкілі Ержан Төлегенов тәжірибесімен бөлісті. Олар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру және ашық каналдарда суды пайдалануды азайту және үнемдеу әдісін қолданыпты. Және сол өз нәтижесін берген екен. «Бір оқпен екі қоянды аттық» дейді аустралиялық кәсіпкерлер. Айтуларынша, бұл әдіс Қызылорда облысына да тиімді көрінеді.

Бұған қоса, бүгінде бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, малазық­тық дақылдарды жинау жұмыстары жалғасуда. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Айта кетейік, күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағармай қоры жеткілікті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын екен. Алдағы егін жинау науқаны Сыр диқандары үшін қолайлы кезең болады деп болжанып отыр. Демек, науқанды 10 қазанда аяқтау жоспары белгіленді.

Облыс әкімі мен министр­лер егіс алқабынан кейін Ақжар­ма ауылының әлеуметтік нысандарымен танысып, Нағи Ілиясов ауылының абаттандыру жұмыстарын және әлеуметтік нысандарын көруге жол тартты. Және іссапар соңында Қызылорда су торабында облыстың су шаруа­шылығы нысандарының  жұ­мыс­тарына   қанықты.

Азамат  САМАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: