Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қыз-келіншектерінің орамал тағу әдебі

18.08.2022, 10:40 1815

«Бірінші байлық – денсаулық,

Екінші байлық – ақ жаулық».

Халық  даналығы

Ертеден бері салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтау үшін қазақ әйелдері орамал тағып жүреді. Орамал олардың ақ жаулықты ана екенін көрсетіп, көркі мен ажарын ашып, сәнді әрі бағалы зат екенін білдіреді. Бүгінде орамал таққан апа, жеңгелеріміз бен әжелеріміз қазақы болмысымыздың шырайын үйлестіріп жүргендей. Иә, әр әйелдің іс-әрекеті мен жан дүниесін айшықтата түсетін қазақы нақыштағы орамалымыздың құндылығы жоғалмағанына қуанатынымыз анық. Дәстүрлі қазақ қоғамында орамалдың осылай ерекше бағаланғандығын халық арасындағы «Орамал тон болмайды, жол болады» деген тәмсілден де аңғаруға болады.

Бұрыннан қыз баласы өзге әулеттің босағасын аттағаннан бастап, басына ақ жаулық тағылып, «орамалды келін» атанған. Бүгінгі күні де дәл солай. Тіпті, қазір жас келіндер орамалды түрліше сәндеп, заманға сай басына киіп алып жүреді. Деген­мен заман талабы деп қазақылығымызға нұқсан келтіріп алмасақ болғаны. Әйтсе де орамалды қара, көк түсті тұмшаланған хиджабпен алмастырып жүрген жандар көпке ұласып бара жатыр. Осы тұрғыда да қоғамның пікірі екіге бөлінуде. Бірі хиджаб киюді насихат тұтып, құптап жатса, енді бірі қазақ дәстүрінде жоқ, арабтардан келген ғұрып деп тануда. Қазіргі күнде көшелерде тұмшаланған қазақ қыздарын жиі байқап жатамыз, әсіресе мектеп оқушыларында белең алған басты түйткілге айналуда бұл тақырып. Осы орайда тұрмыс құрмаған  қазақ қыздарына сәнге айналған  хиджаб киімін тұмшаланып кию біздің салтымызда мүлде жоқ екенін, оның үстіне менталитетімізге қарсы екенін ұғынса дейміз. Мәселен, Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің бір сұхбатында хиджабтағы қыздарға ерекше тоқталған.

«Қазақтың қыздары тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Олар құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сораба, моншақты  қасаба, жырға деген бас киімдерді қыз күнінде бастарын­ан тастамаған.  Орамал  адамды  мұсылман  қылады  дегеннің  өзі ақылға  сыйымсыз. Алланы адам тек жүрегімен тануы тиіс, сырт­қы  киімдерімен  емес. Хиджаб – арабтан келген тұмша. Олардың өзі  мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджаб киген. Яғни хиджаб – олардың ұлттық киімі. Даласы шөл, үнемі құм борап тұратындықтан, әйелдері көздерін ғана ашық қалдырып, киінетін болған. Оны біз хиджаб кимеген мұсылман емес деп, біреу­дің  қаңсығын  таңсық  көріп  жүрміз», – дейді.

Хош. Күнделікті үйде де тұмшаланып жүретін қаракөздеріміз жарынан айырылып қалғандай қара жамылып алатыны көңілге кірбің түсіреді екен. Қазақта қара жамылу тек жолдасы өмірден өткенде ғана киюге рұқсат етілген. Онда да бір жылдығын өткізгенше әйел адам қара жамылып, күйеуін жоқтайтын болған. Ал жастардың мұны түсіне бермейтіні өте өкінішті. Бұның барлығы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрып, ырым-тыйымдарымыздан бейхабар болғандықтан жүзеге асып жатыр деуге саяды. Сонымен қатар, хиджаб киімін киюге байланысты дін жолында анық түсіндірген. Шариғатымызда қара түсті жабық, ашық, ерсі көрінетін киімдерге қарсы екені белгілі. Дегенмен сән қуамын деген жандар түрліше хиджаб үлгілерін жасап алып киюде. 

Ислам дінінде қыз-келіншектердің орамал тағуында өзіндік бөлек  әдебі  болады. Бұл  жөнінде  Қазақстан мұсылман­дары діни басқармасының  орамал  туралы  ұстанымы  бойынша:  «Орамал – мұсылман  әйелінің  ар-намысын  қорғайтын  жаулы­ғы. Ислам діні мұсылман ер мен әйелдерге әуретін жауып, шариғат әдебі бойынша киінуді бұйырған. Үйден тыс, қоғамдық орындарда ұзын етек-жеңді киім кию мұсылман әйелдің ары мен абыройын сақтайды. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылман діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерге киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Көзге ерсі көрінетін, дене бітімін айқындайтын, қара түсті киім-кешектерді  пайдаланбаған дұрыс. Ал паранжа (ниқаб) кию – дәстүрлі  дінімізге, салтымызға қайшы, бұл діні мен дәстүріне берік болған  ата-бабаларымыздың жолы емес. Одан кейін, мектеп табалдырығын енді  ғана  аттаған қыз балаға, яғни балиғат жасына толмаған қызға жаулық жабу немесе орамал тағу – міндетті емес» дейді.

– Қазіргі уақытта, қаракөз қарындастарымыз бен әпкелеріміздің жабық киінгені абзал. Неге? Өйткені, етек-жеңі жиналмаған қызға бөтен еркектердің көзі түседі. Сондықтан бүгінгі күн жабық киінуді талап етеді. Дегенмен, барлығы  отбасындағы тәлім-тәрбиеге  байланысты. Әрине, барлық қыз-келіншектеріміз қай кезде болмасын ар-ұятын сақтап жүргені дұрыс, – деді облыстық «Ақмешіт-Сыр­дария» мешітінің наиб имамы Мағжан Қайырғалиұлы.

Иә, түрлі оқиғалардың барысы осы ашық-шашық  киінгендіктен  болып  жатады.  Тұмшаланып, қымтанбай-ақ  жабық, ашық түсті, ұзын киіммен  де  көптеген  сән  стилін  жа­сауға  болады. Бұған  ертедегі  кимешек киіп, ақ жаулық таққан апа-әжеле­ріміздің өздері мен көздері, суреттері  дәлел  емес  пе?

О.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: